Баркөлдегі қазақ музейі немесе құмай құстың күртесі
20.12.2016 2791
Қытайдың Шыңжаң ұйғыр аутономиялық аймағына қарасты Баркөл қаласындағы қазақ этнографиялық музейінен өткен жолы фоторепортаж әзірлеген болатынбыз. Бұл жолы жалғасын ұсынып отырмыз

Аталмыш музейде қазір мүлде кездесе бермейтін, түрлі этнографиялық деректерді кездестіруге болады. Соның ішінде ең көзге түсерлігі – құмай құстың терісінен жасалған күрте. Музей директоры Манат Жәнімханұлының сөзінше, бұл жәдігер ел арасынан табылған. Қазір сирек кездесетін, көбінесе таулы өңірлерді мекендейтін құмай құстың тұлыбын бітеудей сыдырып, одан лайықтап, ер кісіге сыйып кетер күрте тіккен.

Құмай құстың терісінен тігілген күрте

Оразбай Қосанов есімді құстар әлемін зерттеуші ғалым: «Аталмыш құс Қазақстанның барлық аймағында кездесе бермейді. Ерте замандарда оның ұлан-байтақ жеріміздің таулы өлкелерінің биік жерлерінде мекен етуі ғажап емес. Бертін келе олардың Алатау аймағынан басқа жерлерде мүлдем құрып кетуі әбден мүмкін ғой. «Құмай» деген атаудың елдің жадында жатталып қалуы сол себепті де болуы мүмкін», – деген пікірде. Ал, ғылыми деректерге сүйенсек, латынша атауы «Gyps himalayensis» деп аталатын қаршыға тұқымдасына жататын бұл жыртқыш құстың тұрқының көлемі 70 см, қанаттарын жазғандағы ұзындығы 2,5 метрдей болады. Бүркітті қойып, осындай көлемдегі және өте биік тау жоталарын мекендейтін алып құстың бір тал қауырсынын бүлдірмей күрте тігіп киген ата-бабаларымыздың бай мәдениеті мен ісмерлігіне қалай таң қалмайсың?!

Музейге қойылған аңшы қазақтың мүсіні. Иығына шиті мылтық іліп, құс салып, ит жүгірткен түлкі тұмақты нағыз сері қазақтың келбеті

Бүркітті қолға алып жүретін балдақ пен сиыр терісінен тігіліп, сырты матамен тысталған биялай. Бұл жерде Баркөл өлкесінің маңындағы үңгірлердің бірінен табылған шиқақпен да бар. Нақты қолданылуы туралы толыққанды дерек жоқ. Қасқыр мен түлкі алатын қандауыр темір қақпан және жемқалтаның нағыз құнды жәдігерлер екені анық.

Қазақ ұстасының қолының епсектілігін көрсететін құнды жәдігер. Киіз үйдің керегесінің көзін кесетін үскі және қырғы деп аталатын аспаптар

Аталған аспаптармен киіз үйдің қаңқасын құрастырып отырған Баркөлдік ұста. Оң жақ бұрыштағы шелекті «шаңырақ шелек» деп атаған. Онымен көшкен кезде жеңіл-желпі ұсталық заттарды алып жүрген.

Бұл жердегі ең басты құнды жәдігердің бірі – ол қамыстан жасалған домбыра. Музейдегі гид сөзіне сенсек, мұндай домбыраны қойшылар жасаған. Ен далада қой артынан ерген епті қойшы қамыстан сыбызғы ғана емес, домбыра да жасап, түрлі күйлерді дүниеге әкелген. Мына домбыраның дауысы әдеттегі домбырадан бөлек екенін білгенімізбен, өкінішке орай, тыңдап көрудің сәті түспеді.

Оң жақ суреттегі тігіссіз тоқылған – «кебенек» деп аталатын киізден жасалған киім. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген сөз дәл осы киімге қаратылып айтылған.

Төр көрпе мен жылқының жалын араластырып тіккен шекпен. Мұндай шекпенді жауынды күндері су өтпесін деп малшылар киетін болған. 

Өрмешілік өнердің керемет көрінісі. 6 сиырдың терісінен 1200 таспа етіп өрілген өрме саба. Асқан шеберлік пен ісмерлікті көрсететін бұл сабаны Кенжехан есімді жергілікті өрмеші жасаған. 

«Тізелік» деп аталатын киім түрі. Мұны ат үстінде жүргенде аяқтан суық өтпесін арнайы киген.

 

Астана-Үрімші-Құмыл-Баркөл-Астана

Суреттерді түсірген автор

Қытай еліне тарихи экспедицияны ұйымдастыруға қолдау көрсетіп, қол ұшын созған филантроп Оралбек Ботбай мен Қытайдағы қазақ диаспорасына Портал редакциясының атынан алғыс айтамыз.