Әркім білуге тиіс ғұндар туралы 6 дерек
04.08.2017 3087
Аттиланың мақсаты Рим-Византия империясының мызғымас билігін жою еді. 415 жылы 22 маусымдағы Каталун даласындағы шешуші ұрыста ғұндар Римнің біріккен әскерінің шебін бұза алмады

Тарихта «Халықтар шайқасы» деген атпен қалған Атилланың ғұн-германдықтары мен Аэций басқарған Батыс Рим мен вестготтар арасындағы ұлы шайқас әлі күнге қызу талқыларға негіз. Кейбір деректерде 20 маусым, енді бір деректерде 20-шы маусымнан кейін өтті деп келетін Каталун даласындағы ұрыста ажал құшқан аламан санына қатысты пікірлер де сан алуан. «Алды 165 мыңды атаса, соңы 300 мың адам қарап болды» дейді тарихшылар. Қалай десе де, өркениеттер дамуында зор ықпалын тигізген ұлы көштің басты себепшісі – ғұндардың Каталун даласына дейінгі және кейінгі шежіресінің және сол дәуірдегі халықаралық жағдайдың талайды қызықтырары анық. Осы орайда Р. Ахметовтың «Скифтерден татарларға дейін» атты кітабының жекелеген тұстарын назарларыңызға ұсынамыз.

Ғұндық аттаныс

Еділ-Орал аймағындағы суннулардың үстемдігі арта бастады. Көрші угор тайпалары оларға бағынышты болды. Бір-бірімен жақын туыс скиф-сақтар мен қыпшақтардан тарайтын рулар, орта және төменгі Еділ бойындағы тайпалар («Идель» қауымдастығы) бірлесіп сунну-ғұндардың қоластына кірді. Сарматтар болса соғыса жүріп батысқа, ішінара оңтүстікке ығыса бастады.

Хуннулардың қоластындағы аймақ 150 жылдың ішінде Балтика, Каспий (Ғұн теңізі) және Аралға дейін кеңейді.

Ғұндар мемлекеті IV ғасырдың ортасында құрамына славяндық және угор-финдік тайпалардың біраз бөлігі кірген остготтар империясымен жақын араласады. Көптеген түрік және көне герман сына жазуларының (бірақ, дыбысталуы емес) ұқсас болуы остготтардың әуелі скифтермен (сақтар-сакстер-саксондар), кейін ғұндармен араласуынан болуы мүмкін. Остготтармен алғашқы қақтығыс батыста ғұндардың белсенді бас көтеруіне ұласты.

375-інші жылы ғұндар Қаратеңіздің жағалауындағы барлық далалық аймақтарды өз қоластына қаратады. Остготтар жеңіліс тауып, ақыры ғұндарға тәуелді болды. Сарматтар ғұндарға қарсылық таныта отырып, батысқа қарай жылжи берді. Олар соңына дейін Византия мен Римнің жақтастары болуға мәжбүр болды. Ақыры сарматтардың көп бөлігі франктармен, кейбір деректер бойынша шотландықтардың ата-бабасымен араласып кетті.

Аландардың бір бөлігі ғұндардан кетті (375 ж.). Аландардың атты әскерлері вестготтармен және вандалдармен бірге Солтүстік Италия мен Африкаға, Португалия мен Испанияға барды. Дәл осы кезеңнен бастап Батыс Еуропа және Солтүстік Африка мемлекеттерінде атты әскер пайда болды. Бәдәуилердің біразы түйеден атқа ауысты. Ислам дінінің таралуы да бастапқы кезде арабтардың атты әскерінің көмегімен жүзеге асқан болатын.

Жоғарыда айтқан аландар көптеген халықтың арасына сіңісті болып кетті. Бірақ, олардың көп бөлігі ғұн одағының құрамына кірді. ІХ ғасырдың аяғында осы аландардың ұрпақтары Хазар қағанатынан бөлініп, моңғол шапқыншылығына дейін өмір сүрген өз мемлекеттерін құрды. Олардың қазіргі ұрпақтары – осетиндер. Ал аландардың қалған бөлігі бұлғарлармен және хазарлармен араласып кетті.

