Нілді деген – көк дәрі
17.11.2017 2732
Биыл Успенск немесе ел аузында Нілді аталып кеткен ауыл өзінің 170 жылдығын тойлады. Нілді жасыл реңкті көгілдір тас дегенді білдіреді, қарапайым тілмен айтқанда – тотияйын

Ауыл Жақсы Сарысу мен жаман Сарысу өзендерінің ортасында орналасқан. Кент пен кеніштің айналасында көк-жасыл түсті тастарды кездестіруге болады. Бұл – мыс кені.

Академик Қ.И. Сәтпаев бұл жерде мыс ежелгі заманда, осыдан мыңжылдар бұрын өндірілгенін жазған. Чуд кені, үйінділері өте қомақты өлшемде болды, кен өндіру мыңдаған тонналармен өлшенді.

1847 жылы Н.А.Ушаков деген көпес Ақмола округтік приказына бірнеше өтінім беріп, көп уақыт өтпестен Нілді және Соқыр-Саран мекеніндегі мыстың бірқатар бай кеніштерін сатып алады.

1852 жылғы 16 ақпанда Екатеринбургта Саран-Успен ауданының пайдалы кен орындарын игеру бойынша компания құрылды. Оның қатысушылары: А.Т. Рязанов (35 пай), Т.П. Зотов (35 пай), Н.А. Ушаков (20 пай) және Н.И. Севостьянов. Мыс қорыту зауытының құрылысы басталды. Бұл жерде 1855 жылдан бастап мыс өндірілді. Успен кеніші Спасск мыс қорыту зауыты үшін мыс кенінің негізгі шикізат базасы болды. Зауытқа кенді қазақтар арба жегілген түйемен, атпен немесе өгізбен тасыды. Қысы-жазы кен тиелген ат-арба мыс қорыту пештерінен түтін будақтаған Спасск зауытына қарай баяу қозғалып бара жатар еді. Бастапқыда Успен кенішінде кенді ашық тәсілмен өндірді. Кеннің құрамында 16-дан 30%-ға дейін мыс болды.

Ауыр жұмыс, материалдық жағдайдың төмендігі, адам төзгісіз тұрғын үй жайы кеншілердің жаппай ауруына әкеп соқты. 1904 жылдың аяғына қарай Успен кенішінің жертөлесінде тұратын қазақ жұмысшылары мен олардың балалары шешек ауруына шалдығады. Шешек эпидемиясы казармада тұрып жатқан жұмысшыларға да тарайды. Эпидемия одан әрі тарамас үшін округтік инженер жедел шаралар қолдануы керек болды.

1905 жылғы Успен кенішіндегі жұмысшылар ереуілі Қазақстандағы революциялық қозғалыс тарихындағы ең ірі оқиғалардың бірі болды, тап осы жерде жұмысшылардың «Орыс-қырғыз одағы» құрылды. 1905 жылы тарихта белгілі оқиғалар болып, Топорнин басқарған жергілікті қазақ және орыс жұмысшылары Ресей императорына петиция жазады. Петицияда ең алдымен әлеуметтік-экономикалық мәселелер көрсетілді: жұмыс күнін қысқарту, еңбек ақыны көтеру, жұмыс жағдайын жақсарту. Өйткені, жұмысшылар өте ауыр жағдайда еңбек етіп, кәсіби ауруларға шалдығып жататын. Ереуіл басталған сәтке дейін кеніште 334 адам жұмыс істеді, оның ішінде 269-ы қазақтар, 65-і орыстар болды.   

1907 жылы Спасск акционерлік қоғамының үш негізгі кәсіпорындары: Спасск зауытында, Қарағанды тас-көмір кенінде және Успенск кенішінде ереуіл оты жанады. Ереуілге шыққандар тұрмыс жағдайларының жақсаруын және әкімшіліктің жұмысшылармен бекіткен ымыраларын нақты қадағалаудыларын талап етті. Өңірде орын алған жаппай толқулар жұмысшылардың материалдық жағдайының біршама жақсаруына әкелді.

