Империялар хроникасы
28.07.2017 3446
Қазіргі уақытта демократияның дамуы есебінен ұлттардың өзін-өзі таңдауына жол ашылды. Басқа халықтарға өктемдігін жүргізіп келген көп ұлтты алып империялар ыдырады

Солайы солай ғой десек те, қомағай  империялар дәуірі келмеске кетті ме? Бәлки оның формасы өзгергенімен, мазмұны сол күйінше қалған шығар! Осы сауалдарға жауап бермес бұрын, бір деммен тарихи шолу арқылы хронологиялық тәпсір әңгіме айталық.

Ықылым замандарда қаруы күшейген, халқы көбейген қуатты  мемлекеттер әлжуаз көршілерін қарумен қан-қақсатып жаулап алды. Кейде әбден есіріп, шектен шыққанда ана басы мен мына басына айлап жүрсең шыға алмайтын алып территорияларда «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болатын империя құратын.

Б.д.д. І-ІІ  мың жылдықтарда Шығыста аса қуатты Ассирия мемлекеті құрылды. Оның орталығы Қосөзен аралығында орналасты. Ауызбіршілігі нығайып, қарымы қатайған Ассирия бұған дейінгі айналасына аты шығып, даңқы дүркіреген Вавилон, Элам, Мысыр, Израил секілді державалардың қабырғасын сындырып, ордасын талқандады. Бірақ, б.д.д. 612-інші  жылы Ассирияға да Алланың зауалы келіп жетті. Оның бір заманда өзі бағындырып, боданы қылған көрші елдері астыртын бірігіп, Ассирияның астынан ор қаза бастады.  Аңдыған жау алмай қойсын ба? Ақыры Ассирияны сол орға құлатып тынады.

Енді оның орнына б.д.д. 69-ыншы жылы Парсы мемлекеті пайда болды. Ахеменидтер тайпасынан шыққан Парсы патшалары Таяу және орта шығыс, кіші Азия мен батыстағы Арменияны, орта Азияны және шығыста Үнді жазығын өзіне бағындырып, бодан қылды. Осылайша  Ахеменидтердің билігі әлемнің үш тарапына тең тарады. Парсылар Африка құрлығында құлпырып тұрған Мысырды жаулап алса, Еуропада олардың билігі солтүстіктегі Балқан тауларына дейін созылып кете барды.

«Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығар» деген рас екен. Ал құдіреті күшті Ахеменидтер державасын  336-323-інші  жылдары  ұлы қолбасшы Ескендір Зұлқарнайын тас-талқан етіп жеңіп, ту-талақай етіп тонады. Жер жаһанды жаулап алған Македонский империясының құрамына Адриатика теңізінен Үндіге дейінгі жерлер кіріптар болып қалды. Бұл империяның да ғұмыры ұзаққа бармады. Македонский ажал табысымен, алып империя ыдырап сала берді. Кейінірек б.д.д. ІІ-І ғасырларда күйреген державаның орынына Рим империясы құрылады. 

Ал енді Азияның шығысына келер болсақ, бұл да бір түнге жүк боларлық әңгіме. Алғашында қытай патшалары, яғни ваңдардың иелігіне Хуаңхы өзені бөліп жатқан орта жазықтық жерлері ғана кіретін. Ол   мемлекет кейін таңғаларлықтай күшейіп, б.д.д. ІІІ ғасырларда Цинь әулетінің патшалары көршілерін жаулап ала бастады. Сөйтіп олар Ди титулын (император) алды.

