Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі NDH порталына сұхбат беріп, TWESCO түркология, алтаистика салалары, Моңғолиядағы түркі дәуір ескерткіштері жайлы тың деректерімен бөлісті
– Дархан Қуандықұлы, биылғы жазда өзіңіз басқарып отырған Халықаралық Түркі академиясы-TWESCO түркінің өткен күндеріне қатысты бірқатар жаңалықтар ашқанын естідік. Дәлірек айтқанда, ұйымның археологиялық экспедициялары біраз жәдігер тапқанға ұқсайды. Сонымен, түркі тарихына қатысты жаңалықтармен бөлісесіз бе?
– Әрине. Негізі TWESCO түркология, алтаистика салалары бойынша көптеген зерттеулер жасап келеді. Соңғы жылдары оған моңғолистика бағытын да қостық. Сіз айтып отырған жаңалықтар Академияның археологиялық экспедициясына қатысты деректер. Дәлірек айтқанда, Академияның Моңғолияда жүргізіп жатқан археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі. Біз Моңғолияда бірнеше өңірде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Олардың біреуі – Моңғолияның Бұлғын аймағындағы «Шивээт Улаан» кешені. Екіншісі – Кентей аймағы жеріндегі түркі дәуіріне тән ғұрыптық кешендердің орны. Ел құлағына жетіп жатқан түрлі жаңалықтарымыз да осы екі жобаға байланысты болып отыр.
– Сонда «Шивээт улаан» кешенінен қандай жәдігер табылып отыр?
– «Шивээт улаан» көне түркі дәуіріне жататын кешен. Біз оны ғұрыптық кешен ретінде қарастырамыз. Кеңірек толғайтын болсақ, түркілердің діни жоралғылар жасайтын орны, ғибадатхана деуге де болады. Түркі академиясы Моңғолия Ұлттық ғылым академиясы, Тарих және археология институтымен бірлесіп бұл жерде 3 жыл бойы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Кешеннің сыртын қоршап, қорғауға алдық. Үш жыл бойы сол өңірде TWESCO байрағы желбіреп тұрды.
Жалпы «Шивээт улаан» кешеннің орналасқан жері, сыртқы сипаты туралы түрколог ғалымдар бұрынан білетін. Азды-көпті зерттеулер жасалған. Бірақ, онда қазба жұмыстары жүргізілмеген. Бірқатар ғалымдар, соның ішінде белгілі түрколог С.Кляшторный кешен Елтеріс Құтлық қаған мен Тоныкөк заманында тұрғызылған деп бағалап келген. Елтеріс қаған 692 жылы қайтыс болып, кешен 693 жылы тұрғызылды деген болжам айтылады. Біз де бұл болжамға келісетін шығармыз. Қазіргі қорытындылар осыған меңзейді. Кешендегі қазба жұмыстары кезінде көптеген құнды артефакт табылды. Біз көшірмесін жасап, TWESCO музейіне қойған түркі заманындағы 60-қа жуық тайпаның таңбасы қашалған ескерткіш тас та осы кешеннен шықты. Бұл таңбалы тас Мәңгілік ел идеясының тамыры тереңде екендігін көрсетеді. Жапон ғалымдарымен бірігіп ғұрыптық кешеннің нақты тұрғызылған уақытын анықтау бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Көне түркі дәуіріне тән бұл ғұрыптық кешеннің ерекшеліктері өте мол. Біріншіден, ол әмбебап кешен. Онда Тәңіріге құрбандық шалынған, ғибадаттар жасалған. Елдің береке-бірлігін әспеттейтін таңбалы тас қойылған. Түркілердің дүниетанымынан хабардар ететін мүсіндер, бәдізтастар, қойтастар қойылған. «Шивээт улаан» кешені биікте орналасқан. Ол жер – киелі мекен. Ғұрыптық кешен ерте заманда өртеніп кеткен. Түркінің дұшпандары өртеген болуы мүмкін. Бірақ, құрылысы қирағанымен оның рухани ықпалы, санадағы ізі жойылған жоқ. Мәңгілік ел идеясы жалғаса берді.
