Белгісіз батырлар қорымы
29.08.2013 3262
Біздің жерімізде тарихи ескерткіштер аз емес. Алтай өңірінде мұндай мұралар сонша көзге түсе бермесе де баршылық.

Негізінен көне сақ дәуіріне жататын обаларды облысымыздың көптеген жерлерінен кездестіруге болады. Бұл обалар ғасырлар бойы тоналып келді. Соңғы жылдары ғана Берел, Шілікті обаларынан «Алтын адамдардың» табылуы облыстың құпиясы әлі ашылмаған археологиялық әлеуетін білдіреді.

Ескерткіштер – ел тарихы, сон­дық­тан оларды қорғау үшін «Та­рихи-мәдени мұра объектілерін қор­ғау және пайдалану туралы» Қа­зақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі №1488-ХІІ Заңы қабыл­данған болатын. Онда осындай обалар, ерекше құрлысты зираттар, тағы басқа тарихи құндылығы бар тарихи-мәдени мұралар қорғалуға жататын кешендер ретінде тізімге алынған. Алайда бұл тізімге барлық тарихи ескерткіштер енді деуге келмейді және оларды толық қамту да мүмкін емес. Бұл жерде тек қана жергілікті тұрғындардың саналылығы мен халқымыздың өткенді құрметтей білетін асыл қасиеттеріне сенім артылады.
Тарбағатай ауданы, Үштөбе ауылының бас жағындағы Желдіқара тауын Боғас өзені кесіп ағатын терең шатқалды «Қабанбай шаты» деп атайды. Бұл атақты қолбасшы Қабанбай батырдың қолы бекінген жер екені ертеден бері айтылып келеді. Батырдың мінген аты Қубас тұлпардың атымен аталатын кезеңнің де осы төңіректе болуы, ұлы қолбасшының жорықты жолдарының сілемін айқындай түседі. Дегенмен, осы жерлерде болған ұрыстардың нақты куәсіндей болып қалқиып тұрған, Қабанбай шатының аузындағы қабақтағы құрылысы ерекше бейіттердің құпиясын ашу бүгінгі және келер ұрпақтың, ғалымдардың міндеті деуге болады.
Қорым тастан қаланған бірнеше зираттардан тұрады. Оның төрт бұрышты там пішіндес етіп қаланған зираттың екеуінің үлкені біршама жақсырақ сақталған. Қалақ тәрізді көлемді жалпақ тастардан түп-түзу қаланған зираттың биіктігі екі метрден асады. Қабырғаларының қалыңдығының өзі біржарым метрге жуықтайтын бұл зиратқа жерленгендердің осал болмағанын көрсететіндей. Адам еңбектеп қана кіре алатын тар аузының маңдайшасына қойған біржарым метрге жуықтайтын тұтас тас плиталар мола құрылысына үлкен мән берілгенін байқатады.
Басқа зираттарды тастан бір жарым-екі метр биіктетіп, күмбез тәрізді дөңгеленте қалап шығарған. Күмбез үстіне жиған ақ тастар бас киім тәрізді болып көрінеді. Қаланған тастар арасынан көрінетін «найзаның сабы» деп айтылатын ағаштардың көрініп тұруы бұлардың ұрыста қаза тапқан жауынгерлердікі екендігін айғақтайды. Бұл «найзаның саптары» кез келген жерден көрініп тұрмайды, тек тас арасындағы қуыстардың белгілі бір жерлерінен ғана сығалай қарап ағаш кесіндісін көруге болады.
Өткен ғасырдың 60-шы жылдарында осы зираттарды маған алғаш көрсеткен Нұрғазы ақсақал:
– Бұл қалмақтармен соғыста қаза болған жауынгерлердің зираттары. Ол кезде жауынгерді жерлеп болған соң, қабірінің үстіне найзасын шаншып, соны айналдыра тас қалап, шошақ мола тұрғызады екен. Шошақтың үстіне жинаған ақ тас – басындағы сәлдесі, осында жатқан адамның мұсылман болғандығын көрсетеді, – деп әңгімелеп, зираттардың басына қойылған жалпақ тастарға ойып салынған ру таңбаларын да көрсетіп еді. Мұнда найманның бірнеше «шөміш» таңбасы, сондай-ақ бір «көз» таңба, бір «тарақ» таңба бар. «Көз» арғын тайпасына, «тарақ» төлеңгітке тиесілі таңбалар. Көлемі кішірек болғанымен, пішіні жағынан бұл шошақ зираттар түркі заманындағы қабір үстіне тұрғызылған «дың» деп аталатын ескерткіштерге ұқсайды. (Қозы Көрпеш – Баян сұлу кесенесін де «дың» деуге болады). Мұның өзі жан-жақтан жиналған жауынгерлердің ежелгі ата-баба дәстүрін сақтағандығын байқатады. Ал басындағы «сәлдесі» кейіннен кірген мұсылман дінінің ықпалы болуы керек.
