Гүлістан күнделігі немесе мен көрген Иран
18.01.2020 2204
Қарыштап дамып, қанатын кеңге жайып келе жатқан Қазақстан халқы үшін қасиетті де қастерлі мереке - Тәуелсіздік күнін биыл әуе кеңістігінде қарсы алдық.

Көк байрақты Ұлы даламды көктеп шолып, «Егеменді еліміз ғұмырлы, тұлғасы биік тұғырлы болғай!» деп тіледім. 2019 жылғы 16 желтоқсанда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Отандастар Қоры» КЕАҚ-ның қолдауымен  Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Астана және Ақмола облыстық филиалының басшысы Қарлығаш Бекпатшақызы екеуіміз AIR ASTANA әуе компаниясы арқылы Иран Ислам Республикасына іссапарға аттандық. Ай басында ғана қандастарымыз қалың шоғырланған Моңғолия мемлекетінің астанасы - Ұлан Батыр қаласына, Налайық қаласына, Қобда, Баян-Өлгей аймақтарына барып қайтқан болатынбыз.

Мақсатымыз – алыстағы ағайындарымыздың тұрмыс- тіршілігімен танысу, шетелдегі қандастарымызбен қоғамдық, әдеби, мәдени байланыс орнату. Бұл - Отандастар қоры мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 2019 жылға жоспарлаған соңғы шарасының бірі.

Әлемдегі әлеуеті зор әрі сәулетті Ыстамбұл әуежайында бірер сағат аялдап, ИИР астанасы Тегеран қаласына ұштық. 17 желтоқсанда таңғы 4:00-де TURKESH алып әуе кемесі Тегеран қаласының әуежайына қонды. Бізді әуе кеңістігінің қақпасынан сол елде тұратын қандасымыз, кәсіпкер Жапарбай Шатқам деген азамат құшақ жая қарсы алды. Жапарбай бұған дейін Қазақстанда ұйымдастырылған іс-шараларға бірнеше мәрте қатысып, екі ел арасындағы қандастарымыздың рухани сабақтастығына дәнекер болып жүрген іскер қазақтың бірі. Өзге елге, жат жерге барғанда  өзіңнің туған бауырыңдай болып, бір қазақтың аңқылдап алдыңнан шығып, асыға күтіп тұрғаны көңілге үлкен қуыныш сыйлайды екен.

Иран Ислам Республикасына барардан бұрын да біраз мәліметтермен қанық едім. 70 миллионға жуық халық мекендеген мұнайлы алып империялардың қатарындағы көне шаһардың біріне жолымыз  түскеніне іштей қуаныштымыз.

Иран - Азияның оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан діни мемлекет, байырғы арудың бір меңіне бір қаланы айырбастайтын шығыс шайырлардың отаны. Негізгі тұрғылықты халқы - парсылар, өзге де әзірбайжандар, күрдтерарабтартүрікмендербелуджилерармяндар, еврейлер мен т.б. ұлттар мекендеген. Бес, алты мыңның айналасында қазақтар қоныстанған, біздің түгендеп жүргеніміз де осы қаракөздеріміз. Иранның мемлекеттік тілі - парсы тілі.

Қайтар жолда алаңсыз аралармыз деген оймен  Тегеранға көп аялдамай Жапарбайдың жеке жеңіл көлігімен бірден қандастарымыз қалың шоғырланған Гүлістан облысының Горган қаласына жол тарттық. Бұл күні арқасын тауға төсеген Тегеран қаласына Алланың нұры - ақ жаңбыр себелеп, көңілімізді сергітті. Қазіргі таңда алып шаһардың тұрғындары жел соғып, жаңбыр жауса қуанады екен. Себебі он бес миллионға жуық қала тұрғынын құшағына сыйдырған көне шаһардың ауасы өте ластанған, көлік шамадан тыс көп, жанармай сапасыз. Тұтас мемлекет газбен қамтылғанына қарамастан экологиялық ластануға төтеп бере алмай келеді екен. Жапарбайдың айтуынша, желсіз тымық күндері бұл қалада ауаның қоңырсығаны соншалық мектептер сабақты тоқтатып, балаларды лажсыз дем алдыруға мәжбүр.

