Алтайдың қазыналы қойнауы құпияға толы
21.08.2015 2710
Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Шығыс Қазақстан облысы Қатон-Қарағай ауданындағы Қарақаба жазығында үш күнге созылған «Алтай – алтын бесік» халықаралық экспедициясы өз жұмысын аяқтады

Атақты Алтай төрінде өткен алқалы жиынға Әзербайжан, Қырғызстан, Татарстан, Түркия, Моңғолия, Қазақстанның белгілі түркітанушы ғалымдары, археологиялық институттардың басшылары мен бір топ шетелдік және жергілікті БАҚ өкілдері қатысып, семинар барысында түркі әлеміне ортақ тарихты бірлесіп зерттеу туралы ойлар айтылғанын осыған дейін хабарлаған болатынбыз. 

 

Алтайдың құпияға толы қойнауы адамзат баласын таңдандырумен келеді. Бұл жолы да Қарақаба жазығында қазақ археологиясына тың жаңалықтар қосылды. Археолог, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев мырзаның айтуынша, биылғы қазба жұмыстарының кезінде бұған дейін табылмаған, кездеспеген жаңа археологиялық ашылулар болды. Соның бірі – жас баланың мүрдесі. 

«Бұл табылған қорым көне түркі дәуіріне тән. Шамамен 7-8 ғасырларға келеді. Жерлеу рәсімі былай атқарылған: алдымен осындай көлемде шұңқыр қазып, оған жылқыны қойған. Бір жақ шетіне лақат жасаған да, оған адамның өзін жерлеген. Оның үсті жабық тұратын болған», – деп түсіндірді археолог ғалым. 

Бұл табылған мүрде – жас баланікі екенін айтқан зерттеуші оның ер екенін, құлағында екі сырғасы болғанын, ол сырғалардың күмістен жасалғанын тілге тиек етті. Баланың жасын, түрін антрополог ғалымдар қазіргі заманның озық зерттеу әдістеріне сүйене отырып анықтайтын болады. Бұған дейінгі қорғандарды қазған кезде үлкен, егде кісілердің табылғанын ескерсек, жас баланы жерлеу ғұрпы алғаш реті кездесіп отыр.

 

«Және бір байқасаңыздар, баланың аяқ жағында көлденеңінен садақ жатыр. Садақтың сынығы табылған, онысы – адам қолы ұстайтын ортаңғы бөлігі, серіппе беру үшін сүйектен жасалған екен. 

Жерлеу рәсімінде тағы бір ерекшелік бар: аттың басын кесіп алған да, оны сол жерден бір қабат, шамамен 60-70 см жоғары – бөлек шұңқыр жасап, үңгірлеп қойған. Қабірдің бір шетінде жатқан бұйым – ол аттың ерінің мүйізден жасалған айылбасы. 

Жалпы жерлеу рәсімі біздің экспедицияның 2012-2013 жылдардағы қазған жұмыстарындағы қорымдармен салыстырғанда көбіне сәйкес келеді, бірақ та мұнда жерленген адам бала болғандықтан бірге қойылатын дүние-мүліктері азғантай. Аттың өзі баланың жасына сәйкес жас жылқы. Тай болуы керек, таңдап алып қойған. 

 

Археологиялық ескерткіштерді, оның ішінде әсіресе осындай қорғандарды зерттегенде әр түрлі категорияларды зерттеген дұрыс болады. Өйткені сол қоғамның әлеуметтік ерекшеліктерін анықтауымыз керек, діни нанымындағы өзгерістер, ұқсастықтар деген сияқты құндылықтарын білу үшін тек алтын-күміс қойылған қорғандарды зерттесек, онда бұл біржақты ғана зерттеу болып қалады. Ауқатты, бай қорғанды да, кедей және орташа қорғанды да, содан кейін бұлардың қоныстарын толық, жан-жақты зерттеуіміз керек», – деп тәптіштеп түсіндірді танымал археолог. 

Сонымен қатар биылғы қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған бірқатар құнды бұйымдар экспедиция мүшелері мен қонақтарының алдында алғаш рет таныстырылып жарияланды. Зейнолла Самашев мырза түсіндіріп сипаттама берген құнды ескерткіштер, мұралар: ат әбзелдерінің бөліктері: жүген мен құйысқан және ауыздықтың қалдықтары, ондағы сол заманның тұрмыстық ерекшелігіне сай өсімдік мотивіндегі өрнектерді қолдану кең көрініс табуы анықталған.

 

«Содан кейінгі құндылық – қылыштардың қынабы, онда таңбаланған аттардың, жылқылардың суреттері. Бұл жерде табылған дүние мүліктің бәрі бүкіл Еуразия кеңістігі бойынша мықты, айқын зооморфтық (?) заттар болып есептелінеді. Қылыштар бұл елде табылғанымен, дәл осындай күйде сақталуы, сапалы болуы сирек кездесетін құбылыс. Мұндағы бір қылыштың ерекшелігі сол, мұның сабы сонау Тынық мұхитында ғана кездесетін скат деген балықтың терісімен қапталған. Қазақстанда бұл балық кездеспейді, бұл сол кездегі өркениеттің алыстағы Тынық мұхиты жағалауларымен қарым-қатынасын айғақтайды. Бұл қылыштар басқа жақтан келген жоқ, осы өзіміздің Алтайдан табылып отыр», – деді археолог. 

Ешқандай шірік белгілері жоқ, таза қалпында жеткен қорамсақтың сол күйінше сақталуы белгілі археологтың өзін таңдандырып отыр. Қазақтың қасиетті жері мұғжизаға толы екенін ескерсек те, адам баласын таңданбасына қоймайтын тарихи жәдігерлердің қатарына осы табылған қорамсақ пен садақ қалдығы қосылды. Ғалымның айтуынша, «ортағасырлық түркілердің садағының бір бөлігі ғана сақталып жетті. Құрылымы өте күрделі, үш-төрт қабат ағаштан жасалған, балық терісі оралған мұндай сипаттағы садақты дайындау үшін, кейбір ғалымдардың айтуынша, 1 жылдай уақыт кететін болған. Бұл садақ көп құрамды садақ деп аталады. Садақтың ұстайтын тұсы сүйектен жасалып, оған түрлі жапсырмалар жабыстырылатын болған». 

 

Бізді әлемге әйгілеп отырған осы Қарақаба қорымдарынан осыған дейін 3 музыкалық аспап табылды. Бұл – отандық археологияның кезекті бір белесі. Бүкіл Еуразия кеңістігінде бұған дейін осындай 3 музыкалық аспап табылып көрмепті. Мұндай жаңалықты әлемге сүйіншілей жариялайтын уақыт туды. 

Айта кетейік, бұл музыкалық аспап – қобыз осы халықаралық экспедиция барысында алғаш рет жұртшылыққа таныстырылды. Бұл ескі аспапты қайта қалпына келтірген, шебер Қанат Қазақбай.