Тоғысқан тағдырлар
12.07.2015 2185
Астанадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2003-2007 жылдары білім алған студенттер арасынан түрі тау халқына ұқсаған, қалың қасты, қаршыға көзді қағілез жігіт бірден көзге ілінеді

Қазақшаға судай ол еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастармен лезде араласып, жақын достар болып кетті. Атырау облысының Махамбет ауданынан келген Халил Масловтың түр-түсінің бөлектігінен, мемлекетік тілге жүйріктігінен басқа, туған елінің шексіз патриоты, жанашыры екенін бүкіл болмысынан, бітімінен аңғарылады. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығында бір әулеттің айналасында бірнеше ұлттың қаны ойнап тұрған Халилдің ата-бабасы мен әке-шешесі, өз отбасы туралы сыр шертпекпіз. 

 

 

 

«Менің шашым сары, көзім көк емес. Ұлтым белорус. Келбетіме қараған әрбір адам менің бойымда тау халықтарының қаны бар екенін аңғармай қоймайды. Анам – әзірбайжан ұлтының өкілі. Әкем жағында татардың да қаны бар. Біздің әулет – советтік ұлттар лабораториясының көрінісіндей, үлкен бір интернационалдық әулет», – дейді Халил дос. 

Халилдің атасы Николай Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскер тиелген эшелон неміс ұшақтарының бомбалауына тап болып, қатты жарақат алады да, сол кездегі Гурьев облысы Махамбет ауданы Сарайшықтағы госпитальға түседі. Сол жерде емделіп жатып, медбике болып жұмыс істейтін татар қызы Марияммен танысады. 

 

 

Ақыры бұл таныстық екі жастың үйлену тойына ұласыпты. Ата-әжесі Николай мен Мариямнан он бала дүниеге келеді. Бес ұлдың төртеуі қазаққа күйеу бала, бес қыздың төртеуі қазаққа келін болып түсіпті. Олардан тараған немере-шөберелер шоғыры да қазір елу-алпысқа жетіп жығылады екен. Ең бастысы барлығының да тілі қазақша шыққан. 

 

Әкесі Борис, анасы Гүлбике 

Өзінің ата-анасы туралы Халил: «Ал мен болсам, Николай атамның үлкен ұлы Борис пен әзербайжан қызы Гүлбике Байрамқызынан туған бес баланың үшіншісімін. Анамның да, әкемнің де мамандықтары – агроном. Сонау 1977 жылы отау құрған», – дейді. 

 

Анасы Гүлбикемен 

Халил Атырау облысының Махамбет ауданындағы жеті ханның кесенесі орналасқан киелі өлке, орта ғасырларда, алдымен Ноғай Ордасының, кейін ұлы билеуші Қасым хан тұсында күшейген Қазақ хандығының астанасы болған, қазіргі күнге дейін аты сақталып келген Сарайшық ауылында 1986 жылдың 23 қаңтарында дүниеге келген. Ол өзінің туған жерін мақтанышпен осылай айтып жүреді. 

 

Бала кездегі достары 

2003 жылы Сарайшықта орта мектепті жақсы бітіріп, сол жылы Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Тарих, құқық және экономика негіздері» мамандығына оқуға түседі. Туған жерінің тарихи оқиғалардың ортасы болғаны, хандар дәуірін бастан кешірген ғажайып мекен екені оның осы оқуды таңдауына себеп болса керек. 

 

 

Халил Маслов сыныптастарының ортасында 

2007 жылы оқуымды тамамдап, дәл осы оқу орнының «Археология және этнология» мамандығы бойынша магистратурасының қазақ бөлімінде екі жыл оқып, білімін ұштайды. Оқуға құштар, өмірге сүйіспеншілікпен қарап өскен жас студент кезіндегі қызықты оқиғаларда да айтып берді: «Бір ғажабы, университет қабырғасында оқып жүрген кездегі әрбір жаңа сабақ менің өмірбаянымды әңгіме етуден басталатын. Барлығы қызығушылық танытатын, әсіресе орысша оқыған қазақтың қаракөз ұл-қыздары тамсанып жататын. Көшеде, дүкендерде, әр түрлі қоғамдық орындарда кезіккен адамдар менің қазақ тілінде сайрап тұрғанымды көріп таңғалатын. Тіпті үлкен апа-әжелер: «Менің де балаларым мен немерелерім осылай сөйлесе ғой», – деп ризашылықпен баталарын беріп жататын. Дәл сол кездерде мақтаныш пен қуаныш сезімінен төбем көкке екі-ақ елі жетпей тұратын». Бұл ғана емес, ғылыми, зиялы ортада да үлкендер жағынан: «Мемлекеттік тілді білгенің – болашағыңа жарқын жол ашқаның, алдағы өміріңде, жұмысында күн сайын жақсы нәтижеге, өрлеуге қол жеткізесің» дегенді де жиі естиді. 

Халил университеттің 2009 жылы магистратура бөлімін аяқтаған соң, кафедраның ғылыми қызметкері, лаборанты қызметіне қабылданып, кейін оқытушы лауазымында қызмет етті. 2013 жылы аталмыш оқу орнының «Тарих» мамандығы бойынша PhD докторантура бөлімін тәмамдады. Қазіргі уақытта ЕҰУ-де осыдан екі жыл бұрын ашылған «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының қызметкері. 

 

Үйлену тойында 

Өзінің жеке өмірі, отбасы туралы Халил былай дейді: «2010 жылы отбасын құрып, қазақтың салт-дәстүрімен кіндік қаным тамған жерімде тойымды өткіздім. Қазақтың арғын руынан шыққан Дана атты қызына үйлендім, қазақтың күйеу баласымын. Қазіргі уақытта 3 және 4 жасқа толған Амина, Зарина атты қыздарымды тәрбиелеудемін. Құдай қаласа жақын күндері отбасымыз тағы бір адамға толықпақшы». 

 

Қыздары: Амина, Зарина 

«Өзім туып-өскен елдің азаматы бола тұрып, республика көлемінде болып жатқан жағымды өзгерістерді байқамауым мүмкін емес. Елбасы Н.Ә. Назарбаев басшылығымен жүргізіліп жатқан Қазақстан халқын өзара түсіністікке жетелейтін саралы да салиқалы саясаты – кейбір көршілес елдердің қызығуы мен қызғанышын тудырғанына қарамастан, өмірдің барлық саласындағы өз жемісін беріп келеді. Қазақ халқы мен Елбасының ең басты жетістігі – республикамызда Қазақстан халқы Ассамблеясын құру және оның жемісті қызметі. Осындай өзіндік ерекшелігі бар еліміз бүгінде этникалық келісім, тұрақтылық пен төзімділік үлгісін көрсетіп отыр», – деген Халил елдегі ынтымастық пен қазақтың бауырмалдығы туралы өз ойларымен бөлісті. Тұрақтылық пен келісімді насихаттағаны үшін «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы» медалімен марапатталыпты.

Халил болашақтағы арманы ретінде өсіріп келе жатқан ұл-қыздарының еліміздің елеулі азаматы қатарына қосылып, егеменді еліміздің патриоты етіп тәрбиелеп, отанымыздың бір кірпіш тасы болып қалануға септігім тисе дейді.