Б. АЯҒАН: Қыпшақтың кейбір сөздері латыннан шыққан
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Еліміз үшін тарихи оқиға деп батыл түрде айта аламыз
Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет еліміз қазақ тілінің жаңа графикасына апаратын жолды таңдап алды. Жаңа әліпби туралы өз ойын ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған National Digital History порталымен бөлісті.
– Құрметті Аяған Ғелманұлы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы жарлыққа қол қойды. Қазақ қоғамы жаңа әліпбидің нұсқасын қалай қабылдады? Латын жазуының тарихи мәні қандай?
– Совет Одағы ыдырағаннан кейін қазақ жазуын латын әріптеріне ауыстыру мәселесі өзекті тақырыпқа айналды. Жақтап және қарсы дауыс бергендер болды. Кириллицаны сақтау мен латын әрпіне көшіру қажеттілігін көтерген дәйектер көптеп келтірілді. Бұрынғы Совет Одағы мемлекеттерінде орын алған осы пікірталастың азды-көпті тұтас, мәдени, тарихи және лингвистикалық ерекшеліктері бар еді. Бірақ біз өмір сүріп отырған уақыт, дүниежүзі мен Қазақстанда болған елеулі өзгерістер осы мәселенің тобықтай түйінін шығарады. Қазақ қоғамы өз әліпбиін тұңғыш рет ауыстырайын деп тұрған жоқ. Ол туралы Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында толық түсіндіріп кеткен. Мақаланың атауы да, мазмұны да перспективті идеяларға қанық, Елбасының ел болашағы туралы ойларын ашып көрсетеді. Көлемі шағын болса да, мақалада Қазақстан қоғамын жаңартудың біріне-бірі ұқсас емес терең мазмұнды аспектілері қамтылған. Бірақ Қазақстан басшысы мақаласының басты және айқындаушы өзегі – бұл тұтас Қазақстан қоғамын жаңғырту, ескірген, ілгері қозғалысқа кедергі жасайтын дәстүрлер мен шарттылықтардан арылу.
– Елбасы «Қазақ тілін латын әрпіне көшіру – бұл ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам» деді.
– Мемлекет басшысы латын жазуына көшудің терең тарихи қисыны бар деген болатын. Олар: қазіргі технологиялық ортаның, қазіргі дүниежүзіндегі коммуникацияның, ХХІ ғасырдағы ғылым мен білімнің ерекшеліктері деп жазды. Айтқандай, латын графикасының технологиялық аспектіде, білім мен ғылым саласында, мәдени индустрияда жаппай басымдығына қазіргі таңда ешкім күмән келтірмейді. Қазір латын жазуы жалғыз христиан дінінің католиктік дәстүрімен, жалпы Батыс өркениетімен ғана байланысты емес, әлем елдері оны прогресс пен ілгері дамудың шарты деп бағалайды. Қайнары тарих қатпарларында жатқан дәстүрлі жазу жүйесі бар Қытай мен Үндістанның өзі технологиялық және экономикалық салаларын дамыту үшін латын жазуын жаппай қолдануға мәжбүр. Араб әлемі де бүгін құжаттарды рәсімдеуде, қаржы операциялары кезінде латын графикасын еш кемістік санамастан қатар пайдаланып келеді.
– Тарихқа сәл шегініс жасар болсақ, өткен ғасырдың 1929-40 жылдары еліміз латын жазуын тарих сахнасында жаңғыртты. Сол уақытта бұл әліпбидің маңыздылығы қандай болды?
– Ғасырлар бойы және 1929 жылдың тамызына дейін Қазақстан аумағында араб жазуы кең қолданылып келгені белгілі. 1929 жылдан бастап ССРО ОАК және ССРО ХКК Қаулысымен латын әріптерінің негізінде құрастырылған «ортақ түркі әліпбиі» енгізілді. Ортақ әліпбиді Кавказ (Әзірбайжан), Поволжье (Татарстан, Башқұртстан), Орталық Азияның барлық республикалары пайдаланды.
Латын жазуының маңызы Қазақстанда әсіресе сауатсыздықты жою ісінде артты; іс қағаздары латын жазуымен жүргізілді, көпданалы көркем шығармалар латын таңбасымен жарық көрді. Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин және Мұхтар Әуезовтың ХХ ғасырдың 30-жылдарында шығарылған еңбектері латын әрпімен басылды. Алайда, сталинизм мен орталықтанған биліктің күшеюі салдарынан 1940 жылы кириллицаға өту туралы шешім қабылданды. ССРО ыдырап, Қазақстан Республикасының әлемдік қоғамдастыққа кіруіне орай латын жазуына көшу мәселесінің өзектілігі жаңа серпін алды. Мәселені Қазақстан қоғамы да, дипломатиялық корпус та, кәсіпкерлер де талай қозғады. Сондықтан барша қазақстандықтардың пікірін ескере келіп, Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2012 жылдың желтоқсанында өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылдан бастап «әліпбиді латын жазуына көшіруді бастау» керектігін атап өтті.