Жаңа халықтардың тууы

Еділ жағалауынан ғұндардың негізгі бөлігі кеткеннен кейін олардың біразы (болжаммен су-ас, су-аз – «суннулардан қалған», суваз, чаваш) сол жерде қалып, қазіргі чуваштардың арғы атасының негізін қалайды. 155-інші жылғы сунналардан чуваш тілінде көне моңғолтекті сөздері қалуы мүмкін. Чаваштардың үнемі түрік әлемінің солтүстік-батысында мекен етуі чуваш тілін басқа туыстас тілдермен араласып кетуден сақтады. Осы ортадан солтүстік-шығысқа ауған сақалар дәл сондай жағдайда болды. Осы екі халықта көне түрік және скиф-ғұн-бұлғар тілдерінің көптеген сөздері сақталып қалды. Бұл тілдерде араб-парсы тілдерінің әсерінің болмауы көне түрік тілін және тарихын зерттеуде өте маңызды. Еділ мен Оралдың «ғұндар әскерінде» «мишарлардың» болуы да мүмкін. Ғұндардың негізгі бөлігі Батысқа кеткеннен кейін кейбір рулар эрзилер мен мокшилердің арасында қалып, мишарларды негізін құрауы мүмкін.

Батысқа қарай қозғалған сунну-ғұндар (эфталиттар – оңтүстікке) өздерімен бірге скифтер мен сақтарды Оңтүстік Сібірдің нулы орманынан Алтай мен Тянь-Шаньның таулы аймағына ертіп кетті. Ал олардан қалған жерге әуелі көшпелі қыпшақ тайпалары, кейіннен Енисей қырғыздары орныға бастады.

Әмудария мен Сырдария жағалуындағы сақтар мен массагеттер оңтүстікке қарай жылжып, селжүктердің негізін құрды. Олардың бұрынғы мекендеген жерлеріне Қашқариядан қарлұқтар келіп қоныстанып, сол жердің байырғы тұрғындарымен араласып, қазіргі өзбектердің негізін қалады.

Еуропаға айқыш белгісін ғұндар алып барды

Ғұн елі көсемді билікті ағасынан мұраға алған Ругиланың (Рух-иль)  тұсында үлкен күшке айналды. Ругила өмірден озған соң (433-інші жыл), билік тізгіні оның жиені Аттилаға (Ата-иль, Ат-илле, Итилле, Иделле) өтті. Оның тұсында ғұндар қуатты империяға айналды. Аттиланың жорықтарына түрік тілді тайпалар мен халықтардың көп бөлігі қатысты. Алайда, тек ғұн әскерлерімен жеткен жеңістер ерекше әсер қалдырды. Құрышпен қапталған арба жеккен ашулы өгіздер, найза мен қылыш тәрізді қайқы семсерлерін (скифтердің семсерлері түзу болған) жалаңдатқан атты-садақшылар Орталық Еуропаның халқына үрей туғызды. Сол кездегі көптеген батысеуропалық жазба деректерде Атилла мен ғұндарды «Құдайдың қаһары» деп атаған. Сол дәуірлерде Рим-Византия империясы бірнеше рет вандалдардан, готтардан және басқа да көп тараған тайпалар мен халықтардан жеңіліс тапқан еді. Бірақ, византиялықтар мен римдіктер алғаш рет аз санды әскерден зәре-құты қалмай қорықты. Олар жақсы ұйымдасқан әскермен алғаш рет бетпе-бет келген еді. Соғыс өнерін жетік меңгерген грек-рим әскерлері атты әскерді үлкен күш ретінде қалай пайдалануға болатынын көрді.

Ғұн-түрік қағанаттары кезеңінде Батыс Еуропада түрік тілі негізінде дәл аударлған әскери терминдер (командир, штаб, атака, маневр, парад, т.б.) пайда болды. Негізі, «атака» термині (француздың «аттакуе» сөзінен) – ат, тақау, тэкирек, тақымдау сөздерінің қосындысынан шыққан. «Атпен тез жақындап, шабуылдау» деген мағынаны білдіреді.  Бәлкім, француздар мен басқа да Батыс Еуропа халықтарының ата-бабалары ғұндардың «аттаку» (аттақау) деп аттан салғанын талай естіген болар. Қазір Қазақстанда осыған ұқсас плакаттарға жазылға «аттан» (атқа мін, жорыққа шық) сөзін кездестіруге болады. Парад: «па» - парсы-түрік тілдерінің «үлкен, маңызды, салтанатты, жоғары, т.б.» мағынасын беретін сөз алды қосымшасы (патша, паша, падишах, Памир, папаха, паң) және «рад-ряд» - қатар, бөлім-топ, қатарға тұру денеді білдіреді. Сонда «парад» сөзінің мағынасы: салтанатты сапқа тұру болып шығады. 

