ОТАН - ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ
21.12.2017 11085
Қазақ Елi тәуелсіздiкке қол жеткiзген соң, жастарға ұлттық тәрбие беру уақыт талабымен бiрге келген игiлiктi мақсат екенi даусыз

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Елбасы «Туған жер» бағдарламасының ауқымы ізінше кеңейіп, «Туған елге» ұласады деп баса айтты. Патриотизмнің кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын қадап айтты [1].

Қазақ Елi тәуелсіздiкке қол жеткiзген соң, жастарға ұлттық тәрбие беру уақыт талабымен бiрге келген игiлiктi мақсат екенi даусыз. Соған байланысты жастарды жарасымды әдеттiлiкке, ұнамды iзеттiлiкке тәрбиелеу халқымыздың қасиеттi қағидасы деп бiлемiз. Мына қайшылығы мен қасiретi асқынып тұрған заманда бұл айрықша мәселе.

Қазақта «Отан – отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Шынында да әр азамат үшін Отан деген ұғымнан кейін отбасы тұрады. Отбасы Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, ортаға қосатын маңызды орта. Дананың да, ғалымның да ең алғаш тәлім-тәрбие алып, өмірге көзқарасы қалыптасатын орын, ол отбасы. Қазақ қоғамында отбасы берекесі оның толыққандығында. Ата мен атаның тәрбиесі қатар жүрген жерде жақсы азамат қалыптасарына да сенім мол.

Қоғамның қазіргі даму кезеңінде болып жатқан әлеуметтік, саяси және жаңа технологиялық өзгерістерден, ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыстардан білім мен тәрбие жүйелерінің ісін жаңа сатыға көтеру қажеттілігі туындап отырғаны мәлім. Осыған орай, бүгінгі таңда қоғамның ұлттық мәдени тұрғыдан кемелденуі жастарды өз халқының рухани қазынасымен, ұлттық тәрбиенің озық, өнегелі дәстүрлерімен тереңірек таныстыру, соның негізінде жеке тұлғаны қалыптастырып, оның шығармашылық, рухани мүмкіндіктерін дамыту көзделеді. Өйткені, еліміздің болашағы, оның материалдық және рухани дамуы жастардың білімі мен тәрбиесінің деңгейіне байланысты.

Қай халықтың тәлімгерлік тәжірибесі болмасын, ол адамзат атаулыға ортақ рухани қазынаның құрамдас бөлігі. Қазақ халқының да мәдени жетістіктерін, қанына біткен адамгершілік, имандылық, балажандық, еңбексүйгіштік, қонақжайлылық, отаншылдық, т.б. қасиеттерін танытатын тәлімгерлік тәжірибесі бар. Онда кешегі өткен данагөй қариялар, ғұлама ойшылдар, шешен-билер, батырлар мен ақын-жыраулардың философиялық болжамдарының, психологиялық пайымдауларының, педагогикалық тұжырымдарының өшпес ізі жатыр.

Әрбiр мемлекеттiң болмысын айқындайтын, сүйенетiн рухани мұраты болуы тиiс. Бiздiң қоғамдағы бұл мұраттар өзгермелi, өтпелi сипат алуда. Егемен ел болып қалыптасудың алғашқы жылдарында қазақ екенiмiздi өзгелерге таныту мәселесi алға шыққандықтан ұлттық идеология аса өзектi. Тәуелсiз ел ретiнде өзгелердi мойындатып, ұлттығымыздың өзiмiзге қажеттi мөлшерiн алып болған соң, қоғамның даму ерекшелiгiне сай, бұл күнде аса қажеттi болып отырған рухани азықты iздестiру үстiнде.

Қазақстан мемлекетінің егемен ел болып қалыптасып, өркендеп гүлденуі ұлттық біртектілікті сақтаудан басталады. Оның басты құндылықтары - ана тілі, ұлттық рух, діни наным-сенімдермен тығыз байланысты екені баршамызға аян.

Қазақ тарихын тұңғыш зерттеуші ғалымдардың бірі - Шоқан Уәлиханов өзінің патриоттық сезімін бiлдiре келiп, «Менің патриоттық сезімім ірбіт сандығындай мен ең алдымен өз отбасымды, туған-туыстарымды қадірлеймін, одан соң ауыл-аймақ, ел-жұртым, руластарымды, одан соң халқымды, одан соң Сібір орыстары, Ресей жұртын қадірлеймін», [2] - деген екен.

