Әбдеш ТӨЛЕУБАЕВ: Бесжұлдыз – патшалықтың белгісі
27.08.2018 4827
Үшінші Алтын Адамды тауып, әлемдік археологияға сенсациялық жаңалық әкелген профессор Әбдеш Төлеубаев шығыс өңірдің ежелгі патшалық мекені екені жайлы әңгімелейді

– Қазылған обалардың сол күйінше ашық қалып жатқанын жазып жатқандар бар.  

– Шілікті жазығында күн райы қатты бұзылды деп елді көтеріп, шулағандар сүйекті қайта жерлетуге мәжбүр етті. Оған дейін антропологиясының, бет пішінін қайта қалпына келтіріп бүкіл параметрлерін, өлшемдерін алғыздық. Мұны қазақтың маңдайға басқан жалғыз әрі атақты антропологы Оразақ Смағұловтың лабораториясы толық зерттеді. Бұл мәселені М. Құл-Мұхаммедке дейін жеткізіп, ол өзі министрліктен жылжып кеткен кезі, ғылыми жұмыстар негізінде әрі заңды құқықтар сақтай отырып қызметімізді жалғастырып жатқанбыз. Алайда бір топтар кедергі келтірді, үлкен ақсақалдарды алдына салып, қоғамды шулату арқылы іс жасаған олар ақыры алып тынды.

Сосын барып жерлейік, орнына қояйық деп шештік. Үстіне үш машина тас қойды да кетіп қалды. Мен со кезде оларға: «Мынау бүкіл обаны қалпына келтіріңдер. Сонда сендердің шынайы қызмет етіп жүргендерің білінеді» деп. Үш жыл сол күйінше тұрды, оны қалпына келтірмеді. Ақырында бұлардан қайыр болмаған соң, былтырдан бастап обалардың топырағын қайта үйіп, бұрынға қалпына түсіре бастадым. Жоспар бойынша биыл 36 обаны қалпына келтірмек. Осылайша жылына әрбір обаны қалпына келтіру жобамда бар. Мен өзім үлкен үш оба қаздым. Үш обаны да амандық болса, 3 жылда жауып, орнына келтіріп қоймақпын. Тағы бір айта кететін жайт, 40-50 жылдары Черников қазған обаларды қалпына келтіремін. Олар да бастапқы қалпына келуі керек. Тыртығы бар жердің жыртығы болмау керек.

– Шіліктен табылған барлық қазбалар немесе оның ішіндегі айрықша жәдігер жайлы айтыңызшы.

– Бір Бәйгетөбеден 3300 алтын зат шықты. Оның ішінде арқар, барыс, таутеке, бүркіт грифон, қонжық, қасқыр, осындай бір 7-8 түрлі аң пішінді заттар, одан кейін – бесжұлдыз! Бұл керемет дүние! Дәл осындай бесжұлдыз бұрын-соңды табылмаған. Және сол бесжұлдыз шыққаннан кейін оның иесі анық патша екенін айта бастадым! Оппоненттерім «Өй, сен тым артық кеттің!» деді.  Тіпті менің досым Зайнолла Самашев та: «Әбеке, асығыс айтып тұрған жоқсың ба?» деп сұрайды. Нық сеніммен «Жоқ, саспаңдар!» дедім.

Қазір белгілі болғандай, әлемдік археологияда соңғы 4-5 жылда бұл далада сақ мемлекеті болғаны дәлелденіп келеді.

– Бесжұлдыз нені білдіреді?

– Бесжұлдыз – ең көне символ, сақтар дәуірінен де көп уақыт бұрын болған. Бесжұлдыздың түпкі сематикасы, ішкі мәні екі қолын екі жаққа жіберіп талтайып тұрған адамның бейнесінен кеп шығады. Мұны ғылымда біз «символ всемогущего человека» дейміз. Адамның керемет қасиетін, артықша қабілетін білдіретін дүние. Бұл он сегіз мың ғаламды жаратқан құдайдың бір мақұлығы, табиғат әлемді билеуші деген мағынаны да білдіреді. Тіпті осы ой Құранда да бар. Жалпы адамзатқа тән символды кейін масондық, еврейлер өздерінің символы етіп алған. Бертінде пролетарлық диктатура бесжұлдызды басқа таптарға үстемдігі деп белгіледі.