Жол бойы Жапарбай мырзаның таныстыруымен айналаға көз салып, төңірекпен танысып келеміз. Парсылардың көне дәуірден-ақ отырақшы халық болғандығын жаппай қалаласуынан-ақ білуге болады. Ұзақ жолдың әр 15-20 шақырымы сайын бір қала, әрбірінде төрт жүз-бес жүз мың халықтан қоныстанған кенттерде қайнаған базар, қайшыласқан көліктер...

Гүлістан облысы Ирандағы ең көркем жерлердің бірі саналады екен. Шынында жан-жағын тау қоршаған жасыл алқап көркімен көз тартады. Тұрғындары негізінен егін шаруашылығымен айналысады, әсіресе бұл өлке апельсин, мандарин жемістерінің отаны саналады. Жол бойы жайқалған жеміс ағаштары, ауыздың суын құртады. Тамсанып шыдай алмай келе жатқанымызды жолбасшымыз да сезсе керек, автокөлігін тоқтатып, апельсин алуға жүгірді, біз де ізін ала ілестік. Жемістің хош исі мұрныңды жарады. Таңдап жүріп, бірнеше келісін алдық. Дәмі тіл үйіреді. Бізде килосын 600-700 теңгеден сатылатын жемістер 40-50 теңге айналасында. Көзің қызығып, тонналап тасып, көшіріп әкеткің келеді, армансыз күйседік енді.

Қай қаладан өтсек те самсаған құрбандар портреті. Бұлар 1980-1990 ж. болған иран-ирак соғысында қаза тапқан жауынгерлер екен. Бұл соғыс  ел экономикасына өте ауыр зардаптар әкеліпті. Қазіргі Иран-АҚШ текетіресі де ел экономикасын теңселтіп тұрғаны анық байқалады.

Мазандаран деген қалаға жеткенде алдымыздан Мұса Уәли деген азамат жұбайымен бірге күтіп алды. Осылайша екі машинамен айнала төңірекке аңтарыла қарап, Горган қаласына да жеттік. Горган шаһары көз алдыңа өзіміздің ару қала - Алматыны елететеді екен. Бір жағын тау, бір жағын Каспий теңізі қоршаған кентте бес жүз мыңнан аса тұрғын қоныстанған. Мұнда да қайнаған базар.

Горган қаласы - қазіргі Иран қазақтары шоғырлана қоныс тепкен  Гүлстан облысының орталығы. Ол солтүстіктен Аққалаға, солтүстік-батыстан Бендер Түрікменге, шығыстан Гонбед Кавус пен Алиабадқа, оңтүстіктен Семнан облысына, оңтүстік-батыстан Мазандаран облысы мен Бехшахр қаласына шектесетін, Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан Иранның ескі қалаларының бірі.

Кеңес үкіметі кезінде күштеп жүргізілген отырықшыландыру мен ауыр алым-салық, байларды жаппай тәркілеу сынды саяси қысымға  шыдамаған Маңғыстау жұрты 1925 жылдан бастап амалсыз атамекенін тастап, Ауғанстан, Түркіменстан, Иранға үдере көшуге мәжбүр болады. Кейбір деректерде сол аласапыранда ауған елдің саны 10-15 мың адам болған дейді. Жан төзгісіз аштық, ауыр еңбек пен дауасыз дерт дендеген халық жаппай қырғынға ұшырайды. Тұқымы тұздай құруға шақ қалып, жұтаған жұрттың аман қалған ұрпақтары бүгінде 7-8 мыңның айналасында. Парсылармен дәм-тұзы жарасып, өмір сүріп келеді. Біразы Тіуелсіздік жылдары елге оралып, атамекен ауасымен тыныстауда.

Белгілі шығыстанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, Иран қазақтарынан шыққан танымал тұлғалардың бірі Ислам Жеменей ағамызбен Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызметтес болған жылдарымда Иран қазақтарының тағдыры туралы көп еститінмін. Өзім де туған жерінен жырақта өскен қамкөңіл қазақтың бірі болғандықтан бұл тақырып менің жаныма өте жақын. 

Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Иранға ауып барған алғашқы жылдар адамдар ауа райына үйреніспеу, жерсінбеу салдарынан кәрі-жас демей, алдымен қызуы көтеріліп, іштері кеуіп, бірнеше күннен кейін қынадай қырылып, шетінен өле бастаған. Ұрпағымен құрып бара жатқанын сезген олар Горганнан Бендер Түркімен, Гонбед Кавус сынды өзге аймақтарға көше бастайды. Өмір мен өлім арасында арпалысты тірлік өткізіп, жергілікті тұрғындар өміріне біртіндеп бейімделе бастаған босқын қазақтың тағы бір қасіреті - ұрпақсыз жылдардың өтуі еді. Арада он жылдай уақыт өткенде барып, шыр еткен шикі өкпеге зарыққан ел, шақалақтың дауысын ести бастайды. Келмеске кеткір күйзелісті ауыр жылдарды қариялар «Қасіреттің үлкені осы болды. Өміріміз тоқтап қалғандай сезіндік. Дүниеге келген  нәрестенің дау­сы тірі екеніңді, ертеңге деген үмітіңді оятады екен» деп егіле  еске алады. Осылайша тағдыр тәлкегіне түсіп, туған жерінен босып, үдере көшкен елдің көз жасын Тәңір көріп, кем-кетігі толып, өшкені жанғандай күй кешеді. Бірте-бірте Иран қазақтары деген тағдырлы қауым қалыптасады.

Мұнда бізді көнекөз танысымыз,  сол елдегі Қазақстанның бас консулы Айтжан Айдашов мырза арнайы күтіп алып, ақ дастархан жайып, қонақжайлық көрсетті. Шектірме деп аталатын Түркіменнің қара қосына апарып, ұлттық тағамдары «Шекдірмеден» дәм таттырды. Елдің, жердің жағдайымен таныстырып, Қазақ елінің тыныс-тіршілігін сұрастырып арқа- жарқа болып қалдық.

Иран мемлекетінің діні - ислам дінінің шиит тармағы. Аздаған түркімендер мен қазақтар суниит бағытын ұстанады. Сондықтан олар қоныстанған аудандарда өздеріне арналған мешіттер бар. Қазақ ауданы деп аталатын бір аумақта да қазақ мешіті бар екен. Жиналыс, бас қосу сол жерде өтеді. Біздің де жоспарлы іс-шарамыз аталған мешітте атқарылатын болып келістік.

Бұл күні кешкісін Юсуп Жеменей деген азамат шаңырағына шақырып, дәм таттырды. Иран қазақтары да қонақжай екен, негізінен бір-бірімен етене таныс. Көрші-қолаңы үйіне сұраусыз кіріп-шығып, емін-еркін араласып тұрады екен. Қонақ күту дағдысы ұқсамағанымен көңілі дарқан, пейілі кең, бауырмал, туысшыл екенін айқын аңғардық. Бұлар - Маңғыстаудан ауа көшкен он бес мыңдай адайлардың Түркіменстан арқылы Иранның Гүлістан аймағына аман жеткен бір бөлігінің ұрпақтары. Осында орын тепкен 90 жылға жуық уақыт ішінде ілуде бірі болмаса, өзге ұлттармен құдалы-құдандалы болмаған текті ұрпақтар. Ол жерде де елді, жерді сағынып қаумалаған қандастарымызбен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, түн жарымына дейін шүйіркелестік.

Горгандағы алғашқы таңымызды Жапарбайдың шаңырағында қарсы алдық. Үш қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатында тұратын Мұрат деген азамат таңғы асқа үйіне шақырды. Мұрат (Шамұрат) ағамыз осы өңірге белгілі хирург, білікті  дәрігер екен. 52 жасында зейнетке шығыпты, қазір жеке кәсібін қамдап жүр. Өзінің өмір бойы алған білімі, арттырған білігі, ұштаған қарым-қабілеті мен озық тәжірибесін енді Қазақстанда жалғастырып, ел игілігіне жаратудың қам-қарекетін жасап жатқанын айтады. Екі ұлының үлкені Испанияда оқиды, кішісі университет бітіріп, әскери борышын өтеуде.

Әредік Горган қаласының көрікті жерлерін араладық. Гүлістан облысы жан-жағын асқар таулар мен телегей теңіз қоршаған керемет көркем жер екен. Диқандар бір жылда үш маусым егін егеді. Қаланың базар шаруашылығы дамыған, зат бағасы арзан көне шаһар. Бүкіл елді мекендер табиғи газбен толық қамтылған.

