Байрақ пен тудың айырмасы қандай?
22.09.2016 2961
Қазақ қоғамында тудың көтерілуі, тудың тігілуі – халықтың бір жерге ұйысып, ел болғандығын білдіретін әлеуметтік маңызы бар ұғым-түсінікті қалыптастырған

Ту, байрақ көшпелілердің мемлекеттілігін айқындайтын басты нышандарының бірі болып табылады. Олардың әскери және мемлекеттік нышандарының қалыптасып, дамуы Еуразия даласындағы этникалық, мемлекеттілік үрдістермен тығыз байланысты. Тарихи жазба деректерде көшпелілердің ордаларында биліктің нышанын білдіретін байрақ, тулардың болғаны туралы мәліметтер сақталған. Қазақтың фольклорлық жырларында батырлардың шайқас басталар алдында ту ұстағаны, ел болғанда ту тіккені туралы айтылады. 

Ғылыми әдебиеттерде ту мен байрақтың пайда болуы, қолданылуы, түрлері бөлек зат ретінде қаралады. Қазақтың қару-жарақтарын зерттеуші-ғалым Қ. Ахметжановтың айтуынша «Байрақ тудан бұрын пайда болған. Ол – хандық биліктің, әскери лауазымының, батырлық дәреженің символдық белгісі, жеке адамдардың белгісі. Бұл белгі патшалар, әскербасылар жүрген жерде көтерілген. Қолбасшылар бұл байрақтармен шайқаста түрлі тактикалық белгілер беріп, айқасты басқарып отырған [1, 186]. 

Байрақты скифтердің қолданғаны туралы мәліметтер ертедегі тарихи жазба деректерде сақталған. Грек тарихшысы Аррианның хабарламасы бойынша Скифтердің әскери байрақтары, ұзындығына сәйкес сырықтарда желбірейтін айдаһар тәрізді болып табылады. Олар түрлі-түсті құрақтардан құралып тігіледі, оның үстіне басынан бастап құйрығына дейін барынша қорқынышты болып көрінетіндей етіп, жыланға ұқсатып жасалады. Оның мәні мынада. Аттар тыныш тұрған кезде төмен қарай төгіліп тұрған түрлі-түсті құрақтарды көресің, ал қозғалған кезде олар желдің күшімен аталған хайуанға ұқсап, жылдам қозғалған кезде тіпті ұзына бойынан өтетін күшті желдің әсерінен ысқырған үн шығарады. Бұл байрақтар өзінің түрімен-ақ көңілге қанағат немесе қорқыныш ұялатып қоймай, шабуылдың аражігін ажыратуға да, әр түрлі отрядтардың біріне-бірі шабуылдамауы үшін де пайдалы [2, 315]. 

VІ ғасырдың ортасында Еуразия даласында алып империя құрған түрктердің ресми идеологиясында «көк бөрі» бейнесі ерекше орын алған. Қытайдың тарихи жылнамаларындағы аңыз бойынша ежелгі түрктердің тайпа басшысының шығу тегі қасқырдан таратылған. Онда былай делінеді: «Ашина қасқырдан туылған он ұлдың ішіндегі ең ақылдысы болғандықтан, ел билеушісі болады. Ол орда есігіне бөрінің басы салынған ту тігіп қояды – бұл оның өз тегін ұмытпайтындығын білдіргені екен» [3, 66]. 

Зерттеушілердің айтуынша ежелгі түрктердің әскери қолбасшылары бөрілі байрақ ұстаған. Байрақтағы бөрі бейнесі жауынгерлердің ұранына айналған және олардың әскери өмірінде еркіндіктің, қайсарлықтың киелі рәмізі саналған. Танымал түрктанушы-ғалым Л.Н. Гумилев «Көне түрктер» атты еңбегінде қытай деректерінде «фули», «бури» («қасқырлар», «бөрілер») деп аталатын найза, қылыш, алдаспанмен қаруланған таңдаулы түрк жауынгерлерінің болғанын жазады [4, 50]. 

VІІ ғасырда тасқа қашалып жазылған Күлтегін жырында да Білге қаған әкесінің жауынгерлерін бөріге теңейді: «Тәңірі қуат берген соң, Әкем қағанның әскері бөрідей бопты» дейді [5, 47]. Қазақтың фольклорлық жырларында батырларды бөріге теңеу, оны ұран етіп жырлау кейінгі дәуірлерге дейін айтылып келген. ХІХ ғасырдағы қазақтың ұлы ақыны Сүйінбай Аронұлы: «Бөрілі басы – ұраным, Бөрілі – менің байрағым. Бөрілі байрақ көтерсе, Қозып кетер қайдағым» деп, бөріні ұран етіп жырлайды [6, 32]. 

