Қазақтардың әскери ісі
03.11.2015 3206
Тарихшы Арман Жұмаділ бұл мақаласында қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптастырған әскери өнері мен қаруларының түрлері, қолданылу жайынан баяндайды

Ш. Уәлиханов зерттеулеріндегі қазақ қарулары 

Б.з.д. І мыңжылдықта Хуанхэның орта ағысынан Дунайға дейінгі Ұлы Дала төсінде дүние жүзіндегі озық әскери мектептердің бірі қалыптаса бастады. Сол кеңістікте өмір сүрген сақ, ғұн, түрік тайпалары далалық әскери мектептің негізін қаласа, қазақ халқы олардың тікелей ұрпағы ретінде сол әскери мектептің дәстүрін жалғастырушы мұрагері болып табылатыны – тарихи заңдылық. 

Қазақ ғылымының бастауында тұрған Шоқан Уәлиханов ХІХ ғасырда қазақтардың әскери ісін сипаттауға көп көңіл бөлді. Ол қазақтардағы қарудың түрлерін екіге бөліп көрсетеді. Біріншісі – мал күзеткенде және ішкі қақтығыстар кезінде қолданылатын қарулар. Олардың қатарына қамшы, құрық, сойыл жатады [1, 463-б.]. Екінші топқа соғыс кезінде қолданылатын қарулар кіреді. Олар: ертеректе қайқы қылыш, кейін сапылар; селебе мен жекеауыз және «үнемі әр қазақта болатын пышақ»; одан әрі найза; садақ, жақ және жебелері; мылтық [1, 464-466-бб.] деп көрсетеді. Ш. Уәлиханов бұл қарулардың тек атауларын ғана беріп қоймай, сонымен қатар олардың неден жасалғанын немесе оларды қай жерден әкелетінін, түр-сипатын, асыну ерекшеліктерін көрнекті түрде өзінің салған суреттерімен бейнелеп отырған. 

Мысалы, Шоқан садақ туралы айтқанда оларды қазақтардың өздері жасайтынын, бірақ Бұқара мен башқұрттан қымбат садақ алдыруға әуестігін айтып, олардың кейін Қытайдан да келе бастағанын атап өтті. Ал жебелерді қайыңнан жасайтынын, қауырсыны төрт қатар, ұштары аңға арналғаны екі қырлы, сауыт бұзары төрт қырлы болатынын, адамды аттан атып түсіру үшін қозыжауырын сияқты оқ түрлерін қолданатынын, жебенің қауырсынын әдетте «көшегеннің қойлық жүнінен немесе тазқараның тайлық жүнінен жасайтынын» көрсетті. 

Ғалым мылтықтарды сипаттауға да көңіл бөлген. Ол қазақтарда мылтықтың өте сирек болатынын, атадан балаға мұра ретінде берілетінін және әр мылтықтың қасиетіне қарай «көз кеш», «күлдір-мамай» сияқты өз аттары болатынын, оқтарды қорғасыннан жасайтынын, сонымен қатар, мылтықты қолдануға байланысты керекті барлық қосалқы жарақтарды да толық сипаттап кетті. Сол сияқты Ш. Уәлиханов «Қазақ оқ-дәрісінің құрамы» атты еңбегінде қазақтарда оқ-дәрінің жасалу жолдары туралы құнды мәліметтер қалдырған [2]. Оның құрамы сор (селитра), көмір, күкірттен тұрады. Қазақтар сорды мал қиынан немесе «қалмақ» қорғандарының ескі топырағынан алған. Көмірді тек талдан, оның оқ-дәріге жарамды ең жұмсағынан күйдіреді екен. Ал күкіртті Ташкеннен әкеледі, әсіресе орыс күкіртінің сапасы жоғары болғандықтан соны пайдалануға тырысқан. 

Қазақтар оқ-дәрінің әр түрін білгені туралы, оны неден жасалатыны туралы орыс мәліметтері де бар. Бірақ олар ол туралы үстірт айтып кетеді. Ал оның жасалуының біршама толық технологиясын тек Шоқанның еңбегінен көреміз. Аталған еңбекте Шоқан сорды алу үшін топырақты не қиды қалай қайнататынын, оны сүзу және сордың кристалдарын жинау процесі нақты суреттеледі. Екі жарым фунт (1,13 кг) оқ дәрі алу үшін бір фунт сор, жарты фунт көмір, бір фунт күкірт салынады екен. Әрі қарай Шоқан осы оқ-дәрінің құрамын аттың қылымен қалай езгілеп, ұнтақтатып, тазартатынына дейін сипаттайды. 

