Академиктің тарихи тағылымы
29.05.2018 2660
Советтік тоталитарлық қоғамның ызғарлы кезінде-ақ, Кеңес аға 38 жасында тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін иеленген еді...

Тарихты жасайтын – тұлғалар. Ұлтшыл тұлғалардың әлеуметтік қызметі негізінде мемлекет ісі алға басады. Мемлекеттің өрге басуы экономикалық шаралардан бұрын, ең алдымен рухани ілгерілеуге тәуелді екендігіне ешкім де қарсы уәж айтпас. Мемлекеттің дамуы сана еркіндігіне байланысты. Сана еркіндігі елдікке жетелейді. Жас буынды ғылым табалдырығынан еркін аттатып, ұлт игілігі үшін қызмет етсін деп жетелеген, алдыңғы толқын ағаларымыз баршылық. Әрине, аға буын тарихшыларының бәрін бірдей ұлтшыл еді деп айта алмаймыз. Олардың ішінде тарихқа қиянат жасамай, адалдықпен аянбай қызмет еткен тұлғалар өзінше бір төбе болатын-ды. Шындықты айтқызбайтын заманда да бай деректерге толы еңбектерімен ұлтқа қызмет ете білді. Солардың ерен еңбектерінің арқасында төл тарихымыздың жұртқа белгілі себептермен шындығы бұрмаланған беттері қайта жазылды. Жұлым-жұлымы шыққан тарихи санамыз түгелдене бастады. Жоғалтқанымызды тауып, жазықсыз жазаланған тұлғаларымен халқы қайта қауышты. Өкінішке қарай, аға буын талантты тарихшыларымыздың, қадірменді ақсақалдарымыздың қатары сиреп барады. Қазақстан тарихы ғылымына сүбелі үлес қосып, өзіндік сүрлеу салған қадірменді әрі қимас ағаларымыздың бірі – Кеңес Нұрпейісұлы.

Советтік тоталитарлық қоғамның ызғарлы кезінде-ақ, Кеңес аға 38 жасында тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін иеленген еді... Кеңес ағамыздың өмір жолы әрбір қазақ азаматына үлгі боларлық еді, ол кісі ұрпақ тәрбиелеуде «Білім – әлемдік, тәрбие – ұлттық» деген халық қағидасын берік ұстанған ұстаз, жол бастаушы болатын. Қазіргі таңдағы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ол кісілердің сол кездегі арманы еді...

* * *

Тарих ғылымына, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне ерен еңбегі сіңген қадірменді ғалым Кеңес Нұрпейісұлы 70 жасқа келгенде 30-дан астам шәкірті ғылыми дәрежелерге ие болған. Ғылымға баулыған шәкірттері қазақ тарихының дамуына сүбелі үлес қосуда десек те артық болмас еді.

Тәуелсіздік алған, яғни тарихи шындықты айтуға мүмкіндік туған сәттен бастап ардақты ағамыздың қаламы еркін көсілді. Совет империясының құрамында болған қазақ халқының қилы-қилы кезеңдерді бастан кешіргенін, қазақтардың қуанышынан тартқан қасіретінің көп болғандығын дәлелдеп, «Сталиншілдіктің, әкімшілдік-әміршілдік жүйенің ұйымдастырған зобалаңы қазақ халқын тарих сахнасынан кетіре жаздады» деп дәйектеді. 60 жылдан астам уақыт бойы жазбақ түгілі, атын айтуға да тыйым салынған Алашорда үкіметінің тарихи шындығын халыққа жеткізуде зор еңбек сіңірді. Саяси партия ретіндегі Алаштың тарих сахнасына шығуын және оның бағдарламалық мақсат-міндеттерін, мемлекеттік құрылым ретіндегі Алаш автономиясының ұйымдасуын, осы автономияны басқару үшін құрылған Алашорда үкіметінің шынайы тарихи бейнесін сомдады. Сонымен қатар қазақ шаруаларының қасіретін, саяси қуғын-сүргінді әшкерелейтін, 1920-1930 жылдардағы ұлтшыл тұлғаларымызды өз биігінен көрсететін еңбектер қалдырды. Еліміздегі ұлт-азаттық қозғалыстар тарихын, ұлттық мемлекеттік құрылысты тыңғылықты зерттеді. «Дискуссия по книге Бекмаханова Е.Б. «Казахстан в 20-40 годы XIX века» Стенограмма. Июль 1948 года» деген тақырыппен 2000 жылы жарияланған стенограммаға алғы сөз жазды.

