Көкшетауда "Абылай хан және оның тарихи дәуірі" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ашылды
05.10.2013 2517
Абылай хан – қазақ рухын қайта түлетудiң алтын дiңгегiне айналған тұлға

Абылай хан – қазақ рухын қайта түлетудiң алтын дiңгегiне айналған тұлға. Бұл жөнiнде ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың Абылай ханның 300 жылдығына орай жолдаған құттықтау хатында айтылған. Құттықтауды бүгiн Көкшетау қаласында өткен «Абылай хан және оның тарихи дәуiрi» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда ҚР Мемлекеттiк хатшысы Марат Тәжин оқып берді, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.

«Қай елдiң де айбынын асырып, айдынын тасытанын басты белгiсi – ұрпаққа мұра, ұлтқа ұран болатын ұлы тұлғалар. Қазақ халқының осындай ұлы тұлғаларының бiрi – Абылай хан. Алаш баласының азаттықты ардақ тұтқан асқақ арман-аңсауы мен тағдыр талғауын еңсерiп отыратын ерен ерiк-жiгерi Абылайдың бойында тамаша тоғысқан. Абылай хан – қазақ рухын қайта түлетудiң алтын дiңгегiне айналған тұлға», - делінген Елбасының құттықтауында. 

Құттықтау хатта осы айтулы датаның көкше жерiнде өтуi де орынды деп атап көрсетiлген. 

«Абылай ханның басшылығымен қазақ халқының туған жердi жаудан азат ету жолындағы қиян-кескi ұрысы, сыртқы дұшпанға сол кезеңнiң күрделi геосаяси жағдайында айналадағы мемлекеттермен қарым-қатынаста дербестiгiн сақтауға қол жеткiзуi – ұлттық тарихымыздың жарқын беттерi. Абылай ханның 300 жылдығы елдiгiмiздiң бедерлi бiр белесi. Осыған орай халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның айбынды ханымыз орда тiккен Көкше жерiнде өткiзiлуi де өте орынды. Бiз бұл жиында Абылай ханның ерекше еңбегiн ашып көрсетумен шектелiп қалмауымыз керек. Бәрiнен бұрын Абылай ханның қолы неге жеттi, неге жетпедi, бабамыз ненi армандады, бiзге ненi аманаттады, болашақ ұрпақтан ненi күттi, келер күндерге ненi ескерттi, бiз сол заманның тарихынан қандай тағылым аламыз деген сауалдарға жауап iздеп табуымыз керек», - деп айтылған Мемлекет басшысының құттықтау сөзiнде.

Источник: bnews.kz