Біз Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігінде қонақтамыз. Қазақстан Республикасындағы сыртқы саясат ведомствосын доктор Кэролин Браун 2013 жылдан бері басқарады
Ол өзінің Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігіндегі жұмысын 1985 жылы бастап, кейін Мәскеу, Нью-Йорк, Брюссель және Әзірбайжан Республикасындағы Елші болып, шетелдерде қызмет еткен.
– Сізді Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі қылып тағайындаған кезде, 1990 жылы келіп кеткен елге қайтадан оралғаныңызға қуанышты екеніңізді айттыңыз. Қазақстанға жасаған алғаш сапарыңыз жайлы айтып берсеңіз. Ол немен байланысты болды?
– Ол кез, Қазақстан әлі тәуелсіздігін алмаған кез болатын. Мен Алматыға сапарлап келдім. Және бұл – менің Орталық Азия елдеріне жасаған сапарымның соңғы бөлігі болатын. Қазақстан – бұл басқа жер деп ойлағаным есімде, Қазақ елі мен көрген Орталық Азияның басқа мемлекеттерінен едәуір өзгешеленетін. Сол кезде осы ел туралы көп ойланғаным да есіме түсіп отыр. Бұл – совет империясының бір бөлігі, ол ешқашан өз әлеуетіне қол жеткізе алмайды және әрқашан да үлкен бірдеңенің кішкентай бір бөлігі болып қалады деп ойлағанмын. Менің 23 жылдан соң оралуым өте әсерлі болды, өйткені, қазір мен тәуелсіз Қазақстанда, өз болашағын өзі айқындайтын елде жұмыс істеймін.
– Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы қатынастар тарихының тамыры тереңге кетеді, ағылшын саяхатшыларының Қазақстан туралы деректері сақталып қалған. Ұлыбританияда Қазақстанды жақсы таниды деп айтуға бола ма?
– Дұрыс айтасыз. Осыдан көп ғасыр бұрын біздің елдеріміздің арасында байланыстар болған. Біздің қатынастарымыздың тарихын зерттеу мен үшін қызық болды. Мысалы, Павлодар облысында ХIХ ғасырдың сексенінші жылдарында британдық инвестор мистер Уркуарт (Urquart) иелік еткен тас көмірлі бассейн болғанын жақында ғана білдім. Бұл шотландтардың тегі, сол жақтан шыққан. Отыз жыл өткен соң сол жерде Екібастұз қонысы пайда болды, қазір ол көмір өндірудің үлкен әрі маңызды орталығына айналған. Мен Атырауға барғанда, ондағы Қазақстанға инвестиция салып, жұмыс жасап жатқан британдық компаниялармен кездескен кезде үнемі осыны есіме аламын. Бұл қалада ХІХ ғасырдың кірпіш ғимараттары сақталған, оларды о баста британдық инженерлерге салған деп айтады.
Біздің қарым-қатынастарымыздың тарихы туралы тағы да бір беріректегі естелік бар. Біраз уақыт бұрын Алматыдан келген британдықты кездестірдім, ол маған 1993 жылы теңгенің алғашқы купюралары Ұлыбританияда құпия басылып, кейін құпия түрде Қазақстанға әкелініп, броньдалған автокөліктермен бүкіл елге таратылған уақыттағы өз рөлі туралы айтып берді. Бұның бәрі қазақстандықтар өздерінің ұлттық валютасы ендігі жерде рубль емес, теңге екендігін байқаған күннің аз-ақ алдында болған еді. Сондықтан да өткен күннің осы жаңғырығын бақылау өте қызық.
– Ұлыбритания ХХ ғасырдың басында Қазақстан өндірісінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ал қазір, ХХІ ғасырдың басында, ағылшын технологиялары қазақстандық өндірістің дамуына қатысуда ма?
– Дұрыс айтасыз, бұл үдеріске кейде соғыс кедергі келтіреді, бірақ олар аяқталған соң, бәрі басынан басталады. Екі ел де сауда-саттықпен айналасатын ел болғандықтан, дәстүр бойынша біздер қонақжай және ашық халықпыз. Әрі қарай экспорттау үшін өз өнімін Қазақстанда өндіретін компанияларды қоса алғанда, осында, яғни Қазақстанда көптеген британдық фирмалар орналасқан. Өткенде Астанаға Ұлыбританияның Сауда министрі келіп кетті. Оның сапары кезінде орын алған оқиғалардың бірі – Атырауда британдық IPSS компаниясының жаңа зауытының ашылуы. Бұл – осы фирманың шетелде өз өндірісін ашуының алғашқы оқиғасы және олар бұл үшін Қазақстанды таңдады. Зауытты британдық компания атынан толығымен қазақстандықтар басқаратын болады. Кәсіпорын құбыржол арматурасын шығарумен айналысатын болады.
