Ақан сері рухына тағзым
04.10.2018 2533
Келбетті Көкшенің солтүстік-батыс тұсында орналасқан Айыртау өңіріндегі Мәдениет ауылынан 9-11 шақырымдай жерде, сары кірпіштен күмбездене бой түзеп Ақан серінің зираты тұр

«Ахау, дүние жалған,

Өтті-ау арман.

Сұм тағдыр шырмауықтай,

Шырмап алған...», – деп, жалғанмен күйіне қоштасқан серінің ғазиз жаны осы жерде мәңгілік толас тауыпты.

«Ақынның ақыны» деген Мағжан Жұмабайұлы Ақан сері жайында:

«Ұшы-қиыры жоқ сары дариядай Сарыарқаның ортасында аралдай көгерген Көкшетау, Абылайдың ордасы құрылған, Кенесары, Наурызбайға отан болған Көкшетау алаштың ақындығының да ордасындай жер еді. Соңғы 50-60 жыл ішіңде алты алашқа атағы шыққан ақындарымыздың бірталайы сол Көкшетаудың маңайында туып-өскен. «Кең сабаның қорындай, Бертағының баласы Орынбай», екі аяқты адамның ділмәрі, улы тілді соқыр Шөже, Тойлыбай бидің ұлы Арыстан, үні зарлы Атығай соқыр Тоқжан, терең ойлы Атығай шал, аспанға өрлеп ән шырқайтын Біржан сал, өмірі ертегідей әдемі Ақан сері – осылардың бәрі – сол күңіренген Көкшенің маңайында туып- өскен ақындар. Бұл ақындардың ішінде адамның іскерлігін алдымен өзіне аударатын – Ақан сері. Сөзінің сұлулығы, тереңдігімен демейміз, өмірінің сұлулығымен.

Ақынның өмірі – ертегі өмір. Судай сұлу, желдей екпінді, жалпақ жұртқа жат, жұмбақ өмір...» деп жазды.

Айыртау өңірінде

Осынау табиғаты көркем, алыстан мұнартып көзді арбаған көгілдір таулар өлкесінде ғұмыр кешкен Ақжігіт-Ақан Қорамсаұлының (1843-1913 жж.) тағдыры қым-қиғаш және трагедиялық тұстары басым. Өйткені, оның ғұмыр кешкен дәуірі қазақ елінің Ресей империясына кіріптар болып, ішкі Ресейден қазақ даласына қарашекпендердің қаптап қоныс аударуына тұспа-тұс келеді. Ақан серіні біз көбінесе сері немесе ақын ретінде ғана танып келдік. Совет заманындағы идеологияға сай мектеп бағдарламасына Ақан серінің бірыңғай аңшылық жөніндегі «Көкжендет», «Торыны таң асырып мінген қандай» немесе сал-серілік, лирикалық «Үш тоты құс», «Жамал қызға» тіпті болмаса би-болысты, дін иелерін сынайтын ащы иронияға толы өлеңдері ғана енгізіліп жүрді. Ақан сері патша отаршыларының зорлық әрекеттерін әшкерелейтін:

«Тасыған қазақ көзі бұлақтай боп,

Соятын крестъянға лақтай боп...»

«...Жетпіс екі миләтте жол бар ма екен,

Сүйекті, дінді қорлауға текпілесіп?

Құдайдан кітап келген халық болса,

Іс қылмас айуандарша көрді тесіп...» сынды жолдары бар өлеңдерінен біз хабарсыз өстік. Патшалық билік өкілдерінің жергілікті халыққа батырған тізесі ақынның жүрегіне жазылмастай жара салды. Ақан сері өмірінің ең бір ауыр тұстары – құдай қосқан жарлары Бәтима мен Ұрқияның бірінен соң бірі мезгілсіз қайтыс болуы, сүйген қызы Ақтоқтыдан еріксіз айырылуы, Сағынайдың асындағы Құлагердің қастықтан болған қазасы – осының бәрі серінің жеке басына түскен сын-салмақ еді. Қазақ даласына империя әкімшілігінің бұрынғыдан да нығая орнап, енді жер-су тұрмақ, ата-баба дәстүрі мен дала заңдарына, дін ислам мен ар-ожданға ауыз салуы шектен шығушылық болатын. Бұл орайда Ақан мен Абай өзара үндес келеді. Абай:

«Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» дей келе, бұдан былай қазақтың өз билігі өзінде емес екенін, бұл жайт қазақты моральдік, гуманистік тұрғыда  бұдан әрі аздыра түсіретінін меңзесе, Ақан:

«Жыртқышы айуан мінез халықпенен

Қалайша отыр дейсіздер біргелесіп?

