Әбдіуақап Қара: Сана тәуелсіздігі болмай, бір елдің өркендеуі мүмкін емес
16.12.2019 2007
Түркияның Ыстамбұл қаласында тұратын қандасымыз, белгілі ғалым, тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қарамен аз-кем сұқбаттасқан едік.

– Әбдіуақап аға, сіз соңғы кездері сана тәуелсіздігі жайында жиі айтып жүрсіз. Бұл өзі сонда нені білдіреді?

– Біз қазақ халқы жеке ел болып саяси тәуелсіздікке қол жеткіздік. Саяси тәуелсіздікке бір күнде қол жеткізуге болады. Бірақ сана тәуелсіздігі бір күнде келмейді. Ол үшін уақыт өтуі керек. Ол уақытты ғалымдар мен саясаткерлер қысқарта алады. Кейде сол сана тәуелсіздігінің келмеуі де мүмкін. Ал сана тәуелсіздігі болмай, бір елдің өркендеуі мүмкін емес. Бірақ саяси тәуелсіздік сол сана тәуелсіздігіне жетудің ең бірінші шарты болып табылады.

Былайша айтқанда, 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігімізді жариялап, күллі Алаш жұрты көксеген арманымызға жеттік. Қазақ елі осылайша тарих сахнасында сонау ата-бабаларымыз салып кеткен сара жолмен көш керуенін қайта түзей бастады. Жеке ел болып, еркіндіктің дәмін татып жатырмыз. Бірақ та мұнымен толық тәуелсіздік алдық деп айта аламыз ба? Жоқ, тек санамыз тәуелсіз болған жағдайда ғана мұны айта аламыз.

– Атап айтқанда?..

– Сана тәуелсіздігі дегеніміз – халықтың өз-өзіне сенуі, болашағына сеніммен қарауы. Өз халқының басқа ешбір халықтан төмен емес екеніне сенуі. Халық өзіне толық сенген жағдайда ғана толық тәуелсіздікке қол жеткізе алады. Өйткені өзіне сенген халық тіліне, діліне, мәдениетіне, ғылымына, салт-дәстүріне, тіпті елдің экономикасына ерекше қарап, оны әлемдік деңгейге көтеруге тырысады. Ал сана тәуелсіздігі болмаған халықта өзіне сенбеушілік пайда болып, болашағын өзге халықтардан, өзге елдерден іздейтін болады. Айталық, ондай жағдайда халық өз ұрпағын қаршадайынан ана тілінде емес, шет тілдерінде тәрбиелей бастайды. Сөйтіп, ұлын, қызын немесе немересін жат тілдегі балабақшаларға береді. Тіпті бұғанасы қатпаған баланы Лондонға апарып тәрбиелегісі келеді. Біз бұл жерде ана тілін судай білген жеткіншек балалардың шет тілінде немесе шетелдерде білім алуын айтып жатқан жоқпыз. Біз ана тілін білмей жатып, өзге тілдерге елігіп жатқандар туралы айтып отырмыз. Сайып келгенде, саналы іскер азаматтарымыз капиталдарын, ақшаларын өзге елдерге аудармай, туған еліне жұмсауы керек еді. Ақшасы өзінен асып жатса, оны шетелдерге тасып жатпай, өркениетті Батыс елдеріндегідей, түрлі мақсаттарда қайырымдылық қорларын ашып, елінің, жас ұрпақтардың өсіп-жетілуіне күш жұмсап жатуы керек. Аллаға шүкір, бүгін еліміз – Қазақстанымыз саяси тәуелсіздіктің асқар шыңына қол жеткізіп отыр. Бұл салада үлкен-үлкен жұмыстар атқарылды. Саяси аренада ұлы жетістіктердің басында еліміз нық тұр. Айталық, Қазақстан келесі жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткелі отыр. Бұл нені көрсетеді? Бұл саяси тәуелсіздігіміздің баянды болып, алға басып келе жатқанымызды және мұны бүкіл әлемнің мойындап отырғанын көрсетеді. Енді бұл тәуелсіздігіміз мәңгі болуы үшін халық өз-өзіне сеніп, сана тәуелсіздігіне қол жеткізіп, бүкіл күш-қайратын тек Қазақстанның өркендеуіне ғана жұмсауы керек.

 – Сонда еліміздің еңсесін тік көтеріп, әлем алдында «мен – қазақпын» деп кеудесін ұрып, өзгеге өзінің кім екенін өз тілінде қасқайып түсіндіруге ұлттық құндылығымыздың әлі де біршама қайнауы жетіспей тұр дейсіз ғой?

 – Дұрыс айтасыз! Қазақтың әлі де қайнауы келмей тұр. Ол үшін жаңа айтып өттім, ең бастысы – уақыт керек. 70 жылдай ұлттық ерекшеліктерін емін-еркін меңгеруге мүмкіндік ала алмаған халықтың енді сол мүмкіндікке қол жеткізген уақытта бұрынғы ойлау жүйесінен бірден арылып, өзінің төл түсінігіне қол жеткізуі оңай емес. Оған уақыт керек, зиялы қауымның, саясаткерлердің үлкен еңбегі, жұмысы керек. Санасының басқа бір ұлттың таным-түсінігіне ауып кетіп, тәуелді болғандығын адамның өзі көп жағдайда сезбейді. Айталық, баласын өз ана тілінде емес, өзге бір тілде оқытып жатқандар мұның өз халқына сенбеушіліктен туындағанын білмейді. Оны қазіргі технологиялық жағдаймен айтқанда, ішіне вирус еніп кеткен компьютермен салыстыруға болады. Ондай компьютердің жұмысы баяулайды, жұмысын дұрыс атқара алмайды, тіпті кейде істен шығып қалады. Вирус сіздің жазған тың мәліметтеріңізді ұрлап, интернеттен жан-жаққа жіберіп жатады. Оны, әрине, сіз білмейсіз. Сананың тәуелділігі де осындай. Адам оны өзі парықтап жатпайды. Өзінің барлық ойлау жүйесі өзіне табиғи көрінеді. Вирустан құтылу үшін адам компьютерге антивирус қоймай ма? Сол секілді сананы сауықтыру үшін де бір «антивирус» керек.

Ол қандай «антивирус» сонда?

– Ол – тарих. Ең бастысы, халықтың ұлттық тарихы. Ұлттық тарихын жақсы білген адамның ұлтына, халқына деген сенімі қалпына келе бастайды да, сана тәуелділігінен құтыла бастайды. Мәселен, Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстанда кезінде әлемнің ең үздік өркениеті болғандығын, алып мемлекеттер құрғандығын түйсініп, түсінген азаматта халқына деген ерекше құрмет пен сенімнің болмауы мүмкін емес. Шынында, бір кезде еліміз дүнияуи ғылымдардың ордасы, үздік өркениеттің бесігі еді. Мысалы, Ибн Сина, әл-Фараби секілді жаһанда теңдесі жоқ тұлғалар мен сонау Ғұндар, Көк түрік қағанаты, Алтын Орда секілді үлкен мемлекеттер осы аймақта салтанат құрды емес пе? Тарихын білген, осыларды білген адам аталарының жасағанын қайталауға әбден болатынын біліп, өзінде ерекше қайрат-қажыр барын сезеді. Құдайға шүкір, біз көп халықта кездеспейтін бай тарихқа иеміз. Мұндай тарихымыз, мұндай «антивирусымыз» болмаса, қайтер едік? Бұл бізге бүгінгі таңдағы жаһандық үрдістің салдарынан қорғану үшін де қажет. Сондықтан ұлттық тарихымызды, ұлттық тұлғаларымызды білуіміз керек. Екіншісі, өзге халықтардың да тарихын жақсы білуіміз керек. Бірақ бұл тарих шынайы, дұрыс және ұлттық көзқараспен жазылған болуы керек. Әйтпесе, пайда орнына зиян келтіреді. Өйткені өзге елдің тарихын тек сол елдің ғалымдарының еңбектерінен ғана оқу сананың тәуелділігін арттырмаса, кемітпейді. Әсіресе көршілес елдердің тарихын қазақ ғалымдарының да ұлттық көзқараспен қайта жазып шығуы ауадай қажет. Мәселен, Ресей мен Қытай тарихы қазақы көзқараспен қайта жазылып, оқытылуы керек. Өйткені олармен біздің сан ғасырлық байланысымыз болды. Бірде тату, бірде қату жағдайларды бастан кешірдік. Мұның барлығын, әрине, әр елдің өзінше бағалауы – заңдылық. Сонда біз неге өз ата- бабаларымыздың байланыстарын қарсы жақтың көзқарасы бойынша оқимыз? Оны тағы өзіміз оқумен шектелмей, ұрпақтарымызға оқытамыз ғой, қас қылғанда. Біздің тарихшыларымыздың көрші елдің тарихшыларынан несі кем? Олар біздің тарихымызды бүге-шігесіне дейін зерттеп жазып жатқанда, біз олардың тарихын жаза алмаймыз ба? Әрине, жаза аламыз. Тек осы мәселенің маңыздылығын түсіне білейік. Тіпті өздеріңізге белгілі, өзге елдер   түркі халықтарының тарихын бізден артық жазбаса, кем жазып отырған жоқ. Міне, сондықтан әлемде түркология ғылымы қалыптасқан. Тілімізді, тарихымызды, мәдениетімізді олар жақсы зерттеген. Ал біз неге оларды зерттемейміз? Бұл жағдай тек Қазақстанда емес, бүкіл түркі халықтарында осылай. Түркі ғалымдары әлі де болса өзге халықтарды зерттеуде артта қалып отыр.

Қазақ – ежелден еркіндік аңсаған халық. Бірақ шетелдерде қазақтардың кеңестік кезеңде тәуелсіздікке ұмтылмағаны, күреспегені жөніндегі пікір басым. Алайда «қазақтар «тәуелсіздік» деген қасиетті ұғымның өзі түгіл, иісін де білмейді» деп ойлаған кейбір батыстық ғалымдарды теріске шығаратын фактілер бізде көп. «Кеңес Одағы өздігінен құламаса, қазақтар қарыны тоқ, көйлегі көк болса болды, тәуелсіздік естеріне де келмей, мәңгі бақи бодан болып жүре берер еді» деген пікірлерге қосылу әсте мүмкін емес. Бұл – қате. Оған толық дәлелдеріміз бар. Ары қарай кетсек, әу баста Кеңес Одағына қарсы шыққан Алаш қайраткерлері Әлихан, Ахмет, Міржақып пен Мұстафа Шоқайлар бар. Мұны күллі әлем біледі.

Сұқбатыңызға рахмет!