Осы зауытты ашудың негізінде тек Қазақстанның ішкі нарығы үшін ғана өнім шығарып қоймай, оны көрші елдерге де экспортқа шығару идеясы жатыр. Арматураны шығару үшін халықаралық стандарттарға сәйкес мұнай-газ саласында жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың жоғары талаптарына сай келетін жоғары технологиялар қолданылатын болады. Өңірде (Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан) қолдану үшін бәрі де Қазақстанда өндірілетін болады.
Екінші тартымды оқиға – не нәрсені болсын алу үшін (зергерлік бұйымдар, электрондық тақта және т.б.), 3D баспада қолдануға арналған металл ұнтағын өндіру үшін британдық фирма мен Almaty Tech Garden-нің бірлескен жобасы. Бұл – Қазақстанға әкелінетін заманауи инновациялық технологияның жарқын үлгісі. Бұның бәрі Қазақстан үкіметі қолдауының арқасында, сонымен қатар британдық үкіметтің британдық өндірушілерді жаңа нарықты игеруге тарта алуының арқасында жүзеге асып отыр.
Осыдан жүз жыл бұрын британдық инженерлер қолданған Атыраудағы көне ғимараттарды көргенде, Қазақстанда саяхаттап жүріп, Жезқазғаннан өтіп бара жатқанда, өткен ғасырда мыс өндірісіне салынған британдық инвестициялар туралы естігенде, сонымен қатар Қазақстанға әкелінген заманауи британдық технологиялар туралы ойлағанда, сонау уақыттан бері жалғасып келе жатқан серіктестігіміздің кішкентай бөлшегі болудың өзі бір ғанибет екендігін түсінемін.
– Сіз қазақ тілінде жиі сөз сөйлейсіз, бұл бізге қатты ұнайды. Бұған не түрткі болды?
– Қазақ тілі – өте әдемі тіл. Ол нәзік, ондағы дыбыстардың құбылуы анық естіледі, дауыссыздар мен дауыстылардың үндестік идеясы маған оның көшпенді өркениетте, сөздің, ән-жыр мен поэзияның өткірлігінің мәні зор болған уақытта, қалай дамығанын түсінуге мүмкіндік береді. Оны үйрену, британдық үшін оңай еместігін айта кету керек. Бірақ менің екі жақсы ұстазым болды. Біреуі Қызылордадан, ол оқу процесін бастады, бірақ кейін кетіп қалды. Екіншісі Қарағандыдан, ол кейін мені түзетіп, онша дұрыс сөйлемейтінімді айтып отыратын. Әрине, өңірге байланысты тілдің өзгере алатынын білемін. Қазақша жақсы сөйлеп үйренгім келеді және тілдеріңіздің өз даму сатыларынан қалай өтіп жатқанын бақылау мен үшін қызықты. Мысалы, Ататүрік өз халқының тілін қазіргі әлемге бейімдеп, әліпбиін ауыстырды, менің ойымша, сіздер де қазір осы жолда тұрған сияқтысыздар. Бұл – өз тілін дамытуды ойлаған ел мен халықтың шешімі. Сіздердің елдеріңізде тұрып, жұмыс істейтін шетелдік ретінде мемлекеттік тілге құрмет көрсетіп, осы тілде жақсы сөйлеп үйренуді өзімнің парызым деп санаймын.
– 90-шы жылдардың басында Сіздің дипломатиялық жұмысыңыз Еуропалық одақ департаментіне ауысты. Бір мемлекеттің елшілігіндегі жұмыстан Еуроодақтағы (ЕО) жұмыстың айырмашылығы неде?
– Шетелдік дипломаттар үшін екі жақты және көп жақты тәсілдер (бұл бір елдегі елшінің басқа елдегі келісімдерді, шарттарды қоса алғандағы екі жақты қатынастарды дамыту, туындаған мәселелерді шешу бойынша жұмысы) дегендей екі үлкен параллель бар деп ойлаймын.
