Ұрқынан сегіз адам қажы барған
01.06.2017 2988
Ұлы Айдос қажы әлуетті, денелі қарулы азамат болған деседі. Әкесінің мүрдесін көтеріп, пароходтан пойызға салып, Семейге жеткізеді

Әбділдабек Мұқтарұлының деректері бойынша жазылған М. Атабаеваның «Соңында сәуле қалдырған» кітабын оқи отырып, ағайынның татулығы Бөгіс пен Төгіс аталарымыздай болсын дегің келеді. ХХ ғасыр басында Тарбағатай жұрты аузында осы үндес пікірдің қалыптасқанын қазіргіге жеткізсем деген ниеттен туып отырғанын да жасыра алмаймын. Ол қандай пікір десеңіз, халық ішіндегі мына әңгімеге құлақ түріңіз: «Мал керек болса, Төгіске бар. Әділдік керек болса Бөгіске бар» дейді екен. Ағайынды екі адам да бірге қажыға барып, Бөгіс «Сары қажы», Төгіс «Қара қажы» атанған көрінеді.

Шаянбай әулетінен қажылыққа барған сегіз адамдар кімдер еді, соны анықтап алайық. Ол кездегі қажылыққа барудың қиямет-қайыңдығын айтпаса да түсінікті болар. Атпен аттанып, түйемен сапар шегетін заман ғой. Қазіргідей самолетпен ұшып барып, ұшып қайтатын уақыт емес. Жол сапарында небір ұры-қарының жол тосқан арам пиғылынан аман өту де оңай болмаса керек.

Сонымен Құт Шаянбай әулетінен қажылыққа барғандар: 1. Бөгіс, 2. Бөгісұлы Құсайын, 3. Төгіс, 4. Төгістің бәйбішесі Иса. Иса анамыз атақты палуан Молдабайдың қарындасы деп жазылады. 5. Айдос Төгісұлы, 6. Андабай Төгісұлы, 7. Қайран (Бөжейден аталас адам), 8. Әділ (Бөжейден аталас адам). Осы аталған адамдардың хатшысы болып, өзіміз көзін көрген Ұғламқадыр ағамыздың әкесі Жазыбай да қажыға барған екен.

ХIХ ғасырда қажыға бару жолын марқұм журналист, ақын Ғалым Байбатыров «Дидар» газетінің 2006 жылғы 8 тамыз күнгі санында былай жазады: «Он сегізінші ғасырда қазақ-жоңғар соғысы ұзақ жылдарға созылды. Одан кейінгі он тоғызыншы ғасырда Орта Азия хандығы мен Иран, Араб елдерінде саяси жағдай тұрақты болмады. Сондықтан қазақ жерінен Мекке шахарына құрылық арқылы бару қауіпті болатын. Оның үстіне бір елдің шекарасынан өту үшін құжат тексеретін, рұқсат қағаз талап ететін тәртіп шыға бастаған. Ресей мұсылмандары осы қиындықтардан  шығу үшін құзырлы органдардан құжат алып, Меккеге Одесса айлағы арқылы Қаратеңіз және Жерорта теңізі арқылы су жолымен Арабстанға баратын болған».

Қажылық сапарынан қайтар жолда Төгіс қажы Қаратеңіздегі пароход үстінде ауырып, өмірден өтеді. Ол кездің заңы бойынша теңіз үстінде қайтыс болған адам мүрдесі суға тасталатын болған. Бәйбішесі Иса және ұлы Айдос Төгіс қажының денесін киізге орап, тігеді. Ұлы Айдос қажы әлуетті, денелі қарулы азамат болған деседі. Әкесінің мүрдесін көтеріп, пароходтан пойызға салып, Семейге жеткізеді. Болған жағдайды айтып Абай Құнанбайұлымен ақылдаса келе, Төгісқажының мүрдесі Семейде жерленеді. Бұл күннің ыстығында ат пен түйемен Тарбағатайға сүйекті жеткізу мүмкіндігі болмаған соң, сол кездегі ел жақсыларының ұйғарымымен атқарылған амалсыз шара болған.

Төгіс қажының қырқы Шорғадағы Тәуке жұртының атақонысында өтеді. Тарбағатайдың игі жақсыларының бірі болған Төгіс қажының осы діни рәсіміне Абай арнайы келіп, ел-жұрт, ағайын-туысқа көңіл айтады. Қазіргідей транспорттың жоқ кезінде, Шыңғыстаудағы Қарауыл жерінен қазақтың данасы Абайдың Тарбағатай жеріне топ болып атпен келуі бұрынғы тектілер ұлағатының жылуын осы күнге дейін білдіріп тұрған жоқ па.

Иә, жақсының аты қай заманда жақсы. Ұлтымыздың тарихында даналығымен, даралығымен ерекшеленген Абайдай ардақтымызға Тарбағатай тектілері де ұрпақтан ұрпаққа айта жүрердей сый-құрмет көрсеткен екен дейді бұрынғылар. Құт Шаянбайдың Төгістен кейін көзі тірі қалған Бөгіс қажы Абайға арнайы түйеге артқан сый дайындап, жол берген екен. Кемеңгер Абай содан өзіне оқалы кісе белбеу мен күміспен әшекейленген ерді алып, қалғанын түгелдей бірге еріп келген серіктеріне сыйлапты деген ұлағатты әңгіме жетеді бізге.

Сонымен Төгіс қажыға Семейден топырақ бұйырып, жерленді. 1956 жылдары сол кездегі қазақ зиратының аумағына «Комсомол поселкасы» құрылысы түсетін болады. «Жүн жуатын зауытта еңбек ететін Мұсатай деген жерлесіміз Төгіс бабамыздың зират басына қойылған құлпытасты көреді. Үкімет жерленген адамдар мүрдесін қазып алып, басқа жерге қайта жерлеуге рұқсат еткен де көрінеді. Алайда сол кездегі заманның тұрмыс ауырпашылығы, тұрымтай тұсына кеткен адам тағдыры кімге болсын ес жиюға мүмкіндік бермегені анық еді. Қазақ зиратының қорымы цементпен көмкеріліп тасталған» деген ой айтады «Соңында сәуле қалдырған» кітабында М. Атабаева.

Сағынбек Ақанұлының «Ғасыр көші» кітабының деректері негізінде әзірленді.