Тұрсынбек Кәкішұлы: Жоқтамасаң, іздемесең алтын да жарқырамайды
15.08.2017 2464
Тұрсынбек Кәкішұлыны қазақ халқының бақыты үшін, тағдыры үшін, әдебиеттану ғылымы үшін, қазақ әдебиетану сынының тарихы үшін «көк тәңірісі» қолдап, қорғап келген

Бүгін қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, әдебиет зерттеушісі, сөз зергері, сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішұлының туған күні. Осы орайда Елорда төріндегі Ұлттық академиялық кітапханада Тұрсынбек Кәкішұлының 90 жылдығына арналған «Ғалым. Ұстаз. Қайраткер» атты еске алу шарасы өтті.

Салтанатты шараға қоғам қайраткері, қазақ телевизиясының ардагері Сұлтан Оразалин, Тұрсынбек Кәкішұлының туған інісі Кəкішұлы Жақия, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Дүниежүзілік стамотология ассоциациясының мүшесі Темірбаев Мақсұт, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, Серік Тұрғынбеков, Қайырбай Төреғожа, Сабыр Қасымов, әдебиеттанушы ғалым, академик Дихан Қамзабекұлы, Шерубай Құрманбайұлы сәкентанушы, ғалымның шәкірттері Кəкен Амантай, Нұғыманов Ермек, Жандос Смағұлов, Сағымбай Жұмағұлов, Дəулеткерей Кəпұлы және әдебиет айналасында қалам тербеп жүрген жас ғалымдар және Ерейментау ауданының өкілдері қатысты. 

Сөз зергерінің саналы ғұмыры қазақ әдебиеттану ғылымын зерделеу жолында өтті. Тарих үшін «ақтаңдақтар ақиқатын» ашудағы табанды күрескерлігі, шыншылдығы үшін халқының қалаулы азаматтарының біріне айналды. Оған дәлел ғалым ағамыздан қалған мына тәлсім.

«Шындықтың шырайын келтіріп айтпасақ, халықты тәрбиелеу қиын…»,-деген.

Кездесу барысында сөз зергері Тұрсынбек Кәкішұлы ағамыздың әдеби, мәдени мұрасы сондай-ақ, қазақ әдебиетінің тарихы мен әдеби сыны турасындағы зерттеулерді жазудағы табандылығы, ақиқат үшін көппен алысып, қазақ әдебиеттану ғылымы үшін сіңірген еңбектері жайлы тағылымды естеліктер айтылды.

Дөңгелек үстелді тізгіндеп, ел ағаларына алма кезек сөз ұсынған ғалымның шәкірті филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ибраев. Модератордың айтуынша, бүгінгі атаулы еске алу шарасы Тұрсынбек Кәкішұлының 90 жылдық мерейтойының басы ғана, алдағы айларда іс-шараның жалғасы Алматыда және өз ауылында болатындығына тоқталып өтті. Ғалымның арамызда жоқтығы, уақыт өткен сайын қатарының сиреп бара жатқаны, әдебиет саласында өз ойының пікірін тура дәл айтатын, өр де тік мінезділігін, қалдырған еңбектерін де тілге тиек етті. Алғашқы сөздің кезегін ардагер журналист, мәдениет қайраткері Сұлтан Оразалинге берді.

«Әдебиет ғылымының саласы үлкен толқындардан тұрды. Бірінші толқындар Бейсенбай Кенжебайұлы, Мұхамеджан Қаратаев, Белгібай Шалабаев тағы басқа. Әдебиетке келген екінші толқын Тұрсынбек Кәкішұлы, Зейнолла Қабдоллов, Серік Қирабаев және Ұлы Отан соғысынан кейін келген бір топ толқындар. Шынын айтқанда біздің әдебиетіміздің тарихын, теориясын, сынын жасап берген негізінен екінші толқын. Бірінші толқын соның басын бастады. Ізін салды. Тереңдетіп зерттеген, үлкен-үлкен еңбектер жазған Тұрсекеңнің толқыны. Ол кісі нағыз қайсар адам болды. Жоқтан өзгеге жығыла бермейтін, өзіне қолайлы жағдайда көне қалатын мінезі жоқ еді. Сондықтан Тұрсекеңнің қарсыластары да, ұнатпайтын адамдары да көп еді. Бірақ бойындағы ғажайып еңбекқорлығы, ғалымдығы, фактіге, дерекке, жүгіне отырып, өзінің ойынын шыңдығын жеткізу ол қазіргі біздің ғалымдарымыздың бойында жетпей жатқан қасиет еді»,-деді Сұлтан Оразалин.