Мен Нью-Йоркте Ұлыбританияның ЕО пен БҰҰ-дағы өкілі болып жұмыс істедім. Екі жақты тәсілде өзің жеткізгің келгенді нақты білдіру, тыңдау, түсіну және екі тарап үшін де ымыра табу өте маңызды. Көп жақты тәсіл көбіне келіссөздерге қатысты. Бұл келісім өнері: Сіз осыған қол жеткізгіңіз келетін шығар, бірақ Сізге ымыраға келу қажет. Бұл басқа ырғақтағы жұмыс, ол әлдеқайда баяу болуы мүмкін, өйткені жұмыстың екі жақты түрінде тек екі жақ қана шешім табуға тырысады, ал Нью-Йорк пен ЕО-да 183 және тиісінше 28 тарап бар. ЕКҚҰ-да (ОБСЕ) пікір одан да көп. Бұл жұмыстың басқа түрі. Осылайша, бәрі өз еліңнің мүддесіне, тұрақтылығы, қауіпсіздігі мен көркеюіне байланысты болады.
Мен үшін бұл жақсы тәжірибе болды, өйткені бір жағынан сіздердің үкіметтеріңізбен және өз үкіметіммен жұмыс істеуім керек, ал екінші жағынан – ЕО-ның басқа мүшелерімен қызметтес болуым және солармен бірге қозғалуым керек. Мысалы, сауда-саттық мәселелері бойынша. Бір саладағы еңбек тәжірибесі басқа саладағы еңбек тәжірибесін байыта түседі.
– 1994 жылы Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын білдіргендігін білесіз. Бұл идеядан не күттіңіз? Еуроодақтағы дипломатиялық жұмыс тәжірибесіне сүйене отырып, жаңа бірлестіктен қандай келешек күттіңіз?
– Бұл сұрақ осы ұйымның мүшелеріне арналған, оны олар бірлесе шешу керек. Екінші Дүниежүзілік соғыс сияқты зұлматтан кейін ЕО құрылды. Бұл жобаның жүрегінде соғысты емес, бейбітшілік пен сауда-саттықты қолдау үшін немістің көмір және болат құю өнеркәсібін қалған Еуропамен байланыстыру идеясы жатты. Еуропалық Одақ осылай басталған болатын. Бұл одақтың даму кезеңдері ядролық энергияны бақылау, еркін сауда-саттықты ұйымдастыру және ақыр соңында бірыңғай валютаны бекіту арқылы өтті. Дегенмен, біз, британдықтар, бұндай жақындасуларға дайын болған жоқпыз. Бірнеше ай бұрын, референдум арқылы Ұлыбритания ЕО-дан шығуға және ЕО елдерімен ынтымақтастығы мен достығын сақтай отырып, бірақ Еуроодақ мүшесі ретінде емес, өзінің қатарлас жолымен жүруге шешім қабылдады. Осылайша, интеграциялық үдерістер басында бір мақсат болып, бірақ ол кейін басқа бірдеңе эволюциялануы мүмкін және жекелеген мемлекеттер әрі қарай қай жолмен жүретінін шешулері керек. Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше болу Қазақстанға сауда, кедендік тарифтер мен кедендік тосқауылдарды төмендету, өз экспорттаушыларының тиімділігін арттыру, нарықты бәсекеге ашық қылу салаларында қандай пайда беретінін мен жақсы түсінемін.
Менің елім әрқашан да еркін сауданы қолдаған, сондықтан да мен Қазақстанның ЕАЭО мүше болуына осы тұрғыдан қараймын. Бұл мүшелік қайда алып келеді – бұны тек Қазақстан халқы мен Үкіметі ғана шешеді. Менің үкіметім көбіне Қазақстанның өзіне халықаралық міндеттемелерді қабылдауына ынта білдіреді.
