ҚАЗАҚСТАН - БЕЛАРУСЬ ДИПЛОМАТИЯСЫНА 25 ЖЫЛ
17.09.2017 2556
Халықаралық саяси мәселелерге қатысты Қазақстан мен Беларусияның ұстанымдары көп жағдайларда ұқсас келеді

1992 жылғы 16 қыркүйекте Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасында екі жақты дипломатиялық қатынастар орнатылды. Екі ел арасындағы қатынастар өзара қолдау мен түсіністік негізінде дамуда. Халықаралық саяси мәселелерге қатысты Қазақстан мен Беларусияның ұстанымдары көп жағдайларда ұқсас келеді.

Бұл қатынастардың түрлі деңгейлеріндегі байланыстардың жоғары динамикасымен расталады. 1993 жылдың 9 қаңтарында Беларусиядағы Қазақстан Елшілігі ашылды, ал 1997 жылғы 13 шілдеде Қазақстандағы Беларусия Елшілігі ашылды. Екі жыл өткен соң Беларусия Республикасының Президенті Александр Лукашенко ресми сапармен біздің елімізге келді, ал 2000 жылдың мамырында Нұрсұлтан Назарбаев Беларусияға ресми сапар жасады. 2005 жылғы мамырда Александр Лукашенко ресми сапармен Астанаға келді.

Қазақстан мен Беларусь арасында жан-жақты тығыз байланыс орнатылған. Екі мемлекет те БҰҰ, ЕҚЫҰ (ОБСЕ), ҰҚШҰ (ОДКБ), ТМД, БЭК (ЕЭП), ЕурАзЭҚ сияқты және бірқатар басқа ұйымдардың құрамына кіреді. Қазақстан мен Беларусь арасында дипломатиялық қатынастар бекітілгеннен бастап бір-бірінің түрлі бастамалары мен саяси жобаларына өзара қолдау көрсету байқалады.

Беларусь Республикасы 2005-2007 жылдары ЭКОСОС (Экономикалық және әлеуметтік кеңес) сайлау кезінде, сонымен қатар 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағалық етуіне Қазақстанның кандидатурасын қолдаса, Қазақстан өз тарапынан Минскінің ШЫҰ мен АӨСШК бақылаушысы мәртебесін алу ниетін оң қабылдады.

2012 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының Беларусиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып Ерғали Бөлегенұлы Бөлегенов, ал 2013 жылғы қыркүйектен бастап Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып Ничкасов Анатолий Иванович тағайындалды. 2014 жылы Беларусь елінің астанасында екі ел президентінің Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің жиналысы алдындағы кездесуі өтті. Лукашенко, Беларусия мен Қазақстан арасындағы қатынастарда қандай да бір проблемалардың байқалмайтындығын айтты. Назарбаевтың пікірінше, өнеркәсіп, машина жасау және басқа да салалардағы бірлескен жұмыстарды жалғастыра беру керек.

Қазір Беларусияда үш жүзге жуық қазақстандық студент, соның ішінде Беларусь Республикасының Әскери Академиясының тыңдаушылары білім алуда.