Қытай патшалығы Цинь әулеті билеген уақытта көптеген көрші Вьет, Юе тайпаларын бағындырып алпауыт империяға айналды. Біздің заманымыздың басында өркениетті Еуразия далаларын төрт держава  бөліп алды. Батыс әлемі Жерорта теңізі мен Еуропаның басым бөлігі Рим империясының құрамына кірді. Жерорта теңізінің шығыс жағы орта Азия жерлері Иран патшаларының иелігіне қарады. Орта Азияның басым бөлігі Үндістан жерінде көшпелі тайпалардың мемлекеті Кушан патшалығы  құрылды. Ал Қиыр шығыста болса аты аталған қуатты Қытай державасы олармен бір мезгілде өсіп келе жатты. Бұл мемлекет аталған төрт державаның ішіндегі халық саны көп әрі қуаттысы еді. Хань әулетінен шыққан императорлардың билігі тұсында қытай билігі тек Қытайдың өзіне ғана жүріп қойған жоқ, сонымен қатар Орталық Азия, Корея, Вьетнам жерлеріне де тарады. Кіші-гірім мемлекеттер империя не айтса соны істеуге мәжбүр еді. Егер де шабақ мемлекеттер империя талабын орындамаса, оның қаһарына  ұшырап, қатаң жазаланатын. Тіпті, кей кездері империяның тілін алмаған қыршаңқы кейбір мемлекеттер жер бетінен біржола жойылып кететін. 

Б.д.д. 224 жылы Парфия патшалығы құлап, оның орнына Сасанидтер әулеті билеген жаңа Парсы державасы құрылады. Кушан патшалығының біраз жерлерін осы Сасанидтер билеп алса, Үндістандағы  бөлігін жергілікті Гупт тайпалары жаулап алады. Бұрынырақта бұл тайпа Үндістанның солтүстігін билейтін. Бірақ та мұндай өзгерістер халықаралық қатынастарға айтарлықтай өзгеріс әкелмеді.

Б.д V-VII ғасырлардағы халықтардың ұлы қоныс аударуы, ежелгі державалардың барлығын жойды. Еуразия өркениетін әбден тығырыққа тіреп, батыста қара түнек заман орнатады. Жалпы, бұл үдерістерге қозғау салған ғұн тайпаларының шығыстан батысқа қарай жылжуы болды. Аталған қозғалыс б.з.д. ІІ ғасырдың ширегінеде басталып,  б.з. IV ғасырына дейін созылды және Қазақстанға да этникалық-өркениеттік тұрғыда үлкен әсерін тигізді. Яғни, жергілікті сақтекті,  үйсін, қаңлы тәрізді ру-тайпалардың шығыстан батысқа қарай көшуіне жол ашты. Бұдан әріде, ғұндар Еділден өтіп, Керчь бұғазы арқылы ішкерілей еніп, Босфор патшалығын талқандады. Бүкіл Қара теңіз жағалауынан Днестрге дейін аралық ғұндардың қол астына қарады. Көп ұзамай, 376 жылы ғұндар Рим империясы шекарасына тақап келді де, басқыншылық жорықтарын бастады.

Осымен параллель, ғұн тайпаларының соққысынан 304-318 жылдары ішкі қырқыс соғыстардан әлсіреген Қытай делжавасы құлайды. Ізінше қуатты Қытай  державасының солтүстігінде варварлар мемлекеті құрылды. Қытай императорларының билігі оңтүстік аймақтарға ғана жүретін. Құрлықтың басқа аумағында да дәл осыған ұқсас жағдай қалыптасады. Батыс және Шығыс болып екіге жарылған Рим империясы варвар тайпаларының  тегеурінді шапқыншылылығына төтеп бере алмады. 476-493 жылдары германдықтар батыс Рим империясын түгелдей жаулап алады.  Бұл үдерісте аз уақыт үстемдікке ие болған батыс өлкелерде Еділ патша құрған ғұндар империясының де рөлі зор болды. Осы аралықта Шығыс Рим империясы – Византия бұрынғы державаны қалпына келтіруге бар күшін жұмсайды. Бірақ VІІ ғасырдың өзінде Византия славян, араб, көшпенді авар тайпаларының шапқыншылығын әрең тойтарып отырды. V ғасырда көшпенді тайпалардың соққысына шыдамаай Гупт державасының да тас-талқаны шықты. VІІ ғасырда қасиетті соғысты желеу еткен арабтар, Сасанидтік Иранның қабырғасын сөгіп, ордасының ойран ботқасын шығарды.

