Қырғызстанда ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойыны басталды
02.09.2018 2318
Бүгін Чолпан Ата қаласында Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойынын салтанатты түрде ашты, деп хабарлайды, National Digital History порталы тілшісі.

Сондай-ақ, салтанатты шараның ашылуына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия басшысы Режеп Ердоған, Татарстан президенті Рустам Минниханов және де Әзербайжан, Ресей, Тәжікстан сынды бірқатар елден құрметті меймандар қатысты.  

Түркі әлемінің ортақ құндылықтарын әлемге паш ететін, көшпенділер мұрасын насихаттауда бірегей жобаға айналған көшпенділер ойындары екі жылда бір рет ұйымдастырылатын  спорттық шараға айналды. Биыл үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. 

Көшпенділер ойындарының концерттік бағдарламасына 1,5 мыңнан астам ерікті қатысып отыр. Салтанатты шарада көшпенділердің өмірінен терең сыр шертетін театрландырылған көрініс қойылды. Әлемнің 80 елінен келген спортшы атлеттер, құрама делегаттары ипподром кешенінде шеру жасап жүріп өтті. Шеруде соңғы болып Қырғызстан спортшылары шықты.

Шеруден соң, Қырғыз елінің президенті Сооронбай Жээнбеков үшінші рет ұйымдастырылып отырған халықаралық жарысты салтанатты түрде ашық деп жариялап, Түркі елдерінің саммиті барысында өткізіліп отырған көшпенділер ойындарына келген құрметті қонақтарды таныстырды. 

«Бүгін біздің қасиетті жерімізде керемет Ыстықкөл бойында ІІІ Дүниелік көшпенділер ойындары салтанатты түрде ашылды. Сіздерді құшақ жайып қарсы алғанымызға шексіз қуаныштамыз. Шоқысы аспан тіреген, ұлы таулардың мекені Алатауға, әйгілі батырымыз Манастың жеріне, кең пейіл, меймандос Қырғыз еліне қош келдіңіздер. Көшпенділер ойындарын өткізу шешімдері 2012 жылы Түрік мемлекеті елдерінің кеңесінде қабыл алынған. Бүгінде біздің ойындар сол мемлекеттердің саммиті барысында ашылып отыр.

Бүгінгі салтанатты рәсімге бір туған Қазақстан Республикасының президенті  құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысып жатқан біз үшін үлкен қуаныш, алыстан ат арылтып, бауырлас Түрік елінің президенті Тайып Реджеп Ердоған мырзаның келгеніне рақметімізді білдіреміз... Құрметті қонақтар, ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойынын ашық деп жариялаймын», - деді Сооронбай Жээнбеков.

Айта кетейік, ауқымды шараға 80-нен астам елден 3000-ға жуық спортшы атлеттер  қатысып жатыр. Олар қазақ күресі, қырғыз күресі, тәжік күресі, алыш, моңғол күресі, сумо, самбо, көкпар, салбұрын, аударыспақ, тоғызқұмалақ, аламан бәйге, жорға жарыс  жалпы 37 спорт түрінен бақ сынайды.

Сонымен қатар, халықаралық іргелі шара туралы жаһанның 58 елінен келген 500-ге жуық БАҚ өкілдері хабар таратады. ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпы бәйге қоры 28 млн сом қырғыз ақшасы. Дүбірлі додада Қазақстанның намысын 130 спортшы қорғайды.

Фотосуретте: Қырғыз Республикасы Үкіметінің сайтынан алынды.