Көшпелілерде байрақпен қатар тулар әскердің, мемлекеттің нышаны ретінде қолданылды. Ортағасырлық дәуірде шайқас барысында жауынгерлік тудың жығылуы бүкіл әскердің жеңілгендігін білдірсе, ал ол жоғалған жағдайда жауынгерлердің абыройына нұқсан келтіретін болған. Шайқас барысында әскери тулар жауынгерлерге ерекше рух беріп, олардың жеңіске деген күш-қайратын арттырып отырған. 

Қыпшақтанушы-ғалым С. Плетнева «Половцы» атты еңбегінде: «Әрбір ортағасырлық әскери жасақтың өзінің туы болған. Ту арқылы қарсыластар дәл қазір өздерінің алдында кім тұрғанын білді. Тулар шайқас басталар алдында қойылды. Қызықтысы, Радзивилловск (Кенигсбергск) жылнамалар тізімінің иллюстрацияларында тік тұрған сапты ту үнемі шайқас басталар алдында немесе әскердің жеңісінен кейін бейнеленген, ал жеңілген жағдайда тулар барлық кезде тым еңкейген күйде суреттелген» деп жазады [7, 145]. 

Шайқас алдында қолбасшылар әскерді ыңғайлы басқару үшін туды қолданған. Зерттеушілердің айтуынша әрбір ондық, жүздік, мыңдық, он мың (түмен) әскердің өз туы болған. Ортағасырлық деректердің бірі «Мэн да бэй-луда» («Полное описание монголо-татар») туды иелену үшін міндетті түрде қолбасшы болу керектігі нақты айтылған [8, 537]. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде он мың әскердің туы «түмен тұғ» (тумен туг) деп аталса, қосынның туы «кушун туг» деп аталған [9, 614]. Әскердің туын ұстауға арнайы жауынгер тағайындалды, ол «тушы», «туғашы» деп аталды. 

ХІХ ғасырда қазақ даласында болған орыстың ғалымы А.И. Левшин қазақтардың қару-жарақтары туралы айтқанда: «Ту қазақтардың қару-жарақтарына жатады. Әрбір рудың өзінің туы мен белгісі болған. Олар бейбіт заманда мұқият сақталып, тек соғыс болған кезде ғана шығарылған» деп жазады [10, 312]. 

Бөгенбай, Қабанбай батыр тарихи жырларында батырлардың қол бастап, ту ұстағаны туралы айтылады. Ту ұстайтын батыр талай шайқастарда ерлігімен көзге түскен, соғыстарда әбден шыңдалған ержүрек батыр болуы керек болатын. Қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов ХVІІІ ғасырдың батырлары туралы әңгімелерінде Жәнібек, Баян, Жанатай сияқты әйгілі батырлармен бірге Абылай ханның ту ұстаушы батырларының бірі болған Байғозының ерліктерін қызықты баяндайды [11, 23]. 

Ат үстінде отырып ту ұстаған батырлардың бейнелері қазақ даласынан табылған жартас беттерінде де кеңінен таралған. Белгілі ғалым З. Самашевтің айтуынша ту ұстаған ат үстіндегі жауынгер бейнесі – батырлық дәуірдің кең танылған эмблемасы және ертетүрктік мәдени кешеннің ерекше «мәдени коды» болып табылады, оның қалыптасуы салт аттылының пайда болуы және дамуымен байланысты болып келеді [12, 46]. 

Ту билік атрибуттарының бірі ретінде көшпелілер мемлекетінің маңызды жиындары қаған, хан сайланған құрылтайларда жоғары билік иесінің туы көтерілетін болған. Көшпелілердің ордасында бас тумен қатaр оған бағынышты кіші ордалардың да өз тулары болған. 

Мемлекеттілік тарихын зерттеуші-ғалым З. Қинаятұлының айтуынша, Моңғол империясында Бас ту Ұлы ордада немесе қаған отырған орданың алдында көтерілді. Басқадай кіші ордалардың алдына осы үлгідегі кіші тулар қойылды. Қаған өзі бастап ұлы жорыққа аттанғанда Ұлы ту қаған қосынымен бірге жүрді. Ел астанасы Қарақорымда бір жола орныққан соң Ел туы бас орданың алдында тұрақты тұратын болды. Жорық жолында (кіші) ақ қара ала ту көтерілді. Бөгде жұртта шаңырақ көтерген кіші ордаларда жоғарыдағы үлгідегі (тоғыз, төрт тұғырлы) кіші тулар тігілді, деп жазады [13, 224]. 

