ҚҰЛАҚАЙ ХИКАЯЛАРЫ
25.10.2016 2301
Құлақай туралы ел арасында аңыз-әңгімелер өте көп. Айтқыштығымен, тапқырлығымен аты шыққан атақты қушыкешті шығыс жұрты әлі де аузынан тастамай айтады

Құлақай қу жайында көркем әдебиетте халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов «Прометей алауы» атты тарихи романында кеңірек жазады. «Құлақай Мұрын ішінде жеті Жолымбеттің Қыдыр атасынан шыққан. Ал алты жасынан ұстанған жолы мен қуған кәсібі жағынан Қожанасыр мен Алдар көсеге туыс болып келеді. Ол жүрген жер – әзіл-оспақ, әжуа-сықақ, келеке-күлкі. Сол үшін осы елден «Құлақай қу» деген атақ алған. Құлақайдың азан шақырып қойған шын аты – Елеусіз» дейді жазушы Қ. Жұмаділов. 

Жалқаулықтың сазайы 

Шылқыған шілде айы. Талма түс кезі. Алыс жолдан сілесі қатып қата шаршап әрі кенезесі кеуіп шөлдеп келе жатқан Құлақай жылқышылардың қосына тап болады. Қос маңында жан жоқ. Атынан түсіп, қосқа сәлем бере кіріп келсе, алпамсадай үш азамат ұзындарынан түсіп ұйықтап жатыр. 

Құлекең шеткі біреуін оятып, алыс жолдан келе жатқанын, таңдай жібітетін сусын беруін сұрады. Ол екі тұруға ерінді де, қасындағысын оятты. 

– Мына кісіге сысын берші, шөлдеп келеді екен. 

– Анау берсін, соған айтсаңшы, қымыз ана іргеде тұр, – деп, ол үшіншісіне сілтеді. 

– Өзің бере салмайсың ба? – деп ол да гүж етіп қайта ұйықтап кетті. 

Мына жалқаулардың қылығына шыдамаған Құлақай атып сыртқа шықты. Айналасына көз салып еді, қосқа таяу бұлақ басында үйіріоіп қалың жылқы тұр екен. Қостың алдында тезекті жауып қойған тулақ жатыр. Ол тулақты көтеріп алды да, бұлақ басына барды. Содан кейін тулақтың пұшпағынан алып, бір жуастау биенің құйрығына байлады да, қамшысымен биені сауырлата осып-осып жіберді. Қамшының зәрімен әрі қатты тулақ тірсегін қаққан бие жатып кеп тулап қалың жылқыға қойып кетті. 

Сол-ақ екен, құрық тиіп көрмеген қоғажал дөнендер мен құнан-тайлар осқырынып дүркірей лап етті. Лезде бұлақ басы у-шу болды. Әп-сәтте бүкіл үйір дүр етіп жөңкіле жөнелді. Қалың жылқының у-шуынан манағы еріншек үш жігіт атып тұрып, алды-артына қарамастан тұра жүгірді. 

Олар алыстай түскенде бұлақ басында қалың шөптің арасында жатқан Құлақай орнынан тұрды. Қосқа келіп іргеде аузы көрініп көмулі жатқан қымызды торсығымен алып шығып, қанжығасына байлады да, атына мініп: 

– Бұл жалқаулықтарыңның сазайы! – деді де, өз жөнімен кете берді. 

Үндемей құтылмайсың 

Ел жайлауға көше қоймаған жазғытұрымғы уақыт болатын. Бірде көк қуалап ұзап кеткен атын іздеп келе жатқан Құлақайға екі жоқшы кездесе кетеді. Бұл екеуі әкелі-балалы жоқшылар болып шығады. 

Балаң жігіт әкесінен бұрынырақ сәлем берді де: 

– Жоқ іздеп жүрміз, – деді. 

– Жоғыңның заты не? 

– Қамшылар жағының ойық ені бар күрең тай. 

– Ее, жөн! – деп жөнеле береді. 

Мұны байқап қалған әкесі бастырмалатып жетіп кеп: 

– Ей, ағайын, түзу жауабыңды неге айтпайсың? – деді. 