Кеңес Нұрпейісұлы республикалық «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы Алматы бөлімшесінің төрағасы болды. 1991 жылы «Қазақстандағы 1917 жылдан кейінгі саяси қуғын-сүргін» тақырыбында конференция өткізуге бастама көтерді. 1916 жылғы көтеріліс, 1917 жылғы аласапыран оқиғалар, қазақ мемлекеттілігінің құрылуы мен дамуы, Қазақстан шаруаларының және шаруалар ұйымдарының тарихы тәрізді күрделі нәрселерді зерттеді. Алаш ардақтыларына арналған еңбектер жазып қана қоймай, «Алаш туралы сөз» атты құжаттық фильмге ғылыми кеңесші болды.

Кеңес Нұрпейісұлы ТМД елдеріне, тіпті алыс шетелдерге де арнайы ғылыми шақыртуымен барып, Қазақстан тарихының өзекті мәселелері тұрғысында баяндамалар оқыды.

Қазақстан тарихының іргелі мәселелерін зерттеуге ден қойған жас буынға қамқорлық көрсетіп, ғылыми бағыт берген Кеңес ағамыз ұлттың шынайы жанашыры еді. Ол – нағыз ғалым, нағыз ұстаз. Өйткені, әлдекімдерге ұқсап, өзінен асқанға іштарлық танытпай, «шәкіртім өзімнен асса» деген нағыз ұстазга тән адал ниетпен біздердің ғылым жолындағы тұсауымызды кесіп, кемелденуімізге, өсуімізге демеу болды.

***

Кеңес ағамыз өте адал, сөзіне берік адам еді. Мәриям тәте екеуінің қонақ сыйлауы да ерекше болды. Үйіне келген қонақты қадірлеп, асты-үстіне түсіп, ерекше құрметтейтін-ді. Кеңес аға мен Мәриям жеңгейді көрген жандар қызығатын, көрікті әрі жарасымды жұп болатын. Бір қызығы, екеуінің де өмір жолы ұқсас еді. Тәтеміздің әкесі кезінде Солтүстік Қазақстанда дәулетті адамдар болғандықтан, тап күресі науқанында совет өкіметі тарапынан жазықсыз қудалауға ұшырап, Алматы жағына қоныс аударады. Мәриям тәтейдің анасы о дүниелік болғанша Кеңес ағамыздың қолында тұрды.

Әлі күнге дейін көз алдымда, ағамыздың үйіне барғанда екеуі балаша қуанып, тәтей бірден шай қамына жүгіріп, ал ағамыз екеуміз оңашаланып әңгімеге кірісетінбіз. Сондай бір сәттерде ағамыздың өз аузымен айтқан естелігі көптен бері көкейде жүр еді. Соны баяндасам...

«Әкеміз Нұрпейіс ұсталғанда (шешей өмірден ерте озған), жас әйелі бірдемені дұрыс жасамай, жағалылар жағына шығып кеткен екен. Әкені алып кетті. Ағам Әлі екеуміз қалдық, ағайындардың қолындамыз. Кейін жағдай тіпті қиындаған кезде Әлі (Әлі ағамыз Қырғыз асып кеткен болатын) бір жаққа жөнелтілді. Ал, мені Алматыға жетімдер үйіне беріп жіберді. Тек кейінірек туысқан апайымыз «Нұрпейістен қалған тұяқ далада қаңғи ма?!»  деп айқай-шу көтергесін, Алматыда тұратын ағайындар қолына алған екен.

1957 жылы ҚазМУ-ды бітіріп жұмысқа орналастым, 1973 жылы 38 жасымда доктор ғылыми атағын қорғадым. Жағдай жақсарды. Бірақ, совет түрмесінен қайтпаған әкемді ұмыта алмай аңсайтынмын...

Доктор, профессор атағын алып «күшейіп» жүргенде Алматы облысының бір ауылына бара қалдық. Сөзден сөз шығып, бір таныс адамдар «осы ауылда әкең алған жас әйел тұрады. Бүгінде қартайған, балалы-шағалы. Көргің келсе алып барайық» деп қолқа салды. Қатты қиналдым, толғандым. Ол әйел бір жағынан әкемді көрсеткендердің ішінде болып, мені әкеден айырды. Ал, екінші жағынан әкем оны ұнатқасын жар қылып алды ғой. Әкемнің әйелі болған, әкемнің көзін көрген адамды көргім келіп, әкеммен кездесетіндей болып аңсарым да ауды. Ойлана келе, қолыма базарлық алып, баратын болып шештім. Ол кісі де менің келетініме қарсы болмапты. «Әкем кетсе де, мен оның көзімін. Өстім, жетілдім» деп айтпақшы болып іштей бекіндім.