Мысалы, біз Қазақстанның Бүкіләлемдік Сауда Ұйымына (БСҰ) кіруін толықтай қолдадық, кіргенде жылы шыраймен қарсы алдық. Сонымен қатар Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы (ЭЫДҰ) стандарттарының енгізілуін қолдаймыз. ЭЫДҰ бухгалтерлік я болмаса зияткерлік жекеменшік құқықтарын қорғау немесе елдер арасындағы екі жақты сауда-саттықты ұйымдастыру саласында болсын халықаралық стандарттарды қабылдау жолында қазақстандық үкіметті қолдау үшін белгілі кезеңдерімен жол картасын бекітуді шешкен елдердің үштігіне Қазақстан кіреді. Бұның бәрі көбірек ашықтыққа, ынтымақтастыққа, бірдей халықаралық стандарттарды қабылдауға қатысты. Біз бұның бәрін қолдаймыз. Мен Қазақстанға ЕАЭО мүшесінен гөрі, саудамен айналысатын елдердің жаһандық қоғамының мүшесі ретінде көбірек қараймын. Инвестициялар, сауда өзара түсіністік пен біліктілікке негізделген. БСҰ мен ЭЫДҰ бағытындағы сіздің елдің қабылдаған қадамы бізге көп нәрсе жайында айтады.
– Дипломатияға қалай келдіңіз? Бұл туралы бала кезден армандадыңыз ба?
– Кішкентай баладан «өскенде бастық боламын» дегенді жиі ести қоймайтынымыз секілді, ешқашан дипломат болам деп армандаған жоқпын, мен ғарышкер болғым келген. Менің алғашқы мансабым бактериалды генетикамен байланысты болды. Ол маған қатты ұнайтын, ол дәрежеге мен Оксфорд университетінің бес адамнан тұратын командасының мүшесі болып қабылданғаннан кейін барып қол жеткіздім. Сондай-ақ Бухарестте үш адамнан тұратын және Лос-Анджелесте он бес адамнан тұратын командалар болды. Бұл командалар егжей-тегжейлі ғылыми зерттеулермен айналасты, олардың ішінде мен де бармын. Бір күні таңертең оянып, өз жұмысымды егжей-тегжейлі талқылай алатын әлемде бар болғаны 35 адам ғана бар екенін ұғындым. Бұл мүлдем қисынсыз. Сондықтан, мен басқа бір нәрсе жасағым келеді деп шештім. Туғандарыммен, достарыммен болған әңгіме менің есімде, солардың біреуі маған ешқашан британдық дипломат болмайсың деген еді, өйткені: 1) мен – әйел затымын; 2) мен – ғалыммын; 3) мен ешбір шет тілінде сөйлемеймін. Бұл қарсылық еді. Осылайша Ұлыбритания ІІМ-дегі жұмысқа келіп, 30 жылдан бері осы жерде жұмыс істеп келемін. Олар мені шет тілдерінде сөйлеуге үйретті, бірақ менің ғалым болғанымды кей кездері есіме салып отырады.
– Сіз Еуропа мен Азияның түрлі халықтарымен таныссыз, дипломат ретінде қазақ халқының қандай ерекшелігін айта аласыз?
– Мен бұл жерге келгеніме бар болғаны төрт жарым жыл ғана болды және Сіздердің ғажайып елдеріңіз бен онда өмір сүріп жатқан түрлі халықты түсіну жолының басында ғана екендігімді түсінемін. Сіздердің ашық және турашыл халық екендіктеріңізді білемін, сонымен қатар қонақжай, іскерлік және икемділік қабілеті сияқты тамыры көшпенділер мәдениетінен басталатын дәстүрлерді де аңғарамын, өйткені көшпенділерге үнемі үлкен мәселелерді шешуге тура келетін. Мысалы, мен бұны Лондонда, Эдинбургте немесе Манчестерде оқитын қазақстандық студенттерден байқаймын, өйткені олар аса көп күш жұмсамастан мүлдем жаңа өмір салтын қабылдап, соған бейімделіп алады. Бірақ сіздің ел мен оның әртүрлілігін түсінудің ең басындамын.
– Ұлыбританияда оқып жатқан қазақстандық студенттердің саны өсіп келеді. Сіздің ойыңызша бұл немен байланысты және біздің елдеріміздің арасындағы білім беру ынтымақтастығының негізгі бағыттары қандай?
– Бірнеше себеп бар. Олардың біреулері физикалық сипатқа ие. Осыдан бірнеше жыл бұрын Астанадан Лондонға ұшатын тура рейстер болған жоқ, ал қазір аптасына 5 тікелей рейс бар. Келесі жылы олардың саны тағы да өседі деп ойлаймын. Сонымен қатар, осыдан екі жыл бұрын мемлекеттеріңіз британдықтарға (студенттер, журналистер, бизнесмендер және т.б.) визасыз кіруге рұқсат беруге оң шешім қабылдады. Біз де өзіміздің виза жүйесін өзгерттік, ол бойынша қазақстандықтар қосымша сыйлықақымен төлесе, 24 сағат ішінде виза алуға мүмкіндіктері бар.
