Қарлықтардың рухани және материалдық мәдениеті
01.04.2018 3195
Қарлықтар қарастырылып отырған кезеңде бүкіл түркі халықтарымен бірге «Шығыс ренессансына» өз төл мәдениетімен үлес қоса алды

Әдетте «мұсылман ренессансы» туралы сөз болғанда, түркі халықтарының атқарған рөлі жөнінде ештеңе айтыла қоймайды. Әрине араб-мұсылман елдерінің зор ықпалын теріске щығаруға болмайды. Алайда, біз сөз етіп отырған әуелгі орта ғасырда түркі халқы тамаша мәдени жетістіктерге жеткенін және олар мұсылман – «араб әлемі» мәдениетіне үлес қосып қана қоймай, оның өзінің туып, дамуына белгілі бір дәрежеде алғы шарттар жасағандығын баса атап өту қажет.

VІІ-ХІІІ ғасырларда Батыс, Шығыс Түркістанда, Жетісу өңірінде дамыған қалалар, материалдық және рухани мәдениеттердің үлгілері және Ұлы жібек жолының өркендеуі, негізінен көшпенділер мен сол кедергі жергілікті тұрғындардың бірігіп еңбектенуінің нәтижесі болды.

Араб басқыншыларының қанқұйлы шапқыншылығын тоқтату, олардың ендігі жерде тек бейбіт жолмен исламды енгізуге көшуі, Шығыс Түркістанға жетпей, өздерінің бастапқы қолы жеткен жерлерінде қорғануға көше бастауы, қарлықтардың тікелей қарсылығы мен ықпалының барысында өтті.Қарлықтар саяси тұрғыдан үстемдік еткен кезеңде, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда тұратын халықтардың рухани мәдениетінің дамуында діни наным-сенімдердің қалыптасуы ерекше орын алады.

Қарлықтардың ежелден келе жатқан және исламнан кейін де маңызын жоймаған дін жүйесі — «Тәңірі», «Умай ана», «Қасиетті жер-су» болды. Ал осылардың ішіндегі қүдіреттісі — Тәңірі (Көк) еді. Оны қарлықтар туралы көп деректер келтіретін Орхон жазбаларынан көруге болады. Мысалы, «Тәңірідей», «Тәңірден жаралған», «Биікте көк тәңірі», «Төбеңнен тәңірі баспаса» деген сияқты сөз тіркестері кездеседі. Әл-Макдиси X ғасырда былай деп жазды: «Түріктер бір тәңірі, яғни тәңірі біреу дейді. Олардың кейбіреулері тәңірі дегеніміз зеңгір көктің атауы деп пайымдаса, енді біреулер тәңір деген көктің нақ  өзі дейді».

Махмуд Қашғари сөздерінде тәңірі сөзінің үш мәні берілген: құдай, аспан, ұлы. Түркілердің арғы атасы болып есептелінетін ежелгі ғұндар тәңірі (ченли) деп жалпы аспанды түсініп, соған сыйынған. Олар біздің эрамызға дейінгі III ғасырда өздерінің патшасын "Ченли гуду шаньюй" деп атаған.

Тәңірге табынуды екі тұрғыдан түсінген жөн. Біріншіден, ол сол кеэдегі адамдардың тік бағыттағы космогониялық түсініктерінің көрінісі болса, екіншіден, әлеуметтік сарында яғни көшпелі елдің дәстүрлі саяси- қоғамдық табиғатын сақтау идеясы. Бұл екі жақтылықтың өзара тығыз байланысын көруге болады. Түрік қағанаты мен оның ыдырауы кезеңінде қандай да болсын саяси, әлеуметтік немесе діни өзгерістер жағымсыз деп қатты сыналды. Қағанат бірлігі бүзылып, «тоғыз оғыз жау болғанда, аспан мен жердің де ретсіздікке ұшырауың руникалық жазуларда көрсету осыдан туған. Түркі қоғамындағы бұл жалпы «консерватизм» көрінісі түсінікті де. Ол тіршілік дамуының бір белгісі болып, дамудағы сабақтастықты, эволюцияны қамтамасыз ететіндігімен кұнды.

Түркі көшпенділерінің келесі бір табынатындары — «Умай ана» болды. Ол барлық Оңтүстік Сібір, Алтай, Орта Азия және Қазақстан территориясын мекендеген елдер арасында кеңінен тарады. Ол өзінің мәні тұрғысынан ұрпақ, жалғастырушы, байлық пен молшылықтың құдайы еді. Ұмай анаға табынушылық қазір де түркі тілдес халықтар арасында сақталған. Қарлықтар қаласы болып табылатын Тараз маңынан (қазіргі Жамбыл облысына қарасты Билікөл мекенінде) әуелгі орта ғасырға жататын Ұмай ана кескіні бейнеленген тас табылды. Ал ол тас табылған алқап Майтөбе (Умай төбе) деп аталуы кездейсоқ емес.