Нұрсұлтан Әбішұлымен кездескен кезде бесжұлдыздың жайын қозғадым. Біздің мемлекетіміздің рәміздері, әсіресе қазіргі әскерилердің киімдері, знактардың қалыптасқан кездері болатын. Мұхтар Алтынбаев сол кезде Қорғаныс министрі. Бұл табылған жәдігердің аса маңызды, құнды дерек екенін айта келіп, «бесжұлдызды біздің әскердің белгісі қылып алуымыз керек» дедім. Олар белгіні сегізжұлдызды қыламыз ба, басқа қыламыз ба деп ойланып жүрген екен. Археологтың айтқанын тыңдады ма, басқаны тыңдады ма – әйтеуір бесжұлдыз қабылданды ғой. «Шіліктінің бесжұлдызы өте үшкір емес, сәл доғалдау болады, солай жасаңыздар» дегенім есімде. Осының барлығы біздің сақтардың мемлекеті болғандығының белгісі.

Шіліктідегі археологиялық қазбалар бойынша қорытынды сөз айтар болсам, бұл өлке – бүкіл Еуразиядағы сақтардың ең көне мәдени, экономикалық-саяси орталығы болған жер. Қазақтың төл мекені. Көне патша обалары жағынан Шіліктімен Тува жеріндегі Аржан-1, Аржан-2 обалары теңесе алады. Қалған Еуразия кеңістігінде дәл Шіліктідей көне патша сақ-скифтердің ерте ғимараттары, ескерткіштері жоқ.

Содан кейін аң стилінің өте көне үлгілері біздің Шілікті даласынан шығып отыр. Бастауы дәл осы өлкеден басталады деп батыл тұжырымдауға болады. «Қазақ әдебиетіне» жазған бір мақаламда «Шілікті даласы – сақтар мемлекетінің ең алғаш ту тіккен ордасы» деп жазғанмын. Осы тұжырымыма байланысты кейбір ғалым әріптестерім: «Өй, сен де өз жеріңе тарта береді екенсің. Шектен шығып кетпе!» деген. Олар қазақтың үлкен зиялы азаматтары болатын. Уақыт өтіп, тың жаңалықтар шыға бастаған шақта олардың мойындамасқа амалы қалмады.

Өйткені археология деген «екіге екіні қоссаң – төрт» деген сияқты нақты ғылым, оны бұлжыта алмайсың. Бұра тартуға келмейді, көнбейді де. Сондықтан мен өзімнің ұлттық тарихты, тамыры тереңге кеткен бай мәдениетімді қайта қазып, нақты зерттеулер жасап, тың деректерді аршып жатқаныма сенімдімін. Аруақты тірілтіп жатырмын мен! Егер мен Шіліктінің Алтын Адамын ашпасам, табылған кісінің бет-бейнесіне дейін, тіпті оның Алтын Адам болғанына дейін кім айтар еді? Аруақтың алдында да, мемлекеттің, ұлттың алдында да бетім ашық екеніне ешкімнің күмәні болмайды деген ойдамын.  

– Археологтар қазған нәрсені жариялайды, атын шығарады, тіпті олардың табылған құнды заттарды жеке мүлкі секілді пайдалану әрекеттері болмай ма?  

– Бұл мүмкін емес. Жас археологтар қабір ішін қазып отырып алтын шыға бастаса, «Айналайын, мына заттар – аруақтың дүниесі, бұған бір иненің жасуындай қиянат жасасаң, аруақ атады. Сондықтан ешбір затқа тимеңдер» деп ағалық ақылымды айтып отырамын. Екіншіден, ондай жерге өзім аса сенімді адамдарымды қоямын. Ол зат бүркіт бола ма, басқа бола ма, алтын шығуы мүмкін. Оны қандай да бір қаржы беретін жерге апарып өткізе алмайсың. Өткізіп жатса, міндетті түрде ұсталады. Обаларды қазған адам алтынға байып жатыр екен деген бос сөз. Мысалы біз щеткімен бір обадағы төрт мың алтынды аршып, бір айдың көлемінде бітірдік. Ал күрекпен қазатын жалған археологтар 5-6-уын тауып, пайдаға шаш-етектен кенелуі мүмкін.

– Жалған археологтармен күресудің жолдары қандай?

– Бір-ақ жолы бар. Ертеректе арқар, таутеке секілді Қызыл кітапқа кірген ұлттық байлықтың барлығын құртып жібере жаздады. Қазіргі кезеңде осындай жағдаймен ұсталған адам миллиондаған айыппұл төлейді. Өте дұрыс. Сол секілді нақты заң бар, соның жүзеге асырылғаны болса, жалған археологтардың да айласы ұзаққа бармайды.