Карлаг – ГУЛАГтың ең ірі филиалы, «мемлекет ішіндегі мемлекет», сталиндік «социализмді» тұрғызуда тұтқындар еңбегі арзан жұмыс күші ретінде пайдаланылды
Ұзақ жылдар бойы ГУЛАГ тақырыбына жақ ашуға тыйым салынып келді. Тек демократиялық реформалардан соң ғана социализмнің жеке тұлға мен қоғамға қарсы жасаған қылмыстары туралы кітаптар, мақалалар баспасөз беттерінде басыла бастады
Осы арада, тарихи әділеттілік сталиндік режимнің, оның ішінде Қазақстан аумағындағы қылмыстары туралы барлық шындықтың объективті зерделенуін талап етеді. Карлаг – лагерлік жүйенің осындай бір қорқыныштарының біріне айналды.
Нұрлан Дулатбеков бірнеше жылдан бері Карлаг тақырыбымен айналысып келеді. Ол жиырмадан аса кітаптар мен мақалалар дайындап, шығарған. Қазақстан тарихының қаралы беттері болған саяси қуғын-сүргін мен жазалау лагерлері тақырыбын көтеру әрі зерделеу қажет деп санайды. Бұл бәрі үшін де керек: сталиндік тозақтың шеңберінен өткен аға буынға құрмет көрсету белгісі ретінде, тоталитарлық жүйенің коммунизмге қалай жол салғандығын түсіну үшін – келешек ұрпақтың есінде қалуы үшін, өзіміз үшін. Дулатбеков Нұрлан Орынбасарұлы – заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі,»Карлаг: болашақ үшін есте сақтау» ғылыми-ағарту жобасының жетекшісі, NDH порталының редакциясымен кездесіп, Карлаг еңбекпен түзету лагерлерінің жүйесі, құжаттар, газеттер, ең бастысы «Карлаг баспасөзі» атты жаңа кітаптардың шығарылуы туралы әңгімелеп берді. Бұл жобаның басты мақсаты – сталиндік қуғын-сүргіннің қайғылы қасіретін ұрпақтар жадында қалдыруға тырысу.
- Нұрлан Орынбасарұлы, Сіздің «Карлаг баспасөзі» кітабыңызда газет материалдарынан, өндіріс қорытындылары бойынша есептерден, тұтқындардың хаттарынан тұратын бірегей материал ұсынылған. Осындай сан түрлі мағлұматтың бәрін біріктіріп бір жерге жинау қалайша қолыңыздан келді?
Карлагқа құжаттар ұзақ жылдар бойы «аса құпия» белгісімен мұрағаттарда жатты. КСРО-дағы қайта құрудан соң, біртіндеп, өте қатты іріктеліп барып мұрағат қорлары аз-аздап ашыла бастады. Жұртшылық алдына сол заманды көзі көрген куәгерлердің естелігін ұсындық. Ашылған мүмкіндіктерге қарамастан, КСРО-ның жазалаушы жүйесімен байланысты көптеген мәселелерді зерделеу осы күнге дейін қиын.
ГУЛАГ жүйесіндегі лагерьлер саны туралы, жазықсыздан мерзімін өтегендер, қайтыс болғандар, лагерьлердің орналасқан жерлері туралы нақты мәліметтер жоқ. Мемлекеттік мұрағаттар мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігінің ведомстволық мұрағаттарына қолжетімділіктің болмауы, Карлаг құжаттарының Ресей Федерациясы мұрағаттарында сақталуы, экономикалық қиыншылықтар терең ғылыми зерттеулер жүргізуге кедергі келтіруші себептер.
Дегенмен, бұған қарамастан, тоталитаризм тарихын ғылыми зерттеу біздің болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз болып табылады.
Бұнымен қоса, Карлагтың баспасөз басылымы тарихтың жаңа беттерін ашты. Оқырмандарға алғаш рет Карлагтың сақталып қалған баспасөз материалдарымен танысу мүмкіндігі беріледі. Оның ішінде:
«Путевка» газеті, НКВД Карлагы МТБ органы –– 1934-1935 жылдар аралығындағы 67 нөмірі;
«За новую технику», газеті, ОГПУ Карлагы МТБ органы – 1934-1935 жылдар аралығындағы 9 нөмірі;
«Жаңа жол», ОГПУ (НКВД) Карлагы МТБ органы латын қарпімен жазылған – 1934-1935 жылдар аралығындағы 49 нөмірі;
«За Социалистическое животноводство», НКВД Карлагы Саясибөлім органы – 1946 – 1950 жылдар аралығындағы 179 нөмірі.
