Әлім Алмат рухына тағзым
09.04.2018 2512
Еуропа халықтары мен түркі әлеміне Әлім Алмат есімімен танылған қазақ скрпикашысы Ғалымжан Әбсәламов 2018 жылдың 2 ақпан күні өмірден өткен еді. Ал 7 сәуір – тағдырлы тұлғаның туған күні

Осыдан екі жыл бұрын оның күнделікті өмір тарихына арналған «Айтылған тарих немесе Стамбул жазбалары» атты жинақтың шыққаны, оның тұсаукесерінің Ырғыз өңіріндегі Ақтөбе қаласында өткені туралы NDH порталы жариялаған. Осы жинақтың құрастырушысы Күлпаш Ілиясованың айтуынша, содан бергі уақытта Әлім Алматтың ақтөбелік, алматылық ұрпақтарының естеліктері мен фото-құжаттарынан өзге тұщымды материалдар жинақтала қоймапты. Жазбаша деректер тым аз, ресми құжаттар жоқтың қасы. Тіпті оның өмірбаяны мен қызметін растайтын жеке құжаттардың өзі қолжетімсіз. Дерек көздерін көбіне естеліктер, хаттар, сұхбаттар құрайды. Әлім Алмат туралы алғашқы мәліметтер Мария Шоқайдың естеліктері мен хаттарында жазылған. Ал соңғы мәліметтер, әзірге өзінің сұхбаттарымен шектеледі. Солардың бірқатарын скрипкашы Әлім Алматты еске алу мақсатында көпшілік назарына  ұсынамыз.

 

Бүгінде Стамбулдан топырақ бұйырған ырғыздық скрипкашы Әлім Алмат туралы білмейтін қазақ кемде-кем. Ол туралы кеңестік дәуірде көп айтыла бермейтін, себебі түсінікті де, «соғыс тұтқыны», «сатқын», «отансыз», «босқын» атанды. Өзге емес, өз елінде «қылмыстық істерге» тартылған адамдар қаншама... Айталық, қазақтан шыққан екінші скрипкашы Әйткеш Толғанбаев соғыстан кейін аман-есен елге жеткенде, еш негізсіз 10 жылға сотталды. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ақталып шықты.

Қазақтың қос скрипкашысы Әлім Алмат (1917-2018) пен Әйткеш Толғанбаев (1924-1995) өткен ғасырдың 30-жылдары Алматыдағы консерваторияда бірге оқыған, екеуі де ленинградтық профессор Иосиф Лесманнан дәріс алған. Соғыс жылдарында біреуі Еуропаны, екіншісі КСРО-ны мойындатқан скрипкашылар. Оқуды бітіргеннен кейін екі рет кездескен:  бірі соғыс жылдарында 1943 жылы Берлинде [1, 22-23-бб.], екіншісі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында 1992 жылы Алматыда [2] болған.

Скрипкашы Әлім Алматтың ғасырлық өмірбаянына көз жүгіртсек, оның азан шақырып қойған есімі Ғалымжан (Мария Шоқайдың 60-жылдардағы хаттарында да осылай жазылған, бірақ бұдан бұрынғы 1958 жылғы естелігінде Әлім Алмат дейді  – К.М.), әкесінің аты Әбсәлам, атасы Төремұрат, арғы аталары Алмат, Тобаберген, Киікбай, Әлібек, Қалақ. Олардың бірі батыр, бірі болыс, бірі қажы, бірі сардар атанған, Кіші Жүздің Шөмекей руынан тарайды. Әлім Алматтың ақтөбелік ұрпағы Роман Рахиевтың айтуынша, «негізі дұрысы Әбдісәлам, шежіремізде арғы аталарымыздың көбінің есімі «Әбді»-ден басталады, мысалы менің әкемнің есімі де Әбдірахи, негізі бұл сөз Құраннан алынған, арабша «мәңгі», «шексіз» мағынасын береді».

