ҚР Оман Сұлтандығындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ержан Мұқаш мырза 1937 жылғы репрессия тақырыбы аясында өз әулетінің тағдыры жөнінен тың деректер айтты
– Ержан Серікұлы, Сіздің кәсіби дипломат екеніңіз әмбеге аян. Бірақ, атаңыз Мұқаш Смағұловтың 1937 жылғы репрессия құрбаны екені көпшілікке беймәлім. Осы жайлы не айтасыз?
– Менің ойымша, Қазақстанда сталиндік репрессия құрбаны болмаған отбасы аз шығар. Атамның туған інісі Мұхаммеджан ақсақал көзі тірісінде айтып жүретін, Мұқаштың азан шақырып қойған аты Мұхаммед болған екен. Мұқаш көзі ашық, арабша хат таныған белсенді азамат болған, ауылдық советтің (кеңестің) хатшысы қызметін атқарған. Оның аталас ағайыны, өзімен құрдас Рабат ақсақалдың (осы жақында ғана 106 жасқа қараған шағында қайтыс болды) айтуынша, Мұқаш наху-сарфты тәмамдаған, өте білмді болған. Өзім тіл маманы, арабист болғасын айтайын дегенім, «наху-сарф» араб тіл білімінде – грамматика, нақты айтқанда, синтаксис-морфология деген ұғымды білдіреді.
Сондай көзі ашық азаматты 1937 жылдың 31 желтосанында НКВД «тройкасы» қазақ ұлтшылдық ұйымының мүшесі, колхозды құлатуға қатысқан деген жалған айыппен 10 жылға бас бостандығына айыру туралы үкім шығарған. Сол айдалғаннан Мұқаш атамыз қайтпай қалды. Оның ұлы, менің әкем Серік ол кезде анасының құрсағында қалып, өз әкесін сол күйі көрмей кетті, әкесінің інісі Мұхаммеджанның қолында өсіп, есейді. Кейін, сталиндік биліктің өз халқына жасаған ақылға сыймайтын қиянаты әшкереленгеннен соң ғана 1965 жылдың 12 ақпанында Алматы облыстық соты Мұқаш Смағұловты «қылмыс құрамы жоқ» деген негіздемемен ресми түрде ақтап шықты. Содан кейін ғана оның қайда, қашан қайтыс болғаны туралы белгілі болды.
Әкемнің айтуынша, Мұқаш 1942 жылы Ярославль түбінде неміс әскерімен шайқаста қаза болып, сол жерде ортақ зиратқа («братская могила») жерленген екен. Естуімше, совет өкіметі «халық жауларын» өз кінәларын қанмен жусын деп, штрафбаттардың құрамында немістерге қарсы майданның алғы шебіне тастаған. Солардың арасында біздің атамыз Мұқаш та шейіт болған сияқты. Ең өкініштісі, атамның ешқандай суреті де сақталмапты.
Мен кезінде еліміздің қауіпсіздік мекемелеріне осы мәселе бойынша ресми сұрау салғанмын. Бірақ алынған жауапқа сәйкес, Мұқаш Смағұловтың архивтерде суреттері жоқ болып шықты.
Биыл 1937 жылғы зобалаңға 80 жыл толып отыр. Жақында Елбасымыз айтқандай, халқымыз өткен тарихымыздың осындай қасіретті оқиғаларын ұмытпауы тиіс, ал жас ұрпағымыз болашаққа мұндай қиянаттың қайталуына жол бергізбеуі керек.
– 1965 жылы «қылмыс құрамы жоқ» деген шешіммен ақталғанға дейін Мұқаш ақсақалдың ұрпақтары советтік биліктің тарапынан қандай да бір қысымдар көрген жоқ па?