Империялар дәуірі мұнымен аяқталған жоқ. Жаңа өркениеттердің тууымен, жаңа империялардың негізі қаланып жатты. Айталық, 552 жылы Ұлы далада ғұндардың мұрагері – түркі қағанаты шаңырақ көтерді. Оның құрамына солтүстік шығыс Маньчжурия, Моңғолия, Алтай, Шығыс Түркістан, Батыс Түркістан, Орта Азия, Қазақстан және Солтүстік Казказ территориялары кірді. Ол өзге шекаралас империялармен аймақтық гегемония үшін үздіксіз күрес жүргізді.

Солтүстік Қытайдағы варварлар билеушілері 589 жылы оңтүстікті  жаулап алса, 618 жылы біріккен Қытайда Таң әулеті билікке келеді. Таң әулеті билігі кезінде Қытай державасы өте сәтті империяға айналады. Бұл жөнінде жылнамашылар «Қытай Хань әулеті билік құрған жылдардың өзінде мұндай күшті болмаған болатын» деседі.

Өз кезегінде, қасиетті Ислам діні мұсылман қауымына нәсіп болған соң арабтар VІІ-VІІІ ғасырларда Азия мен Шығыс Африканың көптеген территорияларын жаулап, бірі-бірімен басы піспей қырық-пышақ болып қырқысып жатқан тұрпайы тайпаларды бір орталыққа бағындырды. Осылайша, тоқыраған территорияда әдемі салтанатпен Араб халифаты құрылды.  Енді осы аймақтың бәріне қасиетті дін – Ислам  тарады. Дәл осы кезде бір-бірімен соғысып жатқан Еуропаның батыс бөлігі 800-інші жылы германдықтардың қол астына бірігеді. Ал Балқан түбегінде  атақты  Византия империясының қабырғасы қайта қатайып келе жатты.  ІХ-Х ғасырларда Киев Русі де Шығыс Еуропаның басым бөлігін өзіне қаратып алды. Бұл  мемлекет тарихта «Рюриковичтер  империясы» деген атпен қалды.

Еуразияда қалыптасқан осы империялық жүйе орта ғасырлар кезінде  мұрты бұзылмай аман-сау сақталып қалды. Бірақ, олардың негізінің мүжіле бастағаны байқалып қалды. Осылай бола тұрса да, діни сенімнің бірлігі әр аймақта мемлекеттік шекара мен билеуші титулына құрметпен қарауды қамтамасыз етті. Шіркеулерде шіреніп отырған дінбасылар діннің жүрекке әсер ететін уағызын пайдаланып, бұқара халықты патшаларға қарсы шықпауға тәрбиеледі. Себебі кез келген діннің көзқарасы бойынша «патша тағына Тәңірдің таңдауы түскен киелі адам ғана отыра алады». Сондай тарихи бұрылыстың бірінде, яғни 961-інші жылдан бастап Германияның жолы болып, билік тізгіні қолға тиген ақсүйек феодалдары батыс императорларына айналады. Сол уақыттың өзінде Франция қарымы күшті, қаруы мықты  бола тұрса да, бұл тәртіпке қарсы келіп таласпады. Герман ұлты  құрған  қасиетті Рим империясының тағылымды тарихы Наполеон соғыстары кезінде өмір сүруін  біржола тоқтатты. Яғни, 1806 жылы олар тарих сахнасынан кетуге  мәжбүр болды.  Византия  мен  Русь те  көптеген қиыншылықы бастан кешті. Олар біресе құлдырап, біресе өркендеп   отырды.

1453 жылы Түрік османдарының тегеурінді соққысына шыдамаған Византия біржола жермен-жексен болды. Оның алынбас қамалын түріктердің ұзындығы 8 метрлік алып зеңбіректері әп-сәтте шұрқ тесік қылды. Бұған дейін Християн әлемінің тірегі боп келген Византия аяқ астынан қираған соң, православ әлемнің орталығы ойламаған жерден Русь болып шыға келді. 1547 жылдан бастап Ресей князьдары «Патша» титулын иемденетін дәрежеге  жетті. Орыстың желкенді кемелері жер шарының түкпіріне жетіп, қуатты қарулары күшейген соң, орыс патшалары ескі титулды місе тұтпай, 1721 жылдан бастап император атана бастады.

