Сіз Қазығұртты білесіз бе?
06.06.2018 2762
Елбасымыз жыл сайын әлде жұмыс бабымен, әлде демалыс уақытын пайдаланып, Шымкентке бір соғу дағдысынан жаңылмайды. Бұл жолғы сапарының мән-маңызы айрықша болды

Себебі қазіргі таңда тұрғындар саны миллионнан асып кеткен Шымкенттің ауызша айтып жүрген мегаполис қалаға айналуына шын мәнінде орындалған тарихи сәтке куә болдық. Әсіресе Елбасының «Адамға өмір бір рет беріледі, оны Шымкентте сүру керек» әзіл-шыны аралас айтқан сөзі естеріңізде болар. Шымкенттіктерді жаман жағынан көріп, теріс көзқараста жүретіндер үшін бұл «керемет жауап» болуынан бөлек, қасиетті Түркістан қаласының маңызы арта түсетіндігін ескерген жөн. Алайда біздің бүгінгі айтпағымыз бұл емес еді. Қойнауы қазынаға толы, тарихы бай, табиғаты көркем, ордалы оңтсүтік жұртының ұйықты мекеніндегі киелі жерлерді таныстыру – басты мақсатымыз.  

Менің киелі Қазығұрттың Еңбекші деген ауылында кіндік қаным тамып, балалық шағым өтті. Негізі мен тұратын ауыл аудан орталығы Қазығұрттан  гөрі Шымкент қаласына өте жақын. Қателеспесем, көлікпен 15 минутта діттеген жеріңізге жетесіз. Ал Қазығұрт ауданы біздің ауылға теріскей бетте орналасқан, шамамен 1 сағаттық жер. Сондықтан ол жаққа көп ат басын бұра бермейміз.

Әке-шешем мұғалімдер болғасын есеп тапсыру үшін өз жұмыстарымен барып қайтатын. Қазығұртқа алғаш рет  6-8 сынып оқып жүргенде жыл сайын өткізілетін мерекелік іс-шараға  қатысушы ретінде  бардым. Сол кеште  оркестр құрамында болып, домбыра шертіп, мың бұрала билеп, өз өнерімізді көрсеткенбіз. Балалармен бірге жол үстінде кетіп бара жатқанда алып кемені көліктің терезесінен сығалап қана көруші едік. Кейін 11 сынып оқып жүргенде сыныптастармен бірге фотосессия жасау үшін Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған жерге аялдап, жақыннан өз көзіммен көрдім.

Қазығұртқа көп бармасам да жастайымнан ол туралы аңыз-әңгімелерге қанығып өстім. Бәрімізге белгілі, Қазығұрт десе, ең алдымен Нұқ пайғамбардың кемесі, ерте заман­ғы аңыз-әпсаналар, Жер үстін басқан топансу ойға оралады. «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған» деп басталатын дастанның өлең жолдарын білмейтін қазақ жоқ шығар, сірә. 

Қазығұрттың басына кеме қайдан келді? Бұл аңыздың шығу тарихы жайлы ертеректе ғалымдар зерттеу жасап, дастандар жазылып, кітаптар да басылып шықты. Сондықтан  менің негізгі тақырыбым бұл емес. Өткенге тым терең үңілу ойымда жоқ. Мүмкін білім деңгейім де жетпес. Әңгіме  – әулие Қазығұрт «Кеме қалған»деген атаудан басқа, тағы несімен ерекшелене алатындығында болып тұр.

Сіз білесіз бе? Қазығұрттың бауырында өсетін же­містердің дәмі де өзгеше, қуаты да ерекше, денсаулыққа әсері де бөлекше екен. Мамандар Қазығұрт сілемі есте жоқ ескі замандарда жанар­тау­дың атқылауынан пайда бол­ған деседі. Зерттеу­лер тау төңі­регіндегі тұма бұлақ­тарда түрлі химиялық қосындылардың, ми­нералдық қоспалардың молдығын дәлелдепті. Түрік әлемінің ХVI ға­сыр­дағы ғұламасы әл-Бұхари: «Қазығұрт баурайы – гүл жайнаған бау-бақшалы, көк майсалы жер» деп, анау заманның өзінде мақтап кетіпті.

Сіз білесіз бе? Әулиелі жер­дің мол­дығы жөнінен Қазығұрт өңірі Маңғыстаудан кейін екінші орында тұратындығын. «Шілтер Ата – Имандылық шыра­ғы ғой, Ақбура – ізгіліктің бұлағы ғой, Қазығұрт – әулиелер тұрағы ғой!» деген ескіден қалған өлең жолдары соның бір дәлелі іспетті. Осы Қа­зы­ғұрттың бауырында жер асты­нан қайнап шығып жатқан үш бұлақ бар. Олар «Көзбұлақ», «Өңеш­бұлақ», «Құлақбұлақ» деп аталады. Әңгімеге қарағанда, осы бұлақ­тардың сулары бір-біріне әсте ұқса­майды, дәмдері де бөлек. Аттары көр­сетіп тұрғандай, емдік қасиеті сол ағзаң­ды емдеп жазуға септеседі, әсері айтар­лықтай.

Сіз білесіз бе? Қазығұрттың биігіне шығардан бұрын Ақбура әулиенің басына барып, құрмалдық шалып, тәуап қылу керек екен. Бізден 2 сынып жоғары оқыған оқушыларға анам сынып жетекші болған еді. Сол жылы менен 4 жас үлкен ағам ҰБТ тапсырмақ болған. Сонда анамның өз оқушыларымен бірге барып, таудың ең биік шыңына шыққандары есімде қалыпты. Онда жасаған дұға-тілектер қабыл болатындығы және бар. «Төмен қарағанда тайпақ сайдың тұйы­ғындағы әулиенің көкжасыл жы­ланкөз жалатқан күмбезді кесенесі көз алыс­тан шағылыстырады. Сай іші жеміс ағаш­тарының алуан түріне малынып тұрады» деген анамның сөзі көкірегіңде  мақтаныш  сезімін ұялатып, таңданбасқа лажыңды қалдырмайды.

Сіз білесіз бе? Қазығұрт – Алланың шапағаты түскен, Пайғамбардың кемесі тоқтаған әулие тау ғана емес, жаныңа жапырақ жаяр жақсылар мекені екенін. Мұны айтқан – мен емес, жазушы Әлібек Асқаров. Ол өзінің оңтүстікке сапарында Қазығұрттың тұрғындары жайлы былай дейді:«Қазығұрттықтар алдымен ырымшыл жұрт екен, содан кейін намысшыл екен. Адам бойынан ізгі­лік­ті көре білу, жақсылықты тани білу үрдісін қазығұрттықтар көп­тен бері өздерінің өмір салтына айналдырыпты».

Мұның өзі қазығұрттық тұрғындардың бар атағын асқақтатып тұрғандай көрінеді.

Аяулым ЕРГЕШ,

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2 курс студенті