Көшпенділер ойындары: Мақсат Ақанов бас жүлде иеленді
06.09.2018 2855
Қырғызстанда өтіп жатқан ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында ел аралық ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды National Digital History порталы

Қырғыз Алатауының бөктеріндегі Қыршын тау шатқалында (Ыстықкөл облысы) өткен ақындар айтысына  Қазақстан және Қырғызстаннан келген 16 ақын қатысты. Олар бірінші айналымда 8 жұп болып айтысты. Нәтижесінде финалға 8 ақын жолдама алды. Олардың төртеуі қазақ, төртеуі қырғыз ақындары.

Қыршын жайлауындағы халықты жырмен сусындатқан айтыс екі күнге созылып, нәтижесінде бас жүлдені жерлесіміз Мақсат Ақанов пен қырғыз ақыны Асылбек Маратов жеңіп алды. Екі ақынға 200 мың сом ақшалай жүлде табысталды.

Бәйгелі бірінші орынға тағы бір жерлесіміз торғайлық ақын Айбек Қалиев пен қырғыз ақыны Баян Акматов ие болды. Екінші орынды Аспанбек Шұғатаев (Қазақстан) пен Кубан Тукешев (Қырғызстан) алды. Үшінші орынды Біржан Байтуов пен Азамат Болганбаев иеленді.

Сонымен  қатар көрермен қошеметіне бөленіп, ел аралық  ақындар айтысында жақсы айтыс ұйымдастырған ақындарға арнайы сыйлықтар үлестірілді.

Қырғыздың әйгілі ақыны  Ашыралы Айталиев атындағы сыйлық – Бірубай Оразымбетке (Қазақстан), Эстебес Турсуналиев атындағы сыйлық – Жарқынбек Наушабековке (Қазақстан),  Тууганбай Абдиев атындағы сыйлық – Идирис Айитбаевқа (Қырғызстан), прозаик Бексултан Жакиев атындағы сыйлық – Иззат Айдаркуловақа (Қырғызстан) табысталды. Одан бөлек айтысқа қатысқан 8 ақынға да бәйге үлестіріліп, әр қайсысына 30  мың сом ақшалай сыйлық тапсырылды.

Жалпы ел аралық ақындар айтысының жүлде қоры  2 миллион сомды құрады. Мұнан бөлек Қырғызстанның  «Айтыш» қоғамдық қоры өзінің арнайы сыйлықтарын тапсырды.

Айтысқа қырғыздың белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, айтыс ақындары, қаламгерлер қазылық етті.

Фотосурет: автордікі