Астанада Тілеп Аспантайұлы атындағы Халықаралық байқау өтеді
Бөлісу:
11.09.20182606
Астана қаласында 2018 жылдың 12-14 қыркүйек аралығында Тілеп Аспантайұлы атындағы қыл-ішекті аспаптарда ойнайтын музыканттар арасында II Халықаралық байқау өтеді.
Байқау XVIII ғасырда қазақ музыка өнеріне елеулі үлес қосқан атақты қобызшы әрі композитор Тілеп Аспантайұлының туылғанына 260 жыл толуына және Қазақстан Республикасының бас қаласы – Астананың 20 жылдығы орай ұйымдастырылады.
Байқаудың мақсаты – әлемнің түпкір түкпірінен келетін дарынды адамдарды біріктіру және ұлттық мәдениетті сақтап, әлемге паш ету. Байқау ұйымдастырушылары өз аларына қыл-ішекті аспаптарда ойнау шеберлігін дамыту, үздік туындыларды көрсету, мәдени дамуды жетілдіру және мультимәдениетті қоғамды құру секілді мақсаттарды қояды.
Байқауға Қазақстан; Ресей Федерациясы: Адыгей Республикасы, Тува, Башқұртстан, Алтай; Мажарстан; Алмания; Болгария; Моңғолия; Қытай; Жапония; Өзбекстан, Қарақалпақстан; Қырғызстан; Израиль; Үндістан; Әзербайжан; Иран; Сирия сияқты әлемнің 15 елінен конкурсанттар мен қонақтар қатысады.
Бірінші айналымда байқау қатысушылары Тілеп Аспантайұлының бүгінгі күнге дейін жеткен «Бақсы», «Аллам жар», «Толғау» атты үш күйлерінің бірін орындайды. Ал екінші айналымда қатысушылар көрермендерді өз елдерінің шығармасымен таныстырады.
Лауреаттар және дипломанттар бағалы сыйлықтар мен ақшалай сыйлықақыға ие болады.
Ұйымдастыру комитеті әділқазы мүшелерін халықаралық аренада өзін мойындатқан және байқау идеясын дәріптейтін мәдениет қайраткерлері, танымал композиторлар арасынан іріктеді.
Байқаудың үш күні жарқын әрі шығармашылық ізденіске қанық болмақ. Бастысы, байқау шынайы достық пен шығармашылық еркіндікке тап болған қатысушылар мен көрермендерге ұмытылмас естелік сыйлайды.
Тілеп Аспантайұлы атындағы II Халықаралық байқау Қазақстан мен жақын әрі алыс шетелдердің арасындағы ұлтаралық байланыстарды нығайтатын, әлем елдерінің мәдени идеялары мен тәжірибелерінің алмасу алаңы болатын жобаға айналатынына сенімдіміз.