Жалпы, зерттеу нәтижелеріне көз жүгіртер болсаңыз, қазақы танымдағы бірқатар ұғымдардың заттай айғағын тапқандай боласыз. Ғимараттың іргетасы сегіз бұрышты екен. Ол түркілердің қастерлі рәмізі, киелі жұлдызы. Қазақтың «сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөзі содан шыққан сияқты. Қазір бұл ұғымды біз өнерпаздарға қарата айтып жүргеніміз болмаса, бұрын оның мазмұны бөлек еді. Әу баста «Қалыбында құты бар қастерлі кісі», Абайша айтқанда «толық адам» деген мағына берсе керек. Мұны қазақы танымда сақталған бірінші ұғым деп қойыңыз. Екіншіден, ғимараттың биіктігі 18 метр болған. Бұл «Он сегіз мың ғалам» деген ұғымға тірейді. Яғни, түркі жұрты зеңгір көктегі құбылыстарды, жұлдыздарды ерте заманда-ақ танып, ғаламның тылсымдарына ұмтыла білгенін байқаймыз. Тіпті, «сегіз қырлы, бір сырлы», «он сегіз мың ғалам» деген ұғымдар Ұлы Далаға ислам діні келместен бұрын біздің баһадүр бабалар қолданған түсінік-пайым деуге болады. Бұл өз кезегінде далалық өркениетте, көшпенділер әлемінде монотеистік нанымның тым ертеде-ақ қалыптасқанын байқатады. Кешеннен бәдіз, мүсінтас, оның бөлініп қалған басы, тұғыртас және үш арыстан мүсіні табылды. Екі арыстанға абадан жабысып тұр. Арыстан демекші, түркінің танымында бұл жануар биліктің, күш-қайраттың белгісі саналады. Ал бөрітас – еркіндіктің, қойтас – байлықтың, молшылықтың, қозы – берекенің, өсіп-өнудің символы. Кешеннен қозылы қой, қошқар бейнесіндегі тас мүсіндер де табылды.
Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлерге байланысты бағаны ғылыми қауымдастық беретіні сөзсіз. Кейде бір мұраның тарихы мен бүккен сыры ұзақ жылдар бойы ашылмауы мүмкін. Табылған жәдігерлерді зерттеп, нақты ғылыми қорытынды жасау алдағы уақытта атқарылатын іс
– Әдетте, түркінің Тәңірлік танымын жоққа шығаруға құмарлар жиі кездеседі. Тәңірлік таным классикалық үлгідегі дін болуы үшін ғибадатханасы, құлшылық жасау ережелері мен дінбасылары болуы керек дегендей пікір айтатындар басым. Түркінің ғұрыптық кешендеріндегі қазба жұмыстары осынау қасаң көзқарасты да өзгертуі мүмкін бе сонда?
– Әлбетте. Расында да бұған дейін «көне түркілердің Тәңірлік сенімінде ғибадатхана болмаған, ендеше ол дін деңгейіне көтеріле алмаған»,-дейтін түсінік орныққан-ды. Біз діндер тарихын батыста қалыптасқан ғылыми нормалар арқылы танып келгенбіз. Бәлкім, дін үшін ғибадатхана маңызды емес те шығар.Бабалардың танымы соған негізделген болса ше?! Дін мен діндер тарихы туралы түрлі анықтама беруге болады. Бірақ, көне түркінің ғұрыптық кешендері қазіргі классикалық теориялар негізінде де діндер тарихын қайта қарауға мәжбүрлейді.Тәңірлік танымның классикалық үлгідегі дін екендігіне заттай айғақтар ұсынып отыр. Егер, турасын айтар болсақ, көне гректер де, мысырлықтар да, римдіктер де, еуропалықтар да, арабтар да өз дәуірінде көп құдайға сыйынып, пұтқа табынған қауымдар. Түркілер болса ешқашан пұтқа табынбаған, бір ғана Тәңіріге мойынсұнып, жалғыз Жаратушыға жалбарынған халық. Бәлкім содан да шығар, түркілердің исламды қабылдауы жеңіл болды. Есте есте жоқ ықылым заманнан бері жалғыз Жаратқанды -«Мәңгі, Көк, Иди, Баят, Чалаб» сияқты түрлі сипаттарымен танып, құдіретті Тәңірге табынып, о дүние мен ақыретке иланған, тағдырдың да Тәңіріден боларына сенген, пайғамбарға «ялавач, елші», сайтанға – «өрлік», жындарға – «албасты, қарабасты» сияқты атаулар берген текті түркілердің құрбандық шалып, кесене тұрғызып қана қоймай, арнайы ғибадат орындарында құлшылық еткен. Біз зерттеу жүргізіп жатқан ғұрыптық кешен бұған нақты дәлел.