1907 жылдан бастап Успен кеніші Лондондық банкирлер қаржыландыратын Спасск мыс кеніші акционерлік қоғамының қол астына көшеді. Ұзындығы 40 шақырымды құрайтын «Спасск зауыты – Қарағанды кені» тар табанды теміржол іске қосылады. Бұнымен қоса, өлкенің ауыл шаруашылық өңірлерінен алыстығы және өңірде аграрлық саланың дамымауы азық-түлікпен қамтамасыз етуде біраз қиындықтар туғызды.   

1915 жылға қарай жоғары мөлшердегі мыс кенінің қоры өндіріліп болып, 3-7% мөлшеріндегі мыс кенін өндіру мен қайта өңдеуге қатысты мәселе туындайды. 1915 жылға қарай Спасск зауытының маңайында 125 қыстау, Қарағанды кенінің маңайында – 105 қыстау, Успен кенішінің маңайында – 81 қыстау болды. Оларда бұрын мыс зауыты мен кеніштерінде бұрғылаушы, кен қазушы, металлург және қара жұмыста жұмыс істеген қазақ жұмысшылары тұрып жатты. 1915 жылы өнеркәсіптегі барлығы екі мың жұмысшының 1500-нан астамы қазақ жұмысшылары болды.

1914-1916 жылдары Жақсы-Сарысу өзенінің бойындағы Дерментас төбесінің бөктерінде кен байыту фабрикасы тұрғызылды. Бұл Орталық Қазақстандағы алғашқы кен байыту кәсіпорны болатын. Фабрикада кенді ұсақтау, оны тарту және қарағанды көмірінен алынатын шайырмен флотациялау жүргізілді. 25-30% мыстан тұратын кен концентраты осы фабриканың өнімі болды. Фабриканың жобалық өнімі – тәулігіне 100 тонна, бірақ іс жүзіндегі өнімділігі аз болды. 1919 жылдың 2 маусымында өрт салдарынан екі сағаттың ішінде фабрика өз жұмысын тоқтатты. Бұл фабриканың үйінділері Жарық – Нілді станцияларының арасындағы жолмен кетіп бара жатқанда жолаушылар вагонының терезесінен осы күнге дейін көрініп тұрады.

1916 жылы кеніште 400-ден астам адам жұмыс істеді. Кеніште бу машинасы жұмыс істеп, ол көтеру қондырғысы арқылы адамдарды, кенді, жүкті көтеріп-түсіру қызметін атқарды. Бу машинасы генератор арқылы электр энергиясын өндірді. Сондықтан да Успен кеніші сол кездің өлшемі бойынша техниканың соңғы жетістіктерін қолданды.

1917 жылғы революциядан кейін зауыт жабылып, билік басына келген большевиктер өнеркәсіпті ұлттандырды.

ССРО Еңбек және қорғаныс кеңесінің 1925 жылғы маусымдағы арнайы қаулысы бойынша Успенск мыс кеніші, Спаск мыс қорыту зауыты Атбасар түсті металлдар трестіне енгізілді. Трест басшылығы жас Сәтпаевты геология бөлімінің бастығы етіп тағайындады, ол барлық геологиялық барлау жұмыстарына жауапты болды.

1928 жылы Қ. Сәтпаев «Народное хозяйство» («Халық шаруашылығы») журналында «Спасск кәсіпорнын дамыту перспективасы туралы» мақаласын жариялады, онда Успен кен орнының, Спасск мыс қорыту зауытының өндірістік әзірленімін қайта жаңғырту туралы мәселені көтерді. Мақала үлкен резонанс тудырды. 1929 жылы ССРО Еңбек және қорғаныс кеңесінің шешімі бойынша Успен кенішінде қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Жүзден аса қазақ отбасылары Успенск кентіне көшіп келіп, барақтарға қоныстанып, кеніш пен Спасск мыс қорыту зауытында жұмысқа ие болды.

Химиялық зертханаларға кендердің сынамаларын әкеліп, құрамдауыштарын, ең бастысы мыс мөлшерін анықтау мақсатында оларды ұсақтап, химиялық талдау жүргізді. Кеніш жұмысында ауыр кезеңдер де болды; өйткені, көмірді Қарағандыдан ат-арбамен таситын, ал боран-бұрқасын болған кездері көмір тасымалдау тоқтап қалатын. Бу машинасы тоқтайтын, электр энергиясы болмағандықтан сорғылар жұмыс істемейтін де, шахтаны қайтадан су басатын.  Қыстыгүні бұндай жағдай жиі болып тұратын.

