Хан Кененің қылышы
07.10.2016 3189
Кенесары ордасындағы сыйлы адамдар мен әскербасылар қызыл қынапты қылыш асынған. Ендеше, Кенесарының қызыл қынапты қылыш ұстауы тарихи шындыққа бір табан жақындай түсетін сияқты

Кейінгі жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде Кенесары хан туралы аз жазылған жоқ. «Хан сүйегін іздестіру» жорығы аясында жарияланған мақала-материалдарды айтпағанның өзінде, хан Кененің мылтығы мен сауыты жөнінде келелі әңгімелер қозғалған-ды. Белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет Омбы облыстық өлкетану мұражайынан ханның мылтығын көргендігін тілге тиек етсе, талантты ғалым Кенжехан Матыжан Кенесары Қасымұлының сауыты туралы әңгіме айтқан-ды. Сауыт бір кездері Қазақстан Республикасының Орталық мұражайына тапсырылыпты. Бір қызығы – сол сауыт қазір жоқ. Орталық мұражай басшылығының айтуы бойынша, пайдалануға жарамсыз болғандықтан есептен шығарылған. Содан ұшты-күйлі жоқ. Жоғалған... 

Жақында Орталық мұражай директорының бұрынғы орынбасары, қазіргі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті мұражайының директоры Кенжехан Матыжан тағы бір жағымды жаңалық айтты. Орталық мұражайға өткізілген Кенесары сауытының суреті мен тіркеу құжаттарын тауыпты. 

– Орталық мұражайда он сауыт бар, осы сурет арқылы экспертиза жасап, Кенесарының сауытын анықтауға болады. Өйткені сол он сауыттың біреуі хандікі болуы да ғажап емес, – дейді Кенжехан мырза. 

Хан Кененің мылтығы мен сауыты туралы әңгімелердің ұшығы тарқай бастаған соң, оның қылышы жөнінде де сөздер айтыла бастады. Біреулер Мәскеудің бір мұражайынан көріпті-мыс. Қойшы, әйтеуір, жел сөздер көп болып, нақты әңгіме жоқ болғандықтан, бәлен деп сөз қозғауға батылымыз бара бермеген. 

Таяуда Алматыда тұратын Кенесарының шөбере қызы Напуса Кенесаринамен жолығып, әңгімелестік. Сөз орайында: 

– Кенесарының қылышы бар екен, білесіз бе? – деп сұрап едім: 

– Иә, білемін. Оңтүстік Қазақстан облыстық өлкетану мұражайында сақтаулы. Оған менің әкем Әзімхан Кенесарин өз қолымен апарып тапсырған, – деді Напуса апамыз сөзін нықтап. 

– Шынымен Кенесарының қылышы ма? Анық білесіз бе? – дедім сенерімді де, сенбесімді де білмей. 

– Шынымен Кенесарының қылышы. Оған ешқандай күмәніңіз болмасын. Мен оны анық білемін. Кепіл бола аламын, – деген соң Оңтүстік Қазақстан облыстық өлкетану мұражайының директоры Сара Әлібаеваға телефон арқылы хабарластық. 

– Біздің қорда Кенесарының қылышы бар екені рас. Бірақ біз оны залға, көрмеге қойған емеспіз, — деді мұражай директоры. 

– Барып көруге бола ма? 

– Әрине, келіңіз. Мен іссапарға кетіп барамын. Дегенмен, біздің мұражайда қызмет істейтін Рахима есімді қызға тапсырып кетемін. 

Ол кісі уәдесінде тұрды. Оңтүстік Қазақстан облысына іссапармен барып, облыстық өлкетану мұржайына ат басын тіредік. Мұражайдың Қорлар бөлімінің меңгерушісі Рахима Ноғайбекова тарихи жәдігерлер қорында сақтаулы тұрған Кенесарының қылышын көрсетті. Қолымызға ұстап көрдік. Шағын, жеңіл, ыңғайлы. Ханның жорыққа ұстайтын қылышы болса керек. 