Тұрсынбек Кәкішұлы Сәкендей қоғам қайраткерін ұлт тұлғасына көтерді. Халқы шексіз сүйетін ұлына айналдырды. Сәкеннің ғұмырын, оның қоғам алдындағы биік тұлғасын жас өркенге танытты. Бір ғана Сәкен Сейфуллиннің өмір жолы мен шығармашылығын баяндайтын 10-нан астам  еңбектердің авторы атанды: «Сәкен Сейфуллин», «Қызыл сұңқар», «Сәкен Сейфуллин. Өнегелі өмір», «Сәкен және Гүлбаһрам», «Сәкеннің соты», «Мағжан және Сәкен».

Тұрсынбек Кәкішұлы: Сәкен – үлкен қоғам қайраткері. Бұл жарлықсыз, мандатсыз берілетін атақ. Халық оған лайық деген азаматын ғана аспанға көтереді, махаббатына бөлейді, қадірлейді. Осының бәрі бір Сәкеннің тұлғасынан табылуы тарихта өте сирек кездесетін бақытты сәт. Міне, осы қасиеттер Сәкенді басқа қайраткерлерден даралап, тарих бетінен жарқырап көрінуіне мүмкіндік берді.

Алқалы жиында ғалымның шәкірттері де алма кезек сөз сөйлеп, ұстазы туралы да жылы лебіздерін білдіріп отырды. Солардың қатарында Қазақстан журналистер одағының мүшесі, сәкентанушы Кәкен Амантай ағамыз ұстазының еңбекқор, сөзге шешен екенін тілге тиек етті.

«Тұрсекең Ақмолада туып өсті. Туған жерінде мектепті оқыды. Ғылыммен айналысқанда Алматыда жүрді. Алматыда жүрген кезінде Сәкеннің 100 жылдығына орай аяқ астынан кітапша шығарды. Кітапшаны келген қонақтарға таратты, қонақтар бірден ұнатты онда қазақша және орысша екі тілде берілген болатын. Онымен қоймай жазғандарыңыз оңды екен, біріктіріңіздер деп қолқа салды. Кейін кітап етіп шығардық. Ол керемет еңбекқор, сөйлесе сілтеме арқылы сөйлейтін дана болды»,-деді шәкірті.

Жандос ҚОЖАХМЕТҰЛЫ, Тұрсынбек Кәкішұлының шәкірті:

«Құрметті ағайын, қонақтар, Тұрсекеңнің 90 жылдық мерейтойына қатысып, ыстық лебіздеріңізді білдіріп отырғандарыңызға шәкірті ретінде рақметімді білдіремін. Тұрсекеңнің өзінің жазғаны бар еді. «Жоқтамасаң, іздемесең алтында жарқырамайды» деп. Галина Серебрякова туралы мақаласын тура осы сөзбен аяқтаған. Яғни бүгінгі туған күнінде Тұрсекеңдей ағамызды еске алып, естелік айтып, ғұмырбаяндық тұтасқан тұлғалығына баға беріп жатырмыз. Маған Тұрсекеңді қазақ халқының бақыты үшін, тағдыры үшін, әдебиеттану ғылымы үшін, қазақ әдебиетану сынының тарихы үшін «көк тәңірісі» қолдап, қорғап келген сияқты. Және інісі Жақия ағамыз айтты ғой. Ешкім оны сүйреген жоқ, оны ғылым саласына ешкім ерткен жоқ деп. «Иттің иесі болса, бөрінің киесі бар» деген мақалға келетін болсақ, Тұрсекеңде абадан мінезді көк тәңірісі берген».

Сонымен қатар, өмір жолында 20-30-дан астам ғылым докторларын дайындап, шәкірт тәрбиелегені де айтылып, шәкірті Қанат Жүнісовтың «Сәкен сұңқар» атты монологымен ғалымның 90 жылдық мерейтойлық кеші мәресіне жетті.

Қысқа-нұсқа: Тұрсынбек Кәкішев 1927 жылы Ақмола облысы, Бұланды ауданы, Берлі аулында дүниеге келген.  Қазақ әдеби сынының даму жолдары, жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің, оның көрнекті өкілдерінің шығармашылықтары хақында ғылыми ізденістер жасап, өңімді еңбек етіп келеді. «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ совет әдебиетінің тарихы» т.б. іргелі еңбектерді даярлап, жазысуға қатысты. Қазақстан Жазушылар одағының С. Сейфуллин атындағы сыйлығының иегері. Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының құрметті академигі, Халықаралық Айтматов академиясының академигі. «Парасат» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.

Суреттер: Ұлттық академиялық кітапхана сайтынан