Ғалымжан Әбсәламов қазіргі Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Қарақоға деген жерде туған. Үш жасында әкесінен ерте қалған Ғалымжанды атасы Төремұрат тәрбиелейді. Оның нағашы жағы да осал болмаған. Әжесі сол уақыттағы Қара деген аса дәулетті адамның ауылынан екен. Өз анасы Қанымша Саудақызы Ақсақал-Тәуіп болысын ұзақ жылдар бойы басқарған Тоқа Сәтбай ауылының қызы болған [3, 411 б.]. Ал Әлім Алматты оқытқан нағашы ағасы Темірбек Жүргенов осы Қара әулетінен. Әлім Алматты жетектеген Файзолла ағасы «1931 жылы бай-болыстың балаларын түбінде оқудан шығарады деп, Шалқар арқылы поезбен Ташкентке келіп, сол кезде Өзбекстанның Наркомпросын басқаратын Темірбек Жүргеновке жолығады. Ол Ғалымжанның мамандық таңдаудағы алғашқы екпінін сейілтіп, оны өнер, музыка әлеміне қарай бейімдейді» [3, 411-412-бб.]. Осылайша Әлім Алматтың бойындағы таланты, музыкалық қабілеті алғаш рет Ташкентке оқуға келген кезде ашылады.

Осы қаладағы Темірбек Жүргеновтің оқу-ағартушылық қызметінің 1933-1937 жылдардағы алматылық кезеңінде республиканың сол кездегі басшысы Л. Мирзоян, оны белгілі жазушы Ғабит Мүсірепов арқылы Қазақ АССР-нің Халық Ағарту комиссары қызметіне шақырады. Жаңа қызметке келгеннен кейін Т. Жүргенов Ғалымжанға Ташкенттен Алматыға ауысатынын жеткізеді. Сөйтіп, ол Алматыдағы музыка техникумының скрипка класында оқиды. Ахмет Жұбанов музыка тарихынан сабақ берген. Ғанбер Медетов деген күйші мен өзінің Абыл ағайы (А. Маханов) есінде, көпшілігінің ат-есімдерін ұмытып қалған [3, 411-414-бб.]. Айта кетерлігі, Әлім Алматты консерваторияда оқыған ағайынды-әнші Абдуллиндер жақсы таныған. Соғыстан кейін атақты әнші Мүслім Абдуллин радиодан сөйлеген бір сөзінде Ғалымжанды еске алып, оның соғыс кезінде тұтқынға түсіп, сол жердегі  тұтқындардан құрылған оркестрге алынғанын, содан өнерімен аман қалғанын, кейіннен Түркияға көшіп, сол жақта Әлім Алмат тегімен жүргенін» тілге тиек еткен [4, 429-б.].

Әлім Алмат 1937 жылғы қуғын-сүргін кезінде Т. Жүргенов, Ұ. Құлымбетовтермен «туыстық байланысы бар» деген желеумен оқудан қудаланып, біраз қиындықтарға душар болады. Соған қарамастан, 1939 жылы Алматыдағы музыкалық техникумды «скрипкашы» мамандығы бойынша бітіре салысымен, скрипкасын құшақтап шұғыл түрде әскерге аттанады. Алайда әскери борышын өтеу мерзімі аяқталған 1941 жылдың маусымында соғыс басталып кетеді де, ол еш дайындықсыз бір аптадай шайқасқа қатысады. Көп ұзамай Польшамен шекаралас Брест-Литовскіде тұтқынға түседі. Бұл жөнінде 90-жылдары Әлім Алмат «лагерге келген кезде 80 мың кісі едік, шілде айында 3000 мың кісі қалдық, меніңше бәрі аштықтан өлді» деп еске алады [5, 106-б.].

Соңғы зерттеулерге қарасақ, Қазақстан бойынша Брест қамалын қорғаушылардың жалпы саны – 556 адам болған. Солардың бірі көкшетаулық Сыздықов Қажымұраттың (Хаджимурат) айтуынша, Ғалымжанның музыкалық взводы «аралдағы 333 полктың 6 дивизиясында» болған, сондықтан олар жауға қарсыласа алмаған, ақыры барлығы бірден тұтқынға түскен» [4, 429-б.]. Брест қамалын қорғаушыларға қатысты Ләйла Ахметованың зерттеулерінде «1920 жылы туған Ғалым Әбсәламовтың 1939 жылы Алматы әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылғаны, музыкалық взводтың скрипкашысы болғаны, 84-атқыштар полкінің 6-атқыштар дивизиясына түскен, Брест қамалында тұтқындалған және тірі» деп жазылған [4, 437-б.].  Әлім Алматтың туған жылы советтік  құжаттардың барлығында 1920 жылмен көрсетіледі. Оның бір себебін, Әлім Алмат «әскерге жастай алмасын деп жасымды үйдегілер үлкейтсе керек» деп түсіндіреді.