Абай Құнанбаевтың еңбектерін зерделеп қарайтын болсақ, оқушыларды ерлік рухта, патриотизмге баулып, намысын, ар-ожданын, адамгершілік қасиеттерін оятуды үнемi мақсат етедi. Оның «Адамзаттың бәрін сүй бауырым - деп», [3] - деген сөзі, ұлы гуманистiк идеяның айқын көрiнiсi.

Қай кезде болмасын халық игілігі үшін еңбек еткен ағартушылардың, ақын-жыраулардың барлығының мақсат-мүддесі қазақ халқын тек бірлікке, ынтымаққа шақыру, ешкіммен жауласпау, оқу білімге уағыздау, адамгершілік, адал шыншыл, өз Отанының патриоты болуға үндегенін байқаймыз. Бұл бүгінгі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «әр этностың ұлттық сезімін сыйлап, бірде-бір ұлтпен қарама-қайшылық туғызбау», [4] - деген бағытымен үндесіп жатыр.

Бүгiнгi қоғамдағы түбегейлi өзгерiстер халқымыздың ауыз бiрлiгiн, белсендiлiгiн, әр азаматтың жеке басының жауапкершiлiгiн талап етедi. Қоғамдағы келiсiм мен бейбiт өмiр, саяси тұрақтылық үшiн жан аямай қызмет ету, өз Отанына, отбасына, елi мен жерiне деген сүйiспеншiлiктен ғана туады.

Мемлекет басшысы өзiнiң бағдарламалық мақаласында идеялық мәселелерге топтасудың керек екенiн айтып, бiрiгуге шақырып, бұл мiндеттi жүзеге асыруда бiлiм берудiң, отбасы, еңбек ұжымы сияқты дәстүрлi институттардың маңызды рөл атқаратының, олардың ықпалы ерекше тиiмдi болатынын баса айта отырып, «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі.

Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жер, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», [1]. - дейдi.

Қазақстан егеменді мемлекет ретінде әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына қосылып, халықаралық қауымдастық мойындаған танымал республика болды. Қазақ халқы мемлекет құраушы ұлтқа айналды. Азаттықтың әр жылы бодандықтағы, кеңестік жүйедегі ғасырларға бергісіз уақытқа айналды. Еліміздің тарихи қысқа мерзімде қол жеткізген ғаламат табыстарын өскелең ұрпақ оқып біліп қана қоймай олардың санасында мақтаныш сезімдерін туғызуы керек.

Елбасымыз үндеу арнаған зиялы қауым өкілдері еңбек ететін біздің Мемлекет тарихы институтының ғалымдары өздерінің негізгі зерттеу жұмыстарымен қатар туған жерге арналған, өлкетану жұмыстарын жазды. Атап айтқанда профессор Бүркітбай Аяған «Ақтас - деген ауыл бар» және тарихшы-ғалым Сейітқали Дүйсен «Талапкер ауылы: кеше және бүгін» деген өлкетанушылық сипаттағы кітаптарын шығарды.

Мемлекет тарихы институты 2012 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ғылыми қазына» мақсатты бағдарламасы аясында жарық көретін «Ұлы Дала тұлғалары» сериясы бойынша мемлекет және қоғам қайраткерлеріне қатысты еңбектер жариялау ісіне қатысуда.

«Ұлы Дала тұлғалары» сериясымен «Нурсултан Назарбаев и казахстанская модель строительства государства», «Жұмабек Тәшенев», «Әлімхан Ермеков», «Ілияс Есенберлин», «Анна Панкратова» және «Кәрім Мыңбаев» атты институт ғалымдарының ғылыми-танымдық еңбектері жарық көрді.

Аталған сериялық басылымның негізгі мақсаты – қазақ тарихындағы аса көрнекті қайраткерлердің сан қырлы тұлғалық қасиеттерін ашып, олардың ұлттық руханиятқа қосқан үлестерін бағалау.

Отандық ғалымдар Тәуелсіздіктің нәтижесінде өшіп бара жатқан құндылықтарымызды түгендеп, ұмытылып бара жатқан тарихымызды әділ жазуға қол жеткізіп отырмыз.

ҚАЛИЕВ Д.Н.

Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» // Жалпыұлттық «Егемен Қазақстан» газеті. 2017 жыл 12 cәуір.

2. Ш.Уәлиханов. Таңдамалы шығармалары. - Алматы: Жазушы, 1985.

3. А.Құнанбаев. Қарасөз. - Алматы: Рауан, 1995. 4. Н.Назарбаев. Қазақстанның болашағы қоғамдық идеялық бірлігінде. - Алматы: Қазақстан, 1993.