Шығыс Африка мен Азия құрлығында осы кезде аласапыран заман орнады. Мұнда отырықшы халықпен басы піспейтін көшпелі тайпалар оларға жиі-жиі  шапқыншылық жорықтар жасап жатты. Ынтымағы ыдыраған Араб халифатының орнына ХІ-ХІІ  ғасырларда көшпелілер империясы келді.  Селжук, таяу және орта шығыста Хорезм, солтүстік Африкада бербер халықтарының мемлекеті құрылды. Бірақ олардың  ғұмыры қамшының сабындай қысқа болды. Еуразия даласынан, Африка шөлінен шыққан басқыншылардың қатал тепкісіне шыдас бермеген бұл мардымсыз мемлекеттер  қысқа мерзім ішінде туы жығылып, ордасы ыдырап кетті. Бұдан кейін әлемдік сахнаға тек моңғолдар империясы ғана жолдама алды. Айлакер де айбынды Шыңғысхан мен оның қайсар ұрпақтары бір орталыққа бағынған көшпелілердің ортағасырлық ең қуатты империяны құрды.  Шығыс Еуропа мен Еуразияның құжынаған халқы басшысынан бастап қосшысына дейін тек моңғолдардың ғана әмірімен жүріп-тұратын болды. Айбаты асып, мерейі өзгелерден үстем түскен моңғолдар керек десеңіз, «анау-мынауды менсінбейтін кәрі айдаһар» Қытайды да құлатып, төбесіне өз туын тікті. 

XIII ғасырдың аяғына қарай, Моңғол империясы да тарих заңдылығымен әлсіреп, іргесі сөгіле бастады. Моңғол қағанаты төрт бөлікке, Моғолстанға, Қытайға, Персияға, Алтын Ордаға (кейіннен оның «шекпенінен шыққан» Руске) бөлініп кетті.   

Мұнан кейінгі  кезеңдерде XVI ғасырда бұрынғы түркі-монғолдық элементтен толықтай арылған һәм жаңа түркілік негіздегі бірнеше ірі империялардың қалыптасуы аяқталды. Шығыс жерорта аумағында Осман империясы, Иран мен оған көршілес жерлерде Парсы, Үндістанда Ұлы Моғол, қиыр Шығыста Қытай державасы пайда болып, бас көтерді.  Солай бола тұрса да, өз аймағындағы барлық күшті бір қолда ұстап отыратын дәстүрлі империялар дәуірі жоғала бастады. Шығыстың ең ұлы деген державаларының бірде-біреуі батыстың отты қаруы мен зілдей зеңбірігіне   қарсы тұрып, күш сынасуға шамалары жетпеді.

XV ғасырдан бастап Батыс Еуропа отарлық саясатты жүргізе бастайды. Әлі де император титулы мәртебелі саналып, осы атағы үшін XIX ғасырда Франция, Аңглия, Германия, және Австрия таласады. Енді император тәжін иелену үшін өз жерлерінен тыс отар жерлері болуы тиіс еді. Алғашқылардың бірі болып Испания мен Португалия отарлық империя құрды. Испан королі І Карл Габсбургтің (1519-1556 жылдары ол қасиетті Рим империясының импертаторы да саналды) жерлері әлемнің түкпір-түкпірінде шашырап жатты. Тарих сахнасына осы кезеңде жаңа отарлық державалар Ұлы Британия, Франция, Голландия шығады. XIX ғасырдан бастап Британия Ұлы отарлық империяға, ал жауланған Үндістан «ағылшын тәжіне тағылған  қымбат  маржанға   айналады».

XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында империализм концепциясы, яғни мемлекеттің ұлылығын отарлық басқыншылықтардың есебінен қамтамасыз ету жүйесі жасалды. Бұл саясат өзін-өзі толығымен ақтады деуге болады. Отарлардағы барлық құндылық метрополияға ағылып жатты. Батыс державаларының әскерлері жер шарының барлық бөлігінде әрекет жасады. Отар жерлерді жаулап алу бәсекесіне енді Германия, Италия, АҚШ, Ресей, Жапония араласты.

Әлемді қайта бөліске салу І Дүниежүзілік соғысты туғызды. Ал бұл болса империялық саясаттың өзгеруіне әкелді. Яғни, күшті экономика және саяси ықпалдылықты қамтамасыз ету үшін теңіздің арғы жағында үлкен отарлық аймақтардың болуы міндетті еместігі анықталды. АҚШ отарлы империя болмай-ақ соғыстан көп зиян шекпеуінен есебінен батыс әлеміндегі Ұлы Британияның жетекші рөлінен ығыстырып шыға бастады. АҚШ өзінің саяси және эконимикалық мүддесін қарудың күшімен де қорғап отырды. Оған дәлел Латын Америкасында болған оқиғалар. Ал 1939-1945 жылдардығы  II Дүниежүзілік соғыстағы жеңістен соң, АҚШ «ескі әлемде» Латын Америкасындағыдай саясат жүргізуге болатындығын іштей сезінді.

Совет Одағы болса мүлдем басқа жолмен дамыды. Экономикалық даму жағынан АҚШ-тан да Еуропадан да көп артта қалды. Есесіне көптеген елдерде коммунистік идеяға деген сұраныc пайда болды. II Дүниежүзілік соғыс кезінде нацизмді жеңу жолында ССРО-ның атқарған рөлі жоғары болатын. Бұл жағдай Еуропа мен Азияның көп бөлігінде ССРО-ның ықпалының артуына септігін тигізді. Кейінірек бұл бедел советтік идеялардың әлемнің басқа да бөлігіне таралуына әсер етті. Нәтижесінде  әлемде екі полюстік жүйе қалыптасты.

1991  жылы Совет империясы ыдырады. ССРО мен АҚШ арасындағы 50 жылға созылған «қырғи-қабақ» соғыс аяқталды. Екі полюстік жүйенің біреуі ғана қалды. Алайда, АҚШ осыны пайдаланып, өзінің империялық статусынан бас тартқысы келмеді. Керісінше АҚШ жаңа қалыптасқан бір полярлы жүйені өзінің уысына қыса түсті. АҚШ басқа аймақтарды қарулы акциялар жүргізе бастады. XXI ғасыр басталмай-ақ АҚШ армиясы және оның арнайы қызмет орындары Ауғанстанда, Иракта, Колумбия, Филиппинде әскери әрекеттер жүргізуге кірісті. Америка әскерилері Балқан, Арабия жарты аралының көптеген елдерінде өздерінің базаларын орналастырды. АҚШ әлі күнге дейін өзіне бағынышты және отар болып келген елдерге тәуелсіздігін берген жоқ. Олардың қатарына Пуэрто-Рико Шығыс Сама аралдары жатады. Мұның барлығы қазір әлемдік қауымдастықта алаңдаушылық туғызып отыр. АҚШ жақын арада жалғыз империя дәрежесінен айырылуы әбден ықтимал. Өйткені, өте тез, шапшаң  дамыған Қытай ертегідегі Алпамыстай сағат санап өсіп, күннен күнге күшейіп келе жатыр. Қытайдың бұрыннан келе жатқан түпкі мақсаты – өз «полисін» құру болғанын ескерсек, әлі алда талай текетірестер шоғыры күтіп тұр деп батыл болжам жасай беруге болады.

«1 миллиардтан астам халқы бар елмен әлем санасуы керек» деген амбицияға сүйенген Үндістан да ядролық қаруға ие болып, ұлы державаға айналу үстінде. Жалпы, адамзат баласына пайдасынан залалы көп империялық саясаттың тарих күресініне тасталмағаны бүгін де түсінікті болып отыр.

Ерболат МАМЫРАЙХАН