Лагердегі адам төзгісіз қиындықтарды бастан кешірген Әлім Алмат скрипкада ойнау шеберлігімен алман офицерлерінің көзіне түседі, үздіксіз дайындықтар жасайды, сазды әуенді жанына медет тұтады. Сөйтіп, табандылығы мен тынымсыз еңбекқорлығының арқасында 1943 жылы Түркістан легионы арқылы Берлин консерваториясына оқуға жіберіледі. Осы кезден бастап оның екінші өмірі басталады. Германияда «отансыз», «босқын» атанса да, оған жаңа төлқұжат беріледі.

Берлин қаласы бомбаланған кезде де оқуын Венада жалғастыруға мүмкіндік алады. Соғыстан кейінгі жылдары, яғни 1947 жылы оралдық Қарыс Қанатбаймен байланысып, Мұстафа Шоқайдың әйелі Мария Шоқайқа өтініш-хат жазады. Сол арқылы С. Рахманинов атындағы Париж консерваториясына ауысады. Шамамен 1948-1949 жылдары Ножан-сюр-Марн қаласындағы Мұстафа мен Мария Шоқайдың үйінде тұрады. Оқуын бітіре салысымен Мария Шоқайдың ақыл-кеңесімен Түркияға қоныс аударып, Стамбул қаласында тұрақтайды. «Аnnem» деп атап кеткен Мария Шоқаймен табаны күректей сегіз жыл бойы (1961-1969 жж.) үздіксіз хат алысып тұрады [6].  Тіпті 1960 жылдардың ортасында әйелі Еділ мен баласы Төрені Шелль қаласындағы Қарттар үйінде тұратын Мария Шоқайға ертіп апарады. Өкінішке қарай  Мария Шоқайдың бұл хаттарына екінші тараптағы Әлім Алматтың жауап хаттары бізге беймәлім, әлі жарияланған жоқ.

Мария Шоқай қайтыс болған 1969 жылы Әлім Алмат бір кездері өзін Ташкентке оқуға жетектеп апарған туған ағасы, кинооператор  Файзолламен Стабулда қауышады. Ал елге барып-қайту бақыты араға жарты ғасыр салғаннан кейін, 1992 жылы шақырылған Дүние жүзі қазақтарының І құрылтайында бұйырады. Содан бері Алмат әулетінен тарайтын бір шоғыр ырғыздық ағайын-туыспен қарым-қатынасы үзілген емес. Әлім Алмат әрбір сұхбатында арғы аталарымен бірге, кезінде өзіне қамқор болған Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Әліби Жангелдин сынды ағаларының «жақсылығын асырып, жамандығын жасырып», рухтарына тағзым етуді ұмытпайды.

Осы ретте айта кетейік, 1992 жылғы құрылтай кезінде Әлім Алматпен Ақтөбе облысындағы Ырғыз аудандық мұражайында тілдесіп, Мұстафа Шоқайға қатысты беймәлім мәліметтерге әбден қаныққан, онысын Алматыдағы тарихшылардың ғылыми ортасына алғаш жеткізген ақтөбелік өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай екенін біреу білсе, біреу білмес. Ізденіс жұмыстары барысында байқағанымыз, 6 сағатқа созылған 1992 жылғы Әлім Алматпен сұхбаттың маңызы өте зор, зерттеуді қажет етеді, Өкінішке қарай сол сұхбаттың Мұстафа Шоқайға қатысты тұстары әлі жарияланған жоқ. 

Әлім Алматтың аузынан тастамайтын ырғыздық екінші тарихи тұлға – Ұзақбай Құлымбетов (1891-1938), алғашқысы Темірбек Жүргенов (1898-1938) екенін аңғарған боларсыз. Өлкетанушы Б. Мырзабайдың айтуынша, 1933 жылы қызмет бабымен Т. Жүргеновтің Ташкенттен Алматыға ауысуына ырғыздық Ұзақбай Құлымбетовтің  де ықпалы болған. Оның 20-30 жылдары орталықта жауапты партиялық-советтік басшылық қызметтерді атқарғаны  тарихтан белгілі.

