Көшпелі сараптамалық кеңес Семейде жалғасты
16.06.2018 1922
Рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру жөніндегі орталық сарапшылар кеңесі Шығыс Қазақстан облысына «Абай – Адамзаттың данасы» атты көшбасшы жоба ұсынды

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аты бағдарламасының аясында еліміздің түкпір-түкпірінде, әсіресе елордасы Астанадан алыс аймақтарда әр түрлі жобалар мен іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Тарихи сана мен туған жерді сүюге шақырған бұл бағдарламаны көпшіліктің ұнатып қолдағаны сондықтан еді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізге ала отырып, Астанадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессорлар құрамы мен өнерпаздар ұжымы және журналистерден тұратын едәуір топ  Астана-Семей-Қалбатау-Ақсуат-Аягөз-Қарқаралы-Астана бағытында автоэкспедияға жолға шықты.

Мұндағы басты мақсат – туған жерге тағзым, тарихи киелі жерлермен танысу, руханият мәселесі бойынша ел азаматтарымен жүздесу, және ең маңыздысы, рухани жаңғыру мәселесі бойынша шығыс өңірдегі іс-шаралардың қалай жүзеге асырылғандығын білу, танысу.

Автоэкспедицияның алғашқы аялдамасы – бір ғасыр бұрынғы «Алаш» ұлттық автономиясының астанасы болған Семей шаһары. Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы орталық сарапталық кеңесінің мәжілісі Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің қабырғасында өтті. Дөңгелек үстел жұмысына Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұжымы, Семей интеллигенциясы және облыстық әкімдік қызметкерлері қатысты.

Алқалы жиынды жүргізген Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР Ұлттық академиясының академигі Дихан Қамзабекұлы күн тәртібінде аймақтағы рухани жаңғыру бағдарламасы бойынша іске асырылған жобаларды талқылау, Семейдегі Шәкерім атындағы Семей және Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеттерінің рухани жаңғыртуға қатысты атқарған жұмыстары таныстыру болатынын жеткізді.

Рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру жөніндегі орталық сарапшылар кеңесі Шығыс Қазақстан облысына «Абай – Адамзаттың данасы» атты көшбасшы жоба ұсынды. Оның аясында Семейде Гете, Сервантес, Конфуций институттары моделінде «Абай» институтын құру, «Абайтану» көптомды кітап сериясын шығару, «Абай» әдеби журналына халықаралық мәртебе беру, «Абай жолы» және оның әдеби кейіпкерлеріне скульптуралық композиция-ескерткіш орнату, республикалық «Абай оқуларын» жыл сайынғы «Абай жолы» халықаралық фестивалі деп өзгерту туралы ойларын ортаға салды.

Дөңгелек үстел жұмысында аймақтық жобалау кеңсесінің басшысы Мәдина Ахметова рухани жаңғыру бағдарламасының аясында атқарылған жұмыстар мен оларға бөлінген қаражаттардың жұмсалуы жайында есеп берді. «Қазіргі таңда аймақта 27 жоба, 18 кіші жоба және 1366 іс-шараны жүзеге асыруға 14 млрд 499 млн теңге жоспарланды. «Үш тілдік білім беруді енгізу» жобасына жергілікті бюджеттен екі жылда 2 млрд 140 млн теңге бөлінді, оның 340 млн теңгесі биыл игеруге берілді. «Рухани қазына» кіші бағдарламасын жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 2 млрд 704 мың теңге көлемінде қаржы бөлінген» деді М. Ахметова.

Нақты есеп берілгеннен кейін жиын модераторы ескерткендей, аймақтық сараптамалық кеңестің құрамныда бар тарихшы ғалымдар мен өлкетанушылар тарапынан ұсыныстар айтты. Мәселен, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Ерлан Сайлаубай:

– Облыс орталығында Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш ашу;

– Би Боранбай кесенелік кешенінің құрылыс жұмыстарын толықтай аяқтау;

– Берелдегі археологиялық ескерткіштер кешеніне «Патшалар алқабы» ұлттық мәдени-тарихи парк статусын беру жөніндегі ұсыныстарын енгізді.

Ал аталған кеңестің тағы бір мүшесі, ақын-ғалым, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Серікзат Дүйсенғазы:

– «Алаш қозғалысының» дербес музейін ашу;

– Семейдегі Әуезов атындағы педагогикалық колледжге республикалық статус беру;

– «Алтай-Ертіс» кітапханасы сериясын «Алтай-Тарбағатай» деп атап, шығыста туған қаламгерлердің шығармашылығын толық басып шығару қажеттігін ескерді.

 

Суреттерді түсірген Ержан ЖАУБАЙ