Горгандағы қазақтар ауданы деп аталған өңірде тұрған ағайындар ескі баспаналарының орнына үш, төрт қабаттан үйлер салыпты. Жапарбай тұратын үйдің үшінші қабаты осы Мұрат дәрігерге тиселі. Ирандық білікті дәрігерлерді ертіп, Қазақстаннан жеке емханамды ашсам деген жоспары бар екен. Оған Нұр-Сұлтаннан арқалай барған, белгілі дәрігер Қайрат Айдарханұлының кітабын сыйға тарттық.

18 желтоқсан жергілікті уақыт 15.00-де қазақ мешітінде қандастарымызбен кездесу жиналысын өткіздік. Негізі осында қазақ мәдени орталығын ашуды жоспарлағанбыз, оның орайы келмеді. Себебі, Иран елінің 1981 жылғы Конституциясы бойынша, елде саяси және діни емес ұйымдар ашуға тыйым салынған екен.

Аталған жиналыста қазақ тілін қашықтықтан оқыту жобасы аясында "Online" режимдегі "QAZAQ KLASY" сыныбын ашып, ағайынның ұсынысын, талап-тілегін тыңдадық. Жиналған қандастарымызға Қауымдастық атынан арнайы барған өкіл Қарлығаш Бекпаншақызы Елбасы - Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев төрағалық ететін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылымы және атқарып жатқан жұмыстары туралы кеңінен баяндап, Қауымдастық Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Қауысбекұлы Тұрысбековтың ақ сәлемін жеткізді.

Басқосуға Горган қаласындағы қандастарымызбен қатар сол елдегі бас консулы Айтжан Айдашов мырза арнайы қатысып, атқарып жатқан жұмыстарын баяндап, ағайындар атынан ұсыныстарын айтты. Айтжан мырза мұндағы ағайынның елге көшуіне басты кедергілердің бірі жер шалғай, қатынастың қолайсыздығы. Тұрғындардың басым бөлігі атақонысы Маңғыстау төңірегіне тұрақтағысы келеді, сондықтан аз қазақты бөліп жармай ауылымен орналасуға мүмкіндік жаратылса. Сондай-ақ, өзге тіл, өзге жазуда білім алған қандастарымыздың балаларына тиімділік жасалып, Қазақстандағы оқу гранттарынан көлемді орын берілсе,- деген ұсыныстарын айтты.

Осы басқосуда көптеген азаматтармен жекелей танысып, сөйлестім, ұсыныс-пікірлерін тыңдадым. Соның бірі - Ирандағы зиялы қазақтардың бірі, аудармашы Қажы Мұхамед Шатқам (Қара кедей) деген ақсақал. Ол кісі ұзақ жылдар Қожа Ахмет Йассауи хиқметтері, Абай Құнанбайұлының шығармаларының толық нұсқасын және қазақтың түсіндірме сөздігін парсы тіліне аударып, қолжазба күйінде дайындаған білікті маман. Енді осы еңбектері ескерусіз қалмай, мемлекет қолдауымен таспаға басылып, жарыққа  шықса деп үміттенеді.

Жиналысқа жастар да көп келді. Шетелдегі қазақ жастарының басын қосуға бағытталып, жыл сайын өткізіліп келе жатқан дәстүрлі «Alash» футбол турнирі жобасы да жиналғандардың қызығушылығын тудырды. Ойыншылардың ұлтын, руын, дінін сұрамайтын доп додасы шеттегі қандастарымызды біріктірудің бір жолы еді. Биыл алтыншы рет өткізу жоспарланып отырған ала доп аламанына Иран қазақтары атынан да команда қатыстыруға уәделесіп қайттық. Мұндағы жастардың сол кезде қазақ топырағына табаны тиіп, Арқаның ауасымен тыныстайды деген үміт бар.

