Ынтық қылған Іңкәрдария
06.11.2018 2407
Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі

Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында осыған айрықша назар қойды. Өйткені, туған өлкенің тарихын білген жан өз жұртының қамын жеп, болашаққа сеніммен қадам бастайды. Осы себепті де біз сырға толы Сырдария ауданының тарихи жерлеріне, тұнып тұрған қазына мен таусылмас тағылымның түп-төркініне бойлап, туған өлке тарихымен танысуға жолға шықтық.

Жалпы, Сырдария ауданы төңірегінде 48 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың 2-і республикалық маңызы бар болса, 18-і жергілікті маңызға ие. Ал 27-і алдын-ала тізімге алынған объектілер қатарына жатады. Бұл тарихи ескерткіштер әр ауылда екенін ескерсек, ең көбі Іңкәрдария жерінде орналасқан. Сондықтан біз алғашқы жолсапарымызды осы ауылдан бастағанды жөн көрдік.

Адамзат өркениетіндегі орны бөлек Ұлы Жібек Жолы Еуропа мен Азияны, Батыс пен Шығысты жалғаған алтын көпір саналады. Осы керуен жолының бөлігі  Сырдария өзені бойында болғаны тарихтан белгілі. Өзеннің ежелгі оңтүстік арналарының бірі Іңкәрдария екенін ескерсек, бұл жерге де керуеншілердің табаны тиген деуге негіз бар. Себебі, Ұлы жол Сырдария бойын қуалай жүріп, Қызылқұм қойнауынан өтеді. Ал Қызылқұмның осы бір бөлігі Іңкәрдарияға тиесілі. Міне, сондықтан да осы Іңкәрдария төңірегінде мәдени ошақтар, қалашықтар, қорғаныс бекіністері болған. Солардан бүгінге дейін сақталған жеті ескерткіш ел мұрасы болып бізге жетті.

Тарихи жерлерді көрсету үшін бізге ауыл тұрғындары Қалабай Рақымжанов пен Медет Науанбаев жолсерік болды. Қалабай аға кезінде фермада қызмет істеп, қойшы ауылдарды аралағандықтан ауылдың сайы мен қырқасын жатқа біледі. Ал Медет болса, бала кезінде осы төңіректе қой баққан екен. Жолсеріктердің нұсқауымен ауылдың шығыс жағындағы құмшауыт жолмен шығып, алғашқы бағыт «Заңғар қала» қалашығына бет алдық. Біз елді мекен іргесіндегі Сары каналды жағалай жүріп, «Үшкөпір», «Құлбаев» шлюзінен өттік. Сонымен қатар, жолымызда «Жалпақ бас» төбесін, «Сайқұдықты», Іңкәрдарияның ескі арнасын артта қалдырып, «Заңғар» төбеге жеттік. Арғы жағында «Заңғар қала» қалашығы да көрініп тұр.

«Заңғар» деген атауының шығу тарихын біле алмадық. Десе де, қалашықта сақталған бекініс қамалдың орнын көріп, «зәулім, үлкен» деген мағынада аталған болар деп топшыладық. Бұл қалашық ІХ-ХІ ғасырлардан сақталып келе жатқан тарихи ескерткіш. Қазіргі таңда «Заңғар қала» қалашығы орнында ортағасырлық көптеген тұрғын үйлер мен шаруашылық құрылыстары, орталық бөлігінде цитадель, қаланы айнала қоршап жатқан бекініс қамалы сақталған. Жоспарында бұрыс конфигурациялы, солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Қала аумағының көлемі 250х180 метрді құрайды. Қорған ішінен тұрғызылған цитадель тікбұрышты бекініс қабырғасымен қоршалған, онда жеті қарауыл мұнарасы мен оңтүстік-батыс жағында қақпасы сақталған. Цитадель құрылысы қам кесектен тұрғызылыпты. Қаланың сыртқы қамалында да қарауыл мұнаралары сақталған және қамал сыртынан айнала ор қазылған. Қалашықтың барлық құрылыс материалдарына саз пайдаланылған. Ауылдың оңтүстігінде орналасқан қалашық 30 шақырымды қамтиды.