Ауыл тұрғын­да­рының ата-бабалары осы жерлерді жоңғар қалмақтарынан босатып мекендегенінен бері екі ғасырдан астам уақыт өтіп, 6-7 ұрпақ ауысты. Басқа ұлттармен араласпай өзінің таза қазақы қалпын сақтаған ел өздерінің ата-бабаларының қонған жұрттарын да, жатқан зираттарын да жақсы біледі. Бұл зираттардың ешқайсында ру таңбалары бар тақта тас қойылмаған және олардың пішіні мен қалануы да басқашалау.
Ал мына жауынгерлер жатқан қорымдағы зираттар жергілікті халық осы жерге қоныстанғаннан кейін тұрғызылған болса, онда олардың кімдікі екенін ел білген болар еді. Жұрттың бәрі білмесе де небір шежіре қарттар күні кешеге дейін арамызда болды ғой. Солар мұндай айшықты ескерткіштер туралы міндетті түрде айтқан болар еді. Олардың жалпылама айтатындары осы жерде Қабанбайдың бекініп жатуы мен мына молалардың сол заманнан қалғандығы ғана. Осы жерде орыс мұрағат құжаттарында сақталған қазақ-қалмақ соғысы кезіндегі бір оқиға еске түседі.
Қалдан Сереннің кезекті бір шабуылы кезінде, қалмақтар қолға түскен қазақ жігітін жол көрсетуге мәжбүрлеп, Тобыл бағытымен шабуылдарын жалғастырады. Тұтқын жігіт қалмақтарды қазақ ауылдарынан аулақтатып, омбы қар мен қақаған аязда елсізге қарай шығандатып жібереді. Үскірік аяз бен боранда қатты шығынға ұшыраған қалмақтар алданғандарын кеш түсініп, ызадан әлгі жігітті тірідей өртеп жібереді. Ары қарай ұрысты жалғастыруға шамалары келмей кейін қайтуға мәжбүр болады. Тарихшы Мойсеев «қаншама жұртын өлім мен тұтқыннан аман алып қалған осы бір батыр жігіттің аты-жөнін анықтау мүмкін болмады» деп өкініш білдіреді. Абылайды Абылай қылған да, Қабанбай мен Бөгенбайды батыр қылған да, елі мен жері үшін жанын берген де осы сияқты қазақтың есімі есте қалмаған белгісіз боздақтары. Шежірені жетпіс жеті атадан сорғалататын жады мықты бабаларымыздың солардың ерлігін, ең болмаса есімін есте сақтай алмағанына біз де өкініш білдіреміз.
Боғас өзені бойындағы биік қабақ­тан мәңгілік мекендерін тапқандардың да елі үшін жанын қиған ерлер екен­дігіне күмән жоқ. Осы уақытқа дейін еш­қандай қорғау-күтімсіз сақталып келген құнды мұраны келешек ұрпаққа сол қалпында жеткізу жергілікті жұртшылыққа парыз. Қазіргі кезде қабырғаларының кейбір жерлері құлап, аздап бүліне бастаған. Таңбасы бар тақта тастардың да орнынан қозғалғандығы байқалады. Енді біреулер жалаулатып шүберек байламақшы болғанға ұқсайды. Бұл – біреуден біреу естіп, көне кешенді көруге шеттен келген қызықтаушылардың қылығы болуы керек. Әйтпесе, ауыл адамдары мұндайды жасамайды. Зират демей, табиғаттың көрікті жері демей көрінген жерге атын жазып шимайға толтырып кететінін көріп жүрміз. Ата-бабаны қадірлеп, қазақы дәстүр бойына сіңген ауыл балаларының таңбалы зираттардың тасына осы уақытқа дейін сызық түсірмегендігі көңіл қуантады. XVIII ғасырда атамекенді азат ету жолында құрбан болған белгісіз жауынгерлер жатқан қорымның өлкетанушылар үшін танымдық мәні мол мұра болса, жеткіншек ұрпақты отансүйгіштік пен патриоттыққа тәрбиелеудегі маңызы зор. «Белгісіз солдат» ескерткішін құрметтегендей бұл кешенді «Батырлар қорымы» деп атап, тиісті тарихи-мәдени мұра қатарына енгізілсе дұрыс болар еді.

М.Асылбеков, Семей мемлекеттік педагогика инс­титуты М.Қозыбаев атындағы тарихи және саяси-әлеуметтік зерттеулер ғылыми орталығының жетекші маманы

Түпнұсқа: Ана тілі