Осы күні кешке қандастарымыз қоныстанған аймақтардың бірі  - Банер Түркімен қаласына бардық. Онда бізді Maзандаранда отбасымен алдымыздан шығып, арнайы күтіп алған Мұса Уәли бастап барды. Мұса осы айдың басында  «Отандастар» қорының ұйымдастыруымен  Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Отандастар. Болашаққа бағдар» халықаралық форумында қонақ болып арнайы шақырылған, Иран қазақтарының рухты, ұлтшыл, белсенді азаматтарының бірі. Өзі Иран-Ирак соғысында қан майданға қатысқан  жауынгер екен. Мұсаның тағы бір жетістігі - Иранның ең биік Дамаванд шыңына шыққан тұңғыш қазақ. Қазір - зейнеткер. Бұл елде біздегідей бейнетінің зейнетін қаусап қалған қарттық шақта көрмейді. Жұмыс істеген еңбек өтіліне қарай 25-30 жылда зейнеткерлік демалысқа шығады.

Бендер - Түркіменде қандастарымыз қалың шоғырланған жайлы қоныстың бірі. Екі мллионға жуық түркімендер тұрады. Каспий теңізінің жағасы, негізгі кәсібі - балық, егін шаруашылғы, сауда саттық. Арқа-жарқа әңгіме арасында осы өңірден Қазақстанға көшіп барған Нұрымшат Шатхам деген кісінің елге, жерге деген тебіренісінен туған өлеңін Мұсаның ағасы Мансұр Уәли ағамыз оқып берді. Ол кісі де осы өңірге сыйлы, ауылдағы аузы дуалы ақсақалдың бірі болған екен. Атамекен, туған жер шеттегі әр қазақтың жүрегінің шері ғой, көркемдік деңгейі жоғары болмағанмен, бұл шынайы шығармада елден жырақта туып-өскен ағайынның атажұртқа, кіндік қаны тамған жерге деген саумал сағыныш бар.

Горгандағы қазақтар адам қайтыс болған жағдайда орталықтағы қазақ мешітінен хабарлайды екен. Біз барған күннің ертесі таңда тап сондай жайға куә болдық. Жапарбайдың үйінің төбесіне шығып, қала көрінісін тамашалап тұрған сәтімізде азанама естідік. Марқұмның жаназасына қатысып, қатымына қол жайған жергілікті тұрғындардың әдет-ғұрпымен танысайын деген оймен мен де бардым. Айтпақшы, марқұм - Жапарбайдың нағашысы екен. Естіген ағайындар көп жиналды. Аза тұтқан қаралы әулетке көңіл айтып, көрісіп болған соң келушілер сол аулада немесе көрші үйлерге кіріп, қатым тамағынан ауыз тиеді екен. Біздегідей ас та төк ысырап жоқ. Қала өміріне бейімделген жергілікті тұрғындардың қалыптасқан әдет-ғұрпы солай. Салыстыра айтсақ, біздегі он адамдық дастарқанмен мұнда жүз адамды аттандыруға болады. Қара жамылған шаңырақ үшін бұл да демеу ғой. Бір байқағаным, ислам елі бола тұра өзім етене танысқан қалалардан ұзын сақал, келте балақты бірде-бір дінбұзар көргем жоқ. Бет-жүзді тұмшалайтын паранжаның да ғұмыры аз қалған-ау шамасы...

Бұл күні қазақ мешітіне қарама-қарсы шағын шаштараз ашып, жеке кәсіппен айналысатын Нұрпейіс деген азаматпен таныстым. Жеке сән салоны да бар екен. Өзінің айтуынша, осы қаладағы шаштараз атаулының барлығын ретке келтіріп, жеке салон ашуға  рұхсат беретін де өзі. Осы өнерін қазақ елінен де ашып, кәсіп аясын кеңейткісі келеді. Үш баласымен біржола қоныс аударуға бел буып отыр екен, тек кәсіптен нәсіп тауып, күнкөріс көзін атажұртта жалғастырсам дейді. Өзіне қыр-сыры мәлім осы сала бойынша кез келген тірлікті істей аламын, қолымнан бәрі келеді. Тарихи Отаныма оралып, осы кәсіпті өрістеткім келеді,-дейді қандасымыз. Кәсіби шеберлігін көргім келіп, мен де шашымды алдырттым. Қолы епсекті екен, едел-жедел тәп-тәуір ғып қысқартып берді. Осы ауданның қазақтары, негізінен, осы жігіттің кленттері екен.