– Моңғолия – өз саясатын жүргізіп отырған дербес ел. Жыл сайын келіп, түркі тарихына қатысты қазба жұмыстарын жүргізгендеріңізге бауырлас елдің саясаты қалай қарауда? Ел-жұрт болған соң, теріс түсінбей қалып отырған жоқ па?
– Моңғолдарда бұрыннан келе жатқан бір түсінік бар. «Жердің иесі – жердің киесі» деген ұғымды саналарына сіңіріп өскен. Әр нәрсенің өзінің иесі бар деп ұғады. Әруақтардан рұқсат алмай ол жерді қозғалтуға болмайды деп санайды. Сондай-ақ, олардың түсінігінде шыбықты сындыруға, жерді шұқуға, түрлі тастарға тиісуге, сүйекті қозғауға болмайды. Сондықтан жергілікті халық ондайға қатты мән береді. Дэлгэрхан деген жерде жүргізілген біздің қазба жұмыстарымызға қарапайым халық қатты қарады. «Шивэт улаанда» да басты назарда болдық – біз барғанда әкімі мен халқы қоса келді. Халқы от жағып, бізді екі оттың ортасынан өткізді. Бағзы бір замандарда Марко Полоны дәл осылай ғұрыптаған. Сөйтіп бүкіл салт-дәстүрлерін сақтадық. Қымыздарын ұсынып, бізге үлкен ілтипат көрсетті. Себебі берген уәдемізді орындадық, дәстүрлерін сыйладық. Бұрын мал жайылған, аяқ астында болған жерлердің барлығын қоршап, түгел қарауымызға алдық. Сондықтан өзара сенім мен моңғол бауырлардың мәрттігі және жұмыстың нәтижесі жалпы келгенде біздің тарихымызды түгендеуге қызмет етіп жатыр. Өйткені, Халықаралық қазба жұмыстарында, әсіресе жергілікті халықпен және сондағы жергілікті ғалымдармен үйлесе жұмыс істеу өте қиын іс. Түсінік – басқа, заң -бөлек, жора өзге, дәстүр – бейтаныс деп кете береді. Солардың барлығын қылды қырық жаратындай әділеттілікпен, уәдеге берік бола отырып жүргізу, ол – біз секілді Халықаралық ұйымның негізгі айнымайтын принциптерінің бірі. Жасырмай, спекуляция жасамай немесе тек белгілі популисттік тақырыптарға ғана бармай бұның барлығын кешенді түрде жүргізіп келе жатырмыз. Бұған қоса Халықаралық түркі академиясы Астанада Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамасымен ашылғандықтан да Моңғол Үкіметі зор сеніммен қарап отыр.
– Біздің білуімізше TWESCO-ның Моңғолиядағы тағы бір экспедициясы біраз жәдігер тапқан екен. Енді осы жайында айтып берсеңіз. Сосын қазір археологияда алтын іздеушілер көбейіп кеткен жоқ па?
– TWESCO Моңғолияның Ұлттық музейімен бірлесіп аталған елдің Кентей аймағы жерінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Хаяхудаг және Гүнбүрд деген кешендерде археологиялық қазба жасалып, қазірдің өзінде біраз мұра таптық. Олар да түркі дәуірінің ғұрыптық кешендеріның орындары. Ондағы қазба жұмыстарының алғашқы нәтижелері түркі тарихы үшін сенсациялық жаңалықтардыңбасы болуы мүмкін. Дегенмен, моңғолиялық әріптестерімізбен арадағы келісімшарт бойынша біз ашылған ажңалықтарды бірге жариялауымыз керек. Сондықтан, аталған кешендерден шығып жатқан мұраларға қатысты әңгімені кейінге қалдырған дұрыс шығар. Бірақ, Кентей аймағындағы кешендердің айтпасқа болмайтын бір ерекшелігі бар. Ол-өңірдің түркология үшін тың алқап болуы. Әрине, ондағы ескерткіштерді де көрген, сырттай сипаттаған ғалымдар жоқ емес. Алайда, ол жерде алғаш рет қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біз бұрын Моңғолиядағы көне түркі мұралары туралы сөз еткенде тек Орхон өзені алқабындағы мұраларға айырықша назар аударып келсек, Академияның қазба жұмыстарынан кейін Керулен алқабының да маңызы артуы мүмкін. Сондықтан, біз экспедицияны «Керулен экспедициясы» деп атадық.
