Тінібай мешіті
14.11.2017 3846
«Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысының бұрындық болуымен ұйымдастырылған «Менің Елім – Моя страна» мотожорығы Семейдегі Тінібай мешітінде болды

Тiнiбай Кәукенов, ХIХ ғасырдың бiрiншi жартысында Қазақстанда товар-ақша қатынасы дамып, қанат жая бастаған кезеңде Семей өңiрiнде, қазақ арасында алғаш саудамен айналысып, 2-шi гильдi көпес атағын алған iрi саудагер, бай. Руы – уақ, Көкен болысының старшинасы. Сонымен бiрге Семей көпестері қоғамына мүшелікке қабылданып, мещанин атанған қазақ. Ол уақытта мещандардың отбасы мүшелері де түгелдей осы атаққа ие болған. Мұндай атақ патшалық Ресейде 1785 жылдан ресми түрде қолданыла бастаған. Мещандар құрамын әлеуметтік тап ретінде ұсақ буржуазия өкілдері құраған. Олар көпестер қауымдастығына мүшелік жарна, ал қала бюджетіне алым-салықтар төлеп тұрған. Сондай-ақ мүдделері заң жүзінде қорғалып, мещан екендіктерін айғақтайтын арнайы төлқұжаттар берілген. Және де бұл мещандық атақ әкеден балаға мұрагерлікке қалдырылған. 1897 жылғы Ресейдегі халық санағы бойынша мещандар саны 13386,4 мыңға жетіп, ең ықпалды әлеуметтік топ болып саналған.

Семей мешіт салу үрдісімен атағы шыққан аймақ. Семей қаласының өзінде күні бүгінге дейін жеткен ежелгі мешіттер бар.

1872 жылғы 15 желтоқсанда Семей қалалық думасы Үкіметтік сенаттан Ертістің сол жақ жағалауындағы Слободкаларды қаланың шеңберіне қосуды сұрайды. Бұл туралы Омбы мұражайындағы «Судың ар жағындағы Слободканың Семей қаласына қосылуы туралы істің» материалдарында жазылған. Судың ар жағындағы Слободкалар «Тыныбай», «Жоламан», «Тарақты» секілді шектескен үш мекеннен тұрады, онда дені қырғыздар (қазақтар. ауд.) болып табылатын 534 үй, 2686 жан тұрады» делінген. Үкіметтік сенат қалалық думаның өтінішін қанағаттандырған. Сол жақ жағалаудағы «Тыныбай Слободкасы» деп аталған қаланың бір бөлігі уақ руынан шыққан екінші гильдиялы көпес Тыныбай Кәукенов деген қырғыздың (қазақтың) есімімен байланысты. Мұны 1839 жылғы 22 тамыздағы «Семей қаласының жоғарғы жағында көшіп жүрген қырғыздардың жағдайы туралы баяндама» атты мұрағаттық материал да растайды: «...Семейлік Тыныбай Кәукенов деген қырғыз қырда сауда жасаумен айналысып, біршама қаржы жинап алды, сөйтіп қалада үй салып, 1839 жылы үшінші гильдия бойынша көпестікке жазылды». Сондай-ақ Қазақстанның архивінде «Уақ болысының старшинасы Кәукеновты Семей қаласының көпестер сословиесіне кіргізу туралы» 1842 жылғы мұрағаттық іс сақталған. Жоғарыда көрсетілген архивтік материалдар Т.Кәукеновтың шынымен Семей қаласында өмір сүргенін қуаттайды. Көпес болғандықтан ол Ертістің сол жақ жағалауынан тұрғын үй салған. Үйдің жанынан мұсылмандарға арнап мешіт салдыра бастаған.

Ескерткіштің архитектурасы «татар-сібір» мешіттері деп аталатын типке жатады, бұлардың салыну принципі православие діни сәулет құрылыстарына өте ұқсас, мұнда да бір білікке ауқымы әртүрлі құрамдас бөліктер орнатылған.

Басты ерекшелігі - исламға тән ғимараттың күмбез және тік формалы болып аяқталуында жатыр. Прииртыш православие шіркеуінің сәулет өнерінде негізгі ауқымның төрттігі шағын төрттікпен немесе сегіздікпен толықтырылса, мешітте бұл күмбездік жабын арқылы біршама басқаша шешім тапқан. Тыныбай мешітінің қабырғалары жұтаң безендірілген. Оларды тік бұрыш формалы терезе ойықтары, сондай-ақ әйелдерге арналған бөлмені жарықтандыратын негізгі ауқымның екінші қабатының төбе терезелері жандандырып тұр. Әртүрлі өрнектермен әшекейленген түтін құбырлары мен су ағар құбырлар қосымша әр береді.

Көпес Тінібай Кәукенов Ф.М.Достоевский, прокурор, Врангель сынды адамдармен ниеттес болған. Шоқан Уәлихановтың атақты Қашқар сапары кезінде жүргізілген күнделігінде Тінібайдың Қытай еліне сауда жүргізіп, керуен жүргізіп отырғаны жайлы жазылған.

Тінібай мешіті – дінімізге тосқауыл қойылған Кеңес заманында да үздіксіз жұмыс істеген бірден-бір мешіт.

 

Мақала Семей қалалық Орталықтандырылған кітапхана жүйесі материалдары негізінде әзірленді