Қытай неге көп балаға рұқсат етті?
04.09.2018 3425
Дәл қазір Қытайда бала санын шектеу туралы заңды қайта қарап жатыр. Бұған дейін «бір бала» саясатын жұмсартып, қалалық жерде 2, ауылдық аймақта 3 балаға дейін рұқсат берген еді

Енді қанша баланы бағып-қағуға шамаң жетеді, сонша баланы өмірге әкелуге мұрсат деп отыр. Неге? Күні кеше халық көбейіп кетсе асырай алмаймыз дегені қайда? Әлде еврейлер сияқты «небесная манна» тапты ма миллиард жұртты тамақтандырар?! Жоға, себебі тым қарабайыр. Олай болса, түсіндірейік.

«Бір балаға» қараған қытай қартайып барады

«Бір отбасы – бір бала» саясатының кесірінен ерлі-зайыптылар 1 ғана сәби сүюге міндетті. Әлгі балақай ер жетіп, үйленгенше оның әке-шешесі қартайып үлгереді. Әкеден бөлек үйде ата-әже деген бар. Қысқасы, 1 бала 4 зейнеткерді асырайтын күн жақындап келе жатыр. Бұл не деген сөз? 4 жұмысшы қартаяды да, оның орнын басуға тек 1 ғана адам келеді деген сөз. Осының кесірінен, әлемдегі ең арзан жұмыс күшінің арқасында экономикасын аспандатып отырған Қытай құлап қалуы да ғажап емес.

Экономикасын ұстап тұру үшін (күлкілі болса да айтайын) гастарбайтерлерге жүгінуіне тура келеді. Бір ғана дерек келтірейік: Былтыр Қытайдағы жұмысқа жарамды адамның саны 3,45 миллионға кеміген. Ал 2015-2025 жылдар аралығында 15 пен 59 жастағы кісілердің саны 24 миллионға азаяды екен. Ал 65 һәм одан да кәрі кісілердің саны 66 миллионға көбеймек. Қысқасы 2050 жылға қарай ханзу ұлтының 4/1 зейнеткер болады деген болжам бар.

Мұның соңы бюджет тапшылығына әкеп соғады. Тәйірі, мұндай мәселенің дәмін Қытай алғаш 2011-де бір татты. Иә, сол жылы көршінің 14 провинциясы зейнеткерлерге тиесілі 12,6 миллиард долларын төлей алмай қалғаны бар. Қытай атқамінерлері мәселені шешудің бірден-бір жолы – зейнет жасын ұлғайту деп ұйғарыпты.

Иә, қызмет жылдарын ұлғайту кімге ұнасын? Бірақ бұл – күннен күнге құлдырап бара жатқан Қытай экономикасын сақтап қалу үшін амалсыз жасалған амал-шарғы. Қытайдағы жұмыс күшінің азайып бара жатқаны қазірден білініп қап жатыр. Бұрын салығы аз, жұмысшысына арзан төлеймін деп Шанхай, Бейжіңге ағылған шетелдік компаниялар ақырын жылыстап жатыр. Мәселен, корейдің Samsung Electronics Co. Пекиндегі бір зауытын жауып, онысын Вьетнамнан қайта ашқаны бар. «Бақ ауып көршіге қонды» деген осы да.

«Бір баланың» бауыры, қарындасы болады

Жә, зейнет жасын ұлғайту жұмыс күшінің жетіспеушілігін шешер. Бірақ, уақытша. Себебі бүгін жұмысшының жетіспеушілігін шал-шауқанмен толықтырарсың. Ертең олар өлген соң, орнын кім баспақ?! Кім баспақ демекші, Си Цзиньпин елімізге ресми іссапармен келіп Назарбаев университетінде Абайдың өлеңін оқып бергені бар еді: «Дүние – үлкен көл, Заман – соққан жел, алдыңғы толқын ағалар, артқы толқын інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» деп.

Осы өлеңнен соң Си Цзиньпин: «Кәрінің орнын жас басуы керек. Ол үшін «бір бала» саясатын жұмсарту керек» деп шешті. Сөйтіп ресми түрде ханзу жұрты 2 бала тууға рұқсат алды.

Саясаттанушылардың көбі ҚХР билігі мұндай қадамға қос проблеманы шешу үшін барып отыр дейді. Біріншісін біз айттық, екіншісін енді айтамыз.

Кішкентай «императорлар»

«Бір баласы бардың шығар шықпас жаны бар» деген. Осыдан-ақ түсінікті шығар! Жалғызы болғасын бетінен қақпай өсіреді. Көзі неге түседі, соны әперуге тырысады. Құдды патшасындай сыйлайды. Төбесіне көтереді. Мұндай тәрбиемен (тәрбие деуге келсе) өскен бала ертең кім болады? Эгоист, әпербақан, қатігез, адамның жағдайын түсінуге тырыспайтын тоңмойын болып есейеді.