Керулен алқабының тағы бір ерекшелігі онда үнемі қағандар мекен еткен. Мемлекеттілік сананың ту тіккен жері сол өңір. Керуленде ғұндар заманына, түркілер дәуіріне тән ескерткіштер өте мол. Одан бөлек Керулен алқабында Шыңғыс қаған дүниеге келген Бурхан Халдун тауы бар. 1240 жылы сол өңірде «Моңғолдың құпия шежіресі» жазылып бітті. Шыңғыс қағанның алғашқы астанасы– Аваргын балғас қаласының орны да сол өзеннің алқабында жатыр. Ертеректе ол жер «Аураг орда» деп те аталған екен. Байқасаңыз кәдімгі «Әруақты орда» деген сөз.
Екінші сауалыңызға келетін болсам, әр археологтің міндеті ол біздің өткен тарихымызды археологиялық артефактермен, бұлжымас, бұлтартпас айғақ, жәдігерлермен түгендеу. Бізге: әр тарихи дәуірлердің қатпарында қалған рухани мұраларымыз қандай болды; тұрмыс-тіршілік қалай жүрді; өмір салты мен таным-түсінігі; қолданған бұйымдары қаншалықты дамыды деген сауалдарға жауап іздегеніміз жөн. Мысалы, кей жерлерден табылған жай қойдың жақ сүйегі мен бәдіз тастың өзі құнды болуы мүмкін. Сондықтан, археологиялық қазба жұмыстарынан шығатын әрбір артефакт өте құнды. Айталық, жазу немесе таңбалы тастар мәдениеттің жоғарғы шыңы. Қазіргі заманда қаншама құнды материалдар шыққанымен, бір жазудың шығуы олардың барлығын басып озуы мүмкін. Өркениет пен мәдениеттің өз өлшемдері бар.
Қазір Керулен алқабынан табылып отырған құмыралар, сүйектер, бәдіз тастар мен тас мүсіндер өте құнды. Себебі, түркілердің Тәңірлік сенімге қалай құлшылық еткенін, олардың дүниетанымын, келбетін, діни сенімін – осылардың бәрін көрсетуде бұл жәдігерлер – бізге әрі жолбасшы, әрі бағдар болады.
– Әлгінде «Аураг орда» деп қалдыңыз расында да әруақ сөзіне ұқсайды екен...
– Ұлы Дала көшпенділерінің бірінен бірі қабылдаған талай ұғымдары бар. «Аураг орда» да сондай атаулардың бірі болуы бек мүмкін. Шынында да ол өлкені әруақты емес деп қалай айтасыз? Мұнда ғұндар дәуірі мен көктүріктерді айтпағанның өзінде Шыңғыс қаған, Үгедей, Күйік хандар таққа отырған. Бір сөзбен айтқанда Керулен алқабы шығыстан қозғалып, батысқа, Күн түбіне жортқан бабалардың атқа қонған өлкесі. Көшпенділердің ұлы жорықтары сол аймақтан бастау алып отырды деуге болады. Сонымен бірге, бұл өңір түркі ескерткіш кешендерін бір-бірімен жалғастырып тұрған аймақ. Мәселен, биыл Орхон жазбаларының алғаш оқылғанына 125 жыл толды. Вильгельм Томсен 1893 жылы Орхон бойындағы бітіктастардан «Тәңірі», «Түркі», «Күлтегін» деген сөздерді оқыпты. Бұл сөздер түркінің бейнесін сипаттайтын, түркілікті білдіретін ұғымдарға айналды. Сөйтіп, бабаларымыздың да адамзат тарихында өшпестей ізі қалғанын жаһанға паш еткен. Бұрын бізді жартылай жабайы, белгілі бір тұрағы жоқ, көшіп-қонып қана жүрген жұрт деп бағалайтын өзгелер. Орхон жазуларының табылуы түркілердің адамзат тарихында өзіндік орны бар, мәдениеттің шыңына шыққан қауым екендігін айғақтады.
Өйткені, өзіндік жазу қалыптастырған, әліппесі болған қауымдар әлем тарихында санаулы ғана. Солардың бірі -біздің бабалар. Мысалы, қазіргі өркениетті елдер әліпті таяқ деп білмей жүрген кездерде біздің даңқты бабаларымыз бітіктастарға өсиет-мұраларын өшпестей етіп қашап қалдырған. Сондықтан, TWESCO түркі жазуын ұлықтауға да айырықша көңіл бөліп келеді.