– 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын қарпіне көшу қажеттілігін айтып, ол қоғам тарапынан қолдау тапты. Сол бір жылдары бұл мәселе шешуін тапқандай жаршы жаңалықтарға ұласып, кейіннен сүрлеуін таба алмай үнсіз кетті. Содан бері Президент тапсырмасы туралы көп айтылды, бірақ нақты іс жасалмаған еді. Тек жеке бір ғалымдар қазіргі қазақ тілінде бейімделген жаңа әліпбиді жасауға әрекеттенген.
– Президент идеясынан соң, мемлекет бұл жұмысты қайта бастады, бір жағынан оның маңыздылығы мен көкейтестілігі, екінші жағынан алдыңғы жұмыс нәтижесіне қанағаттанбаушылығы туралы айтқан. Сондықтан айналадағы жағдай, әлемдік даму үдерісі тез өзгермелі және бұл мәселеде жылдам, сәйкес шараларды талап етеді.
Қазақ әліпбиін латынға ауыстыру барысында азаматтардың ашуын тудыратын асығыс қадамдар болмайтынын бірден атап өткім келеді. Бұл мәнмәтінінде ақын Олжас Сүлейменов атап өткен «латын мен кириллица арасындағы күрес бүкіл әлемдік сипатқа ие» деген ойымен келісу қиын. Бұл күрес қайда кең таралып отырғаны мүлде белгісіз. Алайда, Еуропаның поляк, чех, словак, словен, хорват, т.б. көптеген славян халықтары көп ғасырлар бойы латын әліпбиін қолдануда және одан қандай да бір қарама-қайшылық тауып отырмағанын атап өтеміз. Одан әрі Ресей мен Украинада орыс және украин тілдерін латын әліпбиіне ауыстыруға пікірталастар қайта-қайта туындайды.
Олжас Сүлейменов «ж» және «з» әріптері қыпшақтардан шыққанына оқырмандардың ерекше назарын аудартады. Бірақ сонымен бірге бұл әріптер латын белгісінде тамаша көрсетілген.
Қыпшақ тіліндегі (қазақ тілі қыпшақ тілдік топқа жатады) көптеген сөздер латыннан шыққан. Мәселен, «ф» (философия, факт), «п» (проект, постулат) әріптері бар сөздер қыпшақтардың тұрмысына латын графикасымен жазатын халықтардың лексиконынан кірген. Мысал үшін латын әріптерін қолданып қыпшақ тілінде жазылған ортағасырлық «Кодекс куманикус» жазба ескерткішін қарау жеткілікті. Осындай көптеген мысалдар келтіруге болады.
Қазіргі Қазақстанда латын әліпбиімен кириллица көптеген уақыт қатар қолданылатын болады. Кириллицада миллиондаған данамен ғылыми кітаптар, көркем шығармалар жасалған. Бұл біздің үлкен байлығымыз. Әлбетте, ешкім де мұндай мұрадан бас тартпайды.
Қазақстанда, сондай-ақ Орталық Азия, Кавказ республикаларында діни орындарда араб графикасы қолданылады. Бұл – өте қалыпты және орынды дәстүр. Арабтың өрме жазуын совет кезінде біздің ата-аналарымыз қолданған (айтпақшы латын әліпбиінде). Сондықтан да әртүрлі әліпбилердің қатар өмір сүруі бір-бірімізді толықтыра түседі.
– Сонда кириллше жазылған еңбектеріміз не болады, деген сұрақ туындамайды ма?
– Жоғарыда атап кеткеніміздей кирилл әліпбиімен басылған кітаптар біздің игілігіміз және біз оны қолданатын боламыз. Бұл сұрақта 1920 жылдары латын әліпбиіне өткен Түркия тәжірибесі маңызды көрініс болып табады. Олар араб графикасы негізінде жарияланған көп ғасырлық османдық ғылыми және әдеби мұраларын жоғалтпады.
Қазіргі кезеңдегі компьютерлендіру, бағдарламалық қамтамасыз ету деңгейі, техникалық мүмкіндіктер ірі көлемді мәтіндерді лезде транслитерациялауға мүмкіндік береді. Бір тілден екінші тілге аудару үйреншікті дүниеге айналғанын интернет қолданатын адамдар біледі.
1990 жылдары Өзбекстан, Түркіменстан, Әзірбайжан елдеріне ұлттық әліпбиін латынға ауыстыру неғұрлым қиын болған еді. Тап осы жағдайда Қазақстан неғұрлым тиімді жағдайда болып табылады. Мысалы, заманауи IT-технологиялар 1990 жылдарға қарағанда әліпбиді аудару, басқа да жұмыстарды анағұрлым арзанға жасауға мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен бірге қазақ тілін латын әліпбиіне ауыстыруды жүргізетін қаржылық шығындар, тіл реформасын тежемеуі керек. Латын әліпбиіне өту – уақыт талабы. Ол халықаралық аренада Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі мен субъектілігін айтарлықтай нығайтады. Біздің өзіндік бай тарихи және халықаралық тәжірибеміз бар, сондықтан біздің міндет – өзгеше соншалықты ауқымды реформадан әдеттегі қателіктер, келеңсіз үрдістерден құтылу бай тәжірибемізді сауатты пайдалану.