– Мұқаштың көрмей кеткен жалғыз ұлы Серік (менің әкем) бәлендей қысым көрді деп айта алмаймын. Бірақ Мұқаштың інісі Мұхаммеджан атамыз қиыншылық көрсе де, бізге бұл туралы көп айта бермейтін. Естуімше, ол 1956 жылға дейін «халық жауының» інісі ретінде комендатурада ерекше есепте тұратын. Мен осы Мұхаммеджан атаның тәрбиесін көп көрдім. Мінезі өте қатал, бірақ істеріне өте тиянақты кісі болатын, 1989 жылы дүниеден озды. Ұлы Отан соғысына қатысып, одан аман-сау оралды, зейнет жасына шыққанға дейін ауыл мектебінде талай жыл бойы ұстаздық етті. Бірақ, бізге немерелеріне неге екені белгісіз, соғыс туралы, 1930 жылдардағы ашаршылық, саяси репрессиялар жайында шешіліп айтпайтын. Өткенді есіне алуды ұнатпайтын. Кім білсін, балалары мен немерелері өз басынан өткен жамандықты білмесін, бақытты болып өссін деп бізді қорғаштағаны ма екен?!
– Сіз осы уақытқа дейін Мысыр, Әзербайжан, Либия, Түркия секілді елдерде дипломатиялық қызметте болдыңыз. Аталған елдерде осындай өз азаматтарына қиянат жасаған кезеңдер болған ба? Осы елдерде қазақ тарихына қатысты қандай да бір құжаттарды кездестіре алдыңыз ба?
– Меніңше, әр елдің тарихында осындай жағымсыз, көлеңкелі тұстары болып тұрады. Бұл ретте, мәселен, бұрынғы Совет Одағының құрамында болған Әзербайжанда да 1937 жылғы зобалаң өз басынан өткергені белгілі. Бізге бауырлас бұл елдің, біздегі сияқты ашаршылық болмағанымен, ұлттың қаймағы, яғни элитасы мен зиялы қауымы жаппай құдалауға ұшырағаны жасырын емес. Баршаға аян, кеңес өкімет орнағанға дейін 1918-1920 жылдарда тәуелсіз Әзербайжан Демократиялық Республикасы болған. Осы республиканың негізін қалаған саяси тұлғалар бірінші кезекте жазаланды. НКВД «үштіктерінің» үкімімен атылғаны атылып, атылмағандары лагерьлерге айдалды. Яғни, олар да елім деп жүрегі соққан біздің Алаш арыстарының кебін киді.
Аталған елдерде қазақ тарихына қатысты құжаттарды кездестіру мүмкіндігі болмады. Бірақ бір қызықты айтайын, Әзербайжанның Грузиямен шекаралас аумағында Қазақ ауданы, Қазақ қаласы (аудан орталығы) бар. Әзербайжанша «Газах» деп аталады. Кейбір деректер бойынша, бұл өңірдің қазаққа қатысы болуы мүмкін. Біреулердің айтуынша, бұл өңір кезінде Грузияға қараған және грузин патшасы Давид ІV-ге ұзатылған қыпшақ ханының қызымен бірге еріп барған 40 мың қол қыпшақтан қалған жұрт екен. Бакуда жұмыс істеген кезімде кілем базарына барғанымда қазақтың қошқар мүйіз оюы бар бір кілем көзіме оттай басылғаны әлі есімде. Сатушыдан сұрасам, «это газахский ковер из Газахского района» деп жауап берді. Бұл өзі қазақ, әзербайжан және грузин тарихшы-ғалымдары тарапынан терең зерттеуді қажет ететін тың тақырып деп ойлаймын.
– Соңғы үш жылда Оман елінде Елші қызметіндесіз. Қазақстан-Оман қарым-қатынасының тарихы жайлы айта кетсеңіз?
– Биыл, сәуір айында, Қазақстан мен Оманның арасында дипломатиялық байланыстарының орнатылғанына 25 жыл толды. Осы айтулы мерейтойға орай екі елдің Сыртқы істер министрлері өзара құттықтау хаттарымен алмасты. Жалпы алғанда, Оман Сұлтандығы араб дүниесінде біздің елімізбен қатынастарды, әсіресе, экономикалық салада ынтымақтастықты алғашқы болып орнатқан мемлекеттердің бірі. Көпшілік біле бермеуі мүмкін, Оман біздің елде тіпті тәуелсіздік алмай тұрған кезімізден ортақ жобаларға қатыса бастады. Мәселен, белгілі КТК (Каспий құбыр тарту консорциумы) жобасына қатысушы үш елдің бірі болды. Бүгінгі таңда ОманОйл ұлттық компаниясы Қазақстандағы мұнай өндіру саласындағы жобаларды игерумен айналысуда.