Міне, сол Орхон алқабынан табылған ескерткіштер кейін солтүстікте Енисей, оңтүстік батыста Талас жазуларының ашылуына бастаған болатын. Көне түркілердің Оңтүстік Сібірдегі, Орталық Моңғолиядағы, батыстағы көптеген мұралары белгілі болды. Тек Бұрхан Халдун тауынан басталатын көшпелі жұрттың киелі мекені ғана құпиясын бүгіп жатқан еді. «Керулен экспедициясы» осы өңірге түрен салып отыр. Күндердің күнінде Керулен алқабындағы түркіден қалған мұралар ғылыми айналымға толық енетініне сенімім кәміл.
– Бұл біздің ортақ тарихымызға қандай жаңалықтар енгізе алады?
– Жылқының жалына жармасқан күнен бастап біздің даңқты бабаларымыз дүниенің жартысын ат тұяғының дүбіріне бөлеп, әлемді билеген. Осылайша бабалар тарих жасады. Сол тарих бертінде басқалардың қолымен жазылды. Тарихты сіз жазбасаңызғ жасалған тарихыңызды әлдекімдер мансұқтауы мүмкін. Сондықтан, тарихты жазу- тарихты жасаудай маңызды! Бұл тұрғыдан келгенде біздің жазар дүниеміз өтке көп. Бабалар ұлан ғайыр тарих қалдырды. Оны тек нақты, әділ дерек пен дәйек арқылы толықтырып, жүйелі түрде жазу керек.
Түркі ұрпағы үшін аса маңызды болып есептелетін Өтүкен жайлы білгенімізден білмегеніміз көп болды. Түркі танымында мемлекет ордасы көбіне айналасын тау қоршаған жазық далада орналасатынын байқап жүрміз. Керулен алқабы да сондай. Айналасын тау қоршаған, жазық, жанға жайлы алқап. Тоныкөк кешенінің де айналасы таумен қоршалған. Яғни, бабалар орда тігетін аймақтарды Өтүкен алқабына ұқсас өңірлерден іздеген тәрізді. Бірақ, біздің тарихнамада Өтүкен өлкесі аңыз тәрізді ғана сипатталады. Шын мәнінде оның Мәңгілік ел идеясымен байланысы, түркі ғана емес, күллі көшпендінің танымындағы орны айтылуы керек. Айталық, Күлтегін ескерткіштерінде «Өтүкенде отырсаң, мәңгі елдігіңді сақтайсың» деп жазылған. Демек, Мәңгілік ел идеясы Өтүкеннен басталады. Әрі Моңғолиядан Мажарстанға дейінгі алып аймақтағы күллі көшпенді жұртты біріктіріп келген ортақ идея. Тарихымызды жазғанда осы идеяға иек артуға тиіспіз.
– Қазба жұмыстарын тек қана Моңғолияда жүргізесіздер ме? Еуразия кеңістігіндегі өзге елдерде түркі мұраларын түгендеу жоспарларыңызда бар ма?
– Әрине, тарихты түгендеуде бір ғана моңғол жерімен шектелмей, өзге елдерді де қарастырып келеміз. Мәселен, біз Мажарстанда өткен биылғы Ғұн құрылтайына Моңғолиядағы экспедициядан тура аттандық. Сондықтан да біздің сапарымызды «Керуленнен Дунайға дейін» деп атауға да болады. Таңқалған нәрсеміз ұшақтың өзі 15-16 сағатта жүріп өтетін кеңістіктегі тас мүсіндер бір-біріне өте ұқсас. Таным-түсінікте де қаншама ұқсастықтар бар. Бұл нені көрсетеді? Арада қаншама сағат айырмашылық, ұлан-ғайыр кеңістік жатыр. Моңғолиямен Мажарстанның арасында қаншама мемлекет, әлденеше ғасырлар бар, сан түрлі халықтар бар – бірақ соған қарамастан осы ұқсастықтың өзі жалпы түпкі тамырға жетелейді. Ұқсастық сол тамырға бойлаған сайын жақындай береді. Сондықтан, TWESCO-ның зерттеу жұмыстарының аясы кең. Біз қазіргі таңда Қарқаралы өңірінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Дәл осы сияқты Өзбекстанмен арамызда келісім бар. Өзбекстан Ұлттық ғылым академиясымен арадағы құжаттарға қол қойылғаннан кейін нақты зерттеу жұмыстарын бастаймыз.
– Ұланбатырда өткен ҮІІ халықаралық «Алтай халықтары» симпозиумына қатыстыңыздар. Академия да аталған шараны ұйымдастыруға атсалысты. Жалпы, Түркі академиясының алтаистикаға көңіл бөлуінің сыры неде?