Екінші себеп – бұл жылдам дамып жатқан экономикаларыңыз. Президент қазір жүріп жатқан Үшінші жаңғыру туралы айтады. БСҰ-ға өту сіздерді одан сайын ашық ете түсті. 1991 жылы мұраға қалған құрылым қазір жаңғыртылып, ХХІ ғасырға бейімдендірілді. Бұл – идеялардың, технологиялардың, машықтар мен тәжірибенің жаңа толқынына әкелетін күшейтілген үдеріс. Мен енді ғана келген уақытпен салыстырар болсам, қазіргі кезде британдық кәсіпорындардың көпшілігін қазақстандықтар басқарады, өйткені бұны жасау үшін сіздерде қазір машық пен тәжірибе бар. Ұлыбританияда оқыдым дейтін қазақстандықтардың саны және олар осында ашқан мейрамханалар саны мені таңдандырады. Осыдан төрт жыл бұрынғы уақытқа қарағанда, мен қазір Snapchat, Facebook және Instagram арқылы Қазақстан туралы көп білемін. Адамдар көп саяхаттап, өз идеяларымен бөліседі, бұл екі елдің де мәдениетін байыта түседі.
– Қазақстан мен Ұлыбритания қарым-қатынасының қай саласын ең пайдалы және басымды ретінде ерекше бөле аласыз?
– Көп сала бар. Осыдан бес жыл бұрын негізінен мұнай мен газ саласын айта алар едім, ал қазір, жылдам дамып жатқан мұнай-газ саласын қоса алғанда, өзара қарым-қатынас саласы әрине, көбірек. Тау-кен өндірісі саласындағы ынтымақтастық үлкен рөл атқарады. Ұлыбритания мен Қазақстан арасында көптеген жобалар қазір әзірлену үстінде. Олар Қазақстанның тау-кен өнеркәсібін жаңғыртуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар білім беру саласын, оның ішінде кәсіби білім беруді қоса алғанда. Адамдар Ұлыбританияға лекцияларға қатысып, тек білім алу үшін ғана бармайды, сонымен қатар мәселелерді шешу үшін машық жинауға барады. Яғни пассивті оқу ғана емес, сонымен қатар белсенді оқу да құпталады. Жаңа технологиялар, смарт қалалар осының бір бөлігі болып табылады. Осыдан бір апта бұрын ғана Ұлибританияның Сауда және инвестициялар министрі келіп, ынтымақтастықтың осы саласы талқыланды. Одан біраз бұрын Ұлыбритания Патшайымының немере інісі, жоғары мәртебелі глостерлік герцог Астана әкімімен кездесті. Кездесуде сөз болған ұсыныстардың бірі – Астананың болашақтың қаласы ретінде дамуына ақылды технологияларды қолданудағы британдық тәжірибенің көмегі және оны қолдану. Сонымен қатар халықаралық дипломатия саласындағы ынтымақтастың жылдам дамуын атап өткім келеді.
Қазақстан – БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес өкілі болған Орталық Азиядағы бірінші мемлекет. Менің әріптестерім және СІМ-дегі сіздің әріптестеріңіз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүше екі елі сияқты, Нью-Йоркте бірге қарқынды жұмыс істеуде. Жақында ғана Ирандағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қалай қолдау керек, бүкіл әлем үшін қауіп төндіріп отырған ҚХДР үкіметінің шешіміне қатысты қандай позиция ұстану керек деген мәселелер талқыланды. Қауіпсіздік Кеңесінің басқа мүшелерімен бірге қазақстандық дипломаттар Батыс Африка елдеріне осы өңірде бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізу бойынша олардың өздерінің әлеуетін дамытуда көмек көрсету мәселелерін қарастырды. Бұдан басқа, осы жылдың аяғында – келесі жылдың басында біз қазақстандық контингенттің БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларындағы алғашқы қатысуын көруге үміттенеміз. Және бұл НАТО көмегімен қазақстандық және британдық қарулы күштердің соңғы 10 жылдағы өзара қарым-қатынасының алғашқы нәтижесі болмақ. Бұл БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларын қолдау үшін қазақстандық жауынгерлердің әлемнің белгілі бір нүктелерінде алғаш рет орналасуы болады. Бұл – Қазақстанның амбициясы мен Орталық Азия шекарасынан тыс көруі және бейбітшіліктің дамуына халықаралық деңгейде өз үлесін қосу. Мысалы, Ауғанстандағы тұрақсыз бейбітшілік, Иранның әлемдік аренаға қайта оралуы бойынша мәселелер немесе ақық-түлік қауіпсіздігі, логистика немесе әлемдегі шиеленіскен қарым-қатынастарды шешу, жою сияқты кең ауқымды мәселелер. Біздің қарым-қатынастарымызды дамыту үшін қазір өте қызықты уақыт деп ойлаймын. Мысалы, екі дипломды бағдарламалар құруға тырысып жатқан университеттер деңгейіндегі қарым-қатынастар. Британдық білім беру мекемелері студенттерді тартып қана қоймай, қазақстандық әріптестерімен бірге қос дәрежелі бағдарламаларды дамыту. Сондықтан да мәдени, білім беру, техникалық, коммерциялық және басқа деңгейлердегі біздің серіктестігіміздің көп түрі бар.