Омандықтар елордамыз Астананың да дамуына өзіндік үлес қосты. Атап айтқанда, қаладағы ең көрікті ғимараттардың бірі болып саналатын Салтанат Сарайы Оман Сұлтаны Қабус бен Саидтің тікелей қаржыландыруымен тұрғызылған.
– ХХ ғасырдың басында қызмет еткен Алаш қайраткері Нәзір Төреқұловтың араб әлемі елдеріндегі қызметі жайлы не білесіз? Сіз қызмет ететін елдердің дипломатиясы аталған тұлға туралы айта ма?
– Арабист болғасын, дипломат болғасын, әрине, Совет Одағының Сауд Арабиясында тұңғыш Елшісі болған (ол кезде елдің де атауы, елші лауазымының атауы басқаша аталған), ұлтымыздың бетке ұстар саяси қайраткері, зиялымыз Нәзір Төреқұловтың қызметі туралы хабарымыз бар. Өкінішке қарай, ол да Алаш арыстары сияқты тоталитарлық жүйенің құрбаны болды. Соңғы жылдары Нәзір туралы талай кітаптар шықты. Бірақ талай жыл өткенен кейін бе, Сауд Арабиясында болмаса, көрші Оман елінің жұртшылығы ол кісі туралы біле бермейді. Бір қызығы, бұл өңірдегі елдерде Орта ғасырдағы мұсылман дүниесіндегі танымал ірі тарихи тұлғалар Орта Азиядан шыққан Сұлтан Бейбарсты, Әл-Фарабиді, Ибн Синаны жақсы біледі. Мәселен, Оман Сыртқы істер министрлігіне жақын жерде әл-Фараби атында мектеп бар.
– Жалпы, біздің оқырман қауым оқуы тиіс он кітаптың тізімін ұсынсаңыз?
– Енді, оқырмандардың талғамдары әр түрлі болуы мүмкін. Дегенмен, қазақ әдебиетіне келсек, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» ұсынар едім. Маған сонымен қатар Мұқаңның ертеректе шыққан әңгіме-повестері ұнайды. Ғабит Мүсіреповтің ана туралы әңгімелері, Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі». Сондай-ақ Әзілхан Нұршайықов, Оралхан Бөкей, Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын оқуды ұсынамын. Тарихи тақырыптағы кітаптарды айтсақ, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы, Мұхтар Мағауиннің «Аласапыраны», орыс тілінде жазатын қазақстандық қаламгерлер ішінде Әнуар Әлімжановтың «Возвращение Учителя» романы, Морис Симашконың «Емшан» повесі, Герольд Бельгердің кейбір шығармалары. Шыңғыс Айтматовтың «Буранный полустанок» романы. Поэзияда қазақтың бас ақыны Абай, Мағжан Жұмабаев, Мұқағали Мақатаев.
Орыс ақын-жазушыларының ішінде Пушкин, Лермонтов, Чехов, Л. Толстой, әсіресе, оның «Қажымұраты». Совет дәурінен М. Булгаковтың «Мастер и Маргарита», «Собачье сердце» туындылары, И. Ильф пен Е. Петровтың «12 стульев», «Золотой теленок». Қазіргідерден Улицкаяның жазғандары өзекті болып табылады.
Батыс әдебиетінде Проспер Мерименің новеллаларын, Александар Дюма, Виктор Гюго, Джек Лондон шығарламалын, Теодор Драйзердің «Американская трагедия» романын оқуды ұсынар едім. Түріктің белгілі жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Орхан Памуктың шығармаларында өзекті проблемалар көтерілген деп ойлаймын. Оннан көп болып кетті-ау деймін... Осымен тоқтайық.
– Сұхбатыңызға рахмет! Жат жердегі жұмысыңызға жетістік тілейміз!
Олжас БЕРКІНБАЕВ