– Иә, Ұланбатырдағы халықаралық сипозиумға қатыстық. Онда Алтайдан тараған халықтардың тағдыр-талайын, мәдениетін, салт-санасын зерделеу мәселесі ұдайы көтеріледі. Осы жолы Алтайдан тараған халықтарға тән салт-дәстүр, әдеп пен заңдар мәселесі сөз болды. Көптеген мемлекеттерден ғалымдар қатысты. Ал, біз тек түркі халықтарының тарихы, мәдениеті, әдебиеті, құндылықтары төңірегінде ғана ғылыми зерттеу жасаумен шектелмейміз. Ергенеконды киелі мекен санаған халықтардың мұрасына да назар аударып келеміз. Ергенекон түркі-моңғол жұрты үшін киелі аймақ. TWESCO-ның Алтайға жасаған экспедицияларының бірінде Ергенекон алқабын анықтаған болатынбыз. Сондықтан, Алтай мәселесі бізге таңсық емес. Алтаистиканың ауқымы кең. Ол Алтайдан тараған, Алтайға қатысы бар халықтардың мұраларын зерттейді. Тіпті, әлемдегі тілдерді жіктегенде «Алтай тілдері макрошоғыры» деген ұғым енгізілген. Бұл шоғырға, түркі, моңғол, тунгус-маньчжур тіл тармақтары енгізілген. Ішінара жапон-рюкю және корей тілдері тармағын да осы шоғырға қосатын ғалымдар бар. Тіпті, алдыңғы легі қырық мың жыл бұрын Америка асқан үндістердің тілін де осы шоғырға енгізетін зерттеушілер кездеседі. Демек, Алтай қазіргі төрт мемлекеттің аумағында ғана қалған тау сілемдері ғана емес. Оның дүниетанымдық сипаты бар, Алтай түрлі халықтардың қалыптасуында айырықша рөл атқарған мекен. Сондықтан, Алтайдан тараған халықтардың ортақ құндылықтары, тарихта бір-бірімен жанаса жүрген, аралас-құралас болған кездері көп. Сондықтан, халықаралық ұйым ретінде Академия бұл бағытты да назардан тыс қалдырған жоқ. Сонымен бірге, моңғолистика саласына да көңіл бөліп келеміз.
Алтаистика бағытында TWESCО нақты қадамдар жасап келеді. «Алтаистика, Түркология, Монғолистика» деген ғылыми басылым шығарып келеміз. Жыл сайынғы Халықаралық Алтаистика конференциясы – PIAC (Permanent International Altaistic Conference) жұмысына атсалысып жүрміз. Биыл PIAC отырысы Қырғызстанда өтетін Түркі кеңесінің VI саммиті мен III Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында ұйымдастырылмақшы. TWESCО аталған жиынды ұйымдастыруға белсене ат салысуда. Бір сөзбен айтқанда, алтаистика да біздің назарымыздағы ғылыми бағыттардың бірі.
Биыл туғанына 125 жыл толған түгел түркінің ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» деген әйгілі жырында:
Кел, кетейік Алтайға,
Ата мирас -алтын таққа.
-деген жолдар бар. Яғни, Алтайдың күллі түркі-моңғолға ортақ мекен екенін айғақтап тұр. Бірақ, бүгінде төрт мемлекет – Қазақстан, Қытай, Ресей мен Моңғолияның аумағына кіретін қасиетті таудың төрт жағында да қазақтар мекен етіп отыр. Өр Алтайда да, Таулы Алтайда да, Қобда бетінде де, Батыс Алтайда да – киелі мекендердің бәрінде қазақтар отыр. Демек, біз Алтайдан кіндігімізді үзбеген, қара шаңыраққа ие болып отырған жұртпыз. Осы орайда айта кететіңн бір жайт, көне мекенді иелік етіп отырған төрт мемлекеттің үшеуінде Алтай атымен аталатын әкімшілік аумақтар бар. Сондықтан, Өтүкеннен тараған қауым Алтай атауымен Қазақстанның да бір аймағы ресми аталғанын күтетін тәрізді. Түгел түркінің рухани астанасы болған Түркістан қаласының атауы Елбасы жарлығымен тұтас бір облысқа берілгенде айырықша қуанған түркі жұрты Алтайға қатысты да жаңалық күтеді.
– Мазмұнды-мәнді сұхбатыңызға рақмет!