Егемендігін алған ХІХ ғасырдың соңынан Қырғыз Республикасы ата-бабалары ғасырлар бойы аңсап келген осы бостандықты баянды етуге белсене бет бұрды
Халықаралық қатынаста бейбітшілікті сақтау, тарихи көрші орналасқан мемлекеттермен арадағы шекараны анықтау, Орталық Азия аймағындағы және алыс шетелдерімен әр бағыттағы тығыз қатынас орнату, ел экономикасын әлемдік нарық қатынастарына енгізу, дүниежүзі мемлекеттерімен көпсалалы келісімдер жасау жұмыстары қолға алынды. Республика халқына уақыт талабына сай білім беру, ғылым, мәдени салалардағы реформаларды іске асыру, әлеуметтік саясаттың нәтижелілігін арттыру қырғыз қоғамының негізгі іс-қимылына айналды.
Бұлардың қатарында Қазақстан Республикасымен арадағы өзара байланысқа басымдық тұрғыда назар аударылды.Өйткені «Қазақстан мен Қырғызстан тарихи тағдырлары ортақ, географиялық тұрғыдағы көрші, мәдениеті мен тілдері ұқсас, таңдап алған қоғамдық-саяси бағыттары мазмұндас табиғи стратегиялық серіктес елдер болып табылады» [1].
«Қазақстан үшін ...Қырғызстан тәрізді,-деп жазады Елбасы Н.Ә. Назарбаев аталған тұрғыда,- түркі әлемі елдерімен тығыз ынтымақтастықта болудың ерекше маңызы бар. Тарихи қарым-қатынаста болуымызға тілдік және конфессиялық туыстық, тарихи-мәдени мұраның ұқсастығы негіз болды» [2].
Негізінен алғанда, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы дербес мемлекеттер ретіндегі осындай тығыз қатынас бұл елдердің тәуелсіздіктерін алған алғашқы күндерден-ақ іске асырыла бастағандығы белгілі. Мысалы: «1993 жылдың 27-29 мамыр аралығындағы Қазақстан Республикасының Одабасы тауындағы ХҮІІІ ғасырдың аса көрнекті мемлекет қайраткерлері Төле биді, Қазыбек биді, Әйтеке биді еске алу күндерінде болған кездесуде ...Қырғыз Республикасының және Қазақстан Республикасының Президенттері нарықтық қатынас, түбегейлі мемлекеттік тәуелсіздік пен егемендік жолында әр ұлттың рухани қазынасын сақтау проблемаларын шешу барысында өзара ынтымақтастықта және тығыз байланыста жұмыс істеуге ынталы екендіктерін білдірді.
Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары Азияда қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сенім шараларын нығайту ісінде келісілген шараларды одан әрі қолдана беруге дайын екендіктерін мәлімдеді» [3].
Екі мемлекет арасындағы бірлескен іс-қимылдың барлық бағыттарындағы өзара түсіністік пен ұғыныстық, көптеген келелі мәселелерді шешудегі ортақ пікір бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқандығы айғақ.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы екі ел арасындағы осындай «Көпбағытты дамудың маңызды нәтижесі Қазақстан мен Қырғызстанның халықаралық мәселелерге арналған ұстанымдарының толыққа жуық ұқсастықтарын айқындаған ОАЫ (ЦАС),ТМД, КО (ТС), Түрік саммиті шеңберіндегі жұмыстарындағы ұстанып отырған бірмазмұнды шешімдері болып табылады.
Жұмыс барысындағы кездесулер мен пікір алмасуларда жақтардың ТМД, ОрталықАзиялық аймақ, Тәжікстандағы әскери-саяси ахуал, Ауғаныстандағы жағдай, НАТО шеңберін ұлғайтудағы қимыл ортақтастықтарына арналған бірлескен қадамдары негізделді.
Екі елдің өзарасаяси қызметтері БҰҰ, НАТО, ТМД шеңберіндегі нақты бірлескен көзқарастарды айқындауға, Тәжікстандағы ...«Центразбат» бейбітшіл батальонын негіздеуге әкелді» [1].
