Халқына қамқор болған Қоңыр қажы
26.01.2016 2465
Шілікті халқын аман сақтап қалу үшін ел-жұртқа бас болады. Шағаноба өзенінен Саршиге дейін жететін 35 шақырымдық тоғанды қолмен қаздырады

Елағасы, қайраткер. Шілікті жазығында ғұмыр кешкен Қоңыр атамыз өз уақытында сыйлы, қадірлі адам болған. Мекке барып, қажы атанған, әулие кісі екен. Заманында ел билеген Бұтабай, би Шаянбай, Сасан би, басқа да шығыстағы болыс, атқамінерлермен сыйласып өтіпті. 

Советтік дәуірде Шілікті совхозын 20-дай жыл басқарған, шаруашылық жайының білгір басшысы Қалым Құнафияновтың «Өткен күнде белгі бар» деген кітабында Қоңыр қажы шамамен 1873 жылы туған деп көрсетіледі. Ал Қалихан Алтынбаев өз еңбегінде 1869 жылы туған деп дерек береді. Қоңыр қажы – қожан руының халық құрметтеп, төбесіне көтерген биі. Тарихшы Ескендір Құранбаев «Найман Керей» кітабында Қоңыр қажы 1908 жылы қажыға барған, 1905 жылы «Қазақстанның шежіре жазу қоғамының мүшесі болған» деген құнды деректерді алға тартады.

Бұл сөздің дәлелі ретінде этнограф зерттеуші ұстаз Е. Құранбаев Қоңыр қажының қожан руының шежіресін жазғанын және ол жазбаның әлі табылмай отырғанына өкініш білдіреді. Біреу болмаса біреуден шықса деген тарихшының үмітін ескеріп, көп болып шежірені табуға атсалысуға тиіспіз. 

Қоңыр қажының әкесі Мәжит Маңқиұлы – 19 ғасырда өмір сүрген, ел қадірлісі болған сыйлы адам. Атақонысы: Шілікті жерінің Қарасай өңірі. Мәжит Монкин есімі 1873 жылғы 7 қаңтарда Санкт-Петербургте II Александр патшаның қабылдауында Зайсан және Алтай қазақтарының депутациясы ішінде кездеседі. Патшаның осы қабылдауына барған депутация құрамындағы архивтік суретте Мәжит Монкин Тарбағатай елі Шілікті болысының биі деп көрсетіледі. Қажылыққа барған сапарында өмірден өткен Тарбағатай тектілерінің бірі. 

 

Суретте жоғары қатарда сол жақтан төртінші отырған Мәжит Маңқиұлы

Сонымен Қоңыр қажы өз халқына қандай жақсылық жасады? Оның есімінің ұрпақтан ұрпаққа бойтұмардай ілтифатпен жетіп келе жатқан себебі неде? 

«Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі тоқтықта ауыздан кетпейді» деген сөз бар ғой халықта. Міне осы халықтық сөздің мағынасын Қоңыр қажының ел-жұртқа сіңірген еңбегінен ұғамыз. 1928 жыл қазақтың малын тартып алып, жанын садақа қылған жылдар. Голощекинның қолдан жасаған ашаршылығы елге жаппай күйзеліс әкелді. 

Осы тұста Қоңыр қажы Шілікті халқын аман сақтап қалу үшін, ел-жұртқа бас болады. Шағаноба өзенінен Саршиге дейін жететін 35 шақырымдық тоғанды қолмен қаздырады. Бұрын-соңды болмаған осындай жұмысқа қатысқан адамдарды өзінің мал-жанымен тамақтандырады. Ортаға беріп, малдан айырылғанша, оны туған халқының игілігіне айналдыруды ойлайды. Осы ғасырлық шаруаны бастап, оны абыроймен аяқтап, ұйымдастырушы ақыл иесі ретінде халықтың ықыласына ие болады. Шілікті халқының егін егіп, тартылған тоғаннан мал суарып, ашаршылықтан басқа жердегідей жаппай емес, аман өтуіне сіңірген Қоңыр қажының халықтық еңбегі ұмытылмауға тиіс. Сондықтан болар Тарбағатай игі жақсыларының бәрін өлеңге сыйғызған Әрімжан Жанұзақұлы «Жәжең» атанған Зейнолла Бұтабайұлына арнаған ұзақ толғауында Қоңыр қажының есімін ерекше ілтипатпен атайды. 

Қоңыр қажының тағдыры ел мен жерге осындай көсемдік жасап, ұлылық танытса да, советтік заманның жылымық қабағына қарамастан, қудалауға түседі. Қазақстанды сол тұста басқарған Филип Голощекиннің колхозға адамдарды зорлап тарту саясаты кезіндегі «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранды сойқанын астарлап ұққан бабамыз көзінің тірісінде, қолында мал-жаны тұрғанда өзіне зират тұрғызады. Бұл сол кездегі дәулетті адамдар салтына да жататын іс еді. Өкінішке қарай, совет үкіметінің «шаш ал десе бас алатын» құйыршықтары қажыны зират тұрызды деп, түрмеге жабады. Халық үшін сіңірген еңбегі арқасында одан босап шығады. Бірақ өмірінен тыныштық кетеді.