1931 жылдың 20 наурызында  ҚазОАК Төралқасының қаулысымен Қарағанды ауданының аты Тельман ауданы болып өзгертіліп, орталығы болып Спасск зауыты белгіленді. 1935 жылы Жезқазған бассейнінің игерілуіне байланысты жалпы ұзындығы 414 шақырымды құрайтын Успен – Жезқазған теміржолының құрылысы басталады, ол Қарағанды көмір бассейнін Жезқазғанмен қосты.

1956 жылы Успенге жақын жерден геолог Г.И.Бедров вольфрам мен молибденнің ірі кен орнын ашады. Қайрақты вольфрам мен молибден тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталады. Успен кенішімен оған технологиялық тізбекпен байланысқан Спасск зауыты Қарағанды өңірінің орталығы саналды.

1964 жылы Успен кеніші жабылды. Мұның біраз себептері болды. 1964 жылы Қаныш Сәтпаев қайтыс болғаннан кейін, бұл жерде кен таусылды деген әңгімелер шығып, мемлекеттің алдына Жезқазғанның өндірістік базасын көтеру тапсырмасы қойылды. 1964 жылы Успен кенішінің орнында «Успенский» совхозы ашылды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін өлке құлдырап кетті. Тіпті, совет заманында тұрғызылған пионерлер лагерін де жергілікті халық талап әкеткен. Жастар кентте тұрақтамайды, жұмыс та жоқ, инфрақұрылым да жоқ. Бірақ осы өлкенің белсенділері мен осы жердің тумалары қол қусырып бос отырмайды. Энтузиасттар мен жергілікті меценаттардың арқасында күзде Успен кенішінің 170 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар өтті.

Успен ауылының тумасы, Қарағанды қаласының технология және сервис колледжінің директоры Мағзиев Жұмағали Диярұлы инвесторларды тарту арқылы Успенканы қайта көтеруге болады деп санайды, бәлкім, тіпті өз активтері, Спасск мыс балқыту зауыты туралы ағылшындар да естеріне түсіріп, Успенкаға қайтып оралар деген үміті де жоқ емес.  

С. Сейфуллин атындағы музей жетекшісі Әділет Сембеков бізге бұрын бұл жерлерде Әулиетас төбесі, бұлақ пен тас сияқты киелі жер болғанын айтып берді. Құрамында мыс болғандықтан олардың ерекше қасиеттері болған. Мыспен байытылған бұлақ суы тері ауруларын толығымен емдеп жаза алған. Отарлық әкімшілік реформалары кезінде Нілді болысы құрылды. Успенканың жанында Сейфулла әулетінің қыстауы болып, сол жерде Сәкен Сейфуллин өмірге келген. Сейфолланың әкесі қайтыс болғаннан кейін Сейфолла Мұстафа мен Мұқажанның тәрбиесімен айналысқан. Ауылда Сәкен Сейфуллин оқыған приход мектебі әлі тұр. Қазір бұл мектепте Сәкен музейі орналасқан.

Орталық Қазақстан өнеркәсібінің дамуында Успен кеніші үлкен прогрессивті рөл атқарды. Ол республика үшін кадрлар дайындау орталығы болды.

Қазір бұл өлке атқарушы билік тарапынан көмекке зәру. Біріншіден, «Туған жер», «Қасиетті Қазақстан» бағдарламаларын жүзеге асыру аясында өңір тарихын зерделеу, мәдени-тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру бойынша өлкетану жұмыстарын ұйымдастыруға болар еді және соның негізінде туристтік бағыттарды жасауға болар еді.

Екіншіден, бұл жерлерде мыс өндіруді қалпына келтіру туралы идея әлі де өзекті болып тұр. Успен жерінің астында мыс кені, алтын, күміс,  вольфрам мен молибденнің тонна қорлары қозғалмастан жатыр. Оларды өндіру Успен даласын серпілтіп, өлкенің дамуына үлкен түрткі болар еді.