«Заңғар қала» қалашығының қасында «Сырлытам» кесенесі тұр. Кесене ХІІІ ғасырда тұрғызылған. Бұл жөнінде зерттеуші-ғалым, этнограф Тынышбек Дайрабай өзінің «Сыр перзенттері» кітабында жан-жақты жазады. Онда «Сырлытам тарихы сонау ХІІІ ғасырдан басталады. Бұл кезең Жанкент түрікмендер Мервке ауысып, Дәуқара аймағына қазақ пен қарақалпақтар ірге тебе бастаған. 1800 жылдарға дейін Сыр бойындағы дария бойын, ондағы қалаларды қарақалпақтар басқарған. Мысалы, қазіргі Жалағаш пен Тереңөзек ауданының шегіне орналасқан Аламесек қаласының орны бар. Бұл қарақалпақ батырының аты екен. Сырлытам аталып келген Баршын-қыз мазары ХІІІ ғасырдың туындысы» делінген. Сонымен бірге, Қазақ совет энциклопедиясы Х томының 494-бетінде «Сырлытам – ХІІІ ғасырдың аяғында қабір басына тұрғызылған мемориалды белгі, архитектуралық ескерткіш. Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 105 шақырым, Іңкәрдария ұжымшарынан 30 шақырым жерде. Ескерткіш портал күмбезді, шаршы үлгімен (9,5х10,5) қызыл кірпіштен тұрғызылған. Биіктігі 10 метр шамасында. Текшеленіп келген астыңғы негізі шеңберлі барабан арқылы күмбез орналасқан. Қасбеті босағасында монументі, бағанасы бар еңселі порталмен нақышталған. Ескерткіш порталындағы жоғарыдан төмен қарай тартылған жолақтар терракота және эпиграфика плиткалармен безендірілген. Портал ортасында жебеге ұқсас арасы бар. Сырлытам қазіргі кезде біршама бүлінген» деп анықтама берілген.

Негізі аймағымызда Сырлытам кесенесі екеу. Біреуі Қармақшы ауданы Т. Көмекбаев ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 106,5 шақырымда орналасқан. Екіншісі – ауданға қарасты Іңкәрдария жеріндегі ескерткіш кесене. Екі кесененің сұлбасы ұқсас. Алайда көлемі мен өрнектерінде айырмашылық көп.

1989 жылы қайта жөндеуден өткен Іңкәрдағы Сырлытам ескерткішін 1960 жылы Хорезм археологиялық және этнографиялық экспедициясы (С.П. Толстов) ашып, зерттеген. Мазар ғимараты жоспарында шаршы пішінді, жақтарының ұзындығы шамамен 10 метр, қабырғалары күйдірілген кірпіштерден қаланған, төбесі күмбезді. Күмбез 3 қатар болып келеді. Екі қатары қызыл кірпішпен көтерілсе, үшінші қатары жалпақ тастармен көмкерілген. Шығысқа қарап тұрған маңдайшасы ерекше өрнектелген. Күмбез жақ бетінде терезе тәріздес ойықтар қалдырылған. Кіреберісі жебе тәрізді аркамен көмкеріліп, қабырғаларында қуыстар бар, сылағында өрнектің іздері сақталған. Сол кіреберіс арканың сыртында 3 қатарлы өрнек бар. Бұл шығыстық үлгідегі оюларға ұқсас келеді. Ал олардың сыртында, яғни мазардың бұрыштары пилястрлы болып келген, кірпіштерден дөңгелек түрінде өрілген. Олардың диаметрлері 40 см шамасында.