1930 жылы Қытай еліне кетуге бел буады. Қажы атамыз кетерінде «Иә, Алла, Жаратқан Ием! Өзіме арнап салдырған мекенімді өзіме бұйырта гөр. Жат жерде сүйегімді қалтыра көрме» деген тілеумен аттанған екен деген әңгімені үлкендер айтып отыратын. Қажының осы тілеуі қабыл болады. 1946 жылы совет үкіметі оның колхоз құрылысының бастапқы кезеңіндегі атқарған шаруаларын ескеріп, елге қайта қайтуға рұсат береді. Өкініштісі, қажының туған жердегі ғұмыры ұзақ болмайды. 1947 жылы Қоңыр қажы өмірден озып, алла өзі салдырған Саршидегі зиратынан топырақ бұйырған екен. 

Енді Қоңыр қажы бабамыздың адами тағылымдары туралы халық жадында сақталған ғибраттары туралы бірер сөз. Ертеде елдің игі жақсылары бас қосқан бір жиында «Адамға не серік? Тентек нешеу? Өкініш не?» деген сұрақтардың тәрбиелі мәні жөнінде ой өрбиді. Жиында отырған Қоңыр қажы бабамыз, басындағы тақиясын, бір киіп, бір шешіп, қолына алып отырыпты. Ғибратты сөз айтарда қажының осындай әдеті бар екен. Оны білетін жұрт үнсіз тыңдапты. 

Сонда Қоңыр қажы: «Әр адамда үш серік, төрт тентек, екі өкініш болады. Үш серік ол: ғылым мен өнер, адамның құдай қосқан жары. Алдымен – ғылым серік. Оқып, зердеңе жиғаныңды өзің біреуді тәрбиелеп оқытып, білгеніңді айтпасаң, оны сенен ешкім тартып ала алмайды. Екінші – өнер серік. Оны да ешкім ұрлап та, тартып та ала алмайды. Бұл екеуі мінерге ат, ішерге ас болады. Үшінші – жар серік. Әйелі өлсе, қаңғырып басы ер қалады. Ері өлсе, аңырап, боздап әйелі қалады. 

Төрт тентек дегеніміз: бірінші – көз тентек. Жанары өшіп, бойынан жаны шықпай адамның көзі тоймайды. Екінші – көңіл тентек. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» деп бекер айтылмаған. Бұлтқа мініп, жайды қамшы етіп дүниені айналғың келеді. Үшінші тентек – өмір. Кеше туған баласың, қайда кетіп барасың? О, дариға, 25-те қайратың толық, ақылың кемшін, 40-та ақылың толық, қайратың 25 жастағыдай емес. Балалық, бозбалалық, жігіттік дәуренге қайта бір оралтпай зыр етіп, қариялық деген келместің кемесіне әкеп мінгізеді. Қамшының қысқа сабындай болып, зыр етіп өткен өмірден өкінішің мен маңдайыңа жазған сыбаға-сыйыңды көрген түстей еншілеп аттанып кете барасың. Төртінші тентек – өлім. Кәрінің кәрілігін сыйлап, ұялмайды. Жастың жастығын аяп, қаймықпай кеселімен, дертімен жалаңдап келеді. 

Екі өкініш дегенім: біріншісі – онсыз да қысқа өмірдің жартысын көріп, жартысын көрмей, ұйқымен өткізесің. Екіншісі – қолыңдағы байлық. Ол шың басындағы қырау сияқты, күн жылт етсе еріп жоқ болады. Ал бақпен келген билік – киім етегіндегі шаң сияқты, қағып қалсаң ұшып кетіп, жоқ болады», – деген екен. 

 

Елағасы Қоңыр қажы Мәжитұлының зираты

Осындай тағылымды артында сөз қалтырған Қоңыр қажы асқан домбырашылығымен де аймаққа белгілі болған. Ол – «Бозторғай», «Бұлбұл», «Кермарал», «Қарлығаш», т.б. күйлерді өмірге әкелген өнерпаз жан. Амал жоқ, уақытында зерттеуші іздеуші адамдар болғанда бабамыздың бұл шығармалары да анықталып қалар ма еді?! Ағайынды Рамазан мен Беделбек Әбілмажиновтар орындап, «Қазақ» радиосының алтын қорына халық күйі деп жаздырған «Бозторғай», «Бұлбұл» күйлері барша қазақтың асыл қазынасына айналды. 

Сағынбек Ақанұлы, ҚР мәдениет қайраткері