– Соңғы уақытта Астанада орын алып жатқан өзгерістерге қандай баға бересіз? Жақсы жағына қарай не өзгерді, астана ретінде қалаға не жетіспейді?
– 1990 жылы, мен алғаш рет Қазақ ССР-не келгенде, белгілі себептермен бұл қалаға келе алмадым. Ал, қазір мен советтік заманнан кейінгі жаңа астанада тұрамын, жұмыс істеймін, өмірден рахат аламын. Сонымен қатар, осыдан үш апта бұрын, әкім Исекешевтің жоғары мәртебелі Глостер герцогына бұрынғы ССРО мемлекеттері ішіндегі өзіндік кешенді стратегиялық урбанистік жоспары бар бірінші қала болып табылатын Астананы таныстырған кезде, оның ұйып тыңдағаны да есімде. Астананың қалай өсіп-дамып келе жатқанын бақылау өте қызықты. Жуырда осында келіп кеткен Ұлыбританияның Сауда және инвестициялар министрі қалаларыңыздан үлкен әсер алып, тамсанды. Иә, «бұлай деп санайтын, жалғыз сен емессің» деп ойладым. Астана күннен-күнге қарыштап дамып, өсіп жатыр. Енді қазір ол өз дамуының келесі кезеңіне жақындап келе жатыр деп ойлаймын.
Қазір қалаға жол қозғалысы саласында дамып, жекелеген тұрғындар мен отбасылардың қажеттілігін қанағаттандыру үшін теңгерім табу қажет екендігі түсінікті. Сонымен қоса жасыл қала мәртебесін ұстау және қаланы энергиямен жеткілікті қамтамасыз ету үшін индустрияның дамуы экологиялық таза болуы керек. Қоқыстарды басқару және сумен қамтуға да бақылау болу керек. Бұдан басқа, қазіргі алуантүрлі құстарды сақтаумен айналысатын Астананың өзінің қалалық табиғи қорығы болуы керек деген қорытындыға келген Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы мен британдық Құстарды қорғау жөніндегі Корольдік Қоғамы арасында қызықты коллаборация бар. Сонымен қоса, сақталып, дамуға мүмкіндігі болатын жабайы табиғатты көруге тұрғындардың мүмкіндігі туар еді. Жалғыз аяқ жолы мен гүлзары бар – классикалық ұғымдағы саябақ емес, жабайы табиғатта, соның дамуына бағытталған ашық саябақ. Осы тақырыпты жуырда Астанада болған кезде жоғары мәртебелі Глостер герцогі мен Лондон ситидің лорд-мэрі талқылаған болатын. Бұның бәрі өсіп-дамып келе жатқан, өзіне қажетті жолды таңдап, өзінің жеке өмірін жасап жатқан қала туралы айтады. Мен осында келген кезде, бұнда не театр, не опера болған жоқ. Ал қазір бұнда екі үлкен театр бар. Қаланың қалай жылдам өзгері, өсіп жатқанын өздеріңіз көріп тұрсыздар.
– Осы жыл халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізумен ерекше. Көрмеге келушілерді сіздердің павильондарыңыз несімен қуантады?