Кесененің салыну ерекшелігі жөнінде Т. Дайрабай «Құмтөбенің басына орнатылған Сырлытам мавзолейінің беті шығысқа қарап тұр. Іші көк сырмен боялған, күмбез төбесі бұрындары жабық болған, уақыттың әсерінен төбесі құлап, қазақ үйінің түндігі сияқты көрінеді. Жоғарыдан төмен қарай жасалған алты баған мен оның аралығына қазақтың ою-өрнегіне ұқсас бейнелер салынған. Кірпіштері өте жұқа, шертсең сыңғырлап тұр. Мазардың ішкі және сыртқы бейнелеріндегі түрлі қолтаңбалар бұл бейіттің қызға арналған ескерткіш екенін дәлелдей түседі. Ескерткіштің маңдайшасында «Ғамал Жай лахат» деген жазу болған, оның бүгінде жұрнақтары ғана бар. Бұзақы, суық қолдар үлкен сәулет өнері екенін түсінбей, түрлі нақыштарды бұзып әкеткен» деп суреттеп шыққан.

Мазардың ішінде екі қатар құрап орналасқан тоғыз қабір бар. Түркітанушы ғалым Әуелбек Қоңыратбаев өз зерттеуінде сегіз қабір деп келтіреді. Олар жайында: «Бәмсінің 7 қарындасы болған, сегізінші – әйелі Баршын (Бәну-шешек) болуға тиіс» деп жазған түркітанушы. Бұл мазардың кімдікі екені жөнінде алып-қашпа әңгімелер көп. Біреулер «Алпамыс батыр» жырындағы Баршын қыздың мазары десе, енді біреулер қырық қыздың қабірі дейді.    

Күмбездің оң жақ жанында бейіттің орны бар. Бұл жөнінде Ә. Қоңыратбаев 1987 жылы жарық көрген «Қазақ эпосы және Түркология» атты еңбегінде: «Бұл Аруз қолынан өлетін Бәмсі-байрақтың моласы болса керек. Аруз оның жамбасын қылышпен шауып өлтірген. Егер әлгі бөлек моладағы өліктің жамбасында қылыш таңбасы болса, оның Бәмсі моласы болғаны» деп болжам жасаған. Яғни, зерттеуші-ғалым Алпамыс батырдың бейіті деп болжайды. Қазіргі таңда күмбез қасындағы бейіт жауын-шашын әсерінен езіліп, бүлінген.

Сырлытам кесенесі жанында Қалабай аға бұрындары «моншаның ізі болған дегенді» естігенін де айтты.

Сырлытам кесенесінен оңтүстікке қарай 20 шақырымда Көксеңгір қалашығы орналасқан. Бұл екі аралықта «Танабай қашары», «Үлкен аспа» жерлерін басып өтіп, іңкәрдариялықтар «Қызыл там» деп атайтын қалашық орнына жеттік. Көксеңгір қалашығы б.э.д. V-VІІ ғасырларды қамтиды. Ескерткіш шитті кесененің қалдықтары болып табылады. Алыстан қарағанда қып-қызыл болып көрінгендіктен жергілікті тұрғындар оны «Қызылтам» дейді. Ескерткіш тақта орналасқан тікбұрышты кесененің өлшемдері 7,5 х 7 метр, бұрыштарымен жарық жақтарына бағдарланған. Кірпіштің өлшемдері 30-32 х 18-19 х 8-9 см-ді құрайды. Кесене қабырғалары 2,5-3 метрге биіктеніп тұр, олардың қалыңдығы 0,8-1,2 метр. Кіріс ойығы солтүстік-батыс қабырғада анықталған. Есіктің биіктігі 1,2 және ені 1,1 метр. Бүгінде кесене қабырғалары ойылып, уақыт өткен сайын жауын-шашын әсерінен бүлінуде.

Ескерткіш кесененің солтүстігінде көксеңгір төбесі бар. Бұл бұрынғы үлкен қалашықтың орны іспетті. Төбенің ұзындығы 18 шақырым. Шығыстан батысқа қарай созылып жатқан төбе қыраттанып, жоталары қызғылтым тартқан. Оның оңтүстік беткейі ерекше көз тартады. Сайы жыл мезгілдеріндегі жауын-шашыннан теп-тегіс тақырға айналған. Қасиетті жерге табан тірегенімізде Қалабай аға кезінде төбенің ұзындығын ферма адамдарымен өлшегенін жеткізді.