Көшпелілердің туының түсі ерекше мән-маңызға ие болды. Соның ішінде, көшпелі түрк-моңғол халықтарының дүниетанымында ақ түс қасиетті саналды. Ақ түс – адам ниетінің тазалығын білдіреді, сондай-ақ ақ түсті киелі затқа хан сайланғанда қолданылатын ақ киізді жатқызуға болады. Шыңғыс ханның ақ түсті туы болғандығы туралы Моңғолдың құпия шежіресінде: «Киіз туырлықты ұлысты түзулетіп біріктіріп, барыс жылы (1206 жылы) Онон өзені басында жиналып тоғыз тұғырлы ақ туын орнатып, Шыңғыс қағанға «хан» атағын сонда береді» деп жазылған [14, 258]. 

Тарихшы Құрбанғали Халид Тауарих Хамса (Бес тарих) атты еңбегінде қазақ хандарының туының түсі қандай болғандығы туралы құнды мәліметтер келтіреді. Ол былай жазады: «Ишм (Есім) хан ұзын бойлы, денелі кісі болған соң «Еңсегей бойлы ер Есім» деп дәріптеледі екен. Орыс ханның қызыл туы осының қолында қалған. Сығай ханның екінші әйелінен екі ұлы бар: Сейітқұл және Оннан хан. Бұл Оннан батыр болып, қызыл ту астынан шығып, өзінше дербес ақ ту көтерген. Ақ тулы төрелер қайда жүрсе де Оннан тұқымы болып есептеледі. Ишм хан ұлы Жәңгірхан ұлы Тәуке хан бір әйелден жеке. Мұның ұлы Полат хан, ұлы Әбілмәмбет хан, ұлы Әбіл Файз хан қызыл тулы төрелердің бабасы. Жәңгір ханның екінші әйелінен Аула, Бақи деген екі ұл болып, Ауладан Абылай хан туған. Жас кезінде жау қолына түсіп, тағы бір шапқыншылықта қазақ қолына түсіп, үйсін Төле бидің түйешісі болып жүрген. Содан соң туысы Полат хан қолына алғанда, соңынан Полат баласы Әбілмәмбетке қызыл ту беріп, өз орнына қойып, Абылайға жасыл ту беріп, кейбір тайпаларға уәли (басшы) болған. Соңынан Абылай хан өз қабілетімен орта жүздің бәріне, ұлы жүздің көбіне, кіші жүздің біразына ие болып, жалпы төре атаулыдан басым келген себепті, үш жүздің ханы деп аталған. Жасыл тулы төрелердің бабасы болады [15, 232]. Тарихи зерттеулерде ортағасырлық кезеңде қазақ даласында шаңырақ көтерген мемлекеттік құрылымдар да түске байланысты атаулармен Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда деп аталған. 

Абылай ханның ақ туы болғаны туралы мәлімет фольклорлық деректерде сақталғанымен, ол туралы нақты мәлімет жоқ. Қазақтың әйгілі батырларының бірі Бөгенбай батыр ақ түсті ту ұстаған: «Ақ туды Бөгенбайға әкеп берді, Қараңдар қасиетті Бөген ерді» («Бөгенбай батыр» тарихи жыры). 

Зерттеушілер түрктердің туының түсі көк болған деген болжамдар айтады. Ежелгі түрктердің дүниетанымында «көк» ұғымы ерекше орынды алған. Олардың түсінігі бойынша жоғарыда көк аспан, көк тәңірі біртұтас, ол адамдарға құт-береке, күш-қуат беруші ретінда қаралды. Л.Н. Гумилев ежелгі түрктерді «көк түрктер» деп атайды. Сонымен қатар, Моңғолиядағы Майхан-уул жер асты кесенесінің қабырғасына салынған тудың түсіне қарап, ежелгі түрктерде қызыл түсті тудың болғандығын көруге болады. 

Қазақтың батырлық жырларынан тулардың түсі қандай болғандығын байқауға болады: «Құйысқанын қысқартып, Көк ала шұбар ту байлап» («Қобыланды батыр» жыры). «Шаң астына қараса, Айшықты ала ту көрді» («Алпамыс батыр» жыры).