Рим мен Константинополь ғұндардың әскери жетістігін мұқият зерттеді. Мысалы, Аэцийді (Каталун шайқасындағы Рим әскерінің болашақ әскербасы) жас кезінде Ругиланың сарайына жіберіліп, сол жақты біраз уақыт тұрған. Бірақ, Батыс Еуропа сонда да ғұндардың әскери өнерін толық мойындап, өздеріне әдіс қаруы ретінде қабылдауға дайын емес еді. Нәтижесінде моңғолдар пайда болған кезде олар тағы да сол кездегі қиындықпен бетпе-бет келді. Билік басындағылар мен шіркеу басшылары тағы да тек Жаратқанға немесе бір кереметке үміт арта бастады. Батыс Еуропа жеңімпаз ғұн әскерінің алдындағы қауқарсыздығын ақтау үшін әлі күнге дейін оларды қаралаумен келеді. Бірақ «еуропалықтарға шалбар мен етік кигізген», «дастарханда шанышқыны пайдалануды үйреткен» ғұндар еді. Ғұндардың жеңіс жалауларындағы «Тәңір белгісінің айқышы» христиан айқыштарының «санақ басы» болды. 

Аттиланың жаңа ордасы

Шығыс Рим империясына жасалған (441, 442 және 447-інші жылдар) дәл осындай жорықтар Аттиланың барлық Шығыс Еуропаны қоластына қаратуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар ғұндар Карпат тауларынан өтіп, қазіргі Мажарстан мен Югославияның бір бөлігіне қоныстанады. Аттиланың жаңа ордасында көп қабатты сарайлар мен ағаштан жасалған үйлер болды. Түрлі-түсті маталармен, төгілген шымылдықтармен көмкерілген шатырлар пайдаланды.

Ғұндардың бет-әлпетінде анық байқалатын моңғолоидтық белгі бар деп еш жерде көрсетілмеген. Әрине, қазіргі уақытта онымен байланысқан барлық халықтарда (венгерлер, немістер, ресейлік угор-финдер, финдер) моңғолоидтық әлпет аздап байқалады. Бұл ұқсастық немістер мен финдіктерде, егер финдіктер скиф-сақтардан шыққан болса, Балтық жағалауындағы сакстардан қалуы мүмкін. Олар әдетте мығым денелі, қара шашты, терең орналасқан қысыңқы көзді (бұл ежелгі кәрістермен және қытайлармен жиі араласқандықтан болуы мүмкін) және құс тұмсықты болып келеді.

Әйелдері киімдеріне әшекей ретінде тиындар мен зергерлік заттарды тағып алады. Бұл әдетте ғұндарға тән. Ал олардың ақсарылығын атамаған себебі, ғұндарды сол кезде жирен шашымен және көк көздерімен ерекшеленетін еуропалықтармен салыстыратын. Бірақ Үндістан мен Орта Азияда дәл сол ғұндар жергілікті халықпен салыстырғанда өздерінің ақсарылығымен және көздерімен ерекшеленетін. Сондықтан оларды «ақ ғұндар, эфталиттер» деп атаған.

«Мәңгілік» қалаға аяушылық таныту

Аттиланың мақсаты – Рим-Византия империясының мызғымас билігін жою болды. 415-інші жылғы 22 маусымдағы Каталун даласындағы (солтүстік-шығыс Франция) шешуші ұрыста ғұндар Римнің біріккен әскерінің шебін бұза алмады. Ғұндар бір орында тұрып қалды. Үлкен әскерді азық-түлікпен қамтамасыз етуде қиындықтар пайда болды. Аттила тез арада тәуелді-одақтас әскерді таратып жіберуге мәжбүр болды. Сәтсіздік одақтастардың дұрыс әрекет етпеуі себепті (ғұнның қоластындағы ғұндық вассал көсемдерді Рим-Византия империясының тыңшылары азғырды деген де пікір бар) орын алған еді. Бұл ұрыста баррикаданың екі қапталында да соғысқан герман-готтар ең көп шығынға ұшырады. Бұл шығындар остготтардың Қаратеңіз жағалауынан Германияға оралуына жол ашты. Көптеген тарихшылар бұл ұрысты адамзат тарихындағы ең үлкен жорықтардың бірі болды деп есептейді. Еуропаның барлық халқынан және азиялықтардың басым бөлігінен, сондай-ақ Африка халықтарының біразынан құралған жарты миллионға жуық әскер бір-біріне қарсы шайқасты.

Мұндай сәтсіздікке қарамастан  келесі жылы ғұндар аз ғана әскер күшімен Италияға басып кірді. Бәрі «Римді құлайды» деп ойлады. Рим Папасы Понтифик римдіктер мен «мәңгілік» қалаға аяушылық танытуын өтініп, Аттиланың алдынан шықты. Үміті үзілген көптеген көпестер, қолөнершілер және шаруалар ғұндардың асау атты әскерінен су, батпақ және безгек арқылы құтылуға болар деген үмітпен Адриат жағалауындағы батпақты аралдарға қашып тығылды. Алайда, амалсыздан қоныстанған бұл аралдар Венецияның «іргетасына» айналды.