Әлім Алматтың ауызша мәліметтеріне сүйенсек, «...Мәскеуде өтетін 1936 жылғы онкүндік қарсаңында шешеміз бізді Ұзақбай ағаның (Ұ. Құлымбетов), Темірбек ағаның үйлеріне жиі апаратын. Ұзақбай ағаның Мәскеуде оқитын інісі (Жолмұрат Құлымбетов), қыздары, Темірбек ағаның Кәпназар деген інісі, Жұманазар деген баласы болатын, оларға домбыра тартып берген» [7, 263-б.]. Тағы бір ауызша деректе Ұзақбай Құлымбетовтің Алматыға білім қуып келген ырғыздық жастарға деген қамқорлығы айтылады. Елде ашаршылық жайлап, халықтың күйі тайған 1932 жылы қылшылдаған бес бозбала Алматыға КазПИ-дің дайындық бөліміне оқуға барғанда Ырғыздың қазіргі тұрғыны Балдапов Төлеп Ұ. Құлымбетовтің үйінде болған екен. Оның айтуынша, «Ұзақбай ағамыз жауырынды, ірі кісі еді. Үйінде ұзын шапан киіп жүреді. Көпшілігіне үйде болмайды. Шаруасы шаш-етектен болып жатқанын жас та болсақ аңғаратынбыз. Жеңгемізге «мына балаларды тамақтандыр, қарындары ашып қалмасын» деп тапсыратын. Бәрімізді жыға танымаса да, елден келген жастар екенімізді біліп, қамқор көңілмен қарайтын» [8]. Ұзақбай Құлымбетовтің сырттай қамқорлығын көргендері қаншама, солардың қатарында Мәскеудегі онкүндікке қатысқан Ғалымжанның болмауы мүмкін емес.

Осы кезде Ұ. Құлымбетов Қазақ ОАК-нің төрағасы ретінде 1936 жылғы VІІ шақырылған одақтық ОАК-нің екінші сессиясында сөйлеген сөзінде: «...бұрын сауаттылар тек халықтың ауқатты топтарынан болатын, бүгінде олардың 65%-ы ауылдық жерлерден шығып отыр. Қазақстандағы жоғары оқу орындарының саны – 20, техникалық оқу орындары да бар, біз жүздеген кәсіби мамандарды өзіміз даярлаймыз. 7150 мектепте 800 мыңдай бала оқитынын, сондай-ақ елімізде 20 театрдың жұмыс істейтінін, 350 газет шығарылатынын» тілге тиек еткен [9]. 

Әлім Алматтың аузына жиі ілігетін тағы бір тұлға – Әліби Жангелдин (1884-1953). Оның большевиктік, партиялық қызметі советтік тарихнамада көп жазылды. 1884 жылғы Әліби Жангелдин де, 1891 жылғы Ұзақбай Құлымбетов те, 1898 жылғы Темірбек Жүргенов те бір дәуірдің тарихи тұлғалары, советтік жүйеге қалтқысыз қызмет етті, бірақ соңғы екеуі 1937-38 жылдары атылып кетеді. 

Ә. Жангелдин мен Ұ. Құлымбетовті Алмат әулетімен байланыстыратын бір оқиға ел аузында жақсы сақталыпты: «Әліби Жангелдин Ырғыз маңында болғанда 1917-1920 жылдары болыс болған Әбдісәлам Төремұратов (Әлім Алматтың туған әкесі – К.М.) деген азаматтың үйінде Ұзақбай Құлымбетовпен кездесіп, сұхбаттасып отырғанда, бақылауға қойған жауапты-күзетші адамдары «жау келіп қалды» деп хабар береді.

Аяқ астынан бәрі сасып қалып, жылдам қашудың жолдарын қарастырады. Осы кезде Әбдісәлам екі қонағына да малшының ескі киімін, шапан-шекпенін жаба салып, малға жіберіп, жұмсап жатқан қызметші-қойшы есебінде көрсетіп, «тез малға барыңдар, қайырыңдар» деп дауыстап «жекіріп», «екі малшыны» үйден шығарып, қашырып жібереді. Сөйтіп қазақтың екі бірдей біртуар азаматтары Әліби Жангелдин мен Ұзақбай Құлымбетов ақтардың қолына түспей аман қалады» [10]. Бұл туралы Ұ. Құлымбетовтің өмірбаянында да «советтерді ұйымдастыру жұмыстары кезінде, мен Әбсәлам Алматовтың ауылындағы алашордашылардың қолына түсіп қала жаздадым, сонда ол мені жасырып, қашып кетуімен көмектесті» деп жазады [11, 48-б.]. Бұдан шығатын қорытынды, өткен ғасырдың 20-30-жылдары партиялық-советтік басқару аппаратының белді өкілдері ретінде тарих сахнасына шыққан Әліби Жангелдин мен Ұзақбай Құлымбетовтің өмір жолдарында да ырғыздық Алмат ұрпақтарының ізі бар деуге толық негіз бар.    

