Сырым Ізбасаров: Әр қазақ жігіті еліміздің туын алып шығуға лайықты
02.09.2018 3162
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында Қазақстанның көк байрағын көтеріп шыққан Сырым Ізбасаров National Digital History тілшісіне сұхбат берді.

Сырым көшпенділер ойындарында еліміздің көк байрағын көтеріп шықтың. Елдің туын ұстап шығу, спортшы үшін абырой әрі зор жауапкершілік. Қандай әсерде болып тұрсың?

Еліміздің көк туын желбіретіп алып шығу мен үшін үлкен абырой. Бала кезімнен ұлттық спортты серік еткен соң, осындай халықаралық жарыста елдің туын алып шығуды армандадым. Кез-келген спортшы мен сияқты ту ұстап шығуды армандайды деп ойлаймын. Туды алып шыққан соң да, оған лайықты жұмыс жасап, жауапкершілікті сезіне білу керек. Құдай қаласа бүгінгі салтанатты түрде ашылған көшпенділер ойынында биік шыңдардан көрініп, маған артылған сенімді ақтауға тырысамын. Көңіл-күйім ерекше болып тұр. Осындай көңіл-күйіммен елімді қуанытып, алтыннан алқа тағынсам арманым жоқ. Біздің құрама жігіттері де жақсы өнер көрсетіп, жүлделері орындардан көрінуге тырысады деген ойдамын.

Таңдау неліктен саған түсті? Көшпенділер ойындарына дайындығыңыз туралы айтып берсеңіз?

Таңдау маған неліктен түскенін білмеймін. Спорттық дайындықтарым мен жарыс жолындағы көрсеткен жетістіктеріме байланысты таңдалып алынған шығармын. Әр қазақтың жігіті елінің туын алып шығуға лайықты деп ойлаймын. Дайындығым жақсы. Бірнеше ай бойы ұлттық құрама жігіттерімен дайындалдық. Енді көшпенділер ойындары өтетін жаттығу аймақтарында дайындалып жатырмыз.

Сырым оқырмандарымызға өзіңді таныстырып өтсен. Ұлттық спорт түрі аударыспақпен неше жасыннан бастап айналыстың?

Мен 1989 жылы Түркістан облысы, Төле би ауданы, Қаратөбе ауылында дүниеге келгенмін. Өзім кішкентай кезімнен бастап, атқа құмар болып өстім. Әкем өзі көкпаршы болған. Алғашында әкеме еліктеп, көкпаршы болдым.

Мектеп бітірген соң, ағам Қайнар Ілиясов жергілікті «Құлагер» көкпар командасына ертіп апарып, жастар арасында өтетін жарысқа бірден шығарды. Ол кезде біздің көкпар құрама командасын Ақылбек Манкеев деген ағамыз жаттықтырды. 2008  жылы «Құлагер» командасы Көкшетау қаласында өткен жастар арасындағы ел біріншіліне қатысып, екінші орын алды. Сол уақытта көкпар мен бірге аударыспаққа да шығып жүрдім. Бір жылдан кейін аударыспаққа толықтай өтіп, осы спорттың түрі бойынша ұлттық құрама мүшелігіне өттім.

Ең алғаш ауыр салмақта өнер көрсеттім. Ол кезде жасым он тоғызда болды. Сосын 2010 жылы Қызылжар қаласында өткен «Ақбидай»ойындарында ауыр салмақта чемпион болдым. 2014 жылы Астана қаласында өткен Азия біріншілігінде жеңімпаз атандым. Екі жылдан кейін Қытай Халық республикасында өткен Азия чемпионында топ жарып, абсолют салмақта да чемпион атандым. 2016 жылы ІІ көшпенділер ойындарында 90 кг салмақ дәрежесінде чемпион болдым. 2017  жылы Астана қаласындағы «EXPO-2017» ашық біріншілігінде де бірінші орын алдым.

ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына аударыспақ  спорты бойынша неше спортшы келдіңіздер. Неше салмақта өнер көрсетесіздер?

Бірінші және екінші көшпенділер ойындарында аударыспақ үш салмақ дәрежесінде ғана болған. Биылдан бастап, бес салмақ дәрежесіне көтерген. 60 келіде ел намысын Азамат Серғазин (Ақтөбе),   70  келі де Ерназар Байғонып (Түркістан облысы), 80 келіде Арман Сағымбай (Ақтөбе облысы), 90 келіде өзім, 100 келіде Біржан Қосалиев.

Көшпенділер ойындарында алтын медаль алып, көк туымызды желбіретіп елге абыройлы оралуыңызға тілектеспіз.

Рақмет, айтқаныңыз келсін.