20 желтоқсан күні таңмен таласа тұрып, Тегеран қаласын аралауға шықтық. Ұлттық ақша бірлігі - риал. Оған қарағанда біздің теңгеміз тойға барғандай көш ілгері екен. Он мың теңгелік шыққанда, ақшамыз құнсызданып кетті деп байбалам салған едік, бес жүз мыңдық тумендерді уыстап ұстағанда қайран қалып, тәубе дестік...

Әрине, ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан алып шаһар біздің түске дейінгі аз ғана уақытымызда бар құпиясын ашып, көп сырын ұқтыра қоймасы анық. Дегенмен алыстан ат арытып, тон тоздырып келген соң көрнекті жерлерін көріп, көзайым болайық деген оймен үлгергенше тамашалап қалуға тырыстық. Қызылбастар жеріне, Қожа Хафиздің еліне барғасын жыр оқымай болмас деген ізгі ниетпен көне қаланың бойтұмары болған биігтігі 435 метрлік  мұнараға шығып, шалқар шабытпен өндір өлең оқыдым.

Шаһарда «Табиғат көпірі» деп аталатын керемет құрылыс бар екен. Соның үстінде тұрғанымда қанатыма жел, арқама желік бітіп, «Атамекенді аңсау» деген өлеңімді оқып, бейнетаспаға түсіріп тұрған едік, күзетші полицейлер келіп қалып, жазбамыз жалғаспай қалды. Сөйтсе, бұл жерде таспаға басуға, бейнекамераға түсіруге рұхсат етілмейді екен, шабытым шалқып, өлең оқып тұрғанымда полиция келіп қалып, абырой болғанда түсінісіп құтылдық.. Он бес миллионға жуық халықты құшағына сыйдырған Тегеран қаласының да өз қайғы-қасіреті ішінде екен...

Бала күнімізден  Фирдаусидың "Шаһнамасын", Омар Хаямның рубайларын, Сағди, Хафиз шығармаларымен таныс болдық. Алаштың аяулы ақыны Мұрат Шаймаранұлы «Шираздағы Қожа Хафиздың қабірінің басына бар» деген еді. Шайыр туған шаһар тым шалғайда екен. Бұл қаладағы ең көрнекті жер - Тигран қаласының символы ретінде салынған биіктігі 430 метрлік мұнара. Басына шығып, бүкіл қаланы көктен шолуға болады, әрине көк түтінге көмілмей аспан ашық, ауа таза боп тұрса... Біз барған жұма күні елде демалыс еді. Таңда ерте шыққандықтан көлік кептелісі аз болды. Түске қарай қала буалдырланып, түтінмен тұмшаланған таулар перделене  бастады. Жол бастаушымыз Жапарбайдың айтуынша, жылдың осы маусымы жаңбырсыз, желсіз болатын көрінеді. Оның үстіне елде көлік көп, жанармай сапасыз  болғандықтан ауаның ластануынан мектепте сабақ тоқтатылатын күндер жиі болады екен, оның үстіне билік жемқор. Бір байқағаным, халқы біздегідей қымбат машина мінуге құмар емес әрі оның құны тым қымбат. Дегенмен көше тәртібі ретке түскен, ішкі мәдениеті қалыптасқан. Төрт күн жүргенде бір жол-көлік оқиғасын немесе көліктен түсе сап керісіп жатқан бірде-бір жүргізуші көргем жоқ.

Әрине, он бес миллион халықты бір қаланың құшағына сыйдырған империямен он жеті миллион халқы бар Қазақстан мемлекетінде өмір сүретін өзімізді салыстыруға болмас. Дегенмен, егер Елорданың тұрақты тұрғындары бес миллионға жетсе, біздің бас қаламыз да көк түтінге көміліп, көрер күні Тегеранмен теңесіп қалса керек...

Осылайша шайырлар шаһарындағы үш-төрт күндік іссапарымызды сәтті аяқтап, қандастарымызбен қимай қоштасып, түс ауа Тегеран - Ыстамбұл, Алматы, Нұр-Сұлтан бағытымен Ұлы даланың ұлық қаласына қайта оралдық.

                        Талапбек Тынысбекұлы

ақын, «Отандастар» қоры

Мәдени гуманитарлық жобалар

департаментінің менежері