Сонымен үйіне кірдік. Ол кісі тұрып қарсы алды. Ертіп келген кісілер бізді тастап шығып кетті. Ана әйел екеуміз бетпе-бет қалдық, бірақ, бірдеме айтайын десем, аузымнан сөз шықпайды. Ана кісі де қарап тұрғаны болмаса ештеңе айтпады, әрқайсымыз өз ойымызбен арпалысып, үнсіз отырдық. Біраздан кейін тұрып шығып кеттім. Одан кейін ол кісі де, мен де бір-бірімізді іздемедік» деген еді ағамыз.

«Әй, мұрт! (Кеңес аға мені кейде «мұрт» дейтін) міне, саған сюжет бір фильмге, не повеске» дегені әлі көз алдымда. Жолдасым Талғат Теменовке осы сюжетті айтып, бір фильм жасауға дайын тұрған, не болмаса бір фильм шығатын әңгіме ғой, бірдеме шығарайық!» деп үгіттеген едім, өкінішке қарай әңгіменің соңы сұйылып кетті.  

Кеңес аға әкесінің жатқан жерін көп іздеді. Айтуы бойынша Нұрпейіс ағамыз Қарағандыға (Карлаг) түсіп, сонда қаза тапқан сияқты. Әкесі туралы айтқанда көңілі құлазып кететін.

Ал бұл айтылған әңгімені Талдыбек Әліұлы Нұрпейіс былайша баяндайды:

«Иә, бұл жағдай туралы Кеңес аға екеуіміз талай рет әңгіме қозғаған едік. Нұрпейіс атамыз «халық жауы» деген айдар тағылып айдалып кеткенінде жанында Қарашаш есімді соңғы, үшінші жастау әйелі болғаны рас. Ол кісімен Кеңес ағаның кездескені рас.

Бұл жағдай 1980 жылдардың шамасында болған болуы керек. Алматы облысының Іле ауданына қарайтын бір ауылға қонаққа барғанында сол ауылдың басшы жігіттерінің бірі ағамызды ертіп апарып Қарашаш анамызбен таныстырған екен. Сый-сияпатымен барған Кеңес ағаның қандай күйде болғанын айтып жеткізу қиынның қиыны екенін өзіңіз де түсініп отырған боларсыз. Көздері мұңға толып, қайғыдан бас көтермей отырып қалатын еді. Сол кездері бір темекі тартуды әдет қылып алып еді...

Балконға шығып, бір-екі сигаретті құшырлана тартып алған соң ғана сабасына түскендей болып, әңгімесін ары қарай жалғаушы еді.

«Әкемді көрмесем де, әкемді көрген, әкемді ұнатқан, әкем оны ұнатқан адаммен кездестім... Кездесу өте ауыр болды. Көп уақыт бір-бірімізге қарадық та отырдық. Мен орнымнан тұрдым да есікке қарай беттедім. Есікке жақындаған шақта қамыққан дауыспен, өксікке толы үнмен: «Кеңес! Мен Құдайдың алдында да, әкеңнің аруағының алдында да адалмын! Бәрі Жала! Әкең жау емес! Менің кінәм жоқ! Мен ешқандай қағазға қол қойған жоқпын!» деген сөздерді айтып үлгерді. Кінәсінің жоқтығын сездім, бірақ, неге екенін білмеймін сене алмадым...» деп еді Кеңес аға мұңайған көздерімен қабырғаға қадала қарап отырып, қабырғаның аржағындағы шексіз алыстан әкесін іздегендей күйге түсіп.

Кеңес ағамыздың «сене алмадым» деуіне елдің ішінде тарап кеткен мынадай әңгіменің әсері болған болуы мүмкін. Атамызды бір түнде айдап кетіп, аудан орталығында түрмеге қамағанда, оның артынан іздеп барғандарға айтқан «Елге қадірім болмады – бетімді көреді, қатынға қадірім болмады – к..імді көреді!» деген қауесет сөздер ел ішінде кейінге дейін айтылып жүрді.

