Тұрсын Жұртбай: «Кезінде шалағайлықпен аударылған атақты «Тауарих хамса» кітабы толық тәржімеленеді»
17.03.2016 3156
М. Әуезовтің «Абай» романы алғаш әрі еркін жазылғандықтан, цензураға түсіп, қидаланбаған нұсқа болып есептеледі

 

 

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Кітап – дәуір айнасы» атты Ашық есік күнінде көптеген ауқымды шаралар жүзеге асырылған. 

Шара барысында «Құнды тарту» жобасы бойынша зерттеуші, мұрағатшы Табыл Құлыяс Ресейдің шаң басқан архивтерін ақтара жүріп тапқан қазақ тарихына қатысты көне кітаптар мен башқұрт тілінде жарық көрген қолжазбаны, журналист Ақайдар Ысымұлы «Фолиант» баспасынан шыққан «Шиелі» тарихи-тағылымдық өлкетану кітабын, ал жазушы Толымбек Әбдірайымов екі том кітабын және Алматы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Мақпал Нұрғалиева кітапхана қорына құнды кітаптар сыйға тартты. 

 

Ашық есік күнінің басты іс-шарасы – «Кітап – тарих, кітап – қазына» тақырыбындағы сирек кездесетін кітаптар мен көне қолжазбалар, құнды кітаптарға арналған көрме. Қызықты әрі тағылымға толы көрмені жүргізген көрнекті ғалым Тұрсын Жұртбай әрбір көне кітаптар мен сирек қолжазбаларға жеке-жеке тоқталып, тарихынан сөз қозғады. Ғалымның айтуынша, көрме бірнеше бағыттан тұрады: көне Құрандар және олардың тәпсірлері; көне қазақ кітаптары, ұлт руханиятын байытқан кітаптардың інжу-маржандары; эпистолярлық жанрдағы жазбалар және қазақ тарихы мен әдебиетіне қатысты шетелде жарияланған шығармалар; өткен ғасырларға тән еуропалық және азиялық баспа өнімдері. 

 

Бізге іс-шара басталмай тұрып, сұхбат берген кітапхана қызметкері Батырхан Жұмабаевтың айтуынша, 799 жылдан бастап жазылған 338 беттен тұрады «Құран» тәпсірлері де тек кітапхананың ғана емес, еліміздің, қала берді әлемдік асыл мұралардың бірі болып есептеледі. Бұдан өзге сөре ішінде орналастырылған, безендірілуі өте жоғары сапада орындалған сирек Құран Кәрімнің бірнеше түрі еліміздің әр тарабынан, атымтай жомарт азаматтардың мәрттігінен кітапхана қорына келіп түскен. 

 

Б. Жұмабаевтың тағы бір айтқаны, ағылшын заңгері, тарихшы, саясаткер Джон Рушворттың «Лейтенант Томас Эрл Старфордтың өмірбаяны» кітабының сақталып қалған жалғыз данасы кітапхананың төрінде. Тысы қоңыр былғарымен тысталған көлемді кітаптың 10 данасынан жалғыз жәдігерді бағалап ұстаудың жүгі ауыр. 

Қазақ кітаптарының інжу-маржандары саналатын екі кітап: ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 1909 жылы шыққан «Қырық мысалы» мен 1942 жылы шыққан Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы. «Абай жолы» роман-эпопеясының алғашқыда «Абай» болып шыққанынан жұрт хабардар, романда ұлы жазушының латын қарпімен «әдебиет досы» Қ. Мұхамедхановқа арнап жазған қолтаңбасы бар. 

 

Сондай-ақ бұл шығарма алғаш әрі еркін жазылғандықтан, цензураға түсіп, қидаланбаған нұсқа болып есептеледі. Зерттеуші ғалым Т. Жұртбайдың айтуынша, бірқатар образдар, әсіресе Әйгерім бейнесі біз оқып білген образынан мүлдем бөлек. Кітаптың Қазақстанда үш-ақ данасы сақталған екен. 

Тұрсын Жұртбай мырза таныстыру барысында «Тауарих Хамса» кітабының тұсында көп кідіріп, оның бұған дейінгі зерттелуінен, аудару ісінен мәліметтер айтты. Онысы – атақты туындыны аударуда тәржімешілер шалағайлыққа барған, 5 бетті 2 бет қып аударып, бастырып шығарыпты. Соның кесірінен «Тауарих Хамсаның» осы күнге дейін толық нұсқасы жарияланбаған. Алдағы уақытта осы шығыстың бес тарихын сөзбе-сөз аудара отырып, жұртшылықтың оқуына мүмкіндік беретінін түсіндірді. 

 

Шетелдегі қазақ диаспорасының көрнекті өкілі, журналист, «Азаттық» радиосы қазақ бөлімін 28 жыл басқарған белгілі қайраткер Хасен Оралтайдың мұрасы да бір төбе. Өз қаламынан шыққан шығармалары мен қолжазбалары, әр түрлі елдердегі қандас бауырлармен алмасқан хаттарының түпнұсқалары сақталған. Ол кісінің, әсіресе, ХХ ғасыр басындағы Алаштың Әлихан, Ахмет, Мұстафа, Міржақып, т.б. көптеген арыстары туралы және қазақ көшінің Алтайдан Түркияға дейінгі қайғылы тарихынан жазған туындылары, Желтоқсан шындығын жаһанға жар сала жариялауы өз кезеңінде жоғары бағаланды. 

 

Хаттары демекші, сондай хаттардың бірі жазушы-журналист, қайраткер Сапабек Әсіпұлының жолдаған хатында қазақ жерінің ауыр тағдыры сөз болған. «Қазақ Республикасы дегеніміз шынтуайтқа келгенде Қазақ Республикасы емес. Оның кең байтақ жерінің қойнындағы пайдалы қазбалар, оларды өңдейтін кәсіпорындар түгел дерлік орыс және басқа да келгінбайлардың қолында. Жекешелендіру барысында бар байлықты олар меншіктейді де, қазақ байғұс тағы да мыжып қала береді. Бұл – бір. Екіншіден...» деген ащы жанайқай жазылған. Сонымен бірге хат авторы өзінің «Қазақ қасіреті» атты еңбегін жолдағаны туралы айтылады. 

 

Ендігі міндет – осы жиылған байлықты сөре ішіне сақтап ұстау емес, көпшілік, ғылыми ортаның қолы жететіндей етіп ыңғайға келтіру, зерттеу ісі.