Қарлықтар арасында басқа да түркі тектес тайпалар сияқты жер мен суға және тауға табыну кеңінен таралған "Қарлық" этимологиясының өзі «Оғызнамеде» таумен тікелей байланысты. Жалпы түркілер табынған таулар қатарына: Ханғай (Монголиядағы), Өтүкен қойнауы, Алтай, Тянь-Шань, Қазығүрт, Ұлытау т.б. жатады.

Түркілер бұл тауларда ертеде ата-бабамыз тұрған үңгірлер бар деп түсінген. Жалпы олардың ұғымдары бойынша жер мен суды, тауды мекендейтін рух бар деп есептеп, құрбан шалып отырған, жер мен суды ерекше қастерлеп, оларды адамның пайда болуымен байланыстыру әуелгі орта ғасырда-ақ қалыптаса бастаған «Манас» эпопеясынан көруге болады.

Қарлықтардың исламға дейінгі негізгі наным-сенімдерінің бірі шаманизм болды. Оның қалдықтарының осы күнге дейін қарлықтар арасында сақталғанын байқауға болады. Қарлықтардағы шамандықтың бір белгісін әуелгі орта ғасырда кеңінен тараған сиқырлы тас туралы аңыздардың болуы да дәлелдейді. Оларда тас арқылы табиғаттың құбылыстарына әсер етуге, яғни, қар, жаңбыр жаудырып, дауыл, жел соқтыра алуға болатыны жөнінде айтылады. «Сиқырлы тас» туралы аңыздар оғыз, қарлық, қыпшақ, т.б. түркі тілдес тайпалар арасында кездесіп қана қоймай, тіпті қытай, араб деректерінде де кездеседі. Бұл аңыздардың ертеден ғұн заманында болғанын қытай деректері дәлелдейді.

ІХ-Х ғасырларда қарлықтар үстем болып тұрған Жетісу мен Сырдария өзенінің шығысында ағаштан жасалған табыну орындарын және олардың қабырғаларында бұрын болған қағандарының бейнелері салынғанын Абу Долеф хабарлайды. Бұған сенуге болатынына оның қырғыздар діні туралы берген мәліметтерінің қытай деректерімен расталуы да мүмкіндік береді. Бұдан қарлықтардың бір бөлігі әлі де болса шамандық дінде болғандығы көрінеді.

Қарлықтарға ислам дінінің енуі, олардың VIII ғасырда Орталық Азияға келуімен басталады. Қарлықтардың көшпенділік шаруашылығына сай келмейтін бұл діни наным-сенімінің таралуы алғашқыда үлкен қарсылыққа тап болды. Ол, әсіресе, Орта Азиядағы Муканна қозғалысы тұсында күшейді. Оған қарлықтар да қатысқаны жоғарыда айтылды.

Алайда, бірде күшпен, ал енді бірде миссионерлік жолмен бірте-бірте тарала бастаған ислам дінін тоқтату мүмкін емес еді. Оған қарлық бірлестіктерінің жергілікті соғды және басқа да егіншілік, қолөнері, саудамен айналысатын халықтармен араласып, отырықшылыққа көше бастауы да қолайлы өсерін тиізді.

Қарлықтардың оңтүстік- батысында ислам Фараб (Отырар) қаласы арқылы тарай бастады. Ибн Хордабек (ІХ ғ.) Фараб қаласында мұсылмандар мен түркі-қарлықтар отрядтарының тұратынын жазды. X ғасырға қарай ибн-Хаукальдың шығармасында Шаш өзені бойынша мешітте оғыздар мен қарлықтардың жиналатынын және олардың исламды қабылдайтыны айтылады. Ал Фараб, Шаш және Кенжек арасында исламға табынатын мыңға жуық түрік отбасының тұратынын хабарлайды.

Егер VIII ғасырда арабтар исламды қабылдауға шақырғанда түрікгер «біздің ішімізде не ұста, не шаштараз, не болмаса тігінші жоқ, ал олар мұсылман болып, оны тәртібі бойынша жүріп-тұрса қалай өмір сүре алады» деп жауап қайтарса, ХІ-ХІІ ғасырлардағы Қарахандар тұсындағы түркілер исламның сенімді қолдаушыларына айналған еді.

Шынында да исламның қарлықтар мекендеген территорияға ішкерілеп енуі мен оның басты діни наным-сенімге айналғандығына XI ғасырда жазылған Махмуд Қашғари мен Жүсіп Баласағұнның шығармаларындағы мемлекетті басқару, қолөнері мен жалпы қала өмірі туралы мәліметтердің жиі кездесуі де дәлел.

Сатай СЫЗДЫҚОВ, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры