Сәулет өнерінің Сәтбаевы
05.10.2016 2783
Ең алғашқы қазақ кәсіби сәулетшісі, халық шебері, дарынды өнерпаз Баязит Сәтбаев туралы жазбай өте алмадық. Ел арасында Баязит Сәтбаевты «Баязит шебер» деп әспеттейді

Халық игілігі үшін еңбек еткен, бірақ сол еңбегі ескерусіз қала беретін есіл ерді тану бүгінгі күндерде ғана белгілі болып отыр. 

Баязит қазіргі Аягөз ауданының Шынқожа ауылында дүниеге келген. Әкесі Сәтбай Келшібекұлы ел ішінде молда болған кісі екен. Семейдегі Абай оқыған әйгілі Ахмет Риза медресесін бітірген. Ауыл молдасынан ескіше хат таныған Баязит 12 жасқа келгенде әкесі қайтыс болып, отбасы ауыр тұрмыстың тауқыметін тартады. Кейін Семей қаласының маңына көшіп барып, нағашы жұртын паналайды. Анасы Тұштыбаланың төркіні – Семейдің іргесіндегі Белағаш ауылы екен. 

 Халық шебері, сәулетші Баязит Сәтбаев 

Табиғатынан зерделі, дарынды бала Семейдегі татар, орыс байларының жалшылығында жүреді. Орыс көпесі П. Ивановтың қарамағында болып, құрылыс жұмыстарын сызып, жазып үйрене бастайды. Алғашында қарапайым құрылыс элементтерін білгеннен кейін күрделі, құрылымды сызбаларды үйреніп, білімін жетілдіре түседі. 1890 жылы Семейде жаңа мешіттің құрылысын салуға түрік архитекторы Абдолла Эфенди Стамбулдан арнайы шақырылып, сол мешіт құрылысына Баязит те қатысады. Мұнда ол шығыс сәулет өнерінің қыр-сырын, сонымен қатар басқа да құрылыстарды жүргізу барысында орыс, еуропа архитектурасының әдіс-тәсілдерімен танысып, қаныға түседі. 

Сөйтіп шеберлігі артып, таланты таныла бастаған шеберді алдымен туған жері Аягөз қаласы шақырып, жұмыстар тапсырады. Бұдан кейін ол екі үлкен империяның ортасындағы аса маңызды стратегиялық нысан – Зайсан қаласында жаңадан салынатын құрылыстарды жүргізуге арнайы шақыртылады. 

Зайсан қаласындағы ХХ ғасырдың басындағы тарихи орындар, көпес үйлері мен дүкендер, әкімшілік ғимараттары, қонақ үйлер мен қала қақпалары, т. с. айшықты ескерткіштердің дені ұлы шебер Баязит Сәтбаевтың қолтаңбасына тән. Мұндағы құрылыстардың сызбасын жасап, оған қажетті материалдардың сұрыпталуын, маңызы мен көркін ескергеніне дау жоқ. Бүгінгі Зайсан қаласының жайнап, гүлденіп тұрғаны осыдан ғасыр бұрын жасалған түпкі негіздердің дұрыстығында еді. 1900 жылы Зайсан қаласына келген шебер 20 жылдарға дейін мұнда көптеген құрылыс жұмыстарын жүргізіп басшылық жасаған. 

Зайсан қаласындағы шебердің қолтаңбасы қалған үйлердің бірі 

1900-1906 жылдары қаладағы казак-орыс әскерінің штаб үйін, Никольск шіркеуін, әскерлер казармасын салады. Құрылысшы өмірін зерттеушілердің жазуынша, ол 30-ға жуық құрылысқа басшылық етіпті. Олардың ішінде Зайсан мешіті 1903 жылы салынса, бұдан кейін шіркеу, С. Манаповтың үйі орыс және шығыс сәулет өнерінің үйлескен, көрнекті үлгілеріне жатады. Ал өзіндік сәулеткерлік нақышымен айшықталған, осы күнге дейін көрік беріп тұрған Татанов, Бекчентаев, Әбілханов, Мергенбаев, Ерзин, Тоқсанбаев, Бобкин салдырған үйлердің сәулеттік өрнегі мүлде тосын. 

«1915-1917 жылдары Шыңжаңдағы татар байы Рамазан Чанышевтің шақыртуымен Шәуешек қаласында мұсылмандар гимназиясы ғимаратын, Шәуешек қаласының төртбұрышына төрт азан шақыратын мұнара салатыны» жөнінде тың деректер бар. «А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Р. Мәрсеков Зайсан қаласына келіп, Алашорданың шығыс бөлімшесін Баязит салған үйде құрған еді. Сол басқосуда Б. Сәтбаев келген қонақтарға Зайсанды аралатып, өзі салған татар мешітінен бастап Никольск шіркеуіне дейінгі құрылыстарды көрсетіп, ризалығын алған екен», – деп жазады тарихшы Ахмет Тоқтабай.

Халық сәулетшісінің шығармашылығына арқау болған нысандардың бір бөлігін қақпалар құрайды. Сәтбаев жасаған қақпалар биік те кең, доғаша иілген тұрпатымен ерекшеленеді. Қақпалар қызыл кірпіштен қаланған, көлік кіретін үлкен есігі мен адамдарға арналған кіші есіктерінің жасалу техникасы да айрықша. Ағаш есіктер мықты темір құрсаулармен бекітілген. 

Зайсан қаласындағы әкімшілік ғимараттарының қақпасы 

Атақты құрылысшы Баязит Сәтбаев салған Зайсан мешіті мен болыс, қажы Зейнолла Бұтабайұлының кесенесіне арнайы тоқталайық. 