– Кезінде осы Көксеңгір бойында қырқымда болғанмын. Ол кезде фермада шаруашылық меңгерушісімін. Сол уақытта төбе ұзындығын Омар Қыстаубаев деген ферма қызметкерімен бірге өлшеп, 18 шақырым екеніне көз жеткіздік. Бұрындары осы төбенің бойында «91» «Үштам», «Бодық» су ұңғымалары, оңтүстік беткейінде «Қос мортық», «Жалғыз мортық», «Зекет» қорымдары, «Орыс өлген», «Әбдісадық», «Зукаев», «Үмбетәлі», «Құланбай» жұрттары болған, – деді Қ. Рақымжанов. Осындай әңгіме үстінде Медет төбе бойында үңгір бар екенін айтты. Оны біз бірден таба алмадық. Үңгір батыстан шығысқа қарай беттеп келе жатқанда 14-ші шақырым тұсында көрінді. Көлікпен жақындағанда үңгірдің үлкен екендігі білінгендей болды. Алайда, жақын барып қарағанымызда, көп жылдан кейін үңгір іші құлаған екен.

– Бала кезімде қой бағып жүріп, осы үңгірге атпен еркін кіріп шығатынмын. Қойды жайылымға жіберіп, осының ішінде талай жатқанмын. Күн ыстықта үңгір іші салқын. Мұның іші терең еді. Тек кіреберісінде ғана демаламын. Арғы жағы қараңғы. Түрлі дауыстар шығатын. Төбеден түсетін жері де болған. Осыған кіріп-шығып жүріп, ішінен қыш құмыраның сынықтарын, жебе ұштарын, қанжар пышақтар тауып алғанмын, – деді бүгінде кіреберісі тарылып, ішіне құлаған үңгірге қарап тұрып естеліктерін айтқан Медет Науанбаев. Шынында, төбе жағынан қарағанымызда үңгірдің терең болғанын байқауға болады. Ұлы Жібек жолының бойы болған соң көшпенділер немесе осы жерді тұрақ еткендер әдейілеп қазған болуы мүмкін. Бұдан бөлек, бұл үңгір қашқындар мекені болған деген болжамдар да бар.

Өзбекстан шекарасына жақын орналасқан Көксеңгір төбесінің шығысында «Бесарық» қорығы басталады. Ал солтүстігінде су ұңғымасы бар. Одан әлі күнге дейін қызы-жазы жып-жылы су ағып тұр.

Көксеңгір қалашығын айналып ауылға қарай бет алдық. Жолда «Сейітқасым», «Қазан сынған», «Ахан қашқан» жұрттарынан өтіп, Ортағасыр, Қожақазған қорғандары мен Бұзықтам қалашығына жеттік.

ІV-VІІІ ғасырлардағы Ортағасыр қорғаны – тіркелген сопақша аумағы бар бекініс. Ескерткіш жоспарда қиық пішіндес бекініс бұрыштарымен сағат тілі бойымен аздап ауытқи отырып, дүниенің төрт бұрышына бағытталған. Біліктердің жоталары бойынша диагональдар көлемі 43,5х38,5 метр, ортаңғы сызық бойынша көлемдері 34,6х29,6 метр. Біліктердің сыртқы сызықтары бойымен сәйкесінше 50,5х51,5 және 44х37 м. Біліктің сыртқы биіктігі 1 метрге дейін, бекіністің ішкі алаңының барынша жоғары деңгейін есепке ала отырып, ішкі тараптан 0,6 метр. Біліктер кең, қираған. Солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс біліктің ені 3-3,5 метрге дейін, оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс 7-8 метрге дейін. Біліктердің айналасында ені 6 метрден 8 метрге дейін жететін кең әрі іс жүзінде тегістеліп кеткен ордың сұлбасы байқалады. Бекіністің ішіндегі алаң тегіс әрі жақсылап шымдалған.