«Ер қаруы – бес қару» ұғымы 

Қазақтардың қару-жарақ кешені халық ауыз әдебиетінде батырлардың толық қаруланғанын білдіретін «бес қаруын асынды», «бес қаруы бойында» деген сөз тіркестері жиі кездеседі. «Ер қаруы – бес қару» [3, 46-б.] деген жыр жолдары мақал сөзге де айналып кетті. «Бес қару» – сөз жоқ, қазақ батырлары қолданатын соғыс қару-жарақтарының негізгі кешенін білдіретін ұғым. 

Ал, қаруды «бес қарудың» қатарына жатқызу үшін оның төмендегідей ерекшеліктері болуы шарт. Біріншісі – жалпы еркек адам емес, тек жауынгер, әскери адам ғана ұстайтын құрал болуы керек; екіншісі – күнделікті тұрмыста емес, тек соғысқа қолданатын құрал болуы керек; үшіншісі – қарудың жекпе-жекте қолдану мүмкіндігінің болуы; төртіншісі – қарудың әскери тактикаға негіз болуында; бесіншісі – қару түрінің әскер құрамын анықтауы; алтыншысы – қарудың жоғары дәрежелі әскери лауазымдарды белгілейтін және әр түрлі символдық мағынада қолданылуы; жетіншісі – соғыс қаруының өзіндік жұмсау тәсілімен ерекшеленуі [4, 44-46-бб.]. 

Осы ерекшелерге байланысты «ер қаруына»: 1) садақ (кейін оның орнын мылтық басады); 2) қылыш (ертеде семсер, сапы); 3) найза («сүңгі» деп аталатын ұзын түрі бар); 4) айбалта; 5) шоқпар (соғыста қолданатын түрі «гүрзі») жатқызуға болады [4, 46-б.].

Шынында да, «ер қаруының» саны бесеу болып қалыптасуы олардың өзіндік, бірін-бірі ауыстыра алмайтын жеке қызметінің (функциясының) болуына байланысты. Бұл соғыс қаруларының жұмсалу тәсілі бес түрлі болып қалыптасқан. Олар: ату (садақ не мылтық), кесу (қылыш), түйреу (найза), шабу (айбалта), соғу (шоқпар). Басқа қарулар осы бесеуінің вариациалануы, түрленуі ғана. Сондықтан ұрыс кезінде бұл бес қару бірінің орнын бірі баса алмайды [4, 49-б.]. 

Еуразия даласын мекен еткен көшпелі тайпалар мен халықтардың өмірінде салт-дәстүрлер мен әдеп-ғұрыптар маңызды орын алып, олардың дүние танымын ерекшелейді. Үш мың жылдан бері бұл дәстүрлердің бәрі дерлік көп өзгеріскге ұшырамай бүгінгі күнге дейін жетіп, ұлттық құндылықтарымызға айналып отыр. Олардың өміршеңдігі бүгінгі күні қазақ халқы үшін өзінің ұлттық сипатын сақтап, ұлт ретінде жойылып кетпеудің бір кепілі болып тұрғандай. Бұл заңды да. Өйткені табиғи-географиялық, шаруашылық және дүние танымдық ерекшеліктеріне сәйкес белгілі бір өмір-салтын ұстанған халық өз құндылықтар жүйесін салт-дәстүр, әдеттік-құқықтық нормалар, заңдар арқылы сақтайды. Көшпелі өркениеттерде осындай құқықтық әдет-ғұрыптар мен заңдар көшпелі дала өмірінің шаруашылық, некелік, қылмыстық, т.б. құқықтық қатынастарды реттеумен қатар тікелей әскери іс пен соғыс қажеттілігін өтеуде маңызды болды. Ал, әскери іс халықтың және мемлекеттің өміршеңдігін қамтамассыз етуде барлық тарихи кезеңдерде ең басты рөлдердің бірін атқарды. 

Қаруға деген құрмет 

Қазақ халқының өмірінде де әскери іске байланысты құқықтық әдет-ғұрыптар мен заңдар кең таралған. Тәуке ханның «Жеті Жарғысына» сәйкес көшпелі қазақ қоғамында еркін және құқығы толық қоғам мүшесі ретінде ер адамның бәрі де қару асынып жүруі тиіс еді. Бұл заң туралы А. И. Левшин өз зерттеуінде былай деп көрсетеді: «Бірде-бір қазақ халық жиналысына қару асынбай келмейтін. Қару асынбай келген адам дауыс беру құқығынан айырылған және жастар оған орын бермеуіне болатын. Қару асынуға жараған әрбір адам (сұлтандардан басқа) жыл сайын өзінің дүние-мүлкінің 1/20 бөлігін ханға және ел басшыларына алым ретінде төлейтін» [5]. 

Сонымен қатар, қазақ халқының дәстүрінде қару билік символы ретінде де көрінеді. Қазақтар ақ киізге көтеріп хан сайлаған кезде ру-тайпа көсемдері ханның беліне алтын балдақты қылыш буып беретін. Мұнда қылыш билікті білдірсе, оны ру көсемдердің хан беліне тағуы – хан халқына қызмет етіп, барынша адал билік етсін дегені. Жалпы, белді кісе-белдікпен буып тұру семантикасы адамның қызмет етуге, белгілі бір әрекетке дайын тұруының белгісін білдірген [6, 96 б.]. Қазақ тіліндегі «тәуекелге бел буу», «белін буып кірісті» сияқты тұрақты сөз тіркестері осыны дәлелдейді. 

Оқшантай, шақпақ, асылатын кісе белдік ерте заманнан бері жауынгерліктің белгісі болған. Оның әшекейі, салпыншақтарының саны жауынгердің коғамдағы дәрежесіне сай болған: атак-данқы артқан сайын әшекей-саллыншақтары көбейе түскен. 

Ең бастысы көшпелілердің әскери ісіне қатысты дала құқықтық әдет-ғұрыптар мен заңдар елдің ішкі-сыртқы қауіпсіздігі мен бірлігін, өміршеңдігін қамтамассыз етуге бағытталған. Мысалы, Тәуке ханның шығарған заңдар жинағында әскери іске нұқсан келтірген адамға өлім жазасы кесілетін бап бар. «Жеті жарғы» бойынша біреудің меншігіне қол сұғып, ұрлаған мал үшін үлкен айып төлетсе, ендігі бір бапта өрде тұсаулы тұрған сәйгүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы кесіледі. Бұл заңда сәйкестік пен гуманизм жоқ боп көрінуі мүмкін. Бірақ, өрде көрініп тұрған, тұсаулы сәйгүлік ат – жай ат емес. Ол – жорық аты. Ал жорық атын ұрлау – қасақана әскери іске нұқсан келтіру деген сөз. Бұл заң қазақ қоғамының қауіпсіздік страдегиасынан туындалғаны анық [7, 27-б.]. 

Қазақтар каруды өте қатты қастерлеген. Ол жайында халық ауыз әдебиетінде көп мәлімет табуға болады. Жырларда кару-жарақтар тек өзінің жеке атауымен ғана емес, қару элементтерінің атымен немесе қарудын түр-сипатына, түсіне, жасалу мен қолдану әдісіне байланысты да аталады. 

Мысалы, жырларда найзаға байланысты мынадай атаулар кездеседі: толғамалы ақ найза, емен сапты найза, алты құлаш ақ найза, егеулі найза, жалаулы найза, күмбезді найза, қарағай найза, жебелі найза, қималы иайза, қоңыраулы найза, шашақты найза, сырлы найза, т. б. Немесе семсер мен кылышқа байланысты атаулар: ақ семсер, алты құлашты ақ семсер, көк семсер, алмас қылыш, жалаң қылыш, болат қылыш, алтын балдақ ақ қылыш, алдаспан, наркескен, т. б. Садаққа байланысты: бұлғары садақ, бұқаржай, көн садақ, қарағай садақ, т.б.; мылтыққа байланысты: алты қырлы ақ мылтық, ақ сырық мылтық, берен мылтық, білтелі мылтық, күмісті мылтық, орама мылтық, мысық құлақ мылтық, он екі құрсау жез айыр мылтык, сыр мылтық т. б. [8]. 

Қазақ үшін қару тек ұрыс құралы ғана емес. Қару – батырдың жанды серігі іспеттес. Жырларда батырлардың өз қаруымен серт жасасатын жерлері бар: 

Алты атқа алған адырна 

 Ата алмасам маған серт!... 

Шым жібектен ескен кірісі 

 Үзіліп кетсе саған серт! 

Қазақ ертегілерінде де батырдың жаны оның қаруында болады деп суреттелуінің өзі қарудың қаншалықты қастерлі болғанын көреміз. Сондықтан да қазақтар қаруды ешқашан да қадірсіз іске жұмсамаған. Бұл батырлық кодекске қайшы болатын [4, 46-б.]. Мысалы түрікмеңдерде дәстүрлі этикет бойынша жақсы қылышты қыннан суырып, оны қолданбай қайта орнына салу жауынгер ердің дәрежесіне қайшы келетін [9]. 

Қаруға байланысты ырым-тыйымдар 

Қазақ даласының өмірі туралы біршама мағлұмат беретін Джон Кэстльдің салып кеткен суреттері бойынша қару-жарақ Қағбаға қарайтын киіз үйдің оң – ер жағында керегеде ілулі тұруы керек [10, 63-64-бб.]. Оған иесінің рұқсатын алмай туыстарынан бастап ешкімнің де қол тигізуге қақы жоқ. 

Қаруды қастерлігі сонша, қазак халқының адамның шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, бақилық болғанға дейінгі барлық әдет-ғүрып, салт-дәстүрлерде қару қолданылатын. Мысалы, егер екіқабат әйел көпке дейін босана алмай, қатты қиналса оны босандырмай жатқан албасты немесе марту деп сенген. Сол мартуды қуу үшін кылышты қынабынан шығарып әйелдің бас жағында ойнатып, үкі әкелдірген... Үйге еркектер кіріп, екі қолымен етектерін қағып, үлкендері төрге шығып білетін аяттарын оқыса, жастары шығып қару-жарақтарын салдырлтып, бар болса мылтық ататын. Ата-бабалардан қалған сауыт-сайман, кісе, айбалта, найза, қылыш, қамшы тәрізді бұйымдарды үйдің ішіне іліп қоятын [11, 89-90 -бб.]. Бұл дәстүр казақтарда қару-жарақтың магиялық қасиетіне сенуіне байланысты ертеректе пайда болған. 

Қарудың орны үйдің ішінде болатындығы туралы жоғарыда айтылды. Ал найза мен сүңгіні үйдің белдеуіне қыстырулы болған. Бұл батырдың үйде екендігінің белгісі және найзаларға әр түрлі дәреже белгілері (байрақ, шашақ, ту) тағылатындықтан бұл кімнің, қай батырдың үйі екені, онын дәрежесі, елде ме, әлде жорықта екені сырттан келген адам біліп отыратын [4, 92-б.]. Сондай-ақ найзаны өлім болған үйде «қара» тұрғызғанда қолданады. «Қара» дегені найза ұшына белгі байлауды айтады, мәйіт жас болса – қызыл, ересекке – ақ, орта жасар болса бір жағы қара, бір жағы қызыл матадан кұрап тіккен. Бұл – «қаралы үйдің белгісі». Ары-бері жүрген адамдар сол үйде өлім болғанын, марқұмның жас мөлшерін біліп, үйге кіріп көңіл айткан. «Қара» көтергені – «ас береміз» деген хабар. Сондықтан да әркім қаралы орынға келіп ас-су ішіп дұға етеді, шаршаған тыныс алуға, шөлдеген сусындауға, аштар тойынуға сонда барады. «Қарны ашқан қаралы үйге барсын» деген мәтел осыдан қалған болар [10, 180-б.]. 

Қайтыс болған батырдың мұрагері жоқ болса, бес каруы өзімен бірге жерленген немесе өзінің өсиеті бойынша біреуге калдырылатын. ХVІІІ ғасырдың аяғында өмір сүрген Саржала батыр сексеннен асып тоқсанға қарай жакындағанда момын, шаруа балаларына көңілі толмай: «Апырмай, тәңірім өзіме теңдес бір ұл бермеді-ау, мына сауыт-сайман іріп-шіріп далада қалар ма екен», – деп калың ойға батып жүреді. Бір күні үзеңгілес жолдастарымен ат үстінде келе жатып, ойнап жүрген көп баланың үстінен шығады. Қару-жарақтарын асынып, суыт жүріп, сатырлап қыр астынан қапелімде шыға келген батырлар балалардың зәресін ұшырып, қатты қорқытады. Шошып қорыққан балалар тым-тырақай қаша жөнеледі. Тек бір бала ғана тұрған орнынан қозғалмай, бұқа болып өкіріп, топ алдындағы Саржала батырдың атының басына топырақ шаша бастайды... Саржала батыр сол баладан ерен бір касиет көргендей болып, соның үйіне барып түседі. Бұл үй Тайман ақсақалдың шаңырағы болып шығады. Жаңағы батырлардың атын үркіткен Тайманның төрт баласының бірі – Исатай екен. Саржала Тайманға осы бала үшін келгенін айтады да, үстіндегі сауыт-сайманын шешіп, керегенің басына іліп тұрып: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген бар. Өз балаларым ренжи коймас. Менің сауыт-сайманыма өскенде осы бала – Исатайжан ие болар», – деп, колын жайып, батасын беріпті. Ел аузындағы Исатай батырдың сауыт-сайманы Саржала батырдікі дейтін аңыз осыдан қалған көрінеді [13, 13-б.]. 

Қазақтарда зират басында ертоқым мен найзаны, садақ пен жебелерді т. б. әскери қару-жарақтарды қалдыру арқылы өлгем адамның қаншалықты батыр болғанын білдіргісі келген. Марқұмның құрметіне ас берілгенде де бәйгеден озып келгендерге сыйлық ретінде міндетті түрде сауыт-сайман аталатын болған [14, 16-27-бб.]. 

Сонымен қатар, қазақтардың әдеттік-құқықтық нормалары бойынша өлген адам үшін төленетін құнның ішіне қарудың кейбір түрлері мен сауыт кірген. Мысалы, кейбір мәліметтер бойынша өлген ердің қүнына 100 жылқы және алты жақсы сұраған: 1) күң (құл); 2) қара нар; 3) ақ сауыт; 4) түзу мылтық; 5) қарашолақ ат; 6) қалың кілем [15, 127-б.]. Сол сияқты қарудың кейбір түрлері қалың мал төлегенде де берілетін [14, 29-б.]. 

Қазақ ең жақын адамын «тамыр» дейді. Көңілдері жарасқан адамдар дос, тамыр болу үшін арнайы ғұрыптар орындаған. Соның бірі – жалаң қылышты кеуделеріне айқастыра құшақтасып, мәңгі дос болып өтетіндігі туралы серт жасап ант-су ішу [15, 132-б.]. Бұл дәстүр Алпамыс батыр жырында да айтылады. Онда Қаражан Алпамысқа «Басында қорыққанымнан дос болып едім..., енді расынан дос болдым», – деп, иман айтып, аспахани қылышты ортасына айқастырып, екеуі құшақтасып дос болды деген [16]. 

Қарудың қайбір түрін жетік меңгерген батырларға сол қарудың атауы қосымша тіркелген. Мысалы, Исатай бастаған көтерілісте Жұмыр Қылыш деген қол бастаған батырлардың бірі. Жұмырға кылыш атауы қосылуының өзіндік себебі бар. Жұмыр жауға шапқанда қылышты сілтеуі басқалардан мүлде өзгеше болған екен. Осыны білген жаудың Жұмырға қарсы келуге дәті шыдамаған деседі. Тағы бір қасиеті батырдың мойнынан кылыш түспеген, тіпті төсекке жатқанда да қылышын асынып жатады екен. Осындай қасиеттері үшін Жұмырдың атына қосымша Қылыш атауы тіркелген екен [17, 42-б.]. 

Ал Қазақ хандығы дәуірі кезінде өткен жаугершілік заман қазақ халқының жауынгерлік рухын шыңдап, тарих сахынасына ұлы батырлар мен қолбасшыларды әкелді. Хандық дәуір өтіп, қазақ халқының басынан бақ тайған кезде өздеріне кезенген отқарудың қаһарынан бұқпаған қазақ қолбасшылары заманауи қарумен қаруланған жауға қарсы жаңа соғыс тәсілдерін тауып, айбынын асырып отырды.

Батырлардың әскери айласы

Ш. Уәлихановтың ерлік пен батырлық заманында өмір сүрген тарихи тұлғаларға арналған еңбектерінде қазақ-жоңғар, қазақ-қырғыз қақтығыстарында қолданылған ұрыс тәсілдері мен әскери айлалар, жорықты ұйымдастыру, олжа бөлісу принциптері мен ерліктің ерен үлгілері жазылған. Мысалы, жорық кезінде әскер алдына бір күндік жерге қарауыл, шолғыншылар жіберу [19, 220-223-бб.] ертеден келе жатқан көшпелілердің тәсілі қазақтарда да қолданылып, әскери дәстүрдің сабақтастығын көрсетеді. Қазақтар ұрыс алдында қарауылға тәжірибелі аңшылардан іріктелген шолғыншылар жасақтап жіберген. Мысалы, жоңғарға қарсы жорық кезінде Абылай алға барлаушы ретінде 1000 адам жіберсе, Жайықтан кеткен торғауыттармен ұрыста қарауылға 500 адам жіберіп отырған. Бұдан біз соғыс өнерінде алдын-ала барлау мәліметтерін жинауға және әскердің қауіпсіздігіне қаншалықты мән берілгенін байқауымызға болады. Қазақтар ұрыс алдында міндетті түрде кеңес құрып, жасалатын іс-қимылдарды алдын-ала келісіп отыратын. Әр ру-тайпа өз туының, белгісінің астына жиналып соғысатын. Шоқан ұрыс кезінде тудың маңызы мен ролін көрсетеді. Қаншама күші басым түсіп тұрса да туы жығылған жау әскерінің сағы сынып, жеңіліске ұшырайды [19, 223-б.]. Соған қарағанда ту – жай бір қатардағы әскери атрибут емес, ол халықтық, жауынгерлік рухтың асыл қасиеттерін бойына жинаған, бабалардан мұра ретінде қалған, ұрпақтан-ұрпаққа қалдырып, сақталып келетін қастерлі рәміз! 

Қазақтар қаша ұрыс салғанда, әдетте, қарудан садақ пен найза қолданылады [19, 221-224-бб.]. Қазақ батырлары ұрыста жеңіске жету үшін сан-алуан айла-тәсілдерді қолданған. Соның бірі – өзеннен өтетін өткелдердің бәрін қоршап алып, жауды өткізбеу [19, 226-б.]. Ұрыс жүргізудің тактикалық тәсілдерінің атауы кейде сол тәсілді ұтымды қолданған батырлардың атымен аталатын болған. Мысалы, Абылай Бұқар жыраудан өз батырларының жағдайын сұрағанда жырау былай депті: «Жанатай Талқы арқылы өтеді, Бөгенбай Құлжандап өтеді. Ал Хан-Баба қайтып келеді» [19, 224 б.]. «Мұндағы Құлжандап өту» ерлік пен айла көрсетіп, мықты ұрыс жүргізіп, жау қолынан сытылып шығады дегенді білдіреді екен. Бұл ұрыс әдісі ертеректе батыл жауынгер әрі керемет тактик болған Құлжанның атымен аталып кетіпті. 

Қазақ батырлары тек ұрыс ісін білетін адам ғана емес, сонымен бірге жаудың мінез-құлқын танитын психолог та болатын. Бірде, қалмақтар бекініп алған үңгірдің аузын атақты қорама мылтықпен қаруланған мерген бірнеше қазақ батырын өлтіреді. Қалмаққа қарсы шығуға енді ешкімнің жүрегі дауаламай тұрған кезде Елшібек деген батыр жорға атын ойнақтатып, асықпай майда желіп шығады. Қалмақ мергенінің оғына ұшатын болды-ау деп тұрғанда Елшібек мергенге жақындай түсіп, оған ұмтыла шабады. Қалмақ пілтесін бір басқанда мылтығы атылмай қалады. Екінші рет басқанша Елшібек оның жанына жетіп, шауып өлтіріпті. Артынан серіктері одан неге асықпай шаптың деп сұрағанда ол былай деп жауап беріпті: «Қалмақ менің атымды алам деп мені жақындата түскісі келді. Ал менің ойым оған жеткенше оның пілтесін көбірек күл шалып, мылтығы бірден атылмаса екен» [19, 223-224-бб.]. Көріп отырғанымыздай, қазақ батырлары ату қаруының техникалық сипатын біліп қана қоймай, сонымен бірге алдын-ала өз қарсыласының психологиясын, қандай әрекетке баратынын тану арқылы дегеніне жетіп отыр. 

Қазақ батырлары көзсіз ерлікке де барған. Мысалы, Жанатай деген батыр ағасының өлімі үшін қалмақтардан кек алам деп 500 адаммен он мың қалмаққа қарсы шабуыл жасап, ұрысқа кіріп кетеді. Шайқас кезінде Жанатайдың бауыры Үйсінбай іші жарылып жатса да, ақтарылып жатқан ішек-қарнын шапанының етегіне жинап алып соғыса берген екен [3, 226-б.]. Сол ұрыста қазақ әскері түгелдей қаза болды. 

Қазақтардың әскери ісі мен әскери тарихын зерттеу барысында әрқашанда олардың дүниетанымдық құндылықтарының басты ұстанымдарын ескеріп отыру қажет. Бабаларымыз не үшін соғысты? Не үшін жан беруге дайын болды? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін көшпелілердің құндылықтарын, стихиясын түсіну керек. Егер далалықтардың өміршеңдігін сақтап отырған дүниетанымы мен ұстанымдары ескерілмей, әскери тарихты тек саяси оқиға ретінде ғана сипаттаумен шектелсек, онда бабалар аттанған ұлы жорықтардың алғы шарттары мен себеп-салдары «олжа үшін соғыстан» ары бармайды. Қазақстанның әскери тарихы – бүгінгі таңда терең әрі нақты зерттеуді қажет етіп отырған өзекті мәселелердің бірі. Бұл – уақыт талабы. 

 Б. Момышұлы «Ерліктің өшуі – халық қасіреті» дегенді қалай тура айтқан! 

Арман Жұмаділ, тарих ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті 

Мақалада суретші, ғылым кандидаты Қалиолла Ахметжанның жаңғыртпа-кескіндемелері пайдаланылды.

Пайдаланылған әдебиеттер: 

1. Ш. Ш. Уәлиханов. Вооружение киргиз в древние времена и их военные доспехи / Бес томдық шығармаларының толық жинағы. Т.1. – Алма-Ата: Ан Каз ССР, 1961. – 463-468-бб. 

2. Ш. Ш. Уәлиханов. О состовной части киргиз-кайсацкого пороха / Бес томдық шығармаларының толық жинағы. Т.3. – Алма-Ата, Ан Каз ССР, 1964. – 21-22-бб. 

3. Алпамыс батыр // Батырлар жыры. Т.2. – Алматы: Жазушы, 1986. – 287-б. 

4. Ахметжанов Қ.С. Жараған темір кигендер. – Алматы: Дәуір, 1996. – 256-б. 

5. Левшин А. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. – Алматы, 1996. – 370-б. 

6. В. П. Курылев. Казахские кожаные мужские пояса в сборниках МАЭ // СМАЭ. Т. ХLIII. 

7. Созақбаев С. Тәукен хан. Жеті жарғы. – Алматы, 1994. 

8. Кайдаров А. Т. Доспехи и вооружение воина батыра в казахском эпосе и их этнолингвистическое объясненае // Изв. АН КазССР. Сер. обш. наук. 1973. № 6. 

9. Ю. М. Ботяков, В. Р. Янборисов. Холодное оружие Туркмен // Сборник МАЭ. Памятники традиционно-бытовой культуры народов Средней Азии, Казахстана и Кавказа. Л., 1989. 

10. Джон Кэстль. 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапар туралы. – Алматы, 1996. 

11. Х. А. Арғынбаев. Қазақ халқындағы семья мен неке. – Алматы, 1973. 

12. Құрбанғали Халид. Тауарих Хамса. – Алматы, 1992. – 180-б. 

13. У. Құдайбергенов. Саржала батырдың сауыт-саймандары // Мәдениет және тұрмыс, 1985. № 7. 

14. Дневные записки путешествия Капитана Рычкова в киргис-кайсацкую степь в 1771 г. Спб. 1772. 

15. И. И. Ибрагимова. Этнографические очерки киргизского народа. // Русский Туркестан. Вьш. II. 1872. 

16. Батырлар жыры. Т.ІІ. – Алматы, 1986. 

17. Е. Төтенаев. Бұл жерде Жұмыр Қылыш аты аунаған // Білім және еңбек. 1987. № 12. 

18. К. Нурланова. Символика мира в традиционном искусстве казахов // Кочевники. Эстетика. — А., 1993. 

19. Ш.Ш. Уәлиханов. Исторические предания о батырах XVIII века / Бес томдық шығармаларының толық жинағы. Т.1. – Алма-Ата, Ан Каз ССР, 1968. – 220-227-бб.