Ту – халықты біріктіретін ерекше күшке ие болған. Қазақ қоғамында тудың көтерілуі, тудың тігілуі – халықтың бір жерге ұйысып, ел болғандығын білдіретін әлеуметтік маңызы бар ұғым-түсінікті қалыптастырған. Қазақ мифологиясын терең зерделеп, осы тақырыпта көлемді еңбектер қалдырған Серікбол Қондыбайдың «Жауынгерлік рух» кітабында тудың тігілуі немесе бағанаға, ағашқа жалаудың байлануы – аса маңызды әрі фольклорлық мұрада көп тараған әрекеттердің бірі, оның астарында мифтік қоғамды, өркениетті орнату, структурасын белгілеу түсінігі жатыр делінген [16, 187]. 

ХVІІІ ғасырда қазақ батырлары бір тудың астына жұмылып, жоңғарларды талқандаса, ХХ ғасырдың басында қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш қайраткерлері бір тудың астына бірігіп, болашақ ұрпаққа өшпес мұра қалдырды. Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесінде тұрған киелі тудың басы – қазақ халқының бірлігі мен ынтымағының нышаны саналған. Оны ақын Сәттіғұл Жанғабылұлы: «Сәруәр пірдің басшысы – Қожа Ахмет Ясауи. Түркістанда бұ да өткен, Туына жұртын түнеткен» деп қасиетті туды өзінің өлең жолдарына қосады. 

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің «Тарих» экспозициялық залында Наймантайұлы Байғозы (1705-1803) батырдың боз туы орналасқан. Батыр ұстаған тудың пішіні төрт бұрышты болып келген. Алдыңғы бөлігінің екі бұрышы қиылған, ал артқы желбірейтін бөлігі үшбұрышты болып келеді. Мата бірнеше жерден тесілген. Ақ боз түс байырғы этномәдени ұғымда жеңістің нышаны дегенді білдірген. 

Байғозы Наймантайұлы – қазақ халқының елдігі мен еркіндігін қорғау жолында жоңғарлар шапқыншылығына қарсы жүргізілген Ұлы Отан соғысында ерен ерліктер жасап, исі қазаққа даңқы жайылған батырлардың бірі. Тәуке ханның бас батырларының бірі болған Наймантай баласы Байғозыны жауынгерлікке өзі баулып, әкелі-балалы батырлардың даңқы жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінде қатар шыққан. Қазақ пен қалмақ жасақтарының арасында болған Бұланды, Қарасире, Талқы, Қозымаңырақ, Қалба, Теріссоққан, Аңырақат, Хантау, Қызылтау, Ерейментау, Түркістан, Қарқаралы, Ыстықкөл шайқастарының бел ортасында болған Байғозы батыр ерен ерліктер көрсеткен [17, 57]. 

Батырдың жорық жолдарында өзі ұстаған жауынгерлік туының музейге келіп түсуі тарихына тоқталатын болсақ, Байғозы батырдың ұрпағы әрі осы туды музейге тапсырған қазақтың этнограф-ғалымы Ақселеу Сейдімбековтың айтуынша «Байғозы батырдың туы, ата дәстүрі бойынша қара шаңырақ иесі саналатын кенже баласынан өрбіген ұрпақтарының қолында сақталып келген. Батыр тікелей өзі басқарған, өзі басшылық еткен қол-қосындарымен соғысқа кіргенде алып шығатын өз туы болған. Туының түсі боз болған. Осыған орай кезінде «Боз тулы Байғозы», «Байғозының боз тулы қолы» дейтін сөз тіркестері қазақ қосындарының арасында жиі естілетін болған». 

Экспозициялық залда ту тарихынан мәлімет беретін бірнеше құнды жәдігерлер орналасқан. Солардың бірі – гүл қауызына ұқсаған ХVІІ ғасырға жататын тудың басы. Тудың негізгі бөлігі дөңгеленіп келіп, жоғары қарай сүйірлене түседі. Ортасында өрнектелген араб жазулары бар және тігінен ағаштың діңі сияқты болып келіп, жоғары қарай қошқармүйіз оюымен аяқталады. Шеттері жалпақталған және екі жағы да жиектелген. Жалпақталған жері қошқармүйіз тәрізді ою-өрнектер салынған. Тудың негізгі және ағашқа кигізілетін ұңғысының ортасында сфероконус тәрізді бөлігі бар. Оның беткі жағы жалпақталған жеріндегі сияқты ою-өрнектермен әшекейленген. 

Пішіні жағынан осыған ұқсас тағы бір тудың басы ерекше құнды болып табылады. Бұның жасалуы жоғарыда сипатталған тудың басына қарағанда қарабайырлау болып келген. Мұның да дөңгеленген негізгі бөлігінің ортасында өрнектелген араб жазулары бар. Жоғарғы бөлігі кестеленген және бір жағына қарай үшкірленіп жасалған. 