Сөз соңында Алмат әулеті мен сол әулетті қоршаған ортасы туралы айтар түйініміз, «қазіргі уақытқа дейін Солтүстік Арал маңы қазақтарының арасында аңыз ретінде олардың өмірінен әртүрлі керемет оқиғалар айтылады. Ең қызықтысы, бұл тұлғалардың өз балалары мен немерелеріне еңбекқорлыққа, өнерге, музыкаға, кәсіпшілікке және қолөнерге баулуы, нәтижесінде осы олардың көбісін ХХ ғ. қиын-қыстау жылдарында аман сақтады» [12, 72-б.]. Басқаша айтқанда, мейлі патшалық жүйеде болсын, мейлі алаштық жүйеде болсын, мейлі советтік жүйеде болсын, Ырғыз өңіріндегі Алмат әулетінен тарайтын ұрпақтар тектіліктің жоғары үлгісін көрсетті. Соның нақты бір айғағы – Л. Бетховен, В. Моцарт, Й. Гайдн, Ф. Шуберт, И. Штраусс сынды ұлы композиторлардың елінде музыкалық қабілетін шыңдап, классикалық шығармаларды скрипкада шебер орындаушылығымен соғысқа дейін Мәскеуді, соғыс жылдарында Еуропаны, соғыстан кейін бүкіл Түркі әлемін тамсандырған қазақтың тұңғыш скрипкашы Әлім Алматтың талайлы тағдыры...  

 

Күлпаш ІЛИЯСОВА, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің доценті, тарих  ғылымдарының кандидаты

Әдебиеттер: 

1. Толганбаев А. Исповедь судьбы жестокой /Лит.запись И.М. Савина, С.А. Толганбаевой. – Алматы: Казахстан, 1993. – 112 с.

2. Алмат ұрпағы Роман Рахиевтің жеке мұрағатынан. Сурет. Қазақтың алғашқы скрипкада ойнаушысы Әлім Алматтың шәкірті Әйткеш Толғанбаевпен кездесуі. Алматы қаласы. 1992 жыл. 

3. Мырзабай Б. Тірі қалғаным Темірбек ағайдың арқасы. /Қараңыз.: Темірбек Жүргенов: Зерттеулер, мақалалар, естеліктер мен арнау, жыр-толғаулар. – Астана: «Сарыарқа баспасы», 2014. – 580 б.

4. Ахметова Лайла. 1941. Брестская крепость. Казахстан. Книга 1. – Астана, 623 с.

5.Ілиясова К.М. Айтылған тарих немесе Стамбул жазбалары. – Астана: «Типография Стимул», 2016. -175 бет + 20 жапсырма бет.

       6. Чокай М. Я пишу Вам из Ножана.- Алматы: Қайнар, 2001. – 208 с.

7. Мырзабай Б. Т.Жүргенов – кеңестік жүйе саясатының құрабаны. Қараңыз.: Темірбек Жүргенов: Зерттеулер, мақалалар, естеліктер мен арнау, жыр толғаулар. Астана: «Сарыарқа баспасы», 2014. – 580 б.

8. Мырзалин М. Құлымбетовті көрген қарт /Ақтөбе. -18 маусым 1991 жыл.

9. Речь председателя КазЦИК-а тов. Кулумбетова на второй сессии ЦИК Союза ССР VІІ созыва /Актюбинская правда. - №17 (1114). – 21 января 1936 года. 

10. Рахиев Р. Ақиқат айтылмай қалмайды /Ақтөбе. № 184-185. -15 қазан 2016 жыл.

11. Қазақстан Республикасы Президентінің  мұрағаты. 141-қор, 1-т., 1163-іс. Кулумбетов Узакбай. Автобиография (от 14 июня 1937 г.). /Қараңыз.: Ұзақбай Құлымбетов: естеліктер, зерттеулер, мақалалар және ғұмырнамалық хикаят. Құраст.: О.Қарабалина – Қазыбаева, Б.Мырзабай. – Ақтөбе: «NOBEL» баспаханасы, 2016. – 450 б.

12. Ақтөбе аймағының тарихи тұлғалары. – Ақтөбе: «Хабар – Сервис» ЖШС,2015. – 244 б.