Астана – тәуелсіздік символы
25.05.2018 2742
Еуразия ұлттық университетінде Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Астана – Тәуелсіз Қазақстанның символы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

Аталған шараны Астана қаласының әкімдігі, «Қаhармандар» қоғамдық қоры, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бірлесіп ұйымдастырды.  

Рухани шараның мақсаты – Астананың Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы ауқымды тарихи рөлін айқындау. Елорданы Ақмолаға көшірудегі маңызды шешімдер мен атқарылған істерді зерделеу. Астананың тарихи-мәдени ерекшеліктерін ашу.

Биыл елордамыз Астана қаласы үшін тарихи жыл. 1998 жылы Ақмола қаласының аты ресми түрде Астана болып өзгертілді. Елорда мәртебесіне ие болған қала осы уақыттан бастап қарыштап дамып, сәулетті ғимараттар мен заманауи үлгідегі құрылыс кешендерімен жанданды. Елбасының төлтумасы саналатын Астана қаласы бүгінде әлем мойындаған астаналардың қатарына енді. Саяси бітімгершілік алаңына айналған қалада бүгінгі күнге дейін халықаралық саяси жиындар, симпозиумдар, ЕХРО-2017 көрмесі, көк байрағымызды көкке желбіреткен спорттық жарыстар өткізілді. Сондықтан да бүгінгі жаңа Астана Тәуелсіз қазақ елі тарихындағы жаңа реформалық саясаттың жарқын жемісі десек артқы емес.

Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов ел астанасын Алматыдан Сарыарқаның төріне көшірген Елбасының шешімі тарихи маңызды болғанын және Қазақстанның Тәуелсіз ел болып қалыптасуында, дамуында, әлемге танылуында Астананың орны ерекше, оның бағасы жылдар өте арта түсетінін айтты.

Сондай-ақ іс-шара барысында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдиновтың қазақ тіліндегі «Астана тарихы» кітабының тұсаукесері өтті.

«Бұл кітап үш тілде жазылды. Орыс тілінде былтыр жарық көрді. Қазір қазақ тілінде тұсауы кесілді. Болашақта ағылшын тілінде жарық көреді. Бұл кітапта елордамыз Астананың мыңжылдық тарихы жазылды. Осы өңірде пайда болған алғашқы қала Бозоқ туралы мәліметтер келтірілген. Ол әскери-әкімшілік, сауда-мәдени және дін орталығы болған. Қазір қаламыздың құрамына кіріп кеткен. Тарихи оқиғалардан бөлек осы өңірде туып-өскен тарихта аты қалған қазақтың мықты тұлғалары туралы мәліметтер бар. 20 жыл бұрын қала халқы үш жүз мыңдай болса, қазір бір миллионнан асады. Қала ірі мегаполиске айналуда. Қазір Астана әлемдік іс-шаралар өтетін қалаға айналды, яғни ел Тәуелсіздігінің қалыптасуында өзінің маңызды миссиясын орындады», – деді З. Қабылдинов.

Конференция барысында Астана қаласының экономикалық, мәдени, рухани байланыстардың мәні ашылып, болашағы жайлы сөз қозғалды. Астана қаласының бүгінгі келбеті мен халықаралық деңгейдегі статусы жайлы тағылымды ойлар айтылды. Солардың ішінде Үндістаннан келген, Джавахарлала Неру университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Пунит Гаурдың «Астана Орта Азияның геосаяси орталығы» атты баяндамасы Елордамыздың халықаралық деңгейдегі мәртебесіне толыққанды жауап берді.

«Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 27 жыл болды. Бұл 27 жыл ішінде жас мемлекет көптеген сынақтардан өтті. Және өзінің ішкі және сыртқы саясаттағы құжаттарын бастан аяқ құрып шықты. Бұл кезеңдерде ҚР Президенті Н. Назарбаев өте ауқымды бастамаларды қолға алды.

Менің ғалым ретінде Орталық Азияны зерттегеніме 10 жылдың айналасы болды. Сол кезеңдерден менің басты назарда ұстағаным – Қазақстанның дамуы болды. Осыдан 20 жыл бұрын Астана қаласы әлемге Қазақстанның астанасы ретінде таныстырылды. Бұл жерде баса айтатын нәрсе, 1999 жылы шілдеде Астана қаласына ЮНЕСКО тарапынан әлем қаласы деген атақ берілді.

Астана Моңғолия астанасы Ұлан-Батордан кейінгі әлемдегі екінші суық қала бола тұрса да, Астана жылылығымен, әсемдігімен ерекшеленеді. Астана әлем үшін дамыған инфрақұрылым ерекшеліктері, жұмыс мүмкіншіліктері, жылдам дамыған қала өмірі, жасалған жақсы жағдайлар, бүкіл елдің экономикалық орталығы, білім беру, денсаулық сақтау, инновация мен жасылдандыру және тағы басқалармен ерекшеленеді», – деді П. Гаур.  

Конференцияға Мәжіліс және Сенат депутаттары, елшілер, еліміздің белгілі ғалымдары, қалалық әкімдік, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, сондай-ақ Ресей, Түркия, Жапония, Үндістан елдерінің ғалымдары, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен жас зерттеушілер қатысты.