– Мынау – тіркеу кітапшасы, осында бәрі жазылған. Бұл кітапша заңды құжат болып есептеледі, – дейді Рахима Ноғайбекова. 

Кітапшаны қолыма алып, қарап шықтым. Онда «152.8-VI-1931. Подарок внука К. Касымова — Азымхана Кенесарина. Сабля, принадлежащая султану Кенесары Касымову. Кривая, с ножными из кожи, рукаятка из кости. Материал железа. дл. лезвия 70 см. дл. рукаятка 15 см. Старая, ржавая» деп анық та қанық етіп жазылған. 

– Бұл қылыш туралы бұдан басқа не білесіздер? – деген сауалымызға Қорлар бөлімінің меңгерушісі қысқа қайырып, мынадай жауап берді: 

– Бұдан өзге ешкім ештеңе айта алмайды. Мұражайдың қазіргі қызметкерлерінің дені – кейіннен келгендер. Бұрынғы қызметкерлер болса, мүмкін, тағы да бірдеңелер айтар ма еді. 

Иә, сол бұрынғылар болса «бірдеңе» айтар ма еді, кім білсін? Дегенмен, мұражайдың бас кітапшасында Кенесарының қылышы екені тайға таңба басқандай көрсетілген ғой. 

Ал енді сол хан Кененнің қылышын Оңтүстік Қазақстан облыстық өлкетану мұражайына өткізген Әзімхан Кенесарин деген кім? Сөзіміз дәлелді болу үшін осы сауалға жауап бере кетсек, мәселеннің түйіні өзінен-өзі шешілетін сияқты. 

Әзімхан – Кенесарының бәйбішесі Күнімжаннан туған баласы Ахметтің ұлы. Былайша айтқанда, Кенесарының немересі. Бізге Кенесарының қылышын Оңтүстік Қазақстан облыстық өлкетану мұражайында тұрғанын айтқан Напуса Кенесаринаның әкесі. 

– Әкеміз Әзімхан Ахметұлы Кенесарин 1878 жылы Шымкент қаласында туған, – дейді Напуса Кенесарина. — 1879 жылы Шымкент қаласындағы училищені бітіріп, Әулиеата уезінің басқармасында хатшы болып істеді. 1921 жылы Сырдария ревкомының хатшысы болып сайланған. Одан соң туған қаласы Шымкентке ауысып, Жер бөлімінде инструктор және бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Сол кезден өмірінің соңына дейін Шымкент қаласында тұрды. 1924 жылы учаскеде гидротехник болып қызмет істеді. Содан 1937 жылға дейін Бөген – Шаған су каналын салуға қатысты. 

1930 жылдардағы қуғын-сүргін кездері көптеген қазақ зиялылары жазықсыз жазаланды, қамауға алынды. Солардың ішінде Әзімхан Кенесарин де болды. НКВД-нің Оңтүстік Қазақстан облыстық басқармасы 1937 жылы тамыз айының 15-і күні әкемді Шымкент қаласындағы үйінде тұтқындап, қамауға алды. Содан үш жарым ай өткенде «алашордашыл, Қоқан автономиясы үкіметінің мүшесі» деген айыптаулармен атылып кетті. 

Міне, көріп отырған шығарсыздар, Әзімхан Кенесарин оқыған-тоқығаны бар, көкірегі ояу, көзі ашық кісі болған. Ендеше, бұндай адамның бүйректен сирақ шығарып, жоқтан бар жасауы мүмкін емес. Туған немересінің атасының затын білмеуі, танымауы, шатастыруы тіптен мүмкін емес. Сондықтан бұл қылыштың Кенесарынікі екеніне ешкімнің дауы болмаса керек. 

Кенесары ханның белінен қылышын тастамайтыны туралы жазба деректер бар, бірақ оның қылышы туралы нақты сипаттама беретін тарихи құжаттар жоқ. Ханның қылышы біреу болмасы да белгілі. Мәселен, 1845 жылы Кенесары ордасында елшілікте болған Герн мырза былай деп жазды: «Сұлтан ауылында жүзге жуық мылтық болды, олардың өзі білтелі және тірек ағашты еді. Сонымен қатар оның үш ұзын мылтығы бар, оларды ылғи үйінің маңында ұстайды, ал шайқаста жанында болады. Бұл мылтықтар Бұхар әмірінен алынған». 