Егемендіктің алғашқы он жылдығында Қырғыз Республикасының үкіметі әсіресе ел экономикасын өркендету міндетін үнемі басты назарда ұстап келді. Осындай мақсатпен шаруашылыққа шетел инфестициясын тарту ісі жүйелі түрде іске асырыла бастады. Өндіріс орындарындағы, ауыл шарруашылығындағы бәсекелестікті жолға қою, өнім өндіруді молайту, оның сапасын жақсарту тұрақты түрде назарда ұсталды. Мемлекеттің шетелдермен арадағы өзара тиімді сауда, тәжірибе алмасу, мамандар дайындау, т.б. бағыттардағы байланыстарды ұлғайту маңызды шаралар ретінде танылды. Халықаралық және ішкі туризмді дамыту жолдары қарастырыла бастады. Бұл мәселе үкіметтің үнемі бақылауында болып, мемлекеттік стратегиялық міндет ретінде бағаланды. Мысалы: «Сәуірдің басында республика үкіметінің кезекті отырысы болып, онда республиканың экономикалық және әлеуметтік даму жағдайларына арналған 10-ға жуық мәселе тыңдалды.
Солардың ішінде Қырғызстанның 1997 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының нақты көрсеткіштері және оның бірінші тоқсандағы орындалу барысына басты назар аударылды. Отырыста негізгі мақсаттың орындалғаны, яғни өндірістің құлдырауының тоқтатылғандығы атап көрсетілді. Ішкі жалпы өнім өндіру өсімі 105,6 пайыз болды. Алайда биылғы жылдың бірінші тоқсанында экономикада бірқатар кемшіліктер орын алды. Индикативті жоспар бойынша өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда жалпы өсім қарқыны 119 пайыз болуы қажет еді, нақтысында 103,8 пайызға ғана жетті.
Осындай оңсыз жағдайларға ең алдымен инфляцияның қарқынды өсуі, айырбас бағамының жылдам төмендеуі және, ең бастысы бірнеше ірі өндіріс орындарының өндіріс көрсеткіштерінің алғашқы жоспарланғандарынан ауытқулары болып табылады.
Орын алған құбылыстар макорэкономикалық болжау әдістері мен қазіргі экономикалық ахуалдың сараптамасын жетілдіруді талап етеді. Осындай жағдайдың орын алуына байланысты үкімет жекелеген министрліктер мен ведомстволарға әр айға арналған нақты жоспарларды айқындау және оның орындалуына жетісуді тапсырды» [4] деген ресми деректер осыған дәлел болатындығы белгілі.
Тәуелсіздіктің бастапқы мерзіміндегі республикадағы қалыптасқан күрделі жағдайдың қатарына босқындар мәселесін шешу жатты. Себебі, осы мерзімдегі Орталық Азия елдеріндегі, соның ішінде Ауғаныстан, Тәжікстандағы орын алған шиеленісті саяси, әлеуметтік ахуалдың әсерінен осы елдерде тұрып ұзақ мерзімнен тұрып келе жатқан қырғыздардың тарихи отандарына орала бастауларына әсер етті. Ал бұл құбылыс ешқандай да мемлекеттер аралық келісімдерсіз, құқықтық негізсіз іске асырыла бастады. Ал мұның өзі осы уақытта мұндай нәтижеге дайындалып үлгермеген Қырғыз Республикасының экономикалық, әлеуметтік ахуалына күрделі тұрғыда әсер ете бастады. Атап айтқанда, мәсенленің барысын баяндайтын тарихи деректе: «1 сәуірге Қырғызстанда 17 мыңға жуық босқында тіркелді. Тағы да 1,5 мың адам ресми статус алуға ұсыныс беріп отыр. Өз отандарын тастап келушілердің басым көпшілігі Тәжікстан мен Ауғаныстанның бұрынғы азаматтары. Сонымен қатар ішкі миграция ның анықтамалығы да таңдандырады: екі жылда оңтүстіктен солтүстік облыстарға 116 мың адам қоныс аударған.
Ауғаныстандағы әскери қақтығыстың көктемгі ушығуы мен асулардың ашылуы «босқын» адамдардың молаятындығын көрсетеді.