Негізінде Нұрпейіс атамыз қатын үстіне қатын алмаған адам. Атамның бірінші әйелі Қойсын әжемізден менің әкем Әлі мен тағы үш қыз болған. Қойсын әжеміз денсаулығы сыр беріп жүрген кезінде екінші әйелі Әйімжан анамызды Қойсын әжеміздің өзі атамызға алып берген екен. Әйімжан анамыздан Кеңес аға 1935 жылы туылады. Бірақ, бір жылдан кейін, Кеңес ағаның бір жасында анасы Әйімжан шемен (өкпесіне су толып кететін ауру) ауруынан қайтыс болады. Кеңес ағамызды Қойсын әжеміз бауырына басады. 1941 соғыс басталған жылы Қойсын әжеміздің дәмі таусылып, өмірден озады. Кішкентай бала-шағасы  атамыздың қолына қарап қалады.

Осы уақытта күйеуі қайтыс болған Қарашаш анамызды бұрынғы күйеуінің туыстары әмеңгерлік салтпен әйелдікке алмақ болады. Бұған көнбеген Қарашаш «Мені күйеуге беретін болсаңдар, тек Нұрпейіске тиемін, болмаса ешқайсыңа көнбеймін!» деп кесіп айтады. Барған жерінің қарсылығына көнбей, ауылда беделі бар, адамгершілгі зор Нұрпейіс атамызға Қарашаш өзінің жүрек қалауымен күйеуге шығып, жетім балаларына қамқор болғысы келген болу керек. Алайда, атамызға жала жабылып жазылған арыз хатта жеті адамның, оның ішінде, бір әйелдің қолы қойылған екен. Алты адамның барлығы да Қарашаштың бұрынғы күйеуінің туыстары болып шықты, ал қол қойған әйел Қарашаш болуы мүмкін деген болжам бар.

Сол кездегі қатігез жүйенің Қарашаштың атын жазып қол қойып жіберуі түкке тұрмайтын жайт еді ғой. Оған Алаш тарихын зерттеу барысында ҰҚК-нің архивінде жұмыс істеген Кеңес ағамыздың көзі әбден жетті ғой. Сондықтан да, Қарашаш туралы айтқанда маған сізге айтқаннан сәл бөлектеу айтып, Қарашаш анамызды ақтағандай сыңай танытып, сол кездегі советтік режимді айыптап отырғандай болады. Сол себепті де мен ол кісіні «Қарашаш ана» деп айтып отырмын. Қиын-қыстау кездерде атамыздың қасында болып, атамызды таңдап, ұнатқаны үшін де құрметтеуге лайық қой деп ойлаймын.

Бүркіт аға! Сіз бастаған әңгіменің маған белгілі жайттарының бір ұшығы осындай.

Ал Нұрпейіс атамыздың бізге кейін белгілі болған тағдыры былай. 1942 жылы сәуір айында атамызды «Ораз Жандосовтың сыбайласы, жапонның тыңшысы, шпионы» деген жаламен алып кетіп, сол жылдың 05 мамырында Алматыдағы НКВД-нің түрмесінде атып тастапты. Сол кезде атамыз небәрі 42 жаста екен. Бұл деректер Алматы облыстық прокуратурасының архивінде сақталған құжаттардан табылды. Бұл туралы Республикалық «Әділет» қоғамының «Арыс» баспасынан шығарған «Азалы кітап» топтамасының бесінші томында айтылған. Бірақ, кітапта Нүсіпбаев Нүрпейіс деп емес, Нүсенбаев Нұрпейіс деп баспадан қате басылып кетіпті.

Алматы облысы Кеген ауданының Ұзынбұлақ ауылынан  атамызбен бірге қосып тағы бір азаматты ат арбаның қосақтап байлап, жендеттердің айдауымен Алматыға жеткізіп, тергеусіз, сотсыз атып тастаған екен.

Кеңес ағамыз Алаш қозғалысының тарихын 1970 жылдардан бастап құпия зерттеп жүрген көрінеді. Оған басты себеп болған жағдай Бауыржан Момышұлымен болған жеке кездесуде Алаш қайраткелері туралы әңгіме болуы мүмкін. Тәуелсіздік алған жылдары ҰҚК-нің архивінен әкесі туралы деректерді іздеумен болды. Атамыздың Қарағанды лагерінде қайтыс болғаны туралы айтып та жүрді. Бірақ, Алматы облыстық прокуратурасының архивіндегі құжаттар осылай көрсетеді.

Бүркіт Аға! Аға туралы естелік жазып жүргеніңізге Нұрпейіс әулетінің атынан мың рахмет алғысымызды білдіргім келеді!» деп Кеңес Нұрпейісұлының інісі Талдыбек  өз сөзін аяқтады.

