Олимпиада тарихы. Қазақстан құрамасы
08.08.2016 4448
Ең аз қатысқан дода – Атланта-1996 (94 спортшы). Афинаға – 114, Бейжіңге – 129, Лондонға 115 отандасымыз қатысса, Рио олимпиадасына 104 спортшымыз аттанған болатын

Кезінде Совет империясы деген алып держава құрамында халықаралық спорттық шараларға қатысқан Қазақстан Республикасы тәуелсіз ел атанғалы осымен алтыншы рет дербес ел ретінде олимпиадада өнер көрсетеді. 

Қысқы олимпиадалардан басқа Қазақстан 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында өткен XXVI жазғы Олимпиада ойындарында алғаш рет қатысты. Барлығы 3 алтын, төрт күміс, төрт қола медальмен әлемдік рейтингтің 24-нші сатысында табан тіреген Қазақстан құрамасы сол бастамасы сәтті болды. Бокс түрінен В. Жиров, Б. Жұмаділов, Б. Ниязымбетов, Е. Ыбрайымов, күрестен Ю. Мельниченко, М. Мамыров, атлеттер А. Парыгин, А. Храпатый, нысана көздеу сайысынан С. Беляев, В. Вохмянин секілді спортшылар ел мерейін асқақтатып, әлемге танытты. 

2000 жылы Сидней олимпиадасы – Қазақстан спортының жұлдызды шақтары. 199 ел қатысқан айтулы доданың 22-орнына көтерілген ел құрамасының сапында Б. Саттарханов, Е. Ыбрайымов (бокс), О. Шишигина (жеңіл атлетика), Б. Жұмаділов, М. Дәлдібеков (бокс), А. Винокуров (велоспорт), И. Байрамуков (еркін күрес) секілді сайыпқырандар алтын-күміс медаль алып, алтын әріппен атын жазып қалдырды. 

Олимпиаданың отаны саналатын Грекияда өткен 2004 жылы XXVIII жазғы Олимпиада ойындарында қазақстан құрамасы 202 мемлекеттің арасынан 40-орынға сырғыды. Бұл жарыста жалғыз алтынмен шектелген Қазақстанның спорттық бағы қайтты деу асылық болар, десе де алдыңғы жылдардағы нәтижелерге қарап қалғанымыз анық. Бокстан Б. Артаев алтын алса, Г. Лалиев (еркін күрес), Г. Цурцумиа (грек-рим күресі), Г. Головкин (бокс), С. Филимонов (ауыл атлетика) күміс, С. Елеуов (бокс), М. Манукян (грек-рим күресі), Д. Карпов (жеңіл атлетика) қола жүлдені иемденді. 

Бокс шеберлері шаршы алаңның шаңын қағып, алып балуандарымыз боз кілемде терін төккен Пекин олимпиадасы Қазақстан спортының даңқын асырды. Сонымен қатар жеңіл атлетика, грек-рим күресі, таэквонда, дзю-да секілді спорт түрлерінен де жүлделі орындар иемденді. Б. Сәрсекбаев, И. Ильиндар алтын, И. Некрасова, А. Жіткеев, А. Важенина, Т. Тигиевтар күміс, Н. Теңізбаев, Ә. Мәмбетов, М. Грабовецкая, Е. Шалыгина, М. Муталимов, Е. Шыналиев, А. Шылмановтар қола жүлдені иемденді. Бұл кездегі қазақстанның әлемдік рейтингтегі орны – 29-ыншы болды. 

2012 жылы Лондонда XXX жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы жақсы жетістіктерге жетті. Бұл додада Қазақстан 7 алтын 1 күміс, 5 қола медаль алып, медаль саны бойынша жалпы есепте 204 ел арасында 12-ші орынға ие болды. Ауыр атлетикамыз атқа қонған жылы отандық және легионерлер бар И. Ильин, З. Чиншанло, М. Манеза, С. Подобедова жеңістерімен Қазақстан құрамасының әлемдік аренадағы рейтингін жақсартты. С. Сәпиев, О. Рыпаковалар алтын алса, Ә. Ниязымбетов күміс ұтса, А. Таңатаров, Г. Манюрова, Д. Гаджиев, М. Вольнова, И. Дычко қола жүлдені жеңіп алды. Осылайша Рио де Жанейро олимпиадасына дейінгі 5 олимпиадада отандастарымыз 16 алтын, 17 күміс, 19 қола – барлығы 52 медаль жеңіп алған. 

Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамаларыны ішінде боксшы спортшыларымыздың жолы табысты болуда. Еліміз қатысқан олимпиада ойындарының тарихында ең көп алтын алған спорт түрі – осы бокс. Алты алтын жүлдені жеңіп алған боксшыларға басқа спорт түрі теңесе алмайтыны анық. Сондай-ақ техникасы күшті, үздік өнер көрсеткен боксшыларға берілетін В. Баркер кубогын үш спортшы (В. Жиров – Атланта-1996), (Б. Артаев – Афина-2004), (С. Сәпиев – Лондон-2012) жеңіп алып, осы кубокты ұтқан елдер арасында әлем бойынша екінші орынға ие болды. 

«Спортстат» сайты таратқан деректерге сүйенсек, Қазақстан спортшылары 5 олимпиадада спорттың 6 түрінен алтын жүлде жеңіп алса, жалпы 10 түрінен жүлдеге ие болған. Олар – бокс (6), ауыр атлетика (5), жеңіл атлетика (2), грек-рим күресі (1), велоспорт (1), қазіргі бессайыс (1) және дзюдо, таеквондо, еркін күрес және нысана көздеу сайыстары. 

Сонымен бірге бірқатар спортшыларымыз, атап айтқанда И. Ильин (алтын және алтын), А. Винокуров (күміс және алтын), Е. Ыбырайымов (қола және алтын), Б. Жұмаділов (күміс және күміс) екі дүркін олимпиадаға қатысып, жүлделерге ие болса, бір олимпиада екі бағдарлама бойынша сайысқа түскен мерген С. Беляев 1996 жылы медальдар жеңіп алған болатын. 

Сидней-2000 олимпиадасына Қазақстаннан ең көп спортшы қатысты –130 спортшы. Ең аз қатысқан дода – Атланта-1996 (94 спортшы). Афинаға – 114, Бейжіңге – 129, Лондонға 115 отандасымыз қатысса, Рио олимпиадасына 104 спортшымыз аттанған болатын. 

Заңғар Кәрімхан