Ал Қожақазған қорғаны ІХ-ХІV ғасыр аралықтарын қамтиды. Дариялық өзенінің құрғап кеткен арнасының құламалы қатпарымен тілімделген және шамамен өзендегі су деңгейінің ең жоғарғы деңгейге жеткен кезеңінде толассыз ағынмен солтүстік үштен бір бөлігінде кесе көлденең кесілген, солтүстіктен жалғасып жатқан мүйістің негізінде орналасқан. Қорған аздап батысқа қарай ауытқыған солтүстік-оңтүстік сызықтың бойымен созылып жатқан тік бұрышты пішіндегі алаңнан тұрады. Алаң батыстан, солтүстіктен және шығыстан оңтүстік шеттері тармақпен байланысып, ішкі топырақ үйіндісі бар оншалықты терең емес қатпарлы ормен қоршалған. Оңтүстік жағынан алаң тармақтың солтүстік жағалауымен шектеледі. Төбе мен ор барынша бұзылған және айтарлықтай мөлшерде жер айдау арқылы тегістелген. Ордың тереңдігі 0,5 метр. Ор мен ағыс жағалауының сыртқы шекаралары бойынша қала-жұрттың көлемі 240х265 метрді құрайды.

Іңкәрдариядағы бүгінге дейін жеткен ескерткіштердің бірі – Бұзықтам қалашығының уақыты белгісіз. Қалашық тұрақ жоспарында тіктөртбұрыш пішінді болып келеді. Ұзын осімен батысқа қарай болмашы ауытқуымен солтүстік-оңтүстік сызығымен бағдарланған. Тұрақтың жалпы өлшемдері 360х200 метр. Оның шығыс жағы бойында құмды барқан орналасқан, сол себепті тұрақтың шығыс және орталық бөліктерін құм басып жатыр. Тұрақтың шығыс шекарасы құммен жабылып қалған. Осыған байланысты да оның ендік өлшемдері 200 метрден асуы мүмкін. Тұрақтың алаңында көп мөлшерде керамиканың қызыл, қара және сұр-жасыл, сондай-ақ көгілдір әйнектері бар фрагменттер кездеседі. Оңтүстік-батыс бұрышынан 50 метр жерде толығымен қираған кесененің қалдықтары бар, одан тек қана биіктігі 1 метр болатын бұрышы ғана тұр. Оның топографиясын 43 төбеден және жойылған құрылыстардан тұратын үш шағын топ құрайды. Құрылыстардың диаметрлері және төбелердің биіктіктері әртүрлі болып келеді. Диаметрлері 5 метрден 15 метрге дейін жетеді. Төбелердің биіктіктері 0,1-1,2 метр.

Мұнан соң жолсапарымыздың соңында ауылға кіреберіске 3 шақырым жерде орналасқан Мүлкәлән мазарына келіп тоқтадық. Тарихи мәліметтерге сүйенер болсақ, Жаңадарияның жағасында орналасқан Мүлкәлән күмбезі шамамен ХVІ ғасырда жеткен сәулет өнері ескерткіші болып саналады. Мұны Молда-Қалан мазары немесе Мехереглан күмбезі деп те атайды. Жалпы, Мүлкәлән, Молда-Қалан Мехерегланның лақап есімдері. Мехереглан – белгілі әулие, емші болған. Аңыздар бойынша, ол суармалы жер шаруашылығымен айналысқан, жеті жерде бір мезгілде үйі болған. Мехереғлан жергілікті әулие Мағзұммен жақсы таныс болған деседі.