Кеңес аға мен Мәриям тәтенің Алматыдағы қасиетті қара шаңырағының отын өшірмей қастерлеп отырған інісі Талдыбек пен келіні Гүлнәр екеуіне алғысымыз шексіз. Ғалымның артында қалған мол мұрасын сақтап, Кеңес ағаның атында Алматы қаласында бір көшенің аталуына, жыл сайын дәстүрлі түрде Қыздар мемлекеттік университетінде «Нұрпейіс оқулары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның өтіп тұруына, ғалымның атында тарих кабинеттерінің ашылуына мұрындық болып келеді.

Ғалымның ізбасарлары Талдыбек пен Гүлнәр 2017 жылы Кеңес Нұрпейісұлының жеке бай кітапханасын, қорында 3500-ден аса құнды кітаптар мен зерттеу еңбектері жинақталған мол мұрасын шашауын шығармай, Астанадағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық кітапханасының қорына тегін өткізіп, «Академик Кеңес Нұрпейісұлы атындағы ғалым залын» аштырып, Қазақстан жұртшылығы мен ғылым сүйер оқырмандарды орасан қуанышқа бөледі. Биыл Ағамыздың туған күні қарсаңында, 14 наурыз күні Алматы қаласы мәслихатының шешімімен ғалымның өмірінің соңғы күндерінде тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта салтанатты түрде орнатылды.

***

Советтік тоталитарлық қоғамның отбасы бірлігін шайқалтып, ұлт санасына сызат түсірген тұстары жеткілікті. Адамды бір-біріне қарсы қою, айдап салудың неше түрлі қитұрқы жолдарын меңгерген советтік саясаттың лаңы да жетерлік. Кеңес ағамыздың өз отбасы тағдырына қатысты айтқан естелігі совет билігінің адами дамуға қарсы бағытталған зорлық-зомбылық шараларының бір мысалы. Советтер билігінің қылмысын айтып та, жазып та тауысу мүмкін емес. Әйелін күйеуіне қарсы қою, баланы тірі жетім етіп, тентіретіп, сәбилер үйіне тоғыту шаралары – ССРО-ның кешірілмес қылмысы!

Ағамыздың адами қасиеттері жоғары болғандығы баршамызға аян. Ол адамға, ғылымға ерекше адал жан еді! Мен докторлық қорғаған кезде әр түрлі кедергілер болып жатты. Ағамыз ғылымға деген адалдықпен мені де қатты қорғаштады. Қорғау болатын күні маған қарап: «Жағдай қалай?» – деді. «Жақсы» – деген жауабымды тыңдап, былай дегені есімде, – ендеше, мен түні бойы ұйықтай алмай шықтым, осы қалай болар екен деп?!»

Ағам ауырыңқырап жүрген кезде бір күні мені шақырып алып, қолындағы бір бума қағазына қарап: «Мыналар менің соңғы мақала, интервью, жинақтарым, мүмкін болса, шығарып бер», – деді. Мен бірден кірісіп кеттім. Кітап дайындалып жатыр, бірақ ұстаз әлсірей бастады. Үйіне жиі соғып тұрдым. Бірде Жапсарбай Қуанышевпен, бірде Бақдәулет Берлібаевпен де барып тұрдық.

Кітаптың дайын нұсқасын да көрсетіп отырамын, екеуміз ақылдасамыз. Жайшылықта басқа кітаптарды тез шығаруға тырысамыз ғой, ал мына кітапты созғым келді де тұрды. Себебі, маған кітап шықса ағамыз үзіліп кететіндей көрінді. Сол кітап «Тарихи тұлғалар» болатын.

«Тарихи тұлғалар» кітабының сүйінші данасы Кеңес аға о дүниеге аттанған күні түс ауа шықты... Ал, ағамыздың қырық күндік құдайы асын берген күні түгел тиражын шығардық.

Кеңес ағамыздың тарих ғылымына салған сүрлеу жолына түсіп талай ұрпақ жетілер, қазақ тарихының шынайы жанашырларының қатары да артар. Ағамызды, өзекті өртер өкінішпен еске ала отырып, естелікті Кеңес Нұрпейісұлының «...тарихтан сабақ алу үшін, өткенде орын алған заңсыз озбырлық келешекте қайталанбауы үшін ащы да болса, шындық қымбат екендігін естен шығармайық, ағайын!» деген сөзімен аяқтағым келеді.

 

Бүркітбай АЯҒАН, ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының директоры,

ҚР Ұлттық кеңесінің мүшесі, т.ғ.д., профессор