Қазақ даласында мұндай ту бастарының пайда болуы халық санасына ислам дінінің терең енуімен байланыстыруға болады. Ту тарихын зерттеуші Н.С. Терлецкийдің жазуынша тудың басы әртүрлі кескіндемеде жасалады, соның ішінде ашылған алақан (панджа, хамса) немесе ашылмаған гүл қауызына ұқсаған бейнелері біршама кең таралған. Мұндай тудың басы металдардың ішінде көбінесе темірден, қоладан немесе күмістен сирек соғылып, құйылған (ту басының бағалы материалдан болуы мазардың белгілі болуы мен әл-ауқатына байланысты болған) [18, 117]. 

Тарихымыздағы хандар, би-шешендер, батырлардан қалған асыл мұраларды тауып, оларды музейлерге жинақтап, сақтап, олардың елі үшін жасаған игілікті істерін жұртшылыққа кеңінен насихаттау бүгінгі күні маңызды болып табылады. Сонымен қатар, қазақ даласында өмір сүрген ежелгі сақтардан бастап Қазақ хандығына дейінгі мемлекеттік құрылымдардың елдік рәміздерін зерттеп-зерделеу өзекті мәселелердің бірі болып табылады деген ойдамыз. 

Әнуарбек Жұмабеков, тарихшы, ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі 

1. Ахметжанов Қ.С. Жараған темір кигендер (батырлардың қару-жарақтары. әскери өнері, салт-дәстүрлері). – Алматы, 1996. – 265-б. 

2. Ежелгі дүниедегі және византиялық дереккөздеріндегі Ұлы Дала тарихы. 4 томдық / Құраст. және ред. басқарған А.Н. Гаркавец. – Астана: Фолиант, 2008. Т.3. Ертедегі грек авторлары Ұлы Дала туралы / Қазақ тіліне ауд. Г.Мұхаметқалиқызы, К. Ахметов. – 584-б. 

3. Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. Әулеттік жылнамалар. ІV-том. Алматы: Дайк-Пресс, 2006. – 481 бет. 

4. Гумилев Л.Н. Көне түріктер. Алматы: Білім, 1994. – 350-б. 

5. Жолдасбеков М. Тастар сөйлейді. – Астана: Фолиант, 2002. – 194-б. 

6. Аронұлы Сүйінбай. Бөрі – басы ұраным. Жыр толғау, айтыстар, естеліктер. Алматы: Халықаралық Абай клубы, 2013 – 288 б. 

7. Плетнева С. Половцы. – М.: Ломоносовъ, 2014. – 216 с. – (История. География. Этнография). 

8. Мэн-да бэй-лу («Полное описание монголо-татар»). – М. Наука. 1975. перев. Н.Ц. Мункуев.

9. Тарих-и Рашиди [Мәтін]: (Хақ жолындағылар тарихы) /Дулати Мұхаммед Хайдар; Дербісәлі Ә., Жеменей И., Қазыбек М., Мырза Әлі Қ., Жалпы ред. басқ. Ә. Дербісәлі. – Алматы: Тұран, 2003. – 614-б. 

10. Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацкий, орд и степей. (под общей редакцией академика М.К. Козыбаева). – Алматы: Санат, 1996. – 656 стр. 

11. Уәлиханов Ш. Шығармалар. – Алматы: Ана тілі, 2010. – 320-б. 

12. VІ-VІІ ғғ. Еуразиядағы түрк мұрасы. Тюркское наследие Евразии VІ-VІІ вв. – Астана, 2008. – 264-б.

13. Қинаятұлы З. Шыңғыс хан және қазақ мемлекеті. Екі томдық ғылыми зерттеу (Монография). – Алматы, Тарих тағылымы, 2010. – 728-б. 

14. Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері. Моңғолдың құпия шежіресі. І-том. Алматы: Дайк-Пресс, 2006. – 401-б. 

15. Халид Құрбанғали. Тауарих хамса: (Бес тарих). (Қазақ этнографиясының кітапханасы, 21-інші том). – Павлодар: ҒӨФ ЭКО, 2006. – 284-б. 

16. Қондыбай С. Жауынгерлік рух кітабы. Алпамыс ғаламы. – Алматы: Арыс, 2008. – 416-б. 

17. Елтұтқа. Ел тарихының әйгілі тұлғалары. Оқу құралы. Сейдімбек А. Салғараұлы Қ. Жолдасбеков М. Астана: KUL-TEGIN, 2011. 

18. Терлецкий Н.С. Некоторые древние атрибуты мусульманских мест паломничества и поклонения (к вопросу о функциях и символике туга).