Ғұндардың әлсіз жері жем-шөппен және азық-түлікпен өздерін-өздері қамтамасыз ете алмайтындығы болды. Рим сол жылғы құрғақшылық пен жұтты қорғаныс әдісі ретінде пайдаланып, бір қалаға бекініп, қалған аймақтардағы азық-түліктердің көзін жойып отырды. Солтүстік Италиядағы қаланы басып алған ғұндар азық-түліктің жетіспеуінен және оба ауруынан етек алуынан кейін «мәңгілік қаланы» ала алмастан кері қайтты. Рим мен Византия билеушілері одақтастарымен бірге жеңілістің бетін біраз уақытқа ғана кері қайтара алғандарын түсінді. Батыстың ең үздік әскерлері Каталаун шайқасында жер жастанған болатын. Бірақ жаңа жорыққа дайындық үстінде, 453-інші жылы Аттила кенеттен қайтыс болады.

Жеңілгендер жеңгендердің алдында

Атилла ұлдарының арасындағы араздық салдарынан империя ыдырай бастады. Олар ғұн одағына кіретін түрік және фин-угор тілді тайпаларды өзара тартыстарына пайдалана бастады. Рим-Византия империясы барлық күші мен «бөліп ал да, билей бер» деген үлкен тәжірибесін өзара тартыстарды ушықтыруға пайдаланды.

454-інші жылы Недао өзенінің жанындағы ұрыста Атилланың мұрагері Эллак (Иль-ак, Иль-ақылы) қаза табады. Екінші ұлы Ирник (Ир-няк) 454-56-ыншы жылдары ғұндарды батыс Карпаттан Қаратеңіз жағалауына алып кетеді. 463-інші жылы шығыс ғұндарды (акацирлер, моңғол тілінен аударғанда «ақ әскерлер») біраз жылдар бұрын ғана бағынышты болған одақтастары – орал маңының угор-фин тайпалары жеңеді. «Мади-арлардың» (Мади адамдары) шығыс ғұндардың жетекші тайпалары болды. Жеңілген хун-ғұндар мен угор-финдіктердің одағы «хунн-угр-ар» халқының немесе хунгар-қазіргі хунгар-венгерлердің арғы атасының қалыптасуына негіз болды. Жаңа атауда жеңген тайпа жеңілгендердің атын бірінші атағанына назар аудару керек. Екінші атауы – мадьярлар. Бұл – ғұндардың беделі мен атағының көрінісі еді.

Ғұндардың жорығымен қатар бағынышты бұлғарлар атауы да бірнеше рет аталады. Қаратеңіз жағалауына қайта орналасқан батыс ғұндар (Аттиланың рулас тайпалары) осы бұлғарлардан 467-інші жылы жеңіліс табады. Аттиланың тағы бір ұлы Денгиз-их қалған ғұндардың басын біріктіруге жанталаса кіріскенімен, өзі де қаза табады. Оның басы 469-ыншы жылы Константинопольге жеткізіледі. Еуропадағы Ғұндар империясы Қытайда суннулардың жеңілуімен қатар күйреді.  Бірақ, олардың бір мезетте биіктеп, бір мезетте құлауы екі халықтың бір-бірімен байланысын үзбегенін, тіпті, бір-біріне көмектесіп отырғанын жоққа шығармайды. Батыс және қытай хуннуларына қарағанда сунну-эфталиттер Еуразияның оңтүстігінде келесі екі ғасыр бойы соғыса жүріп, «күн астынан өз орынын» іздеумен болады. Мүмкін олар 472-інші жылы Каспийге дейін әскерлерін солтүстік-батыстағы бауырларына көмектесу үшін апарған болар. Бірақ, кешігіп қалғанын түсінгесін, Орта Азияға, Ауғанстанға және Үндістанға оралады.

Түрік державасы (сунну, ғұндар қағанаттары) дүрілдеп тұрған шағында Орталық Еуразияның алып территориясын қанатының астына алды. Арасын бөліп тұрған үлкен кеңістікке қарамастан түрік тілді тайпалар мен рулар үнемі бір-бірімен байланыста болып, өзара қақтығыстарын тоқтата алған туыстас күшті биліктің қай-қайсысының да қоластына тез кірді.  

Р. Ахметовтың «Скифтерден татарларға дейін» атты кітабынан ықшамдап аударған Ерболат МАМЫРАЙХАН