Соғыстың салған жарасы
05.05.2016 2728
Белгілі фотосуретші Болат Омаралиев түсірген тарихи туындыларда соғыс және тыл ардагерлерінің қайталанбас асыл бейнесінде сұм соғысты айыптаушылық бар

Фотосурет әлемі – қас қағым сәтті мәңгілікке тоқтататын бекзат өнер деп бекер айтпайды. Тасқа басып қалдырудағы тарихилығы бір бөлек. Жыл өткен сайын ескі күндерді сағынумен қатар, алдағы болашақты елестетуде фотосуреттің берері мол. Санада қалған сағыныштарды, өкініштер мен күрсіністерді, әсіресе сұм соғыстың салған, қалдырған жараларын тарихи фотосуреттер арқылы айқын сезіп біле аламыз. 

Бұл орайда біз ұзақ жылдар Қызылорда облыстық Сыр бойы газетінде қызмет еткен, елімізге танымал фотограф Болат Омаралиевтің көркем туындыларымен, тек соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлерін бейнелейтін фотоэтюдтерін назарларыңызға ұсынамыз.

 

Қызылордалық қос батыр Жапасбай Нұрсейітов пен Жәлел Қизатов екеуі де Днепр өзеннен өтуде көрсеткен ерлігі үшін Совет Одағының Батыры атағына ие болды. 

 

Совет Одағының Батыры Әнуар Әбутәліпов 1944 жылы Тисса өзенінен өту барысында, 47 рет өзеннен жүзіп өтіп, жаралы жауынгерлермен оқ дәріні арғы бетке өткізеді. Жағалауда болған соғыста жаудың 18 адамын жойған. Соғыстан кейін Жаңақорған ауданының Түгіскен ауылында күрішші болып еңбек етті.  

 

Соғыстың салған жарасы. Аға ұрпақтың Отанды қорғау жолында бір аяғын соғыста қалдырғаны ұрпақ ұмытпайтын ескерткіш. Жас өмірін зұлымдық оты шарпыған қарт майдангерлер қай уақытта да, қандай құрметке де лайық.

 

Тыл ардагерлері де майдангерлерден бір мысқал кем еңбек еткен жоқ. Қызылорда облысы Қармақшы ауданның тумасы Қасымтай Ізтілеуов ауылында белді тракторшының бірі еді. Абайсызда тракторы екі аяғын кесіп түсірді. Тыл ардагері оған мойыған жоқ, аяғы жазылған соң, қайтадан трактор айдады. Сол үшін үкімет Социалистік Еңбек ері атағын берді. 

 

Қарт жауынгер соғысқа бірге кеткен достарын іздеуде. Олар бейбіт күнді көрді ме, өздері қан кешіп, кейінге жарқын ғұмыр сыйлағаны қандай бақыт десеңізші. От пен оқ бораған қиын сәттерді бірге көрген қаруластар қашанда ыстық.

 

Болат Омаралиевтің 1980-1983 жылдардың ішінде түсірілген суреттерінің ең таңдаулылары 1984 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің сыртқы бетіне тұтас жарияланған. Сонымен қатар осы жылы орталық Мәскеу қаласының үш үлкен ордасында «Соғыс жесірлері» деген көрме өткізіп, сонда өткен күннің белгісіндей бұл жәдігерлерді көпшілік тамашалай алған. 

 

Қызылорда облысының Шіркейлі ауылында тұрған жүз жастағы Қалампыр Әлімбетова әже соғысқа кеткен ұлдарын күтумен өмірін өткізген. Ұлдары Кенбай, Сейдахмет Шамахановтар туралы іздестіргенімізде Шамаханов Сайдахметтің 4 армияның 290 миноментті батальон сапында соғысып, старшина шенімен 1943 жылдың 8 қарашасында қаза тапқаны туралы деректі таптық. Ал Кенбай туралы мәлімет әзірге жоқ.

 

Атақты партизан, Украина жерін азат етуші даңқты жауынгер, қазақтың батыр ұлы Қасым Қайсеновті майдандастары «Ковпак аса алмаған Альпі тауынан асқан партизан Вася» деп бағалап құрметтейді. 

Жоғарыда келтірілген  суреттерден соғыстан қалған таңбаларды, адамдардың жүрегіне түскен салмақ пен қайғыны, аңсау мен сағынышты, еске алу мен келешек үмітті аңғарамыз. Қан майданның қайталанбауын тілейтін, бейбіт өмірді аңсайтын, сүйетін кең жүрек бар.