Жидебайдай ер қайда?!
22.08.2013 2281
Қазақ халқының даңқты әрі аруақты батыры, әбжіл шешен, аса ірі шежіреші.

Жидебай Қожаназарұлы (1713-1815) – қазақ халқының даңқты әрі аруақты батыры, әбжіл шешен, аса ірі шежіреші, қазақ жерін жоңғар шапқыншыларынан азат етуде теңдесі жоқ ерлік көрсеткен қолбасшы, аса көрнекті мемлекет қайраткері, асқақ Абылайдың сенімді серігі, жауқарақ басы, пікірлес досы әрі биі. Абылайды ақ киізге отырғызып, хан көтеруге қатысқан кісі. Жидебай батыр Аңырақай шайқасына, Қаншеңгел, Ақсүйек соғысына қатысып ерлік көрсеткен. Баян тауын, Ертіс маңын, Нұра бойын, Қарқаралы, Ұлытау, Ақмола, Балқашты азат еткенде – мыңбасы, Тарбағатай, Аягөз, Талдықорған, Құлжа, Алатау, Талғарды азат еткенде әскербасы болған. Талғар қаласы маңындағы Жидебай асуы, Абай қыстауындағы Жидебай қорығы осы батырдың атымен аталған. Жидебай батырды ақындар жырына қосып, жыраулар дастан қып жырлаған, бүгінгі жазушыларымыздың біразының романдарына басты арқау болған. Қысқасы, Жидебай Қожана зарұлы – қазақ мемлекеттігін қалып тастыруда айрықша тер төккен, халқына қадірі асқан, туған жерін азат етуде ерлік көрсеткен, сөзімен елді аузына қаратқан, ісімен халқын ұйытқан _з заманының аса ірі тұлғасы, қазақ тарихының көрнекті қайраткері. Қаз дауысты Қазыбек бидің: «Замана өтпес болсайшы. Жидекем өлмес болсайшы» дейтіні де, халқымыздың: «Сарыарқадай жер  қайда. Жидебайдай ер қайда?» дейтіні де сондықтан. 

Табыл ҚҰЛИЯС, жазушы

Түпнұсқа: "Ана тілі" газетінен.