Сонда Құлекең тоқтай қалып: 

– Міне, байқайсың ба,үндемей құтылайын десем, соңымнан қалмайсың. Алла куә, көргем жоқ! – депті. 

«Қанша жатасың?» 

Шаршап кеп ұйықтап жатқан Құлақайды кемпірі қайта-қайта оятса да, тұрмай қояды. Кемпірі соған ашуланып: 

– Байқұс-ау, қанша ұйықтайсың, ішің кеппей ме? – депті. 

Сонда Құлекең басын көтерместен: 

– Қапаланба, кемпірім, енді сүт пісірім уақыт қана ұйықтармын, – депті. 

– Япыр-ай, ә, ұйықтап жатса да бұл қужақтың қалжыңы қалмайды екен, – деп кемпірі шығып жүре беріпті. 

Амалсыздық 

Құлақай бірде ауырып жатқан ауылдасының үйіне барып халін сұрапты. 

– Қалай, тәуірмісің, жарқыным? – дейді. 

Науқас «Басым сынып барады, басым сынып барады» дей беріпті. 

– Қайтейін, жарқыным, бастың сынықшысы болу пешенеме жазбапты. Сабырлық ет, – десе, оның бұл сөзіне ауырып жатқан адам да езу тартса керек. 

Есеп үйрету 

Қалаға барып ел көріп, жер көріп, қаладағы қан базарда болып, көп саудагердің құлқынын ұққан Құлақай ауылға өзін едәуір білгіш санап қайтқан екен. 

Сонда ең жақсы ұққаны, әр нәрсенің есебін білу керемет көрініпті. Содан бірде отырып баласына есеп үйретпек болады. 

– Балам, мен саған есеп үйретейін дейді ол. 

– Жарайды, – дейді баласы. 

– Онда былай: бізде бір бие, бір тай бар... 

– Әке, тайды қайдан аламыз? 

– Сөзді бөлме, бұл есеп. Сонымен бізде жылқы нешеу болды? 

– Бір бие, бір тай. 

– Ей, ұғымсыз, барлық жиыны нешеу? 

– Бір бие, бір тай.

– О, көкми, тыңдап отыр. Ендеше былай болсын: бізде бір көк ат, бір торы ат бар. Сонда біз неше ат ұстаймыз? 

– Біреу. 

– Неге? 

– Бірін соғымға соймайсыз ба? 

– Қой, мен сені оқыта алмайды екенмін, – деп орнынан атып тұрыпты. 

«Жасыңды бер!» 

Құлақайдың жасы ұлғайып қалған кезі. Тамыздың бір күні жайлауды аралап келе жатқан. Қысы-жазы тақымынан түспейтін арық торысын тепеңдеп бір адырдан түсе бергенде артынан тасырлатып екі атты қуып жетіп, қағып кете жаздап өте шығады. 

Екеуінің аты да жайлы, киімі де сәнді, байдың еріккен балалары екенін байқап қалады. Сәл ұзап барып тоқтаған біреуі: 

– Әй, жарықтық, кәне, жіберсеңші астыңдағы «пырағыңды», жарысайық, – дейді.

– Е, шіркіндер, сендермен тұлпарымды терлетіп қайтемін, жүре беріңдер, – дейді. 

Бұл сөз екеуін де елең еткізеді. 

– Ой, әлі қайратың мығым екен. Кел, шал, жарысайық, – деп енді екеуі қосыла күледі. 

– Ей, балалар, – деді Құлекең, – менің екі тілегім бар. Соны орындасаңдар жарысайын.  

– Шын ба? 

– Шын. 

– Ал тыңдайық. 

– Алдымен бірің астыңдағы бәйге атыңды бер. 

– Содан соң? 

– Содан соң бірің жиырмадағы жасыңды бер. Сөйтсең жарыспағанда сендерде әкемнің құны жоқ шығар. 

– Жеңіп кеттің, қария, жеңіп кеттің, – деп екеуі атынан түсіп кешірім сұрапты. 

Дайындаған Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)