Шежіреге толы Шілікті
12.06.2015 5457
1970 жылы Алматы облысының Есік қорғанынан Алтын Адам – сақ жауынгерінің денесі табылды. Бұл қазақ археологиясы ғылымынан тысқары әлемдік ғылымға да зор жаңалық әкелген құбылыс болды

Бұдан кейін де қазақ даласының әр түкпірінен алтын адамдар табылды. Екінші Алтын Адам батыс өңірдегі Аралтөбе қорымынан 1999 жылы табылса, шығыстағы Шілікті жазығынан 2003 жылы табылған үшінші Алтын Адам қазақ даласындағы өркениеттердің тамыры тереңде екенін көрсетті. Бүгінгі таңда Алтын Адамдардың жалпы саны жетеуге жетті. Біз осының ішінде Шілікті қорғандарынан табылған Алтын Адам туралы сырт шертпекпіз. 

Шілікті – Шығыс Қазақстан облысының бірде Тарбағатай, бірде Зайсан ауданының аумағына қарап келген жалпақ жазық. Ұзындығы 80, ені 30 шақырым жазықтың оңтүстігінде Тарбағатай, шығысында Сауыр-Сайқан, солтүстігінде Маңырақ таулары жатыр. Зерттеген ғалымдардың жазуынша, Шілікті даласында көне мәдениеттің аса бір өркендеген уақыты б.з.д. Ι мыңжылдыққа сай келеді. Бұл уақытта кең жазықта сақ тайпалары салтанат құрған. Өңірде сақ-үйсін дәуірінің делінетін 200-ден астам ескерткіш бар болса, оның 50-дейі патша обалары деседі. 

 

Гидротехник Г. Бокий – осы ескерткіштерді алғаш зерттеген адам. Бұдан кейін Ленинградтан келген профессор С. Черников 1949-1962 жылдар аралығында 4 мәрте қазба жұмысын жүргізді. Бұл киелі жерлерге отандық ғалымдардың қолы 2003 жылдан бастап тиді. Профессор Ә. Төлеубаев бірнеше обаның зерттеу жұмыстарын толық бітірді. 

Жергілікті жұрт «Бәйгетөбе» атап кеткен №3 қорым жаңалықтарға бай болды. «Мәдение мұра» қоғамдық қорының мәліметі бойынша осы обадан барлығы 4303 дана алтын зат табылған. Оның 250 данасы арқар, бүркіт, самұрық, бұғы, қасқыр, мәлін түріндегі, аң стилінде. Бұдан бөлек геометриялық фигуралар, әшекей бұйымдар сипатындағы заттардың саны 4000-нан асып жығылады. 

 

Бәйгетөбе обасы – сақ жұртының ең алғашқы патшаларының бірі жерленген киелі мекен. Бұл обалар тізбегінің, бас жағы қазіргі Қытай территориясында жатса, мұның өте ауқымды әрі ірі қанағатты еске түсіре алатындай құдіретті екенін шамалайсыз. 2003 жылы профессор Әбдеш Төлеубаев Бәйгетөбеге қазба жұмыстарын жүргізгенде көптеген тың жаңалық тапты. Археологтардың айтуынша, бұл оба геометриялық тепе-теңдікке бағындырыла орналастырылған екен. Жалши ауылының оңтүстік жағында орналасқан, биіктігі 7,9 м, диаметрі оңтүстіктен солтүстікке қарай 99 м, шығыстан батысқа қарай 97,4 м болатын обаны қазғанда алтынмен көмкерілген киімімен жерленген сақ патшасының сүйегін табады. 

2005 жылы «Азаттық» радиосында берген сұхбатында: – Қорған үш қабаттан тұрады, бірінші қабаты топырақ үйінді, оның ішінде тас үйіндіден тұратын оба бар. Оның биіктігі 4, ал диаметрі 22 метр. Осы тас үйіндінің ішінде қима, ағаштан жасалған қабырхана бар. Ол жердің бетіне орналасқан. Қабырхананың ішкі еденінің аумағы – 33,6 шаршы метр. Осы үлкен қабырханада жалғыз адам жерленген екен. Сол заманда қабырхананың тоналғандығы анықталды. Табылған адамның киім әшекейлерінің бір бөлігі қолымызға тиіп отыр. Олардың ұзын-саны 4 жарым мыңнан астам. Бұлар – әшекей түрінде жасалған құйма алтындар. Бұған дейінгі алтын адамдарда қаңылтыр алтынды әшекей бұйымдар болса, бұнда құйма алтын. Біз осындай деректерін ашқаннан кейін бұл Қазақстан жеріндегі үйсін мәдениетінің үшінші «алтын адамы» деп жариялап отырмыз, – дейді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Әбдеш Ташкенұлы. Жұртшылық обадағы құндылықтардың 99 пайызы ұрланып, жоғалып кетсе де, табылған 1 пайызының өзі қазақ археологиясының баға жетпес табысы екенін осы кезде білді. 

 

Мұндағы археологиялық зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін сақ жауынгерінің мүрдесін Алматыдағы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкерлері алып зерттейді. Осыдан кейін ауылдың шырқы бұзылып, берекесі қаша бастайды. Малдан түрлі ауру шығып, елге жұт тие бастайды. Дауыл соғып, боран ұрып, бұрын болмаған бір алапат күйге түседі. Мұны сақ бабаның киесіне балаған ауыл азаматтары, ел, ағалары институтта жатқан мүрдені қайта жерлеуді ойластырады. Ақыры межелі уақыт жетіп, 5 жылдан соң, сақ патшасы өзінің мекеніне қайта оралды. Жазушы С. Ғаббасовтың жазуынша, арнайы құран оқып, басына аян бағыштап, ақ жуып, арулап қойған соң, өңірдің тыныштығы баяғы қалпына келіпті. Міне, бұл да тағылым алатын дүние. 

Келешекте осы Шілікті жазығында аспан асты музейі орналасатын болады. Онда дүниенің төрт тарабынан қазақ тарихына, археологиясына қызығатын туристер, ағылып келе бастайды. Ашық аспан астындағы музейдің ағылшындардың «Стоунхендж», ирландықтардың «Ньюрпейдж», Американың «Мачу-Печу» секілді әйгілі тарихи орындарымен иығы теңелетін күні алда.