Босқындар мәселесін қаржылай қамтамасыз етумен қазір халықаралық ұйымдар айналысуда. БҰҰ ...өткен жылы бұл мақсатқа 390 мың доллар қаржы арнады. Биылғы жылға одан да мол, -550 мың доллар бөлінді.
Ош облысындағы шекаралық Чон-Алай ауданындағы Джарбашы және Карамық ауылдарында 3 мың орындық палаткалық қалашық орналастырылған.
Қырғызстан үкіметі бұл мәселені негізінен теориялық тұрғыда шешуде. Республикалық бюджетте босқындарға арналған шығындар бабы қарастырылмаған.
Аталған маңызды мәселе пайда болған төрт жыл ішінде босқындар жағдайына арналған құқықтық негіз жасалмады. Тек Босқындар туралы уақытша Ереже ғана бар. Қазіргі күні Жоғарғы Кеңес комиссияларында тиісті заң жобасы талқылануда» [5] делініп, бұл істі ойдағыдай шешудің қажеттілігі айтылған.
Осы мерзімдерде Қырғыз Республикасы білім, ғылым, әлеуметтік-мәдени даму мәселесін де үнемі назарда ұстап, бұл бағыттарда жүйелі жұмыстар атқарылып келді.
Мысалы, 1997 жылғы ресми құжаттарда баяндалғанындай: «Республика вице-премьер министрі Мира Джанғарачева бастаған Қырғызстан әйелдерінің Үндістанға сапары аяқталды. Делиде мемлекет, саяси және қоғам қайраткерлерімен, солармен бірге Үндістанның көптеген әйелдер ұйымдары және қозғалысы жетекшілерімен кездесулер мен әңгімелер өткізілді.
Осылардың ішіндегі негізгісі оның барысында білім беру және мәдениет саласында, айтылғандармен қатар екі елдің мәдени күндерін өткізудің бағыттары мен мазмұнын айқындаған Үнді мәдени байланыстар кеңесінің директоры Мира Шанкармен болған кездесу болды.
М. Шанкар ханыммен болған әңгімеде қырғыз жағы тарапынан 1996 жылдың қыркүйек айында Бішкек гуманитарлық университетінде (БГНУ) ашылған М. Гандидің ілімдерін насихаттауға арналған орталықты жабдықтауға көмек көрсету сұралды. Сонымен қатар Кеңес басшылығына БГНУ-да хинди бөлімін ашу жоспарланып отырғаны және 1997 жылдың қазанында «М.Ганди: Төзімділік идеясы және қазіргі заман» атты конференция өткізілетіндігі туралы айтылды.
...ТМД елдерінің ішінде Қырғызстан Ресейден кейін Үндістанмен туристік байланыс жөнінен екінші орын алатындығын айта кету керек. 1996 жылы ғана 3,5 мыңнан астам қырғыз туристері Үндістанда болып қайтты» [6].
Көрсетілген мерзімде Қырғызстанның Өзбекстанмен, Қазақстанмен арадағы ғылым, мәдени, т.б. саплалардағы байланыстары жаңа сатыға көтерілді. Бұл елдермен аталған салада көптеген келісімдер жасалынып, нақты істер атқарылды. Мысалы: «Қырғызстан Республикасының Президенті А.Акаев «Қырғыз-Өзбек жоғары технологиялық колледжін Қырғыз-Өзбек университеті» етіп негіздеу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл ЖОО елдің оңтүстігіндегі Өзбекстанмен шекаралас Ош қаласында орналасқан. Және де мұндай Жарлықтың қабылдануының негізгі мақсаты республиканың оңтүстіктегі жастарының жоғары білімге деген қажеттіліктерін қамтамасыз етумен бірге ұлттаралық келісімді нығайту болды.
...1996 жылдың соңындағы Қырғызстандағы қоғамдық-мәдени өмірдегі маңызды оқиға Ш. Айтматов пен М. Шаханов жазған «Ночь воспоминаний о Сократе или Суд на шкуре туполобого» атты спектакльдің премьералық қойылуы болды. Қырғыз академиялық театры қойған бұл пьеса жылдың ең үздік спектаклі деп аталды.