Айтпақшы, «бір бала» саясаты енгізілгелі де сол отбасында жалғыз болып ер жетіп, бой жеткендердің алды 40-қа келсе, орта буын 20 мен 30 жас аралығында. Қатігез, эгоист деп қалдық қой... Қытайда болған көп қазақ айтып жүр: «Қандайда бір ханзу қиын жағдаятқа тап болса, оны нәсілі басқа біреулер ұрып жатса немесе жарадар болып қалса, басқа бір ханзу көмектеспейді. Құдды түк болмағандай өте береді» екен. Оны қойшы.

Жалғыз өскеннен соң да шығар, басқаға мүлдем жаны ашымайды. Қытай билігі «Бір баланың» осындай кесірге әкеп соққанын көрген соң, екіншіге рұқсат берді-ау! Қош, тууды шектеу саясаты тек ата-ана мен баланың арасындағы қатынасқа емес, әйел мен еркектің тепе-теңдігіне әсер етті. «Жалғыз» деп шектеген соң жұрт тек «ұл тусам» дейді.

Не жетпейді? Қыз жетпейді!

Ер баланың қыздан бірнеше есе көп болып кетуі Қытайды кәдімгідей абыржытып отыр. Жаңа туған 100 қызға 250 ұл баладан келеді. Енді осыны миллиардқа шағыңызшы! Есебіміз дұрыс болса, 18-20 жылдан соң, 24 миллион еркек қалыңдыққа зәру болады. Отбасы құрмаған жігіт не істейді? Тапқан ақшасын ойын-сауыққа жұмсайды. Маскүнемдікке салынады. Оның-соңы төбелес, ұрлық-қарлық. «Бойдақтың барлығы бұзылмайды ғой» дерсіз. Мейлі бәрі емес, соның 1%-нің өзі Қытай үшін жеткілікті.

Ханзу жұртында да ер бала – бабалар шынжырын жалғаушы тұлға. Ал әйел – өзге әулеттің ұрпағын көбейтуші құрал ғана. Қызға қажеттілік жоқ екенін түсіндік. Сол үшін жүктілік кезінде жатырдағы ұл ма, қыз ба, біліп алуға тырысады. Бұрымды болса, алдырып тастайды (жылына 3 миллионнан астам жасанды түсік жасалады екен).

Міне, Қытай билігі бірінші боп сол үшін абортқа тыйым салды. Қулық құрық бойламайды емес пе? Енді ханзу әйелдері жүктіліктің алғашқы айларында УЗИ-ге тексеріліп, қыз болса, дәрі ішіп, түсік жасауға шебер боп алды. Компартия енді УЗИ арқылы шарананың жынысын анықтауға тыйым салды.

Мұның бәрі – мәселенің салдары. Енді Бейжің себеппен күресіп көрді. Қызды кем санайтын стереотипті бұзу үшін үлкен іс-шара бастады. Мәселен: «Университет грантына ұл мен қыз таласса, қызға көбірек жеңілдік жасаңдар. Мейлінше әйел қызметкерлер алыңдар» деген бұйрық беріп жатыр. Қаншалықты нәтижелі боларын кім білген?!

Айтпақшы, қызды қор санаудың салдары шығар, жыл сайын жетімдер үйіне 3-3,5 миллион қыз қалдырылады. Ал кей қытайлар қыздан ақша жасап жүр. Ол былай: Әйелі екіқабат екенін ешкімге айтпайды. Босанғанша күтеді. Ұл болса, жергілікті әкімшілікке хабар береді, қыз болса ешкімге тіс жармайды. Тізімде жоқ, құжатсыз өсіре береді. Ал бой жеткесін әлгі «құжатсыз қыз» інісін асырауы тиіс. Қалаға кетеді. Жезөкшелікпен айналысады. «Бір баланың» қасіреті.

Сонымен...

Дәл осы «бір бала» саясаты Қытайды ғана емес, мынау қоңсы қонған біздің де зәремізді ұшырған. 100 миллионға жуық еркекке қытайдың қызы жетпей жатыр. «Олар енді көрші елдерден өздеріне қалыңдық іздеп, ұрын келе бастапты» дегенді көп естідік. Көп жаздық. Ешқандай өтірігі жоқ. Рас сөз. Талай қаракөздеріміз қысық көздердің қойнында кетті де. Ресми Бейжің шетке шығуға талпынғандарға қолдау білдіріп, қаржылай көмектесіп те отырады. Мұның барлығы жасырын емес.

Бірақ, біз білгенді биліктегілер де білді. Кештеу болса да, есті жиып, визалық режимді қатайтты. Ресей де сөйтті. Сыналап кірудің жолы жабылды. Бірді айтып, бірге кеттік. Қайта тақырыпқа ойыссақ. «Бір бала» Қытайды бір бәледен сақтады. Оны демографиялық коллапстан аман алып қалды. Бірақ талай бәлекетке сеп болды. Оны айтып шықтық. Ал енді «екінші» баладан не күтеміз? Жақсылық па, әлде жамандық па?