Сирек суреттер сөйлейді
19.06.2015 4025
Соңғы кездері табылып жарияланған тарихи суреттер жайлы сыр шертеміз

Қазақ даласының табиғаты мен ғимараттары, ел жақсылары мен қарапайым адамдарын түсірген фотосуреттер XIX ғасырдың екінші жартысынан басталады. Бұған әйгілі  «Түркістан альбомын» жатқызуға болады. Өлкенің генерал-губернаторы болған Константин Кауфман тікелей тапсырма беріп, нәтижесінде жинақталған осы кітапта барлығы 1200 сурет бар. Төрт бөлімнен тұратын альбом қазақ халқының тұрмыс халінен, өмір салтынан және мәдениеті мен тарихынан бұлтартпас айғақтар береді. Назарларыңызға ұсынылған суреттер сол жинақтан алынды деген сөз емес, әр жылдары түсірілген суреттерді тарихи тұлғалардың өміріне қатысты жаңа деректер легіне жатқызуға болады.

Бұл сурет еліміздің шығыс өңірінде түсірілген. Түсіндірмесінде Тарбағатай, Көкпекті дуанына қарасты елдің игі жақсылары деп беріліпті. Алайда бейнесі мәңгілік тасқа басылған бұл адамдардың кім екені әлі анықтала қойған жоқ. Десе де, шамалауымызша XIX ғасырдың 70-80 жылдарына сәйкес келеді. Тіпті Ресей патшасының мұрагері, ханзада Николайдың Омбыға келетін 1881 жыл болуы да мүмкін деп болжаймыз.

 

Қазақтың атын әлемге танытқан ұлы жазушы Мұхтар Әуезов бейнелеген бұл тарихи сурет жазушының әлдебір саяси шараларға қатысқанын айғақтайды. Басында бөрік, жағалы тон кигеніне қарағанда сурет қыс айларында түсірілген.

 

 

Ұлттық әдебиеттің көрнекті өкілі, «поэзия Құлагері» Ілияс Жансүгіровтің фотосуреті. Мұнда ақын бір қолында плащын, екінші қолымен таяғын ұстаған. Жасы едәуір ұлғаймаса да, таяқ ұстап жүру – сол заманның сәні, серілік пен салдықтың белгісі болатын. Сурет Ілиястың Қазақстан Жазушылар одағын басқарып жүрген жылдары түсірілген деп шамалаймыз. 

 

 

Қазақта Құлагерді көп айтады, 

 

«Серінің серігі еді» деп айтады. 

«Ат сыры иесіне мәлім» деп жұрт

Тегінде мал көрмесе, неге айтады. Бұл –  асқақ ақынның «Құлагер» поэмасынан үзінді. Ақынның ат үстіндегі суреті де сирек жәдігерлер қатарына жатады. 

 

 

Кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбаларының Орталық мемлекеттік мұрағаты жариялаған бұл тарихи мұра 1925 жылы Париж қаласында түсірілген. Мұнда халқымыздың ұлы әншісі Әміре Қашаубаевтың аяулы бейнесі бар. Франция астанасында қазақтың халық әндерін қалықтата шырқаған әнші Әміренің бұл сапарда ірі қайраткер М. Шоқаймен де кездескені туралы деректер бар.

 

 

Арқалы ақын Шәкір Әбенов бір топ қазақ қаламгерлерінің ортасында. Сурет бұрынғы Семей облысында мерекелік іс-шара барысында түсірілген. Мінезді, өткір тілді Шәкір атамыздың тапқыр қалжыңдары, ұтқыр ойлары халық арасында жақсы сақталған. Қарт ақын 91 жасында Қазақстанның тұңғыш президенті Н. Назарбаевтың инаугурациясында ақ батасын берген.

 

 

Қазақстанның ғалымдары мен жазушылары Семей өңірінде. Ғабит Мүсірепов, Мүсілім Базарбаев, Серік Қирабаев, Зейнолла Серікқалиев, Медеу Сәрсеке, т.б. махаббат символына айналған «Еңлік – Кебек» ескерткішіне тағзым етуде.

Сирек және тарихи суреттердің құны ешқашан жойылмайды. Себебі тарихи дәлдік пен нақты оқиғаны сипаттауда фотосуреттерден артықты таба алмаймыз. Фотосуреттер тек ақиқатты ғана жақтайды.