Қалайша күн көрсін қазақ байқұс,

Күнде сот, күнде бунт боп зар илесіп?» деп, келімсектердің кейбір жантүршігерлік қылықтарынан зәрезап болған қазақ жұртының сол уақыттағы психологиялық есеңгіреуінен хабар береді. Ақан өлеңдерінің көбі – тұнып тұрған қарсылық, отаршыл жүйенің сорақы істеріне айтылған халықтың ашынған үні.

Жақсы Жалғызтау

Бұл жағдаяттар Ақан сері өлеңдерінен бөлек, қазақ прозасының белгілі жазушы Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері» роман-дилогиясында көрініс тапты. Романның 2-ші кітабының 2-тарауының соңында: «Жұт жайлаған құтсыз жерге тесіле қарап, Зеренді тауының ығынан туған, бетінде самұрық құс бедері бар патшаның алтын империалындай қызыл шұбар суық ай қазақ аспанына көтеріліп келеді» деп тар заманның ауыртпалығын жазушылық шеберлікпен барынша дәл берсе, 3-ші тараудың «Кең дала, тар дүние» бөлімінде «Қонысынан айырылған Ақан cepi Қорамсаның ескі қыстауы Қисықағашта Ыбанмен тіршілік етті» деп жазды. Тағдырдың ауыр сынақтарына үздіксіз ұшыраумен болған Ақанның өз елінен жырақ, аулақта осылайша жым-жырт күй кешкен. «Перінің қызымен сауық құрады екен-мыс» сияқты алып-қашпа сөзге ілініп, ел аузына ертегіден бетер аңыз боп жүрген кезі осы.

Сәкен Жүнісов романды жазуға отырмастан бұрын, Көкше елін аралап, көнекөз ақсақалдардан, Ақанның көзін көрген бірқатар кісілермен жүздесіп, сұхбаттасып мол дерек жинаған. Кейін, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында серінің өмірінің соңғы кәрілікке жеткен кезін және патша отаршылдығының Көкше өңіріндегі шырқау шегіне жеткен тұсын қартайған Ақан көзімен суреттемек боп мақсат қойып, Ақан сері романының үшінші томына кірісуге қамданып жатқан шағында кенеттен қайтыс болды. Өкінішке қарай, осылайша романның үшінші кітабына жарық көру бұйырмаған екен.

Мені осы сапарға өзімен бірге алып шыққан, белгілі тарихшы-ғалым, т.ғ.д, професор Б.Ғ. Аяған мырза Ақан серімен қыстауы бір қоныстас, әрі ата жағынан туыстығы бар, даңқты жерлесі туралы жас кезінен көңілге түйгенінен сыр шертіп, көп жайдан хабар беріп отырды. Серінің өскен ортасы, жүрген жерлері, ит жүгіртіп құс салған сауық мекендері: Үлкен Қоскөл, Кіші Қоскөл, Жақсы Жалғызтау, Сырымбет, Қылшақты, Шалқар... т.б. жер-су, тау аттары, жайлы мол мағлұмат алдым. Орайы кеп, жол түсіп  тұрғанда Ақан серінің зиратының басына барып тәу етіп, құран бағыштау парызын ұмытпау керектігін білдірген-ді. Сөйтіп ойға алған мақсат орындалып, Ақан мазарының басына кеп дұға қайырып, алланың ризашылығымен ақын аруағына мінәжат еттік.

Ақан сері мазарының қасына тұрғызылған жолбелгі

Қазақ жұртының ардақтысы Ақан серінің жатқан жеріне зиярат еткеннен кейін, жол бағытымызды Астана қаласына түзедік.

Астана-Бірлік-Астана.

Б.Ш. Ыдырысов, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының

кіші ғылыми қызметкері