Енді Карлагтың мерзімді баспасөзі беттерін музейдегі шынының астынан емес, өздігінен және риясыз оқып, баспасөз материалдарын саралауға мүмкіндік туды.
Кітапта газет жолақтарында басылған барлық тізімдер аты-жөнімен тізіліп келтірілген. Бұл тұтқындардың еңбектегі ерлігін анықтай түседі және қазіргі ұрпақтың өз отбасы мен өлкесінің тарихына деген қызығушылығын қанағаттандырады деп сенеміз. «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» атты мақаласында ел Президенті осы туралы айтпап па еді?
Жинақтағы газет мақалалары түпнұсқа тілінде еш өзгеріссіз берілді. Біз осы күнге дейін сақталған газеттің бүкіл материалын қамтуға тырыстық.
Газеттер арқылы ХХ ғасырдың 30-40-шы жылдарында Қарағандының еңбекпен түзету лагерьлері (ЕТЛ) қызметінің жалпы көрінісін елестетуге болады.
- Карлаг пенитенциарлық жүйенің бөлігі болып табылды. Қарағанды облысында еңбекпен түзету лагерлерін ұйымдастыру үшін тағы да қандай бір факторлар болды ма?
НКВД Карлагының еңбекпен түзету лагерлері жүйесі Қазақстан тарихында ерекше орын алады. Қарағанды лагерлерін құруда, негізінен, геосаяси фактор орын алды. Кең-байтақ аумақта тұрғындардың аз қоныстануы, бай табиғи ресурстар, КСРО-ның орталық аймақтарынан жырақ орналасуы, жергілікті халықты күштеп жер аудару мен өлім-жітімнің жоғарылығы тау-кен металлургиясы өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын дамыту бойынша орасан зор программаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Карлаг – ГУЛАГтың ең ірі филиалы, «мемлекет ішіндегі мемлекет», сталиндік «социализмді» тұрғызуда тұтқындар еңбегі арзан жұмыс күші ретінде пайдаланылды.
Орталық Қазақстанда, Қарағанды көмір бассейні, Жезқазған мен Балқаш мыс қорыту комбинаттары сияқты көмір металлургиясы өнеркәсібін дамыту, Карлагты салудың тағы бір себебі болып табылады. Арзан жұмыс күші, шикізаттың төмен құны, тұтқындарды ұстауға аз қаражаттың шығындалуы өнеркәсіпті дамыту үшін қолайлы жағдайларды туғызды.
- Түзету лагерлері жүйесін қалыптастыру отырып, билік қандай нәтижеге талпынды?
Тұтқыннан, басшылық-әкімшілік жүйенің талаптарына сәйкес келетін адамды шыңдап шығару НКВД органдарының басымдығына айналды. Әсіресе, туындаған жағдайдың салдарынан ГУЛАГ жүйесінің құқықсыз контингентіне айналған халықтың бөлігі қайтадан шыңдалуға ұшырады. Бойсұну, үндемеу, бағыныш – осы қасиеттер ғана оларды осы жарық дүниеде тірі қалдыра алатын еді.
- Қазақстан тарихының қаралы беттерін ашып, өткенге оралудың қандай қажеттілігі бар?
ХХ ғасырдың басында орын алған жаппай саяси қуғын-сүргін, тоталитарлық режимнің өз халқына қарсы жасаған айуандығы ретінде адамзат тарихына енді. КСРО ыдырап, егемендікке қол жеткізгеннен кейін, мемлекеттер мен ұлттар өз халқының өткеніне қайырылып қарап, қазіргі демократиялық қоғам көзқарасы тұрғысынан сол оқиғаларды бағалап, олардан сабақ алуға тырысып, қанды террордың зардаптарын саралай бастады. Өткеннің тарихи тәжірибесін ескермей, жаңа қоғам жасау қиын. Президент Н.Ә.Назарбаев жүзеге асырып отырған мемлекеттік саясат жаңа демократиялық қоғам құруға бағытталған. Тарихты зерделеу өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызды орын алады, «Туған жер», «Киелі Қазақстан» бағдарламалары да осыған бағытталған. Сондықтан қазіргі әлеуметтік-әділ қоғамды дамыту үшін тарих тағылымы мықты іргетас қызметін атқаруы керек.