Омбы облыстық өлкетану мұражайында тұрған Кенесарының мылтығы осы Бұхар әмірінен алынған үш ұзын мылтықтың біреуі болуы әбден мүмкін. Біздің ойымыз осылай меңзейді. 

Ал енді Кенесары әскерінің ерекше белгілері туралы сол заманның өзінде Күрен Абылаев мырза былайша сипаттайды: «Бұл бүлікшілердің бәрі кеуделеріне үш қатар қызыл бау тағып алған. Сыйлы адамдар мен әскербасылар қызыл қынапты қылыш асынған. Ал Кенесарының өзі орыс полковнигінің әпелетін таққан». 

Міне, осы жазбадан-ақ аңғаруға болатын шығар, Кенесары ордасындағы сыйлы адамдар мен әскербасылар қызыл қынапты қылыш асынған. Ендеше, Кенесарының қызыл қынапты қылыш ұстауы тарихи шындыққа бір табан жақындай түсетін сияқты. Олай болса, Оңтүстік Қазақстан облыстық өлкетану мұражайында тұрған Кенесарының қылышы да қызыл қынды... 

Кенесарының қылышы туралы мұндай жанама деректер баршылық. Дегенмен, осындай жазбалардың өзінен-ақ бұл қылыштың Кенесарынікі екені айқындала берері сөзсіз. 

Бір қарағанда, бұл қылыш көп қылыштардың бірі сияқты көрінуі де ықтимал. Ал көңіл қойып, зерделеп қарасаңыз, бұл қылыштың мән-маңызына көзіміз анық жете түседі. Сөз жоқ, бағалы зат. Хан Кененің қылышы болуымен де құнды. 

Ең бастысы, елдігімізге, тәуелсіздігімізге қауіп төндірген отаршыларға қарсы кезенген қылыш. Арыстандай ақырған алып империяға қарсы сілтенген қылыш. Хан Кененің қолының табы, жауының қаны сіңген қылыш. Мән-маңызы да осында. Оны Кенесарының генерал Обручевке жазылған мына бір хаты да дәлелдей түседі: «Өткен 1839 жылы Орынбордың генерал-губернаторы мен генерал Генс бізге патша ағзамның қасиетті хатын жариялап, бар күнәмізді кешкен. Мұндай қадірлі адамның сөзіне сенгендіктен, біз ақ патшаға қарсы мылтық ату мен қылып көтеруді тоқтатқан едік. Ал биыл наурыздың жиырма бірінде, өзіміз аңға шығып кеткенде, Омбы қаласынан шыққан, Сотников басқарған жасақ ауылымызды шауып, мал-мүлкімізді талап, Күнімжан ханымды бас етіп, бірнеше адамды ұстап алып кетті. Бұндай жағдайда жақсылықты бір құдайдан болмаса, орыс бастықтарынан күтуге болмайтынына көзім жетті». 

Кенесары ақ патшаға қарсы не үшін қылыш көтерген? Не үшін мылтық кезенген? Орыс генералына жазған ханның хаты көп жайттан сыр аңдатады. Сондықтан, сөз соңында айтарымыз, Кенесарының қылышы бұған дейін ешқандай көрме залына қойылмапты, Оңтүстік Қазақстан облыстық өлкетану мұржайының қорында құпия сақталған. Енді осынау тарихи қылышты Алматы немесе Астанадағы Орталық мұражайларға алдырып, көрнекті жерлерге көрнекілік ретінде қойылса, дұрыс болар еді. 

Жас ұрпақ көрсін, көрсін де ойлансын, ойлансын да өздерінше байлам жасасын! 

Кенесарының қылышы сонысымен де құнды. 

Думан РАМАЗАН, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері