Бакудегі басқосу
26.10.2019 1323
Жуықта ғана Бакуде өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесіне мүше мемлекеттер басшыларының VII саммитінде аталмыш ұйымның аумағы да, қатары да кеңігендігінің куәсі болдық

Өзбекстан ұйымның толыққанды мүшесіне айналды. Еуропалық ел – Мажарстан бақылаушы мүше ретінде қатысты. Күллі әлем Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастама еткен ауқымды істер қатысушы мемлекеттер тарапынан қолдауға ие болғандығының куәсі болды. Бұл жолы Елбасымыз аталмыш ұйымның атауындағы «түркітілдес» деген атауды түркі деп өзгерту қажет екендігін, сондай-ақ әлемдегі осы тақылеттес халықаралық ынтымақтастық үлгісінде 2040 бағдарын ұсынды.

Бұл басқосуда еуроапалық бір мемлекеттің Мажарстан Республикасының бақылаушы ретінде қатысуы аталмыш халықаралық ұйымның жағрафиясын ғана емес, беделін, салмағын арттыра түсті деуге болады.  Мажарстан Премьер-министрі Орбан Виктордың сөзі туыс халықтардың өткені ғана емес, қазіргі күні үлкен экономикалық ынтымақтастық пен әлеуеттің куәсі болып отырғанына,  бұл салада Мажарстанның өзіндік үлесі бар екендігіне тоқталды. Экономикалық мәселе басты тақырыпқа айнылған бұл саммитте мажар премьері өз елінің Эксимбанкі Түрік Кеңесіне мүше елдерімен несие желісін ашқанын хабарлады: Мажарстан-Түркия ынтымақтастығы үшін 195 млн евро, Мажарстан-Қазақстан, Мажарстан-Өзбекстан және Мажарстан-Әзірбайжан ынтымақтастығы үшін 80 млн евродан, Мажарстан-Қырғызстан үшін және 27 миллион евро қарастырып отырғанына тоқталды деп хабарлайды www. kurultaj.hu сайты.

Виктор Орбан Үкімет басшысы болған уақыттан бері Мажарстан мен ТМЫК-не мүше елдер арасындағы сауда айналымы екі есе артып, 4 миллиард долларға жеткенін. Сонымен бірге, Мажарстан Түркі кеңесі елдерінің жастарына 700-ден астам мемлекеттік стипендия тағайындап отыр. http://kurultaj.hu/2019/10/magyar-reszvetellel-zajlik-a-turk-tanacs-ulese-bakuban/

Мажарстан 2018 жылдан бастап Кеңесте бақылаушы мәртебесін алған. Өткен айда Будапештте Түрік Кеңесінің еуропалық өкілдігі ашылған. Өкілдікті қазақ еліне де жақсы таныс тұлға, дипломат Ховари Янош басқарады.

Соңғы уақытта Мажарстандық бауырлар түркі әлемінің ғана емес күллі Тұран әлемін ғұн-сақ-түркі-мадияр туыстығын паш етудің тамаша үлгісіне айналған Тұран Құрылтайы атты әлемге танымал шараны бренд ретінде дамытып отыр. Мемлекет саясаты да бұл бастамаға қолдау көрсетіп отыр.  Төменде түркі жұрттарымен ынтымақтастың тамаша үлгісін дамуына зор үлес қосып келе жатқан Мадияр-Тұран қауымдастығының соңғы айда еңсерген іс-қызметі туралы ақпаратпен бөлісіп отырмыз. Мадияр-Тұрандықтар Карпат қойнауымен ғана шектелмей Балқан мен Добружаға да ерекше ден қойып отырғандығы қуантады. Осыған байланысты төменде белгілі ғалым, Хинаят Бабақұмардың зерттеу мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

                     МАЖАРСТАНДАҒЫ ТҰРАНШЫЛДЫҚ

Мажарстандағы мемлекеттік емес ұйымдардың басым көпшілігі ұлттық дәстүрді әспеттеу және туризм саласына серпін беру, жұртшылықтың бос уақытын тиімді өткізу, жас буынға өткен тарихты насихаттау сияқты мәселелерге ерекше ден қояды. Сондай-ақ ХХ ғасыр зобалаңында шекара сыртында қалып қойған мадияр қандастарына да қолдау жасауды ұмыт қалдырмайды. Тіпті, түркі бауырластарын да ұмыт қалдырған емес. Түркі жұрттары үшін етене таныс ұйым - Биро Андраш Жолт басқаратын «Мадияр-Тұран» қауымдастығы. Ұйым екі жылда бір өткізіп тұратын Тұран Құрылтайы шарасымен әлемдік деңгейде үлкен танымалдыққа ие. Қауымдастық тарапынан  әр алуан мәдени, ғылыми, көпшілік шаралардың легі еш  толастаған емес. Биылдың өзінде «Аттила мейрамы немесе ата-бабаларға тағзым» атты фестивал өткізді, жазда Алматыда өткен «Көшпенділер әлемі» этнофестиваліне, Сербия, Румыния, Украина елдерінде тұратын мадияр қандастары арасындағы ғылыми, мәдени шара ұйымдастырды.

Биылғы қыркүйек айында аталмыш қауымдастық екі бірдей маңызды шараны өткізді: бірі - Украинадағы мадиярлар арасында Унгвар қаласында hUNGary FEST атты шарасы. Биро Андраш қандастарына тарихи-антропология тақырыбында дәріс оқыды. Ал  ортағасырлық қару-жарақпен, киім-кешекпен келген  сайлауыт жігіттер сайыс түрлерін өнер көрсетті. Тарихи тұрғыдан алғанда, Карпаттың шығысы мадиярлардың  ата-бабалары алғаш қоныстанған мекені ретінде саналады. Тарихи деректерге қарағанда Қарпат қойнауына қоныс аударған Арпад патшаның елі осы өңірдегі - Закарпатиядағы Верецке асуынан асып келген деседі.

Екінші бір маңызды шара- Добружа жерінде өткен басқосу. Қазақ оқырмандары үшін де өзіндік мәні бар, беймәлім өлкедегі жиын туралы мәлімет оқырмандардың қызығушылығын тудыруы анық. Шынтуайтында Мажарстандағы құман-қышпақтар, печенегтер ұрпақтары туралы, Балкандағы Албания мен Косоводағы түркі тектестердің тарихы мен бүгіні туралы алдағы уақытта да мәлімет беріп отырмақпыз.

Мадияр-Тұран қауымдастығының шағын тобы Румыниядағы Түрік-Татар Демократиялық Қауымдастығының шақыруымен қыркүйектің соңғы күндерінде Добружадағы «Түркі-татар құрылтайы» атты шараға аттанды.

Көшпелілер үшін тарихи маңызды өлке санатындағы Добружа аймағы бүгіндер үш мемлекетке  бөлінген:  басым  бөлігі Румыния аумағында, бір бөлігі -  Бұлгарияға, ал шағын бөлігі Украинаға тиеселі. Тарихтың әр кезеңінде көптеген жұрттан құралған Добружа аймағының этникалық келбеті  салтатты көшпелі халықтармен тікелей байланысты өрбіген, яғни солардың құзырында болды. Ежелгі уақытта бұл аймақ Скития-Минор (Кіші Скифия) деп аталды. Ғұн империясы ыдырағаннан кейін Дунай Бұлгарларының хандығы бұл жерде біртұтас мемлекет құрды және аталған өлке ғасырлар бойы Оногур – бұлғар түрік мемлекетінің қоластында болды. ІХ ғасырдың орта шенінде Дунайдың төменгі сағасы мадиярлардың да қонысының бір шетіне айналды. Мадиярлардың Карпат қойнауына қоныстанғаннан кейін печенегтер алдымен бұлғарлардың,  кейін Византия үстемдігінің құлдырауы нәтижесінде осы өлкеге қарай ойысты. Мұнан кейін де Добружа аймағына печенег, құман-қыпшақ, содан кейін түркі-татар халықтары ағылып келіп отырды. ХІV ғасырдан бастап тұтас Бұлгар империясы, онан  Дунайдың төменгі сағасы  Осман түрік билігіне өтті. Бұл ХІХ ғасырдың соңына дейін созылғаны белгілі. 1878 жылы бұл өңір Ресейдің көмегімен дүниеге келген су жаңа құрылым - Біріккен Румын корольдігінің (содан кейін Валахия және Молдавия да біріктірілген) құрамына енді. Көп этникалық топтардан тұратын Добружа аймағына, тарихтан белгілі болғандай, Балқандағы байырғы қонысынан қазіргі румындардың ата-бабалары - валахтар бағзыда қоныс аударған. Түрік билігі тұсында Валах воеводствосы Дунайдың төменгі атырауын аз уақыт бойы басқарды. ХХ ғасырдың басында өңірдің негізгі тұрғындарының басым бөлігін татар, түркітілдес халықтар мен бұлғарлар құрады, ал румындар азшылықта еді. Бірінші дүниежүзілік соғыстың соң Добружаның бір бөлігі Румынияның қоластына өтті. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында аймақтың жаңа қожайыны Румын корольдігі түрік - татар тектес халықтардың санын азайту мақсатында өзге жұрттарды жаппай қоныстандыру саясатын жүргізді. Алғашқы қадам ретінде румын тілінде оқытатын 40-тан астам мектеп және одан да көп шіркеу салды (бұл үрдіс «пиязпішінді күмбезбен жаулап алу» деп те аталады). Кешікпей Балқаннан ондаған мың македо-романдықтарды Добружаның оңтүстігінде қоныстанды. Романдастырудың мұндай саясаты ІІ дүниежүзілік соғыс жылдарында, содан кейін дүниеге келген коммунизм тұсында да жалғаса түсті. Сөйтіп бір кездері түркі-татарлардың мекенінде румындар сан жағынан басымдыққа ие болды.  Қолданыстағы ресми мәліметтерге ден қойсақ, қазір Добружадағы түріктер мен татарлардың саны 50-60 мыңға жуық. Айта кету керек, орта ғасырларда бұл аймақ Мадияр корольдерінің вассал аумағы болған. Коммунистік Румыния саясаты  жер аударылған секей мадиярларды  Добружада арнайы ұйымдастырған үлкен оқу лагерлеріне жіберіп отырған.

Добружадағы  «Түркі-татар құрылтайы» шарасы  спорт және мәдени дәстүрге, сондай-ақ татар гастрономиясына арналды. Добружалықтардан басқа, шақырылған қонақтардың қатарында Қазаннан келген татарлар, қазақтар, бұлгар татарлары, түріктер және мадиярлар болды. Мадияр-Тұран делегациясын шараның бас ұйымдастырушы Наим Белгин және Дервис Мемур қабылдады. «Тұрандықтар» әуелде түріктер негізін қалаған Қарасу деп аталған, қазіргі атаумен  Медгидия қаласында жауынгерлік шеру өтті. Шерудің басында Мадияр-Тұран қауымдастығының көне қару-жарақпен қаруланған сайлауыт жігіттері, тарихи байрақтарды желбіретіп жүрді. Оның сапында Түркияның Бурса қаласынан келген Мехтер әскери оркестрі болды. Шеру Констанцаның орталығында қайталанды. Салтанатты тамашалаған сан мыңдаған жергілікті тұрғындарға ерекше көтеріңкі көңіл-күй сыйлағанын айтысып жатты. Ертеңінде «Тұрандықтар» Мангалия қаласының теңіз айлағында екі киіз үй тігіп, байырғы мәдениеттің сән-салтанатына арналған шара өткізді.  Күні бойы толастамаған көреремендердің қызығушылығында шек болмады, әсіресе киіз үйді жығуына дейін тамашалағандар болды

Айлақтың шетіне құрылған сахнада мәдени-көпшілік іс-шаралар өтті. Тұрандықтар әскери өнер түрлерінен көрсетілім, сондай-ақ жауынгерлік шоу ұсынды.  Бағдарламада сайыс, жүгіру, қамшыгерлік, таяқпен қорғану, күрес, және өзін-өзі қорғау сияқты дәстүрлі спорт түрлері қамтылды. Шоулар күн батқанға дейін жалғасты, қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесіне сондай-ақ татар гастрономиясына ерекше қызуғушылық байқалды. Салтанатты қабылдаудан кейін Мадияр-Тұран Қауымдастығы мен Добружадағы шараны ұйымдастырушылар арасында ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол қойылды. Түркі-татар қауымдастығы 2020 жылы Мажарстанда өтетін Тұран халықтарының  Құрылтайына ресми шақырылды деп хабарланды.

Бір кездері Еуразияның қуатты империясы болған Алтын Орда мемлекеті ыдырағаннан кейін жан-жаққа шашырағаны қоластындағы титулды тұрғындарының бір бөлігі шығыс Еуропаға қарай қоныстанды. Яғни тарихи-саяси тұрғыдан ерекше аймаққа саналатын Добружа өңірі шығыстан батысқа бағытталған көшпелі халықтар миграциясының ғана емес, Балқаннан шығысқа қарай бағытталған (бағзыдағы кельт), кейінгі кезеңдегі романтектес халықтардың һәм славяндардың әрлі-берлі сабыла қоныс аударған мекені болған. Кейінгі ғасырларда Добружа әскери-саяси мүдделердің тоғысқан аймағы болса, бүгін де әлем саясатының ден қоятын өңірі атанып отыр.

                               ХИНАЯТ Бабақұмар, тарих ғылымдарының кандидаты