Иманжүсіптің фотосуреті қалай табылды?
09.07.2018 2635
NDH порталы совет үкіметі мен билігіне қарсы күрескен қайсар Иманжүсіп Құтпанұлының өміріне қатысты қызықты деректер ұсынуды жалғастырады

Астана қаласының іргесіндегі Жібек жолы мен Қызылсуат ауылының ортасындағы алқап – Иманжүсіптің әкесі мен ағасы Шоңайдың жұрты болып есептелген. Жібек жолы ауылындағы И. Құтпанұлы атындағы мектепте ақын-композитор, дала серісінің құрметіне арналған шағын музей жұмыс істейді. Ордалы шаңырақтың шырақшысы – философия ғылымдарының докторы, профессор Раушан Нұрханқызы саналы ғұмырын иманжүсіптану ғылымына арнап келеді.

1990 жылдардың басында қазақтың арыс азаматтары жайлы қатқан тоң жібіп, суық көзқарастар жылыған шақта Иманжүсіптің ұлы Нұрханға әке ісі ақталғаны жайлы тілімдей қағаз ғана келіп жетеді. 1992 жылдың көктемінде ақтау туралы құзырлы мекеменің ресми мәлімдемесінен кейін Нұрхан әке қызы Раушанға: «Қолымдағы бар қағаз осы ғана, әкемнің жатқан жерін білмеймін, суреті сақталмаған. Егер осыларды тауып берсең, тірі болғанда алғысым бар, өліп кетсем, аруағым разы!» деп ақырғы тілегін айтады.

«Содан не керек, жас, қайнап тұрған шағым, тоқсаныншы жылдардың басында Иманжүсіптің көзін көрген жиырма шақты адам болды – әкем, менің әпкелерім, ауылдас ағаларым, Ақмоладағы ақсақалдар, Павлодардағы үлкендер. Осы кісілерге барып жүріп, үнтаспаларға жазып, қайта-қайта сұрап алам. Ең алдымен, атамның бейнесін көргім келді, жүзімен танысуым қажет еді. Өмірде Иманжүсіп қандай болған? Көзі қандай болған, мұрнының пішіні қандай? Басының өлшемі ше? Бойы екі метрден аса деп ел аузында сипатталатын дене бітімін қалай дәлдеп шығаруға болады? Осындай сұрақтар сана түкпірінде тала туындап, мазасыз күндер мен ұйқысыз түндерге ұрындырады» дейді Р. Иманжүсіп.

Аманаттай айтылған әкесінің бір ауыз сөзіне орай ғылымға, ата мұраты селбескен ұлы да қасиетті жолда Раушан аянып қалмай, жарғақ құлағы жастыққа тимей, өлшеусіз тер төгеді. Атақты Иманжүсіп баспаған жер жоқ, көрмеген ел жоқ, шықпаған төбе жоқ – соның барлығына да барып көру, тыңдау, жазу – қаршадай қыз Раушанның мойнына түскен ауыр жүк еді.  

Атаның көзін көрген ұрпақ соңы сарқылып қалмай тұрғанда оларды сөйлетіп, мүбарак көркем бейнесін жасау ең басты жұмысқа айналады. Қанша адам айтты, қалай сипаттады – солардың сөзін бір өзгертпестен, Алматыда тұратын талантты суретші Табылды Мұхатовқа апарып тапсырады. Суретші айтылған, ауызша берілген деректер негізінде жобалап эскиздер үлгісін жасап шығады. Осындай нұсқаларды көтеріп, Раушан әлгі ақсақалдар мен апаларына қайта жол тартып көрсетеді. «Мына жері келеді, анау тұсы ұқсамай қалыпты, қабақ үстін былай өзгерту керек, бет-әлпеті былай болуға тиіс» деп ескертулер берген соң, ол пікірлерді жазып алып, Алматыдағы Табылдыға жетеді. Осылай екі араның жолын шаң қылып, 5 жылдан аса уақыт өткенде барып, кесімді сөзді ауыл ақсақалдары «О, міне, енді ұқсап қалды» дегенде қазір бәріміз көріп жүрген Иманжүсіптің суреті пайда болады. Ең қызығы сол, соншама ерік-жігер мен біраз уақыт шығындалып салынған сурет көп таратылмайды. Себеп неде?

«Адам түсіне кірмес қызықтар таусылған ба. Сұсты жүзі, қатулы қабағы, айбынды жүзі ашылған жаңа картинадан ата бейнесі менмұндалап тұрды. Көңілімізге сыр сандықтай жаттай бастадық. «Өмірде кездейсоқтыққа орын бар ма» десе, «әрине» деп жауап берер едім. Екі апта өткен соң, атам Иманжүсіптің тарихи фотосуреті табылды ғой» деп ескі күндерді еске алады Р. Нұрханқызы.

Иманжүсіп немересі бірде жолы түсіп Эстрада-цирк училищесіне, онда ұстаздық қызмет ететін белгілі әнші Қайрат Байбосыновқа барып қалады. Жас талапкерлерге сабақ өткізіп жатқан жерінен бірнеше сәтті түсірілімдер жасап, есте ештеңе жоқ, жұмыстары аяқталысымен қайтып кетеді. Үйге келісімен, әдеттегідей, түсірілген кадрларды қарап жатып, фортепианоның арғы жағында ескі бір фотомонтажға көзі түседі. Оператор жігіт түсірген әлгі жерді алай айналдырып қарайды, былай айналдырып қарайды – Иманжүсіп! Дөңгелек жүзді, өткір көзді, аздап сақал қойған, басында тақиясы бар атақты батыр! Содан түнімен ұйықтамай, фотоаппарат алып, кешегі жерге сағат алтыда барып алыпты. Дүние күйіп кетсе де, әлгі суретті алмайынша тыныштық жоқ, маза қашқан. Адам өз ісіне берілгенде ауруға айналатындай екен. Жетуін жетіп алғанымен, қырсыққанда фотоаппарат істемей қалады. «Осы сурет сенен басқа ешкімге керек емес. Ала бер. Жоқтайтыны адамы сен бол» депті түсірілім тобындағы бір әріптесі.

«Иманжүсіп атамның бейнесін бірден таныған себебім, оның Бәтіш деген апасының баласы Ерғали батырдан аумайтын. Қазақ «сойып қаптап қойғандай» деп сипаттамай ма, тура сол. Атамды көрген адамдар Ерғалиды білсе, шалқасынан түсер ме еді!» дейді Р. Иманжүсіп.

Музей ашылады дегенді естіп Раушан Нұрханқызына Павлодардан Қабылда Жақсыбай есімді суретші хабарласқан екен. Бірде өнерпаздың түсіне Иманжүсіптың өзі еніпті. «Түсіме кірді, қасқыр ішік жамылған, қолында бұзау тіс қамшысы, айбынды жүзі, қаһарлы қабағы – бәрі де осы суреттегідей. Көп өтпей, бір түнде осындай картинаны жазып шықтым» дейді суретші. Суретті музей қорына Қ. Жақсыбайдың өзі тапсырған.

«Адамзатта ұл тумас мендей құмай» деп жырлаған Иманжүсіп Құтпанұлының өміріне қатысты деректер мұнымен таусылмайды. Бұған дейін де біз «Иманжүсіптің мылтығы», «Кітапты Иманжүсіп деп атауға қорықты» деген мақалаларымызда сыр шертсек, енді тарихи фотобейнесі қалай табылғанын жазып көрдік.