«Қиырдағы қазақтар» жобасы қалай жүзеге асты?
17.02.2018 1635
2018 жылғы 15 ақпанда «Mega Silk Way» СОО-да Моңғолия қазақтарының тарихы мен бүгінін баяндайтын «Қиырдағы қазақтар» деректі фильмінің тұсаукесері өтті

Бұл жобаны e-history.kz. интернет порталының базасында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жүзеге асырды. Деректі фильмнің мақсаты – ұлттық сана мен төл тарихты жаңғырту, алыс-жақын шетелдерде тұрып жатқан қазақтардың шынайы өмірін көрсету болған. 

Жоба командасы өте үлкен жұмыс жасады. Түсірілім тобы отыз мың шақырым жол жүріп, ғажайып тарихи орындарды көзімен көрді, ерекше тағдыр иелерін тауып, таспаға түсірді. Ресейдің Астрахань, Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласын, Өзбекстанның Ташкент қаласын және Тәжікстанның Душанбе қаласындағы қазақтардың өмірін түсірді. «Бұл сапарларда кей нәрсемізді жоғалтсақ та, көп нәрсені таптық», дейді шетелдегі қандастардың өздерін қалай жылы қарсы алғандарын еске алып, сапарды қорытындылаған Олжас Беркінбаев.

Тұсаукесерге мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламентінің депутаттары, Моңғолияның  Қазақстандағы Елшілігі, БАҚ басшылары, ғалымдар, тарихшылар, блогер-журналистер қатысты. Фильм көрсетілер алдында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен АБАЕВ сөз сөйледі. Министрдің айтуынша, бұл – Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасының аясында атқарылған игі жоба.  «Қиырдағы қазақтар» жобасы – біздің шетелдегі қандастарымызға деген көңіліміздің, пейіліміздің нақты көрінісі. Алдағы уақытта министрлік осындай ұлттық жобаларға қолдау көрсете береді. Жоба жетекшісі Олжас БЕРКІНБАЕВ «Қиырдағы қазақтар» жобасының келесі сериялары бойынша алдағы жоспарлар туралы айтып берді.

Сонымен қатар, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек АБДРАХМАНОВ сөз сөйледі. Саяси қайраткер Өмірбек БАЙГЕЛДІ өз сөзінде іштегі қазақтардан сырттағы қазақтардың көп екендігін айтты.  Мемлекеттің көші-қон саясатының негізгі мақсаты – шетелдегі қазақтарды тарихи отандарына қайтару. Ал, сол жақта қаламыз деген қандастарға кітап жіберіп, қазақ тіліндегі хабарларды таратып қолдау көрсету қажет.

Филантроп және фильмдердің демеушісі Оралбек БОТБАЙ «Қазконтент» АҚ бұдан әрі болатын осындай мазмұндағы жобаларына көмектесуге ниет білдірді. Сонымен қатар, жобаны іске асыруда Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жобаны іске асыруда маңызды рөл атқарды. Ботбай жұмыс нәтижесіне көңілі толатындығын жеткізді. «Қиырдағы қазақтар» – тек қана фильмдер сериясынан ғана емес, сонымен қатар e-history.kz. сайтында жарық көрген мақалалардан тұратын өте ауқымды жоба. Мақалалардың авторлары – этникалық қазақтар. Олар қазақ мәдениетін бағалап, тарихи отандары туралы жылы лебіз білдіріп, алдағы уақытта Қазақстанға келуге ниеттері барын білдірді.

«Қиырдағы қазақтар» деректі фильмінің алғашқы сериясы Моңғолияда тұратын қазақтардың өмірі мен тарихынан хабар беретін фильммен басталады. Моңғолия бізге біршама жақын орналасқан мемлекет. Қазақтар мен моңғолдар арасындағы тарихи байланысқа дәлелдер бары сөзсіз, сондықтан да осы байланыс үзілмей, Моңғолия қазақтар үшін қайырымды отан болғаны көңілге қуаныш ұялатады. Біздің қандастарымыз қазақ және моңғол мәдениетін бірдей тасымалдаушылар. Олар өздерін Моңғол Халық Республикасының азаматтары ретінде тани отырып, қазақы ділді, мәдени кодты сақтауға тырысады. Экраннан бақытты қазақ отбасыларының, олардың дастархандарындағы бешбармақ пен бауырсақтың куәсі болдық.

22 жасар жас қазақ жігіті Улан-Батордан қазақ ресторанын ашып, кәсіп етіп отыр. Бұл ресторанның басты ерекшелігі – қазақ пен моңғол мәдениетінің үйлесімді синтезі. Мысалы, қабырғада қазақтың домбырасы мен моңғолдың аспабы – моринхур ілініп тұр. Домбыра мен моринхур өз құрылысы мен дыбысы бойынша өте ұқсас. Бұл ішекті аспаптар ағаштан жасалған, домбыра – алмұрттәріздес болса, моринхур – трапеция тәріздес. Ресторанда қымыз ішіп, ұлттық тағамдардан дәм татуға болады. Қазақ тілі мен қазақ мәдениетіне балаларды бала жастан сусындату үшін Улан-Баторда балабақша ашылған. Тілді жетік білетін тәрбиешілер балаларды қазақ тіліне үйретіп, түрлі жаттаулар жаттатады. Фильм кейіпкерлері қазақтардың үйлену тойларына куә болды. Ол жақтың қазақтары өзге ұлтқа қыз бермейді екен. Моңғолия қазақтарының біраз жетістіктерге жеткенін фильмнен көре аласыздар.  

Біз экономиспен, ІТ-компания басшысымен, хирургпен таныстық. Реалити-шоуға қатысып, онлайн режимде ота жасаған хирург қазақ жігіт бес миллион тугрик жеңіп алған. Фильмге жылы лебіздер білдіріп, алғыстар айтылды.

«Қиырдағы қазақтар» фильмінің жалғасын көргісі келетінін білдіріп, көрермендер шапалағын аямады. Жуық арада фильмдер желіге шығып, қолжетімділікке ие болады. Бұл маңызды іс-шара оралмандардың тарихи отанына бейімделу мәселелеріне тағы бір назар аударуға және де тарихи отанынан тыс өмір сүріп жатқан этникалық қазақтардың мәселелерін көтеруге мүмкіндік береді.