1909 жылы «Үлкен қажы» аталып кеткен жергілікті көпес Тұхпатолла Бекчентаевтың тапсырысымен тұрғызылған мешіт ғимараты тік бұрышты, биіктігі 5,8 м, ені 13,2-29,9 м. Батыс жағында михраб (құбыла жаққа қарап орнатылған текше) орналасқан. Бастапқыда екі есігі болған, қасбеті (фасад) пропорциялық жағынан бірдей екі үйлесімді ярусқа бөлінген. Ярусты бөліп тұратын белдіктің үстінде кірпіштен доға тәріздес қаланған терезелер орналасқан. 1920 жылы Зайсан мешітінің мұнарасын дін жаулары – коммунистер қиратса, 1959 жылы күмбезі өртеніп кеткен, осының салдарынан ғимарат пропорциялық үйлесімін жоғалтқан. 

Ел билеуші болыс, қажы Зейнолла Бұтабайұлының күмбезі 

Ал сақ патшаларының мүрдесі табылған әйгілі Шілікті ауылынан 5 шақырым жерде орналасқан Зейнолла күмбезі 1925 жылы тұрғызылыпты. Күмбездің жалпы ұзындығы 9,4 м, ені 5,78 м, биіктігі 8,8 м. Күмбез шикі кірпіштен тұрғызылып, сырты күйдірілген кірпіштен бунақталып қаланған. Зерттеушілердің айтуынша, қазіргі кезде Шығыс Қазақстанда қаптама ретінде күйдірілген кірпіш қолданылған екі кесене ғана белгілі, олар – Зейнолла күмбезі мен Мұхамеджан кесенесі. 

Күмбез кірпіштері Баязит шебердің өзінің меншік пешінде әр түрлі құймада күйдіріп дайындалған. Дайын кірпішті Зайсаннан Шіліктіге қапқа салып, атқа тиеп, түйеге артып жеткізген. Тағы бір деректерде кірпішті Жалшидің өзінде, қыл қосып беріктігін арттырып дайындаған делінеді. 1980 жылдары мазарға «Казрестоврация» мекемесі азды-көпті жөндеу жұмыстарын жүргізген. 1991 жылғы жер сілкінісінен кейін де жұмыстар іске асырылған. Жөндеуге қажетті әр түрлі құймадағы кірпіштер Түркістандағы арнайы кірпіш зауытынан әкелінді. Бұл әр түрлі құймадағы кірпіштер формасы Ахмет Иассауи кесенесі формалармен бірдей болып шықты. Кезіндегі шебер Баязит Сәтбаевтың қолтаңбасы кірпіштердің әр түрлі формасы Түркістандағы тарихи ескерткіштермен тарихи байланысы, сабақтастығы осылай анықталып отыр. 

Зейнолла күмбезінің төменгі бөлігі оңтүстік шығыс Азияның сәулет өнеріне ұқсас күрделі үлгіде салынған. Кіреберісі дарбазалы пештақпен безендірілген. Бұрыштарындағы қалпақшалары төбе деңгейіндегі төртқырлы қысқа бағандармен бітеді, кіреберіс пештақ шағын шатыр арқылы төбедегі доғамен үш қыр бойымен жалғасады. Ішіндегі қабірханаға екі бүйірі мен батыс жағындағы ойықтар арқылы жарық түседі. Бұл ойықтар әшекейлі дарбазалық қуыстармен кезектесе жасалған. Зейнолла күмбезі қасбеттерінің әсемделуіне сәнді қалаудың сан алуан тәсілдері пайдаланылған. 

Зейнолла күмбезінің қазіргі көрінісі 

Зайсан қаласынан шыққан белгілі тарихшы, профессор Ахмет Тоқтабай «Еленбей келген еңбек» атты мақаласында ұлы сәулетшінің баласы Мұқатайдың айтуы бойынша Қытайға көшіп барған мақсатын баяндайды. Зайсан өңірінде билік жүргізген төре тұқымдары Дайыр – Көгедай – Жеңісхан, оның ұлы Шәріпхан 1933 жылы Баязитті Шәуешек жаққа шақыртып алдыртады. Мұнда ол үкімет үйлерінен бастап, жекелеген мемориалдық кешендерді де салып, онда да еңбегі өзіндік қолтаңбасымен айқындалып тұрады.

Ел ағасы Өміртай Нашынұлының күмбезі

Журналист Мұрат Алмасбекұлы ҚХР жасаған саяхаты кезінде халық құрметтеп «Биқажы» атандырған Өміртай Нашынұлының күмбезіне ат басын бұрады. Оның жазуынша, 17 жасынан ел басқаруға араласқан Биқажы 70 жыл елін тоздырмай, жұртын аздырмай билік жүргізген қайраткер адам болған екен. Халқына қадірі артқан бұл кісінің күмбезі Буыршын өзенін жағалай өскен Жуантерек орманының жиегінде тұр. Қирау мен күйреуден дін аман қалған кешенді халық шебері жылқының қылы қосылған, күйдірілген, қызыл кірпіштен жобалап салдырған екен. 

Күмбездің бір жақ көрінісі

Сонымен қатар Зайсан өңірінде ғұмыр кешкен би, шешен Жәке Қойтанұлының құрметіне соққан күмбездің авторы да осы Баязит Сәтбаев. Қазіргі ҚХР Шыңжан өлкесі, Алтай аймағына қарасты Жеменей ауданының Жәке-Ласты деген жерінде 1959 жылға дейін сақталған тарихи нысанды кейін маошылар қиратқан, қазір сілемі ғана бар. Баязит Сәтбаевтың өмірінің ақыры туралы деректер мардымсыз. Тек 1954 жылы өмірден өткені ғана белгілі. 

Заңғар КӘРІМХАН