– Британдық павильон – ең үлкен павильондардың бірі. Біздің павильонның ұраны: «Біз – энергиямыз!». Павильонның дәл ортасында үлкен панораманы көруге болады. Оның дәл ортасында шыны мен 200-ден астам поликарбонат сымдардан жасалған киіз үйдің үлгісіндегі инсталляция бар. Осы құрылыстың айналасында, көз жететін жерде, компьютер арқылы модельдендірілетін заманауи зор дисплей орнатылған. Егер сымдарға қол тигізсеңіз, жанасуға жауап ретінде реакция туындап, сол арқылы өз энергияңызбен және киіз үйдің өзара қарым-қатынасымен сізді қоршаған орта панорамасын өзгертесіз, тіпті музыка да өзгереді. Киіз үйдің музыкалық сүйемелдеуін британдық композитор Брайан Ино жүзеге асырады. Адамдар киіз үйді неғұрлым көп ұстаған сайын, әрекет те арта түседі, бұл өз кезегінде сен не істесең де адам энергиясы бәрінің ортасында болатынын еске салып тұрады. Осылайша, бұл – біздің павильонымыздың жүрегі.
Ал әрі қарай барсаңыз, үлкен үш интерактивті дисплейді көруге болады, олар Британия энергетикасының өткенін, қазіргісін, болашақ дамуын көрсетеді. Мысалы, көмір, темір жолдар мен бу қозғалтқышы. Олар бүгінгі және болашақтағы энергиядағы елдің рөлін көрсетеді. Және де алғаш рет Манчестер университетінде екі ғалым ойлап тапқан, өз ашулары үшін Нобель сыйлығын алған революциялық материалды көрсетеміз. Бұл материал графен деп аталады. Көміртек атомдарының құрылысы материалға әлемдегі жалғыз ғана екі өлшемді материал болуға мүмкіндік береді. Жуандығы бар болғаны бір атом, ол адам шашынан миллион есе жіңішке, салмағы өте жеңіл, икемді. Өткізгіштігі бойынша мыстан да асып түседі. Ол өте мықты, болат пен темірден 200 есе, кез-келген өзге металлдан берік. Және тек қазір ғана осы материалды қолдану тәсілдерін табуда. Бұл материалды қолдану тәсілдерінің көп болатынына адамдар сенімді. Оны көргіңіз келсе, Британия павильонына келіңіз. Бұл материал Манчестер университетінің талдамасы болып табылады. Сонымен қатар Манчестер университетінің командасы Қазақстанмен ынтымақтастықты дамыту мақсатында жуырда ғана Астанада болды. Осылайша, британдық павильон энергия туралы, адам – айналасында болып жатқан құбылыстардың орталығы болып табылатындығы туралы ойлану үшін адамдарға әсер етуге тырысады және жас ғалымдар болашағымызды әрі қарай қалай дамыту туралы ойласа.
– Сөз соңында біздің оқырмандарымызға не айтар едіңіз?
– Әлемге Қазақстан тарихы, қоғамдық жаңғыру мен елдің болашақ дамуы туралы көбірек әңгімелесеңіздер жақсы болар еді, өйткені өздерінің не істеп жатқанын әлемге жеткізуге мүмкіндігі бар елдер сирек кездеседі. 26 жастағы ел үшін – бұл бірегей мүмкіндік. Қазақстанды бүкіл әлем жастары алдында позициялауға мүмкіндіктеріңіз бар. Сіздердің қазіргі істеп жатқандарыңыздың бәрі керемет деп санаймын. Мысалы, сондай мүмкіндіктердің бірі – үш айдан кейін Лондондағы Британия Ұлттық музейінде ашылатын «Сақтар: жауынгер – көшпенділер» атты зор көрме. Лондондағы Британия Ұлттық музейінің ұйымдастыруымен Санкт-Петербург Эрмитажымен бірлесіп, көшпенділер мәдениетінің таңғажайып артефактілерін көрсетеді.
Бұл – Еуразияның осы бөлігінде мекен еткен мәдениет үлгісі, ол британдық жұрттың зерделеуіне ұсынылады. Британдық балалардың онымен таныс емес екендігі сөзсіз. Бұл – Қазақстан туралы басқа елдердің болашақ ұрпақтарына көбірек білім берудің, қарым-қатынасымызды одан да арта түсірудің тамаша үлгісі. Сондықтан мен сіздердің істейтін жұмыстарыңызды қуана құптаймын және сіздерді қолдаймын.