Мүлкәлән кесенесі үлкен қорымның түкпірінде орналасқан. Ескерткіш шаршы пішінді күйдірілген кірпіштерден тұрғызылған, жоспарындағы аумақтық өлшемдері – 9,26х12,28 метр. Төбесі төмен күмбез асты барабанында тұрған күмбезбен жабылған. Кіреберіс ойығы оңтүстік-батысқа бағытталған. Ұзына бойы мен көлденең остерінде барабанның жоғарғы бөлігі мен күмбез негізін алып жатқан төрт тесік бар. Ескерткіштің корпусында сәл ауытқу бар, негізгі қасбетте орналасқан бетше босағаның екі жағындағы екі аркалы қуыстан басқасы іс жүзінде безендірілмеген. Кіреберіс ойығының үстінде жазуы бар филенкаларға арналған қаландының тікбұрышты шығыңқы бөлігі орналасқан.

Жөндеуге дейінгі ішкі көрінісінде сылақтың қалыңдығы сақталған, едені күйдірілген кірпіштерден төселген. Камераның солтүстік бұрышында әулиенің қабір үсті ескерткіші орналасқан. Масаханамен жабылған оның үстіне Құран ілінген. Камераның оң жақ жартысында бір қатарда орналасқан, қам кесектерден қаланып, күйдірілген кірпіштермен жиектелген бес қабір үсті ескерткіші бар. Кесененің оң жақ алдында шырақшы болған Төке Бүйрекұлы жерленген.

Бұл кесене ортағасырлық мұсылман архитектурасының дәстүріне салынған, сонымен бірге Орта Азияның солтүстік бөлігіндегі көшпенділерге тән «дахистандық» бетше болсағам типі де қолданылған. Бұл кесене 1982 жылы республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген. 1985 жылы қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Күмбезге қатысты мәліметтер Қызылорда облысы тарихи-өлкетану музейі мен Алматы қаласындағы «Ескерткіштер» ғылыми-зерттеу институты архивінде сақтаулы.

Бұл ескерткіш туралы Тынышбек Дайрабай өз кітабында «Жаңадариядағы Мүлкілән ескерткіші VІІ ғасырдың аяғында тұрғызылған көрінеді. Биіктігі де, ені де 10 метр, іргесіне қамыс төселген. Аңыз бойынша кейде мұны Меһеркулан деп те атайды. Мүлкілән әулие хижра есебімен 718 жылы туған деседі. Мазарға 1985 жылы күрделі жөндеу жүргізілген» деп келтіреді («Сыр перзенттері» кітабы, 394-бет).

Мүлкәлән мазары жөнінде ауыл тұрғыны, осы кесенеде 1998 жылдан 2014 жылға дейін шырақшы болған Бекентай Төкеннің пікірін тыңдадық.

– Бұл мазарда әкем Әбушахман, атам Әубәкір, арғы атам Төке шырақшы болған. Сол кісілерден білетінім, Мүлкәлән – дін таратушы, емші кісі болған. Халыққа қалтқысыз қызмет қылған соң оған үлкен мазар салынған. Бұл кісінің жеті жерде жайы бар деп естігенмін. Тәжікстанда, Өзбекстанда, Шардарадағы үй-жайы туралы көпшіліктен естігенім бар, қалғандарын білмеймін. Негізі, Мүлкәлән жөнінде мәліметтерді Басапа ишан Түркияға барған сапарында алып келіпті, – дейді зейнеткер. Қазіргі таңда Бекентай Төкеннің інісі Өмірсерік Абушахманұлы мазар басында шырақшы болып отыр.

Жалпы, Іңкәрдария ауылындағы тарихи жерлерді аралап, бұл өлкеде есімі елге белгілі ағартушы, дін таратушы, қайраткерлердің көп екенін білдік. Сайы мен қырқасынан жүріп өтіп, көптеген аңыз-әңгімелерді естідік. Соның нәтижесінде Қызылқұмның қойнауында әлі талай ашылмаған сырлар барын көріп, табиғатына тамсанып, рухани ләззат алдық. Бүкіл Қазақстанның емес, бір ауылдың қасиетті, киелі жерлерін көргеннің өзі рухани азық болады екен. Сондықтан біз секілді жастар өз өңіріміздің тарихын ұғынып, ой мен қырын жатқа білуіміз керек.

 

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