Қырғыз баспасөзі жазғанындай, спектальге алғашқы премьерасы кезіндегідей әрқашан толық зал жиналады, және журналистердің пікірлерінше театрға осындай келу соңғы он жылда болмаған» [7].
Тәуелсіз Қырғызстанда егемендіктің алғашқы жылынан-ақ қырғыз тілін жандандыру, оның пайдалану деңгейін көтеру ісіне ерекше назар аударылды. Cебебі, оның елдегі ресми тіл ретінде қолданылуын барша қырғыз қоғамы талап еткендігі белгілі. Алайда бұл саяси шараны толығымен жүзеге асырудың өзіндік қарама-қайшылықты мәселелері де орын алғандығы белгілі.Міне сондықтан да бұған қарамастан қырғыз тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеру өзекті іске айналып, оны іс жүзіне асырудың шаралары қабылданып, орындалуына тұрақты түрде назар аударыла бастады. Мемлекеттік тілді дамыту үкіметтік орындармен қатар Ел Президенті Асқар Ақаевтың назарында болды. Бұған: «1997 жылдың 25 наурызындаБішкек қаласында оған Қырғызстан Президенті А.Ақаев қатысып, сөз сөйлеген мемлекеттік тіл мселелеріне арналған кеңес өтті.Мемлекет басшысы өз сөзінде «Мемлекеттік тіл туралы» заңды іске асырудың нақты қиындығы елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың нашарлауынан екендігін атап көрсетіп, мемлекеттік тілдің одан арғы тағдырына ерекше назар аударды.
Субьективті себептерге тоқтай отыра, Президент Қырғыз Республикасының егемендігін алуы басқа ұлт азаматтары үшін белгілі тұрғыда алаңдаушылық тудырды және қырғыз тіліне мемлекеттік тіл дәрежесін беру бұл азаматтардың оған деген белгілі көлемдегі салқындығына әкелді. Келесі себептің бірі «Тіл туралы заңды» іс жүзіне асыруға жауапты Үкімет және басқа ұйымдар соңғы уақытта өздерінің бұл іске деген назарын едәуір тұрғыда нашарлатты деп көрсетті.
...А.Ақаев мемлекеттік тілді қалыптастырудың нақты жолдарының жүзеге асуы мемлекет тарапынан тиімді істерді атқаруға байланысты екендігіне тоқтады. Президет қырғыз тілін дамытудың жекеленген мәселеріне ерекше тоқтады» [8] деген мұрағат дерегі айғақ болады.
Қорыта айтқанда, өзінің бостандығын алған алғашқы уақыттарда мемлекет, жалпы қырғыз қоғамы тарапынан елдің саяси, экономикалық егемендігін қамтамасыз етуде көптеген істер атқарылды. Қырғыз Республикасы БҰҰ мүшелігіне өтті. Мемлекет Орталық Азия аңғарындағы барлық беделді халықаралық бірлестіктердің құрамына енді. Олардың қатарында ТМД, ШЫҰ, Кеден Одағы, т.б. бар. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығындағы атқарылған көпбағытты жұмыстардың барысында республикада саяси, экономикалық, әлеуметтік саладағы тұрақтылық орын ала бастады. Тұрғындардың мемлекеттің дербес дамуына деген сенімі арта түсті. Халықтың басым бөлегінің Елдің болашағын бүгінгі заман талабына сай айқындау жолындағы белсенділігі қалыптасты.
Ғани ҚАРАСАЕВ,
т.ғ.д., ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты
Әдебиеттер:
1. Архив Президента РК, ф.75-Н, о.1,д. 2955, л. 116
2. Назарбаев Н.Ә. Тәуелсіздік дәуірі.-Астана, 2017, 310 б.
3. Оңтүстік Қазақстан газеті, 1 маусым 1993 жыл №64, 3 б.
4. Архив Президента РК, ф.75-Н, о.1, д.2958, л. 50
5. Архив Президента РК,ф. 75-Н, о.1, д. 2958, л.52
6. Архив Президента РК, ф. 75- Н, д.2963, л.8
7. Архив Президента РК, ф. 75- Н, д.2963, лл.9,10
8. Архив Президента РК, ф. 75-Н, о.1, д. 2963, л.7